Омар Хайям туралы аңыз
Романнан үзінді
Жазушы Георгий Гулианың «Шығыстың жеті жұлдызының» бірі, парсының ұлы ақыны, математигі, аспантанушысы, философы О.Хайямның өмірінен сыр шертетін «Омар Хайям туралы аңыз» («Сказание об Омаре Хайяме») атты романының бар екенін көзіқарақты оқырман білуге тиіс. Сол романды қазақша сөйлеткен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, қарымды қаламгер Уәлихан Қалижан. Осы ретте, өмірі өнегеге толы хакім туралы туындының 14-тараушасын жариялауды жөн санадық.
_____________________________________________________________________
Георгий ГУЛИА,
Нишапур.
мамыр айы,
1973 жыл.
ОҚЫРМАНҒА
Уақыт бәрін де өзгертеді: ол шөлдегі құйыннан да қуатты, онымен тіпті теңіздің ақ шулан толқындары да теңесе алмайды. Оның ерекшелігі: ешкімге көрінбей өз дегенін істейтіндігінде. Бүкіл әлем ұйқыға кеткенде, боран тыйылып, толқындар тыншығанда уақыт қана көз ілмейді, оның құдіретінің, күш-қуатының өзі осы тынымсыз тіршілігінде. Ол тіпті киелі құдайлар Зороастр, Заратуштра табынған оттан да күшті. Барлық зұлымдық пен қараңғылықтың бастауы – Ахриман деседі. Мүмкін, уақыттың алапат күшінің бір сыры осында жатқан болар. Әрине, мұны ұғыну үшін, ең әуелі, отқа табынушы зороастриттердің жазбаларында айтылған нәрселердің бәрін еске түсіріп, ойланып алғанның терістігі жоқ.
Уақыт үлкен қаланы күл етіп, көзге қораш мекенді көркейтіп, жаңғыртып жібереді. Мысалы, кезінде ғажайып қала атанған Нишапур мен жадау қала Нокан осындай күйге ұшырады. Соңғысы қазіргі Хорасанның астанасы – Мешхедке айналды. Ал, алдыңғысы қарапайым ғана қала, оның бар қасиеті – Омар Хайям бейітінің болуында. Егер мұнда осы бейіт болмаса, Нишапур не күйге ұшырар еді? Тіпті, атақты көгілдір ақық өндірілетін кен көзінің өзі де оның атын шығара алмас еді. Бұдан кейін Рахмат Даштани мырза адам танымастай болып өзгеріпті деген сөзге таңдануға бола ма? Ол Парижге уыздай жас, арыстандай айбатты шағында кетіп еді, ал атамекен Нишапурға шал болып оралды. Ол байлық пен атақтан кенде емес-ті, ақылы мен білімі де ұшан-теңіз. Бірақ, өз ғұмырын неге арнады? Немен атағы шықты? Не үшін білім жинақтады? Ата-анасынан қалған ақшаны неге жұмсады? Моштаг көшесінде тұратын көршілері болмаса, енді бұл сұрақтың басқалар үшін еш қызығы жоқ. Ол сауалдар енді тек Даштани мырзаның бәрін білгісі келіп тұратын әуесқой көршілерін ғана қызықтырады.
Мен Алиов пен Арк, Фирдоуси мен Даран көшелерін кезіп, қуықтай Мар-Мар және Чахар-рах көшелерін үш рет бойлап өтіп барып қана Моштаг көшесін әрең таптым. Үйінде қамалып отыратын тақуа Даштани мырзаны жұрттың бәрі біле бермейді. Оның жас шағын осы қалада өткізіп, білім алғанын, сонан соң Мешхед пен Тегеранға барып оқуын жалғастырғанын естіген едім. Омар Хайям мемориалының бақылаушысы Асефи мырза да ол туралы өте қызықты әңгімелер айтып қалған-ды. Оның ең негізгісі – үйкүшіктігі. Және, Омар Хайямға деген өлшеусіз махаббаты. Бірақ, мына бұйығы адам мен өмірге іңкәр Хайям екеуіне ортақ не нәрсе екен деген ой еріксіз көңілге орала береді. Рахмат Даштани кезінде Тегеран университетін тастап, Сорбоннаға түсіп еді. Парижде қырық жылдай тұрып, Хайям секілді ол да туған қаласына оралды. Мен, әйтеуір, Рахмат Даштаниді таптым-ау. Рештік әзірбайжан қызметші әйел менің шала-шарпы әзірбайжанша сөзіме жібігендей болды. Оған Даштани мырзаны көрмей кетпейтінімді айттым. Артынша үй иесінің өзі де көрінді. Ол ұзын бойлы, арық, ақ шашты, үлкен қара көзді кісі болып шықты. Бір киерін киіп, жасанып алыпты. Үстінде аппақ көйлек, сәнді галстук, тропикаль деп аталатын матадан тігілген сұр костюм.
