Кекілбаевтың әдеби кеңістігі…
Әбіш Кекілбаев әлемі – поэтикалық күш-қуаты бөлекше әлем!.. Одан тамырын тым тереңнен тартқан таным, телегей-теңіз білім, өзінің бай мұрасын да сарқып ішкен, өңге жұрттыкін де түгескен түпнегіз бен өмірмен астаса өрілген шыншылдық менмұндалайды.
_____________________________________________________________________
Тақырып таңдаудағы талғамы, жанрға деген талап-тілегі, көркем мәтінге, тілге деген іңкәрлігі алабөтен алып Әбіштің экзистенциалистік сипаты басым шығармаларындағы тұтастық пен ішкі үйлесім, мазмұн – пішін – идея – сюжет төрттағаны еріксіз мойын бұрғызады. Университет қабырғасында оқып жүргенімізде-ақ Әбіш қаламынан туған «Үркер», «Елең-алаң», «Шыңырау» мен «Аңыздың ақырын» оқып, сыртынан ынтық ек. Қаламгер түсінігіндегі кесектік, оның ұғымындағы ұлылық жан тазалығына, сәбидей пәк сезімге, қазаққа деген сүйіспеншілікке негізделген-ді. Қаһарман психологиясындағы «қап-қараңғы» қалтарыс-бұлтарыстарын ашуға деген құштарлық – жазушы шығармашылығының басты мақсат-мұраты. Психологтардың тарлау ұғымға сыйдырған тұжырымын тарқата айтуды тағдыр жазуы, Жаратушы Жаппар Хақтың сыйы деп түсінген Әбіштің билеп-төстеуге көнбейтін Тәуелсіз ой мен рух күші ерек туындыларынан кісінің жан сырын ізгі мұраттар жолындағы өрлеу сұлулығымен суреттейтін нәзік күйлі арна аясындағы ceзiм импульcін байқамау, әсте қиын. Автор кейіпкерлерінің толғанысымен тұтаса түскен ой ағыны, олардың көңіл күйіндегі тылсым өзгеріс, бақыт, арман, жаратылыс, жақсылық пен жамандық жөніндегі терең тебіреністері – суреткерліктің нышаны. Біз көрмеген жердің тау-тасы, аң-құсы, жан-жануары, табиғаты, арқырап аққан асау өзені, сылдыраған суы ақ қағаз бетіне көшкенде көпшіліктің сол жаққа аңсары ауатыны сөзсіз. Ұлтының жабырқаған жанын, дәуір аязы тоңдырып үлгерген көңілін қаламымен ғана жылытуға болатындығын ерте түсініп, өнімді еңбек еткен қазақтың аса көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев қай тақырыпқа барсын, мейлі, потенциялын, интеллектін, көрген-түйгенін толық пайдаланатынын аңғару қиын емес. Тегінде, суреткер прозасында поэзияға тән сыпат: әуез, әуен, ырғақ пен кеңістікті сезіну, сүйініш пен күйініш қат-қабат жүретін өмірлік құбылыстарды қамту, уақыт нышандарын дәл беру бар. Сонысымен де, ол – Әбіш!
Биылғы жылы ғалым әрі әдебиетші Ғарифолла Әнес басқаратын «Арыс» баспасынан жарық көрген «Әбіш Кекілбаев» атты энциклопедияның алғашқы томы – біріншіден, сапасымен, екіншіден, мән-мағынасымен, үшіншіден, тарланбоз табиғатын танытып, шығармашылығынан сыр шертер алуан-алуан мағлұматтар молдығымен құнды және жастарға жаназық деп білген дұрыс. Энциклопедияның алдағы уақытта шығатын екінші (Өмірі мен ортасы), үшінші (Көрсеткіштер) томдарының тақырыптық тереңдігі мен мазмұн сапасы оқырман талғамынан шығады деп үміттенеміз.
Әбіш әлеміндегі тұңғыш энциклопедия төңірегінде «Қазақ әдебиеті» газеті ұйымдастырған «Дөңгелек үстелді» назарларыңызға ұсынамыз.
_____________________________________________________________________
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты
«Неисчерпаемый»
«Әбіш Кекілбаев» экциклопедиясы қолыма тиген сәтте баяғыдағы бір жайлар ойыма орала кетті.
