Махаббат жыршысы
25.08.2015
3578
0

Нәсіреддин сұмдық жақсы жігіт болатын…
Қадыр МЫРЗАЛИЕВ.

СералиевУақытында балалар мен жасөспірімдерді тартымды шығармаларымен қызықтырған қаламгер Нәсіреддин Серәлиев Қармақшы ауданының Қашқансу өңірінде келген жарық дүниеге. 1930 жылы. Қазан айында. Әкесі Серәлі атамыз кезінде Аманкелді атындағы колхозда еңбек еткен. Бұл күнде орны жоқ сол колхоз Чапаев атындағы шаруашылыққа біріккесін жаңа ауылдың орталығына көшіп келген. Кездескенде амандасуды айналайыннан бастайтын Нәсіреддин ағамен студент кезімде танысқан едім. Кейін үйренісе келе Нәкең менің етжақын ағамдай болып кетті. Әскери комиссариат оқуымды үшінші курстан үзіп әскерге жіберетін болғанда, күйзеліп жүгіргенін ұмытармын ба?! Неліктен екенін білмеймін, мені туған інісіндей жақсы көрді. Кездескен сайын очерктерді балалата беретінің не, қабілетіңді көркем шығармаға жұмсасайшы, соңыра кеш болады ғой… – деп шыр-пыры шығатын. Қайран Нәкем-ай, кім-кімге де іші-бауыры елжіреп тұратын ғажап адам еді ғой, жарықтық.

Нәкең «Әліппені» алғаш айқара ашқан жас күнінен өлең-жырға әуестеніп өскен. Баласының рухани түлеуіне әкесінің ескілікті әңгімелерді молынан білетіндігі және оны мәнеріне келтіріп айтатыны әсер еткен-ау деймін. Біздер, асыл ағамыздың қосын жегіп, тағдырлас, тұз-дәмдес, пікірлес болған інілері, оның ата-анасының да көзін көрдік. Серәлі әкеміздің әңгімесін шет жағалап біз де тыңдадық. Түсі жылы, дауысы құлаққа жағымды, әңгімені бабымен еліктіріп айтатын сүйкімді кісі еді. Нәкеңнен жыл бұрын дүние салған сол жарықтық осы күнгі ақсақал саналатындарға ұқсамайтын. Абыз сипатты адам еді. Кеніш әжеміз де өте елгезек, көңілі ашық, мырзақол болды. Нәкеңнің жанына ілесіп барғанымызда, сөзінің біссімілласын «өй, айналайыннан» бастайтын. Ана қазасын Нәкең езіліп қайғырған еді. Атақты жырау Молдахмет Дабылұлы (журналист Қанибек Молдахметовтың әкесі) Нәкеңнің қыз алыспайтын немерелес ағасы. Арынды жыраудың күнді түнге, түнді күнге жалғастырып талмай жырлайтын әуезді үні де баланың құлағына әбден ұялап қалған болса керек. Қысқасы, Нәкең жас күнінен Сыр сүлейлерінің жырларын жаттап, құймақұлақ болып өскен. Сүлейлерге еліктеп өзі де өлең жаза бастаған.