Ол жіңішке тарамыс қолын ұсынып амандасты да, терезесі темірмен торланған шағын қонақ бөлмесіне әкелді. Сол сәт таза орыс тілінде сөйлеп кетті. Мен де өзімнің Нишапур туралы, Омар Хайям туралы, оның ғылыми трактаттары мен поэзиясы туралы не ойлайтындығымды бүкпесіз жайып салдым.
Қызметші әйел бізге шай әкелді.
– Асығыс емессіз бе? – деп сұрады менен Даштани мырза.
– Егер әңгіме Хайям туралы болса уақытпен санаспаймын, – дедім мен.
– Сіз ол туралы көп кітап оқыдыңыз ба?
Мен Даштани мырзаға әлемде ол туралы не жазылса, соның бәрін (сол минуттағы еріксіз айтылған әсірелеу ғой) оқыдым дедім. Ол езу тартты.
– Ендеше, – деді ол, мен – мен кіаптар туралы айтпаймын. Одан да ескі қолжазбаларда сақталған және халық аузынан жинағандарым туралы айтып берейін. Мүмкін, мұның бәрінің бір керегі болар.
Шынымды айтсам, төбем көкке бір елі жетпей қалды: іздегенім нақ осы емес пе?
– Біріншіден, – деді ақырын ғана Даштани мырза, – Омар Хайям – Адам. – Бұл сөзден кейін ол біраз уақыт үнсіз қалды.
Осы бір қарапайым пікір жайдан-жай айтыла салмаған сияқты. Мен сөзге ықыластана құлақ қойдым.
– Оны мүлдем шарап ішпейтін тақуа, не өткен ғасырдағы француз романдарындағыдай сері етіп те көрсетудің қажеті жоқ. Ол – өзіміз секілді жан: тоңды, ашықты, кейде жағасы жайлау болып жайлы өмір сүрді, көп ойлады және көп жұмыс істеді. Сүюге де уақыт тапты. Кімді дейсіз ғой?.. Мен былай деп айтар едім: жалпы Адамзатты. Мүмкін, сіз: ол әйелді сүйді ме деп сұрарсыз. Оның растығына менің әңгімемді тыңдай отырып көзіңіз жетеді. Жиырма жеті жасында Хайям, яғни шатыр тігуші деген атпен танылған Омар Ибрахимұлы, белгілі ғалым және сындарлы азамат-тын.
Ол осылайша әңгімесін бастады.
Мен оның айтқандарының ең қажетті деген жерлерін конспект түрінде жазуға кірістім. Тегеранға барғасын «Парк отелде» қағазға түсіргендерімді және еске сақтағандарымды жүйелеп, кеңейтіп жазбақпын. Біздің әңгімеміз кешке дейін созылды. Бірақ аяқталмады. Ертесіне таңертең қайтадан Даштани мырзаға жолықтым. Біз тағы да ұзақ, тым ұзақ әңгімелестік. Анығырақ айтқанда, мен тек ара-тұра сұрақ қойып, оны тыңдай бердім… Уақыттан да, ішілген шайдың есебінен де жаңылдым… Бұл кітап белгілі бір жайда Рахмат Даштанидің әңгімесі жүйесі бойынша жазылады. Оған өз алғысымды айтамын, алда-жалда әңгіменің кемшілігі бар болса, оны Рахмат Даштани мырзаға аудармаймын. Бұл кемшіліктер – менің кемшіліктерім, оның барлық жауапкершілігін өз мойныма аламын. Кімде-кім Иранның ұлы ақыны әрі ғалымының өмірбаянымен таныс болса, оның өмірінің соншама мазмұнды болуына қарамастан, нақты деректері аз екендігін жақсы біледі. Осында баяндалатын бір ай, 1092 жылдың Исфаханда өткен бір ғана айы, мамыр айы осыны дәлелдейтін секілді.
_____________________________________________________________________
Мұнда ұлы мәртебелінің демалыс сағатында Омар Хайямның Сарайға келгендігі жөнінде әңгімеленеді.
Ұлы мәртебелі әмірші шарт еткізіп алақанын соқты. Бұл – музыканттарға берілген белгі екен. Сол сәт дауылпаз бен рубабтың үні өшті. Ал нәй болса біраз уақыт сыңсып тұрды. Міне, ол да тынды. Бишілер де қимылсыз қалды. Мәлік-шах сөйлейтінін аңғартты. Ол жатаған креслоға керіле түсіп, оң жағында отырған бас уәзірге бұрылды.
– Қадірлі хакімге бір сұрақ қоямын…
Жоғары мәртебелі Низам әл-Мәлік даяшыға белгі беріп еді, ол бишілерді көрші бөлмеге шығарып жіберді. Ал музыканттар өз орындарында қалды.
Зал жарық болып кетті: бормен және ұнтақтай берсе бордан да майда болып кететін ерекше тау құмымен тазартылған жез шырағдандар жағылды.
Омар ибн Ибрахим үнсіз отыр. Музыканың сап тыйылғанына да, бишілердің жоқ болғанына да назар аударар емес. Ол басқа бір нәрсе ойлап отырса керек. Әйтпесе табан астында ол қандай саңырау, көрсоқыр боп қалды? Оның қолында көгілдір ақықпен көмкерілген тамаша пиала болғанмен, бар ойы басқа жаққа бағытталған: ол құрақша майысқан бишілерге, Хорасан мен Бағдатқа дейінгі аралықта ешкім тең келмейтін бал бармақ музыканттарға да қарамайды. Алысқа, әлдеқайда көз тіккен.
Ұлы мәртебелі тақсыр: «Мен бір-ақ сұрақ қоямын», – дегенде, Омар ұйқыдан оянғандай селт етті. Ол ұлы мәртебеліге жүзін бұрып, бар ықыласымен тыңдайтынын аңғартқандай алға еңкейе отырды.
Оң жағында отырған бас уәзір де ұлы мәртебеліге қарай жақындай түсті. Сөйтіп, ол мынаны естіді…
– Осы минуттарда Омар Хайям мырзаның не ойлап отырғанын білуге болмас па екен? – деді ұлы мәртебелі. – Мен музыкаға да, биге де немқұрайлы қарайтын бас уәзірді түсіне аламын, өйткені ол діндар жан. Ал қадірлі хакімнің жайы бір басқа…
Ғалым аузын да ашып үлгерген жоқ. Сұлтан оны бұйырып тоқтатты.
– Жауабыңа асықпа, – деді ол. – Қазір ойыңның бұл жерден алыста екенін жақсы білемін. Мен көзбен көргенімді айтамын. Қарапайым нәрселердің жайын ажырата алмасам – мына тақта отырмас едім. Барлығы айдан анық көзге көрініп тұрғандықтан, мойындау мүмкін емес қой деп байыптаймын.
Омар Хайям араша күткендей бас уәзірге қарады. Сосын тағы да ұлы мәртебелінің жанарымен жанары тоғысты. «Шынымен-ақ, сен жауабыңды ойлануға тиіссің бе?» дейтіндей сұлтанның жанары.
Омар ибн Ибрахим:
– Менің ұлы мәртебелімнен іркіп қалар ойым жоқ. Алланы сыйлар адамның қадірлі қонаққа есігі қалай ашық болса, сен үшін менің де жүрегім солай ашық. Мен, шынында да, алыс бір ой жетегінде едім. Менің тым алыста болғандығым, өте жақын тұрғандығымнан болды.
Сұлтан сол жақ қасын таңдана керді.
– Бұны қалай түсінуге болады, қадірлі Омар? – Ұлы мәртебелі өзінің уәзіріне бұрылды. – Әлде «алыс», «жақын» деген ұғымдар үндес пе еді?
Низам әл-Мүлік сұрақ өзіне тікелей қойылмағандықан үндеген жоқ.
– Мен айтайын, – деді Омар Хайям. – Осында отырып мен музыка тыңдап, бишілерді тамашаладым, яғни бар болмысыммен осы залда, ұлы мәртебелім, өзіңнің қасыңда болдым, ал ойларым еркімнен тыс басқа жақта болды. Сол басқаны – «алыс» деген ұғым дер едім.
– Маған сенің болжамың ұнайды, – деді сұлтан. Бас уәзір де басын изеді. – Бірақ бұл сөзіңді осы жерде отырып ішім пысты деп ұғуға бола ма?
– Жоқ, – деді Омар Хайям.
– Ендеше, ойыңды анығырақ айт.
– Ұлы мәртебелім, мен оны асқан марқабатпен жасаймын. Оны екі сөзбен айтсақ, бір-біріне қарсы екі ұғыммен, «өмір мен өлім» деп білдірер едім.
Ұлы мәртебелі сұлтан таң қалды.
– Дастарқан басында сен өлім туралы қалай ойлайсың? – деді ол.
Омар Хайям келісетінін білдіріп басын иді.
– Сонымен, – деп жалғастырды сөзін ұлы мәртебелі бұрынғыдан да елітіп. – Не нәрсе өлімді еске салды? Шынымен-ақ, мұнда, осы залда көңілсіз ойды еске салатын зат болғаны ма? Көрсет, көзін жоғалттырайын.
– Қажеті жоқ, – деді ғалым.
– Ненің қажеті жоқ?
– Сол затты әкетудің.
– Неге?
– Ол мүмкін емес…
Ұлы мәртебелі сұлтан орнында қопақтап қалды. Көңіл қойып қабырғаны, шаңырақты, сүйек пен қызыл жезден өрнектелген терезелер мен есіктерді шолып шықты.
– Мен мүмкін болмайтын еш нәрсені көре алмай тұрмын. Омар ибн Ибрахим бір ауыз сөз айтса-ақ, сол сәт осы жерде кез келген зат ғайып болар еді.
– Ұлы мәртебелім жауап күтулі, – деп еске салды бас уәзір.
– Оның мүмкін еместігінің бір-ақ себебі бар, – деді Омар Хайям. – Өлім туралы ой салатын нәрсе – өмір.
– Қалай?! – деп таңданып қалды сұлтан.
– Өмір, – деп қайталады Омар.
– Мына өмір ме? – деп Ұлы мәртебелі құлашын жазып, залды нұсқады.
– Қазіргі сәтте – осы. Ал жалпы алғанда, кез келген болмысындағы кез келген өмір.
Сұлтан қолдарын кеудесіне айқастыра ұстады. Тілінің ұшында бір сұрақ тұр. Ұлы мәртебелі бұл сұрақты ғалымға, әлде бас уәзірге қою керек пе деп ойластырып тұр. Ойлап-ойлап, соңғысына тоқталды:
– Оны қалай түсінуге болады?
Бас уәзір: ғалымдардың айтуынша және Платон дәлелдеуінде өмір сүру – өлу деген сөз деді. Яғни өлім – өмірдің салдары. Егер өмір болмаса – өлім де болмас еді.
– Ол дұрыс қой, – деп күрсінді сұлтан. Осы бір тамаша кеште кенеттен оның да есіне өлім түсті. – Яғни, құрметті
Омар өмірдің кез келген формасын бағдарлай отырып, оның соңын ойлайтын болғаны ғой. Былайша айтқанда, өлімді. Бұл түсіндіруім дұрыс па? – деп сұрады сұлтан ғалымнан.
– Дәл солай, – деді Омар.
Ұлы мәртебелі сұлтан шараптан ұрттады.
– Яғни, – деді сұлтан ойлана, – біздің бүгінгі кеңесіміз, қарапайым ас мәзіріміз, музыка да өлімді еске салады екен ғой? Кімнің? – Ол ғалымға қабақ астынан сүзіле қарады. Сенбегендей, сұрағандай сыңай танытады.
Омар:
– Әңгіме өмір мен өлімді айқындай алатын белгілі бір суб-
станция туралы. Бірінсіз-бірі жоқ.
Ұлы мәртебелі:
– Тым мағыналы пәлсафа екен. Оны мынаған орайластыруға болмас па екен? – деп, сұлтан қолымен столды, еденді, шаңырақты, музыканттарды көрсетті.
Ғалым бас изеді. Бұл сұрағы философиядан гөрі поэзияға жақын келеді.
– Өте жақсы! – деп қуанды сұлтан.
– Бұл істі өте қиындатып жібереді, – деді ғалым.
– Неге?
– Ұлы мәртебелім, бәрі тым қарапайым. Философия да күрделі сұраққа ақыл-оймен қорытындыланған жауап береді. Философияда ешбір қиналыссыз-ақ осы екі ұғымды – өмір мен өлімді салыстыра алады, ал поэзия ешқандай өлімді мойындамайды. Неге? Мен жауап берейін: өйткені бұл– қатыгез іс, ал кез келген қатыгездікті поэзия қабылдай алмайды және қолдамайды. Поэзия – жүректе туған ойлар ағымы. Ал жүрек ешқашанда өліммен келісе алмайды.
Ұлы мәртебелі пиаланы алып, ернін жібітті. Оған әңгіме басқа арнаға ауып кеткен секілденді. Ол алдыңғы сұрағына тиянақты жауап күткен еді. Қанағаттанарлық жауап әлі болған жоқ, ал ұлы мәртебелі соны күтулі-тұғын.
– Бишілерді тамашалай отырып, – деп ұғындырды ғалым, – және дыбыстардың үйлесіміне құлақ түріп, мен амалсыз өлім туралы ойлаймын…
– Неге? – деп сөзін бөлді сұлтан. – Білмеймін. Мүмкін, өмірді мәңгілік қызықтауға құмарлықтан шығар. Сұлтан күліп жіберді.
– Тәніңмен бе?
– Иә, тәніммен де.
– Тамаша! – деп Ұлы мәртебелі Омар мен бас уәзір алдында тұрған пиалаларды нұсқады. – Тән үшін көтерелік!
– Біздің жасымызда да? – деп сыбырлады уәзір.
Сұлтан бұрынғыдан бетер қарқылдап күлді.
– Е, қайтеді екен?! Әлде махаббат – жастардың ғана ісі ме? Біз неге бәрін басы бүтін Хайям мырзаға бере саламыз! Бізден сәл жасырақ болғаны үшін бе? А! Жоқ, мен көнбеймін! Ал, сен ше?
Бас уәзір тұнжырап үндемеді.
Ғалым:
– Сенің жаныңда, ұлы мәртебелім, әр кез жақсы ғой. Жүрек пен ақыл, көз бен құлақ тәлім алады. Осында, сенің жылы қабағыңа қарап едәуір жасап қаласың. Мен өлім туралы ойлағанда, осының бәрімен қоштасудың қиын екенін айтпақ едім. Әсіресе мәңгіге қоштасуды айтамын. Және осы сұлулықты ешқашан көре алмайтыныңды білгенің қандай қиын…
– Ешқашан, – деп ұлы мәртебелі оны жаңғырықтай қайталады. Сөйдеді де мұңайып қалды. Пиаланы орнына қойды. Тақтадағы Хорасанның шебер кестешілері тіккен суфраның бір өрнегіне қарап, ойға шомды.
Зал тып-тыныш. Ызың еткен шыбын дыбысы естілмейді. Кенет сұлтан қос қолымен мұрты мен сақалын тарамдап-тарамдап жіберді де, қою қап-қара шаштары көмкерген басын сілкіп қалды. Сөйтті де күліп жіберді. Сылқылдап күлді. Жас жігітше күлді.
– Бұл айтылғандардан қандай қорытынды шығаруға болады? – деді ұлы мәртебелі хакімге. – Ә?
Омар Хайям:
– Бұдан шығатын қорытынды, ұлы мәртебелім, ішу керек, өмірдің ләззатын сезіну керек және…
Сұлтан қатты көңілденіп, алақанын шарт еткізді. Билеуге, музыка ойнауға рұқсат берді де уәзірге:
– Сен естідің бе? – деді. Анау басын изеді.
– Жоқ, сен естідің бе? Кәне, тағы қайталашы, Хайям мырза.
Ғалым жаңағысын сөзбе-сөз қайталады.
– Естідің бе? – деп сұлтан уәзірінен қайталап сұрады. Онан соң мұны кімнің: иә философтың, иә ақынның жауабы деп білеміз деп сұрады. Яки философия мен поэзияның арасында үйлесім бар-жоғын білгісі келген сияқты.
– Бар болар, – деді Омар Хайям.
Сұлтан уәзірден:
– Сені бұл жауап қанағаттандыра ма? – деді.
– Иә, – деді уәзір.
– Мені де, сұлтан. – Сөйдеді де асықпай, жайлап дәмін сезіне отырып, пиаладағы шарапты тауысты.
Оның алдында денелері тал шыбықтай бұралған үш сұлу тұрды. Оның біреуі – нубилік, екіншісі – тұрандық сұлу, ал үшіншісі – рим бикеші. Сұлулардың мықындары мен төстері мен мұндалап көзге ұрып тұр. Оларға қарап өлімді ойлау мүмкін емес. Егер сұлулардың төстері қоңырау секілді үн шығара алатын болса, онда: «Өмір! Өмір! Өмір!», – деп күміс үнмен жамырап қоя берер еді.