Университеттің бесінші курсында, 1974 жылдың күзінде Мемлекеттік кино комитетіне жұмысқа орналасқаным – өмірімдегі баға жетпес олжам. Комитет төрағасы Камал Смайылов, комитеттің Бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов, киностудияның Бас редакторы Әбіш Кекілбаев… Бұл есімдерге сыпаттама беру артық, әрине. Басқа қасиеттерін былай қойғанда, осы азаматтардың бір-бірін бағалауының өзі жатқан бір ғибрат, өнеге еді. Бір күні Қалағаң кабинетіне шақырды да, «Мына шимайымды қарап шықшы, пікіріңді айтарсың» деді. «Шимайы» орысша екен. Шамамен 5-6 беттей. «Көктөбедегі кездесу» бір елден кейін бір елде қойылып, ақыр аяғы мұхит асып, абырой тасып тұрған кез. Сол жақта пьеса кітапша күйінде басылатын, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың авторлық өмірбаяндары алғысөз ретінде салынатын болып шешілген екен. Қалтай ағаның кезінде Мәскеудің атақты ГИТИС-ін бітіргенін білгеніммен, орысша мақалаларын газет-журналдардан оқып жүргеніммен, Кино үйіндегі, Комитеттегі, киностудиядағы жиналыстарда жұртты күлкіге батыра сөйлеген сөздеріне талай құлақ түргеніммен, орыс тілінде де өзінің қалтайы қалжыңын, қайталанбас юморын бар сөлімен сақтап, соншалықты стилистік шеберлік көрсететінін біле қоймайды екенмін. Қатты риза болдым. Ойымды ақтарылып айттым да. «Керемет жазыпсыз» деп те жібердім. Сөзімді тыңдап отырды да, бір кезде былай деді: «Рақмет көңіліңе, шырағым. Өз шамамызды білетін жасқа келдік қой. Біз, енді, қанша дегенмен, қазақтың арасында қалатын қаламгерміз. Керемет деп мына Әбішті айту керек. Он межконтинентальный писатель… «Межконтинентальная баллистическая ракета» дегенді білесің ғой?.. Әбіштің размахы сондай»… Сөйтті де Әбіш туралы кең құлашты әңгімені бастап кетті. «Межконтинентальный»…
«Әлемдік ауқымдағы жазушы» демей, «құрлықтардан асатын қаламгер» демей, «межконтинентальный писатель» дегенінен, «кең құлашты» демей, «размах» дегенінен бе екен, әйтеуір, Қалағамның сол сөзі ерекше есімде қалып қойды. Отызында «Шыңырауды» шығарып, сөз танитын жұртты шалқасынан түсірген қаламгерге, Кинокомитетке әр келген сайын ұшан-теңіз эрудициясы қайран қалдыратын ағаға құрметім бұрынғыдан да арта түсті.
Келесі, 1975 жылы тағы қызық болды. Алматыға «Ақ кеменің» премьерасына Шыңғыс Айтматов келе қалды. Сейдахмет Бердіқұловтың Аян Нысаналин арқылы айтып жіберген өтініші бойынша, Қалағаңның көмегімен әлемге әйгілі жазушыдан сұхбат алудың (ол «Лениншіл жаста» «Қайткенде адам қалады адам болып» деген атпен көлемді күйде жарияланды) сәті түсті. Әңгіменің аяқ жағына қарай, кино және жазушы деген негізгі тақырыптағы сұрақтарымды қойып болған соң, бойым үйреніңкіреп, сұхбатқа қатыстырылмайтын жайларға да ауысқым келді. «Аға, біздің әдебиетімізді оқып отырасыз ба? Кімдерді бөліп атай аласыз?» деп қалдым. «Көп қой. Бөліп атап жатқаным қалай шығады? Оның үстіне проза мен киноның байланысы, экранизация мәселелері туралы ғана сөйлесетін болып едік қой», деді құлықсыздау күйде. «Айып етпеңіз, мысалы, Әбіш Кекілбаев туралы пікіріңізді білейін деп едім», дедім бас жоқ, көз жоқ. Студент кезім ғой, мысы да басып барады. Сондағы Шықаңның аузынан ә дегенде шыққан сөз мені тіксінтіп тастады. «Ой, оны айтпа», деді… Сол сәтте маған келгені «Аралары нашар екен ғой, қап, бекер сұраппын» деген ой болды. Есімді жиғанша Шыңғыс аға тағы айтып қалды: «Оны қой» деп… Әп-сәтте түсіп кеткен еңсемді көтеріп, жүзіне қарасам… жазушы жымиыңқырап тұр екен. Бір кезде барып, «Он неисчерпаемый» деді… Білгенде де тіпті жақсы біледі екен. Әбіштің таусылып бітпейтін, телегей-теңіз білімін бөлекше бағалайды екен. «Неисчерпаемый»…
Ана жылғы Әбіш ағамның мерейжасына орайластырып, «Егемен Қазақстанда» жыл бойы мақалалар бердік де отырдық, бердік де отырдық. Біреуін біз жазғанбыз. «Сардар. Ділмар. Елдар» деп аталған сол мақаланың аяқ жағын ала: «Әбіш Кекілбаевтың жетпіс жылдығы – қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің, қазақ қоғамдық ойының ғана емес, жалпы қазақ рухының жеткен бір белесі ретінде байыпталатын, бажайланатын дата. Оны жазушының, саясаткердің, қайраткердің он жыл сайын оралып отыратын кезекті мерейтойы деп қана қарау жетімсіз. Біз Кекілбаевты әлі толық танып-біліп болған жоқпыз. Мұның өзі соншалықты орасан олқылыққа жатпайды. Бұл тұрпаттағы тұлғаларды замандастарының толық танып-біліп үлгеруі қисынға келе қоймайды. Кекілбаев сынды суреткерлердің, Кекілбаев сынды ойшылдардың қатпар-қыртыстары айналасы бір ғасырдың о жақ, бұ жағында қопарыла қалуы қиын болса керек. Демек, Әбіш Кекілбаев туындыларының әсемдік әлемін ашу, философиялық тереңдігін таныту жөнінде ұлттық көркем ойымыздың алдында талай міндет тұр» деген екенбіз.
Сол міндет орындала бастапты. «Арыс» қоры (баспасы) классик жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық торқалы тойына бағышталған «ӘБІШ ӘЛЕМІ / МИР АБИША» жобасын жүзеге асыруда» деген әдепкі әдепті сөзбен өріліп, 800 беттен барып бір-ақ қайырылған, осы заманғы баспа мәдениетінің ең биік талаптарына да сай келетіндей етіп, қыздың жиған жүгіндей жасалған бұл фолиант – «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының жазушының шығармашылығына арналған бірінші томы. Екінші том «Өмірі мен ортасы», үшінші том «Көрсеткіштер» деп аталады. Бұйыртса, жазушының келер жылғы торқалы тойына дейін олар да қолымызға тиіп қалуға тиіс. Көпсінбейік. Қуанайық. Мақтай отырып мақтанайық.
Әбіш Кекілбаев – біздің бүгінгі мына әлемге үшінші мыңжылдықтың басындағы қазақ осындай деп алға тарта алатын аз адамымыздың бірі. Қаламгердің қазіргі қазақ қоғамындағы алар орнын оның жазушылығымен де, тарихшылығымен де, ойшылдығымен де, саясаткерлігімен де, қайраткерлігімен де толық жеткізіп айта алмаймыз. Қалағаңның «межконтинентальный» деуінің де, Шыңғыс Айтматовтың «неисчерпаемый» деуінің де мәнісін мына энциклопедияны қарап шыққан адамның әрқайсысы-ақ бірден ұға алады. Әбіш Кекілбаев туындылары жалпыадамзаттық мәселелерді әлемдік өреде қарастыратындығымен, ой тереңдігінің, көркемдік кестенің, тіл өрнегінің классикалық үлгісін көрсетуімен, қай жанрға салғанда да өрен жүйрік шығатындығымен, әрі көп, әрі дөп жазуға болатындығын дәлелдеуімен тәнті етеді. Бір ғана «Мақалалар» тарауының өзінде Әбекеңнің 600 туындысы сөз етіледі. «Тарихи-танымдық туындылар», «Сапарнамалар» деген тараулар өзінше бөлек тұр. Өлеңдерді, әңгімелерді, хикаяттарды, романдарды, драматургияны, аудармаларды айтпай-ақ қоялық. Бір бойында жазушының, ақынның, драматургтің, аудармашының, саясаттанушының, тарихшының, мәдениеттанушының, өнертанушының, әлеуметтанушының, публицистің, журналистің, шешеннің таланты тамаша тоғысқан, соның бәр-бәрін философтың, далалық данышпандықтың қайнарынан суарған Әбіш Кекілбаев шын мәнінде феномен құбылысқа жататыны қазірдің өзінде талас тудырмайды. Әбіштің халықтың рухына еткен еңбегі – даусыз ұлы еңбек.
Кекілбаев кеңістігіндегі аса бай мұра руханият ауқымына да сыймайды. Әбіштің дара ақылы бізге өтпелі кезеңде көп көмектескенін, Әбіштің сара сөзі алабұртқан халықтың санасын сабасына түсіруге септескенін біз ешқашан ұмытпауға тиіспіз. «Мұндай тұлға туа алмасақ – кім болдық? Туғаннан соң қуанбасақ – кім болдық? Абай атам арманындай Әбіш бұл, Әуезовтің жалғасындай ұл көрдік» деп Ұлықбек айтқандай, Әбіштей перзентімізге қуанбасақ кім болдық деп уайым шеккен күндеріміз де бастан өткенін несіне жасырайық. Шүкір, уақыт деген бірте-бірте бәрін орын-орнына қояды екен. Ұлы Абайды арманда қалдырып кеткен Әбдірахман-Әбіш жарты ғасырдай уақыттан кейін қазақ даласының басқа бір қиырында, Маңғыстаудың төрінде қайта туғандай болғанын, ұлы Әуезовтің жалғасындай, бәрімізді байыта туғандай болғанын қазірдің өзінде ұғынып үлгергендейміз.
Ел болу осындай шаруалардан танылады. Халықпыз ғой, шіркін. Халық болғанда да асылдарын «Өлі-тірісінде артына жаман сөз ілестірмеген, тумысында гуманист жазушы, энциклопедиялық білімге ие ғұлама, аузы дуалы шешен би, ұлт жанының білгірі, кең пейілді, жұмсақ жүректі жан тұлғасы уақыт өткен сайын өркештене, зорая түсеріне, кемел Қазақстанның келер буындарының да арқа тірер рухани сүйеніші болып қала береріне кәміл сенеміз» деп ардақтай алатын халықпыз ғой. Халықтық қалпымызға қайта оралып қалыппыз ғой. Шынында да рухани жаңғыра бастаппыз ғой. «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясы – Елбасы бастап, елі қостап, қазір кең құлашпен қолға алынып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосылған қомақты үлес. Бұл еңбек біздің қоғамдық ойымыздың жаңа заман биігіне көтеріліп, жаһандану көшіне қосылып үлгергенін кемел түрде, келісті көрсетеді. Бұл еңбек біздің өз қадірімізге жететін, шын ғажайыптарымызды ұлттық мақтаныш тұта білетін ел екенімізді тамаша танытады. Құтты болсын айтамыз.
_____________________________________________________________________
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,
әдебиеттанушы, ҰҒА академигі
ӘБІШ ӘЛЕМІНІҢ АЙНАСЫ
Жуырда менің қолыма «Әбіш Кекілбаев. Шығармашылығы. Энциклопедия. Бірінші том» деп аталған өте қомақты кітап тиді. «Арыс» баспасы шығарыпты биыл. Көлемі – 800-бет. Өте жақсы әрленген, өрнектелген. Қағазы да, әріптері де әдемі, бояулары қанық.
Кітапты сырттай тамашалап, әрі-бері қарадым да ішіне үңілдім. Оқи бастадым. Оқуға өте жеңіл екен. Басынан аяғына дейін қызыға да, таңдана да оқып шықтым. Қызыққаным – Әбіштің шығармаларын қанша білдім дегенмен, жете білмейтін жәйттер аз емес екен, әсіресе, оның шығармалары туралы жазылған мақалаларды біле бермейді екем, сондай-ақ, Әбіштің өзінің жазған эсселері мен баяндамаларын, сөздерін есіме қайта түсірдім. Таңданғаным – бұл энциклопедия бұрынғылардан басқаша жасалыпты. Бұрынғы энциклопедиялар (универсалдысы да, тұлғалысы да) мәліметтерді алфавит бойынша беретін. Ал мұнда мүлде жаңа әдіс қолданылған. Үш том деп жоспарланған бұл еңбектің бірінші томы тек Әбіштің шығармашылығына арналған. Әбіштің шығармалары жанрлар бойынша топталып беріліпті: Поэзия, Проза (оның ішкі жанрлары әңгімелер, хикаяттар, романдарға бөлінген), Драматаругия, Аудармалар, тарихи-танымдық туындылар, сараптамалар, мақалалар.
Бұл энциклопедияның үлкен бір жаңалығы – әр шығарма туралы толық мәлімет беруі. Әсіресе, поэзиялық туындыларды оқырманға жан-жақты таныстыруы: туынды қай жылы жазылды (немесе аударылды), қашан тұңғыш рет жарияланды және қанша рет қайта басылды. Бұл аз десеңіз – әр туындының ең сөлді, мәнді жерлерін, шумақтарын келтіріп, оларға ұтымды сипаттама берілді. Ал прозалық шығармалар сөз болғанда әр шығармаға кім қандай мақала жазды, қалай бағалады. Тіпті, ол мақалалардың қысқаша мазмұндары беріледі, мақала авторлары жөнінде мағлұмат айтылады. Сондай-ақ, ғалымдардың зерттеу еңбектерінде Әбіштің қай шығармасы жайында қандай пікір айтылғанына дейін дерек қамтылған. Мәселен, энциклопедияның 243-бетінде мынадай ақпар бар: «Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы мен «Үркер», «Елең-алаң» роман-эпопея
Р.Бердібаев, Ш.Елеукенов, С.Әшімбаев, Г.Бельгер,
Р.Нұрғали, М.Ысқақбай,
Н.Оразалин, Ж.Дәдебаев,
С.Жұмабеков, Р.Отарбаев, Н.Ақыш, т.б. қазақ әдебиетінің үлкен табысы деп бағалады. Міне, жас зерттеушіге Әбіштің ең үздік шығармалары туралы жазған авторлардың тізімі – дайын тұрған библиография.
Ал бұл энциклопедиядан менің ашқан үлкен жаңалығым – Әбіштің ақындығы. Ол жас шағында өлең жазған деп еститінмін. «Е, жас шағында қазақтың бәрі – ақын ғой, есейгенде оны қойған шығар», – деп ойлайтынмын. Сөйтсем, Әбіш мұндаға дейін өлең жазыпты. Бұрынғысы да, кейінгісі де – әдемі поэзия! Тақырыбы алуан түрлі: жастыққа тән махаббат сезімі, табиғаттың әркездегі көрінісі; қоғамның қайшылықтары, адамның жеке басының тағдыр-талайы, қуанышы мен өкініші, ләззаты мен өксігі, реніші, достық пен сатқындық, адалдық пен арамдық, қызғаныш, күншілдік, т.б. Негізінен, Әбіш лирик, философ, әрі реалист. Мұнда осы энциклопедияда берілген өлең үзінділерінен-ақ айқын бақылауға болады.
Біздің ұрпақ – әкелері сұрапыл соғыста мерт болған боздақтардың балалары едік. Бұл жағынан Әбіш екеуіміз тағдырласпыз. Сондықтан оның қиыншылығы қисапсыз балалық шақ туралы жазған өлеңдерін толқымай оқу мүмкін емес.
Міне, осының бәрін бұдан да көп нәрсені осы Әбішке арналған энциклопедиядан көріп-біліп алуға болады. Өйткені, бұл энциклопедия – жаңа үлгідегі энциклопедия.
_____________________________________________________________________
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
ф.ғ.д., Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ проректоры
ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ ЖӘНЕ ЕУРАЗИЯ УНИВЕРСИТЕТІ
Біз тақырыпты осылай қоюды жөн көрдік. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, жазушы, қайраткер Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығына жоғары мектептің көзімен де бір қараған дұрыс секілді. Екіншіден, Астана мен Еуразия университетін бөліп қарай алмайтынымыз секілді, тірісіндегі елдік ұстанымын былай қойғанда, қасиетті сүйегімен де Елордаға «аруақ қондырып, нар шөктіріп» тұрған тұлғаны қаланың жаңарған кезеңімен байланыста қарауға пейілдіміз. Ұлт университеті үшін Әбіш Кекілбайұлы – мақсатқа жету үшін аянбай тер төгудің, шығармашылық пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүру үшін жастай ізденудің, ана тіліміздің інжу-маржанын қалам қуатымен ғана емес, шешендікпен, ділмарлықпен мәшһүр етудің, қазақ ауданында қалмай, әлем көкжиегіне әлуетпен абыройлы көтерілудің рәмізі. Қазақта: «Оқымаған – бір бала, оқыған – екі бала» деген сөз бар. Мектепте жүріп-ақ мұғалімдері мен Маңғыстаудың мыңжылдық қатпарын зерттеген геологтарды білімімен таңғалдырған Әбекең студент кезінде неше жігітке айналғанын шамалауға болады. Мұны тереңірек білемін деген жас Мұхтар Мағауиннің «Әбіш екеуміз» атты естелігін оқысын. Ұлт зиялылығының екінші тынысы – өртең боп шыққан «алпысыншы жылғылардың» білім мектебі мен өмір мектебі сонда тұнып тұр. ХХІ ғасырдың дүдәмал шағында отырып, Әбіш Кекілбайұлымен курстас, сабақтас болуды армандайсың. Құрығанда КазГУ филфагының әдеби үйірмесі өтетін аудиторияның ең соңғы партасына, немесе талай шындықты көрген ескі терезенің тақтайшасына отырып, сезім мен арманның, адалдық пен намыстың бір ұшқынын бойыңа сіңіргің келеді…
«Адамдар әділ болса – өмір әрқашан әділ» деп жазыпты Әбекең. Осы сөз, осы ұстаным қаламгер-қайраткердің бар болмысын ашатындай көрінеді. Енді, бір жазбасында ол былай дейді: «Ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы – өзі бастан кешкендерден түйген азды-көпті рухани тәжірибесі. Одан қол үзген қауым – келешегінен қол үзген қауым». Рухани тәжірибе не екенін «Қазақ әдебиеті» оқырманына түсіндіріп жатқан артық болар. «Әдебиеттің міндеті – сергелдең жүректі басу, бейқам жүректі ояту» деген афоризмге бергісіз сөзін әдеби-рухани-мәдени басылымдардың маңдайына жазып қойған орынды шығар. Жалпы, Астананың жаңарған тарихы тым ұзақ болмаса да, оның әр биік орнында Әбіш Кекілбайұлының ізі сайрап тұр. Әу баста Елорданы көшіру туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Парламентте идея көтергенде, Алаш тілімен айтқанда, топ басшысы (спикер, модератор) ретінде осы қайраткер пәтуа айтқанын ұмытпалық. Астанада ол кісі талай лауазымды қызмет атқарды. Қай жерде, қай мінберде болсын ұлт абыройын, ұлт намысын, ұлт сөзін көтергені – көз алдымызда. Қуанышта да, қайғыда да… Әбекеңнің кең құшағы, кең жүрегі танысты да, бейтанысты да елжірете алды. Ақселеу Сейдімбек қапияда қайтқанда, Еуразия университеті бас ғимаратының алдында қандай терең сөздер айтып еді десеңізші?!. Мұны «ұлт жоқтауы» десек, қателеспейміз. 2009 жылы біздің университетте жазушының 70 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті. Жиынды және оның жинағын алдын-ала үйлестіру бізге жүктелді. Шет мемлекеттерден ғалымдар келді. Әбекеңнің ақ жүректігі сонша, сол күні баяндама жасағандардың қолын сүйіп, маңдайына басты. Шынын айтайық, біз мұндайды Түркия азаматтарынан көруші едік. Бірақ, дана қаламгердің ілтипаты шынайы екені байқалып тұрды. Ә.Кекілбайұлын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен байланыстыратын уақиғалар өте көп. Жазушы 2001 жылы «Күлтегін» ескерткішінің көшірмесі әкелінетін шараға қатысты, университеттің Президент аудиториясында өткен мемлекеттік және халықаралық жиындарда сөз сөйледі. Жоғарыда айтылған мерейтойда ол кісіге университетіміздің «Құрметті профессоры» атағы берілді. 2016 жылдың 26 қарашасында ЕҰУ-да «Әбіш Кекілбайұлы аудиториясы» ашылды. Аудитория – күніне жүздеген білім алушы келіп, дәріс тыңдайтын алаң. Әрине, сабақ тек жазушы шығармашылығына қатысты емес, гуманитарияның сан саласы бойынша. Біз танымал суретші, дизайнер Тілеужан Батановпен бірлесе отырып, стендтің әрбіріне жазушы шығармасының атын қойып («Алтын шуақ», «Бір шөкім бұлт», «Бәйгеторы», «Дәуірмен бетпе-бет», «Азаттықтың ақ таңы», «Құс қанаты», «Заманмен сұхбат», «Сыр десте», «Үркер», «Шандоз»), оның мазмұнын өмір белестерін айқындайтын фотолармен, деректермен толықтырдық. Ашық қабырғаларға Маңғыстау өңіріне қатысты көркем бейнелермен өрнектедік. Жұбайы – Клара апайдың рұқсатымен негізгі құжаттарының көшірмесін алдыртып, экспозиция жүйесімен ұсындық. Әбіш ағам оқу орнымызға келгенде: «Қаламгер еңбегінің өлшемі – адам жүрегіне қаншалықты жақындай алғанында», – деп еді. Елдің кешегі, бүгінгі құрметіне қарап, өзі де осы өлшемнің толық үдесінен шықты деп нық сеніммен айта аламыз.
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.