Болашақ жазушы алғашында Қашқансу өңіріндегі Абай атындағы жетіжылдық мектепте, кейін № 28 қазақ орта мектебінде оқыған. Алғашқы өлеңдерін бірге оқып жүрген достары жабыла жаттап айтып жүреді екен. Серәлі әкеміз 1944 жылы Қызылорда плотинасының құрылысына жіберілетін болғандықтан облыс орталығына қоныс аударады. Нәкең осы күнгі М.Мәметова атындағы педучилищеге түсіп оқи бастайды. Сол жылдары жазған өлеңдері облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланып тұрады. Жасөспірімнің тырнақалды туындыларын газеттен оқып, қалам қарымын қадағалап жүрген белгілі ақын Асқар Тоқмағамбетов: «Нәсір, сен өлең жазып машықтана бер. Сонымен бірге, шамаңа қарай шағын әңгімелерді де жазып көрсең қайтеді…», – деп ескертіп, ақыл-кеңесін айтып қамқор болған.
Мұхтар Әуезов «қырғи тілді» атаған ақынның ақылына ден қойған Нәкең содан бастап газетке шағын әңгіме, мақала жазып, қара сөзге бейімделеді. Соның аяғы, жас талапкер бірте-бірте бойындағы талант ұшқынын сезіне бастаған болар, елуінші жылдардың бастапқы кезінде-ақ прозалық шығармалар жазуға бірыңғай бет бұрады. Сол кезде Нәкең педучилищені бітірген, Н.В.Гоголь атындағы пединституттың студенті еді. Филология факуль-тетінің қазақ тілі және әдебиеті бөліміне ақтөбелік Сағи Жиенбаевпен бірге түсіп, бірге бітірген. Екеуі өмірлік дос болып өтті дүниеден.
Нәкең оқуын бітіргесін өзі білім алып өмірге жолдама берген педучилищесінде жасөспірімдерге сабақ беріп, дәріс оқыған. Ұстаздық жолда әрі жазуын жазып, әрі шәкірттерімен ой бөлісіп, білім нәріне сусындап жүргенінде Нәкеңді Алматыға шақырады. Астанада «Балдырған» және «Пионер» журналдарында қызмет атқарып, жаңа ортада балалар жазушысы атанып таныла бастайды. Бірақ тұрмыс жағдайына байланысты Алматыда тұрақтай алмай, Қызылордасына оралып, облыстық «Ленин жолы» газеті редакциясына орналасады.

Мен Нәкеңнің шығармаларын осы редакцияда мәдениет бөлімінің меңгерушісі, республикаға белгілі жазушы болып дәуірлеп тұрған кезінде оқыдым. Елімізді Н.С.Хрущёв билеп тұрған заманда үш облысты біріктірген Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылған болатын. Нәкең мындағы бөлім меңгеруші­лігінен өлкелік газеттің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болып ауысты. Сол жылдары Нәкеңнің журналистік дарыны кең ауқымдылығымен танылды.Газет жанрларында жазған туындыларында публицистикалық сарынды жазушының көркем ойымен жымдастырып жіберетін. Қоғамдық толғақты мәселелерді көтерген очерктерін қанағаттанып, тамсанып оқитынбыз. Жүрдек қаламынан жүрекке шауып, көңіл-күйіңді елжіретіп қозғайтын бір жылы леп есетін де отыратын.
Өлке тарағаннан кейін Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда бөлімшесін басқарып келген Асекең зейнетке шыққасын оның орнына Нәкең ауысты. Ал Жазушылар одағының облыстық бөлімшелерді біріктіріп облысаралық ұйым құруына байланысты Нәкең орнына қаламдас інісі Қомшабай Сүйенішевті тағайын­дат­ты­рып, өзі Шымкентке тұрақ­тайтын болды. Сол кезеңде Нәкең 1968 жылдан бастап Жамбыл, Шымкент, Қызылорда – үш облыстың шығармашылық ұйымын басқарды. Денсаулығы ертеден сыр беріп, жылда көп күнін ауруханада өткізіп, қиналып жүрсе де жаңа қызметін абыройлы атқарды, шығармаларын да үлгіртті. Сол кезеңде біз Нәкеңнің басылымдардан жылда бір повесін оқитынбыз. Кітаптары да іркіліссіз шығып жатты. Менің білуімде Нәкеңнің көзі тірісінде баспалардан балаларға арналған суретті кітапшаларын қосқанда, 10 кітабы жарық көрген. Бұдан басқа «Еңілікгүл» деген көркем фильмнің сценарийін жазды. И.Котляровский, А.Гайдар, С.Баруздиннің бірнеше шығармаларын тәржімалап, бұл қырынан да танылған еді. Ал Нәкеңнің елу жылдығына орай таңдамалы шығармалары 1980 жылы «Жазушы» баспасынан қазақ прозасының классигі Тәкен Әлімқұловтың алғы сөзімен жарық көрді. Елу бес мың таралыммен, «Жаңбыр иісі» деген әңгімесінің атымен шыққан осы қалың жинағына 9 повесі, 14 әңгімесі енген.

Нәсіреддин аға балалар мен жасөспірімдерге деген суреткерлік ынтызарлығынан айнымаған жазушы. Оның қолына қалам ұстаған кезеңінде /жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарында/әдебиетімізде бал тілді балдырғандар мен жас жеткіншектерге арнайы шығарма жазғандар саусақпен санарлықтай ғана еді. Шығармаларын балғындарды шыншылдыққа, адамгершілікке, бірсөзділікке, үлкенді сыйлауға, жасы кішілерге қамқор болуға, тіл ұстартуға тәрбиелеу мақсатында жазу – айнымас мұратына айналды. Тырнақалдысы «Ұшталмаған қарандаш» деген суретті кітапшасынан басталған «Намыс», «Ақ лақ пен қара лақ», «Әңгелек», «Ақбөпесін» кезінде баладан бұрын бой түзеген біздер де қызығып оқыдық. Әлі есімде, 1952 жылы «Пионер» журналынан «Кішкентай үйшілер» деген әңгімені қызығып оқыдым. Кейін есейген шақта білгенімдей, сол әңгіме Нәкеңнің студент кезінде жазған тұсаукес­тісі екен. Шынайы шығарма санаңда сәулеленіп, көңіліңде құйқылжып тұрады ғой.

Қаламы толастап көрмеген Нәкең негізінен, шығармашылық өрісін ауыл өмірінен тапқан қаламгер. Әңгімелері мен повестерінен Қашқансу адамдарын танығандай боласыз. Кейіпкерлері Нәкеңнің өзі сияқты өмір ағымының ығына қарай малти бермей, сол ағынға қарсы жүзуге бейім. «Жансая», «Әпенді» деген өте ықшам жазылған уытты хикаясындағы Жансая мен Абзал дәл сондай кейіпкерлер. Сондай-ақ, өмірде ұнамсыз пенделер де болады ғой. Айталық, жазушы Арықбай сияқты өмірдің шырқын бұзатын усойқы кейіпкерін өткір тілмен өте ұғынықты бейнелеп, оқырман алдына айнала төңіректің қайшылыққа толы драмасын жайып салған. Қаламгер шығармаларының дені – соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңді қамтыған. «Қаңтар» деп атаған повесіндегі Алданыш, Дүйсен, Айым соғыстың әлегінен болған күйзелісті ерте сезініп, ерте есейгендер. Ол кезде Нәкеңнің өзі де уақыттың ызғарында сол кейіпкерлерімен бірге болды ғой. Сондықтан да болар, осы шығармасында ауылдың тұрмысын, күйкі тірлігін, бірінің көңілі қаралы, бірінің жаны жаралы жандардың бір-біріне деген риясыз пейілін, жастардың кіршіксіз мөлдір сезімдерін мөлдіретіп суреттеген.
Қаламгердің кейіпкерлері бір ыңғайда аңқау, бір ыңғайда еркөңілді, қайырымды, мейірімді немесе айналасына жеккөрінішті болып келеді. Кәдімгі өмірдегідей. Ал көгенкөз жасөспірім кейіпкерлері көбіне арманшыл, алға талпынып, қанатын қомдап, өмірдің кең өрісін аңсап тұрады. Мұны «Мен баламын ба?» деген повесі мен басқа шығармаларынан да аңғарып отырасыз. Жазушының «Ыстық күлше» повесіндегі бозбала Қанат пен жасөскін Балапанның енді-енді бүршіктеп келе жатқан бұйығы, нәзік сезімдерінің әсерлі сәттерін Нәкең қандай астарлы суреттеген десеңші. Анасынан жастай жетім қалып, майданға аттанған әкесін бір көруге зар болып жүрген Қанат жаттан бетер жағдайсыз жақынының үйінен қашып кетпекші болып жолға жиналады. Балапан оттан жаңа шыққан ыстық күлшені Қанаттың қойнына тығып жібереді. Балапан тіл қатпаса да, балауса жүрегінің шырылдап тұрған пернесін жазушы дәл басқан. Кәдімгі алғашқы тілсіз махаббат.

Жалпы, жаратылысында ақынжанды ағамыз келте ғұмырында айтарының ұштығына жете алмай кетті. Азғантай ғұмырында жастардың сүйекті жазушысы болып қалды. Айтарыңыз не, Нәкең аға махаббат жыршысы еді ғой. «Ақ қайың», «Он жеті жас» деген повесін бір деммен мөлдіретіп жазған. Ал «Жеңешем, жорға және мен» деген повесінде жазушы махаббат туралы таусылып ештеңе айтпайды. Уылжыған Ақзираның сүйген жары майданда. Оның жорғасын колхоз бастығы Оқас тақымына басқысы келеді. Шығармадағы шытырман тартыс осыдан басталады. Ақзира қайсар болғанымен жолы жіңішке, Оқасқа бағынышты. Қайнысы Кемел әлі жас. Күресерге дәрмен аз. Дегенде, озбыр Оқастың беті қайтты. Оны жеңген махабат рухы еді. Күлзираның күйеуіне деген пәк махаббаты. Жазушы осы шығармасында да озбыр Оқас, қиянатшыл Қайрақбай (бригадир) деп даттамайды. Ал оқиға барысында сіз ол екеуінің сондай пенде екенін аңғарасыз.
Нәсіреддин аға туған ұлтының өзегін жарып шыққан нағыз халық жазушысы еді. Ізіне ерген қаламдас іні-қарындастары, мың сан оқырмандары біледі, Нәкеңнің жаңа кітабы сауда сөресінде жатып қалмайтын. Алпыс жылдығы қарсаңында «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Зеңгір аспан» деген әңгімелері мен повестер жинағының сауда сөресіне түскен бойда өтіп кеткенін білеміз. Оқырмандар неліктен өйтеді? Оның «құпиясы» қаламгер шығармаларын әрі ықшам, әрі халықтың қазыналы қара сөзімен жүрегіңді жылытып, сезіміңді қозғап, ұғынықты жазатын. Жасандылығы жоқ кіршіксіз шығармалары сізді толғандырады, күйзелтеді, ойландырады.
Жазушы 10 повесть жазған екен. Біз өкініп қалдық: әттең дүние, бергенінен берері көп еді-ау деп. «Көлеңке» деген соңғы повесін көзі кеткеннен кейін Шарапат апай «Жұлдыз» журналында жариялатты. Ардақты аға денсаулығым көтерсе, енді романға отырамын, – дейтін. Амал не, санаулы демі оған жеткізбеді. Адам жазған өмірден арманы таусылмай өтеді білем.
Нәкең жазушылық ғұмырында лайықты марапатқа да ие болды. КСРО-ның бірнеше медальдарымен, елу жасқа толғанда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Сол тұста Нәкеңнің 50 жылдық мерейлі тойы Шымкент қаласында өтті. Аралдық ақын досы Құттықов Мешітбай ағамыз Нәкеңнің зайыбы Шарапат апайды Аралға алдырып, қолда баққан бір семіз жылқыны жіліктеп, қазысын айналдырып, шып-шырғасын шығармай беріп жібергенін көзіміз көрген. /Бұл не деген құрмет?! Сол замандағы ағалардың дос көңілі қандай!/.

Жазушының елу жылдығы туып-өскен отаны Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде де және кіндік қаны тамған, жөргегін жуған Ақтөбе ауылында да аталып өтті. Қармақшылықтар алқалап қарсы алған сондағы салтанатты жиында Нәкең: «Мен әрқашанда орталарыңызда болдым. Сіздердің өмірлеріңіз: тұрмыс-тіршіліктеріңіз, қуаныштарыңыз, реніштеріңіз менің шығармаларымда. Жан жүрегімді жарып шыққан туындыларымның кейіпкерлері – өздеріңіз», – деген еді.
Сондағы жүздесулерден кейін арада білдірмей жылжып он жыл өтті. Қармақшылықтар жолынан жаңылысқан жоқ. Алпыс жылдығын да ағынан жарылып атап өтті. Тек өкініштісі, арамызда Нәкең болмады. Балалық шағы алапат ашаршылықта, жер жүзіндегі «ең әділетті қоғамның» жаппай адам аулаған жазалау науқанында, адамзат қауымы бұрын көріп-білмеген қырғын соғыстың ауыртпалығында өткен жүрегі жұмсақ, сезімтал баланың көңілі қаяулы, жаны жаралы еді. Оның тағдыры әсте оңай болмаған. Екінші жержаһандық соғыс аяқталғанда Нәкеңнің жасы он бесте болатын. Әне, оның балалық шағы қандай жағдайда өткенін енді бағамдай беріңіз. Сұрықсыз жылдардың сұмдығымен өткен. Жалпақ ел қандай қазабатты өткерсе, жаны нәзік ауыл баласы соның бәрін де көппен бірге көрді, жүрегімен сезінді.
Біз шығарма жазумен айналыспайтын замандас­тарымызды көркем әдебиетті түсінбейді деуден аулақпыз, бірақ олар жазушы деген ағайынның көңіл-күйімен, өз жанын өзі жейтін жұмбақ азабымен санаса бермейді. Өздеріндей көреді. Балалық дәуренін кісәпір кезеңде қалдырған Нәкең қаламгер көруге тиісті жолды қаймықпастан «таңдап» алған. Алайда, тағдыр оған ащы сыбаға сыйлаған екен. Қаламгерлік мұраттың қатал да емі жоқ сынына көндіккен оны жасынан жанына «жолдас» болған шырымталы отыз жасқа жетер-жетпестен-ақ созылмалы сырқатқа ұшыратты. Соның аяғы аяулы ағамызды ажал шіркін қыршын жас елу төртінде арамыздан алып тынды.
…Алдымен көзге отттай басылған Нәкең портреті. Аудандық мәдениет сарайының төріне ілінген сол суреті өткен елу жылдығында: «Мен әрқашан да орталарыңдамын», – деп толқып, тебіреніп айтқанын еске түсірген еді.
Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, мерейтойды өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы Сәбит Отызбаев кенттің мәдениет сарайында өткен сол салтанатты жиынды өзі ашып: «Жиылып келген жамағат, халқымыздың асыл перзенті Нәсіреддин Серәлиев арамыздан мезгілсіз ерте кетсе де, шырайлы шығармалары арқылы бізбен бірге жасасып келеді. Сіздер, осыдан он жыл бұрын нақ осы сарайда жазушының елу жылдығын атап өткен едіңіздер. Енді осынау алтын ғұмырдың алдағы уақытта да жалғаса беретін мерейтойларының тағы бірін өткізу абыройына кенеліп отырмыз», – деген еді. Ал аудандық атқару комитетінің төрағасы Аппаз Кәмішев қаламгердің өмірі мен шығармашылық еңбегі орайында тағылымды баяндама жасаған-ды. (Бүгінде ондай пайымды, ойлы әкімдер қаламгерлердің сорына қарай дефицитке айналды).

Мерейтой барысында байқағанымыз: өмірде тектілік пен ізеттіліктің эталонындай болып өткен Нәкеңді көзкөргендер алғаусыз жақсы көреді екен. Қазақстан Жазушылар одағының өкілі Қалихан Ысқақ, жергілікті қаламгерлер Мешітбай Құттықов, Сейіл Боранбаев, Қали Шыңғысов, Қомшабай Сүйеніш, Желдербаева Сәнімкүл апай және шаруашылық басшылары сан тарау естеліктер айтты. Сана сонда бір сілкініп, көптің көңілі бар көтеріліп қалған еді. Содан кейін…

Келесі жылы дүние өзгеріп сала берді. Заман да, қоғам да құбылды. Ардақты ағаның 70 жылдығы да, 80 жылдығы да аталмай елеусіз қалды. Елеусіз қалған себебі, біріншіден, билікке келген жас шенеуніктер руханият майданында кімдердің кім болғанын білмейді, шығармаларын оқымаған. Екіншіден, жазушымен дос, жолдас, сырлас болған қатар құрбылары дүниеден баз кешкен. Үшіншіден, жарық дүниеде көзі жоқ қаламгерлердің әтібірлі шығарма­лары мемлекеттік тапсырыспен қайта басылып шығып жатыр. Ал Н.Серәлиевтің туындылары қайта басылымға ілінбей шет қалумен келеді. Жалғыз-ақ, Нәкеңнің 80 жылдығы қарсаңында, тірлігінде сыйласқан қаламдас інісі Оразбек Сәрсенбаев өзі белсеніп бір томдығын шығарып еді. Бірақ оны біреу біледі, біреулер білмейді. Себеп: Сыр өлкесінен шыққан қаламгерлердің шығармаларын насихаттау тоқыраған. Содан тапқан «пайдамыз» тәуелсіздігі­мізбен құрдас жастар бүгінде өмірде Нәсіреддин Серәлиев деген жазушының және жалпы өлкемізде қандай қаламгерлердің болғанын білмейді. Оны байқап жүрміз.

Нәкеңнің артында іздеушісі жоқ емес. Ұлы мен қызы Шымкентте, туған інісі Төлен Қызылорданың өзінде тұрып жатыр. Заманауи өркениеттің ортасында. Шетінен жоғары білімді. Нәкеңнің 60 жылдығында Төлен обкомның қызметкері еді. Сол кезде көзкөргендердің естеліктерін ыждағаттап жинап алуына болатын. Амал не, «бәлду-бәлду бәрі өтірік» болып қалды. Енді биылғы қазанның жиырма бесінде Нәкең көзі тірі болғанда, 85 жасқа толып, ортамызда нұрлы жүзі, кең маңдайы жарқырап отырар еді-ау. Кімнің жасамаған жасы. Аудан жұрты жазушының атаулы жасын осы жолы ескерсе, естеліктер жинағын әлде де шығаруға болады. Біздің жобамызда Нәкеңнің артында жетімсіреп қалған мұрасы 4-5 томдай болып қалар. «Темірді қызған кезінде соқ» деген, туындыларын бүгінгі көзкөргендер елеп жарыққа шығармаса, кейінгілерден үміт аз. Қайран Нәкеңнің сол 4-5 томын қарайтқаннан аудан бюджеті ойсырап қалмас. Ниет болса, қиын ба, жарқыратып шығаруға болады. Жалпы, өмірде көзіміздің жеткеніндей көрнекті қаламгерлердің татымды туындыларын қайталап шығарып тұрмаса, қанша классик болса да, есімдері бірте-бірте көмескілене береді екен.
Нәкең Мәскеуге екі айлық оқуға барғанында, Тәкен Әлімқұловпен дидарласып, екеуі талай мәрте сұхбат құрған. Сонда: «Осы күні кейбір жастар Батысқа еліктеп, әдебиетке бұралқы сюжеттерді әкелді. /Айтуы қалай, ә?/ Ондайды мен қабылдамаймын. Маған Сырдың бойы жетіп жатыр» деген көрінеді. (Тәкен ағаның алғысөзінен). Бұл дегеніңіз – туған өлкесін дүниеде ештеңеге айырбастамайтын, барын бардай жүрегімен сүйіп өткен, Анасының алтын құрсағында адалынан жаратылған нағыз патриоттың сөзі емес пе?! Осындай қадірлімізді енді қашанға дейін елеусіз қалдыра бермекпіз?

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ.
Қызылорда қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір