Тегеурінді ойдың иесі
08.06.2018
2677
4

 

 

 

 

Зубайда Сахиқызы,
«Жұлдыз» журналының қызметкері.

 

Тәуелсіздіктен кейінгі ұлт әдебиеті жаңа бір белеске көтеріліп келе жатқаны жас қаламгерлердің шығармашылық көшінен анық аңғарылады. Сол көштегі тың тіркес пен жаңаша сарынымен ерекшеленген жас қаламгердің жинағы қолыма түсті.

_____________________________________________________________________

Кітаптың соңғы беттерін жауып жа­тып оны оқығаныма іштей риза болдым. «Мұз үстіндегі қызғалдақ» кітабының авторы Айзат Рақыш оқырманын магнит­тей тартатын сиқырға ие. Әңгімелер мен хикаяттар жинағының алғысөзін Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Шерияздан Елеукенов ағамыз жазыпты. Шер-ағаң­ның асыл сөзін әркімге бір арнай бермей­тіні бесенеден белгілі ғой. Ойланып қал­дым. Дереу жинақтың мазмұнына көз жүгірттім. Үш хикаят пен төрт әңгімеден тұрады. Тақырыптары өзі-ақ оқырманын шақырып тұрғандай. «Мұз үстіндегі қызғалдақ» әңгімесін сүйсіне оқыдым. Өзінше соны соқпақ салып, табиғатын тыңнан түрлендірмек болған автор бей­несі көз алдыма келді. Тәуелсіздік идея­сын асқақ тербеткен жазушы бұл ұлы мұратты балалар өмірімен ұштастырған. Бала бойындағы жігер мен талант, ақыл мен биік рухты әңгімені оқи отырып, сезінбеу мүмкін емес. Тәуелсіздік ұғымын мұзды жарып шыққан қызғалдақ бейнесінде жүрекке жеткізе білген. Жаңа ғасыр жеткіншектерінің шынайы болмы­сы мен мұндалайды.


Көңілімді елең еткізген тағы бір әңгімесі – «Тегімді менің сұрама». Тегін бүркемелеп отырған қандай кейіпкер тағдыры болды екен деп оқуға кірістім. Басты кейіпкер Әмір – жаны да, тілі де нағыз қазақы жас жігіт. Сүйген қызы Сұлушаш та жеті атасын жаттап өскен өрелі қыз. Бар қасірет Әмірдің өзінің жасанды ұрықтандыру жолымен, белгісіз әкеден дүниеге келгенін білген сәттен басталады. Әңгімеге назар аударайық: «Ілбіп келем, ілбіп келем. Бойымда шала-жансар жаным бар. Ойымды зіл қара тұман басқан. Жанымды тас түнек еңсеріп алды. Түнерген мылқау әлемде иненің жасуындай да сәуле қалмады. Тұлдыр кеңістікте құр тырбыңдап келем. Ақылым адыра қалып, қайран жүрек қана қалды қалтырап…». Жаны қиналған Әмір қазіргі қоғамдағы «қолдан жасалған адамдардың» қасіретін айғақтайды. Абай ескерткішіне барып, мұң шағады. «Адамды адам қолдан жасап алса, кімге күнә?» – деп ащы зар шегеді. Әңгіме Сұлушаш бикештің ақылына емес, махаббатына бағынып, Әмірін іздеп келіп, Жанармен тілдескен мезеттерімен аяқталады. Көп нүктемен аяқталған әңгіменің астарында тым сал­мақ­ты ой жатыр. Оқиғаның басты шеші­мін оқырманына қалдырып, терең ой тұңғиығына тастап отыр. Сондықтан да көп нүкте көп жайды байқатады.
Тегі белгісіз баланың жеке тағдыры да буалдыр. Ал сол жеке тағдырлардан құралатын ұлт тағдыры не болмақ?
Автор осы сұрақты оқырманының санасында найзағай етіп ойнатады.
Келесі шығармасы «Қара түннің құпиясы» атауымен шақырып алып, шұрайлы тіл, кесек ойымен өз әлеміне бау­рай түсті. Еркімнен тыс «қара түннің құ­пиясын» өз басымнан өткергендей, түрлі сезім арпалысында тағы ойға баттым. Тастанды сәби тағдырымен ойнаған Жазмыш, Алла бермеген бақты «қолдан жасап алған» Адам, пешенесіне жазылған тағдырмен тайталаста жеңілген Пенде, бір арсыздың ісі мың адамның өмірін күл-талқан еткенін еңірей жеткізген өткір тіл – осының барлығы да бір хикаяттың бойына жарасымды қиюластырылған. Ана образы асқақ сомдалған. Сұңғыла, көреген ана! Ұлы Дархан бала асырап алғанда, ол оған бұл ісінің тозаққа бастайтынын зарлап отырып айтады. Кейін Дархан асыранды ұлы Арлан өзінің туған әкесінің қызымен, яғни қарындасымен көңіл қосқанын жазатайым білгенде, ана аруағынан көмек сұрап, жаны шырқырайды. Хикаят басты кейіпкерлердің бірінен соң бірі өлім құшуы­мен тәмам болады. Хикаяттың соңы мына сөздермен аяқталады: «…Жазғы түн бұл көріністен шімірікпестен, Ай өз ажарына өзі сұқтанып, барқыт көк­те жұлдыздар жымыңдасып тұрды…» Айзаттың жазушының өзіндік тәсілі сол – қасіретке куә болған табиғатты да «ар­сыз» етіп суреттейді. Осы суреттеуден бұғып жатқан астарлы ой оқырман жүре­гіне құйылады. Қара түн – тастанды сәбилердің тағдырының нышаны. Ал сұмдыққа қарап тұрып «өз ажарына өзі сұқтанған Ай, жымыңдасқан жұлдыздар­ды» қазіргі меңіреу қоғамның бір белгісін­дей қабылдадым.
Бұл әңгімелерді оқығанда, Айзат қаламгер күйрек романтик деген ой ту­мауы керек. Ол әр туындысында «біз – қыран текті қазақпыз» деген рухты ойды астарлайды. Соның айқын дәлелі – «Мұз­балақ шыңды мекендейді» атты деректі хикаяты. Қазақ күресінің өсу, өрлеу сатыларын ұлт табиғатымен біріктіре, деректі бейне Ерғали Мұхиддинов арқылы өрбітеді. Хикаят оқырманын биік сезім қанатында қалықтатады: «Мәңгілік мекені шың болған мұзбалақ киелі Күнді бетке алып, қалықтап барады. Ол жалғыз емес еді. Оның соңында қырандар армия­сы сап түзеп, нұрлы болашаққа бағыт алып бара жатты». Осылайша жазушы Мәңгілік Ел идеясын шығар­ма­лары ар­қы­лы уағыздайды. Қыран болып жара­тыл­ған қазақтың мәңгіге сол асқақ тұғы­рында қалуын елінің қызы жанымен қалайды. Бұл шеберлік, әрине, мәні ұрпаққа тағылым.
Сөз соңында айтарымыз, Айзат Рақыш – жаңа ғасыр әдебиетінің жаңа­шыл өкілі. Ол өз ұлтымен бірге. Халқын мазалаған ойлар оның шығармасына шырақ болып жағылады. Айзат көтерген тақырыптар мәңгі тірі және әрқашан маңызға ие. Ол – оқырманын салмақты ой соқпақтарымен өзінің сыр­шыл әлеміне жетелей білетін жасампаз жазушы.

ПІКІРЛЕР4
marzhan 13.06.2018 | 10:09

keremet

Аноним 16.12.2019 | 16:54

Өте керемет айтылған пікір. Айзат ханымның шығармаларын оқи отырып, үлкен түйінді ойдың шешімін тапқандай болдық. Тағдыр тауқыметін тартқан адамзат баласының ащы тағдырын керемет сүреулермен жеткізе білетін, шынашақтай қазақ қызына жазарыңыз көп болсын демекпіз!!!

Аноним 16.12.2019 | 17:46

Айзаттың бұл кітабы менде бар, оқыдым, мектебімдегі кітапсүйер қауым да оқыды. Көкірегі ояу, санасы ашық жанға, оқырманына шұрайлы тілімен, заман тақырыбы мен астасып, оқырманға ой тастап, сұрақ қойғызып, ойландыратын әңгімелері қатты қызықтырды. Шығармашылық табыс тілеймін, Айзат қызым!

Аноним 12.06.2020 | 17:08

Қазіргі жас жазушы қыздардың арасында Айзат Рақыш біраз дүниені өндіріп жазып жүр. Әңгімелері жақсы, қызығып оқисың. «Көк биенің киесі» әңгімесі керемет.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір