Сүйінбай Драмалық Эпос
Мұрат АХМАНОВ,
қоюшы-режиссер,
ҚР Еңбек сіңірген әртісі
___________________________________________________________________
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақ айтыс өнерінің атасы, айтулы тарихи тұлға Сүйінбай Аронұлы туралы «Сүйінбай» драмалық эпосы сахналанды. Драма авторы – драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – Иран-Ғайып. Спектакльдің қоюшы-режиссері – ҚР еңбек сіңірген әртісі М.Ахманов. Сүйінбай ролінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.
___________________________________________________________________
«Сүйінбай» – халықтар достығына негізделіп, түп-тамырын тереңге жайған толағай туынды.
Эпос оқиғасы: Сонау… Бөрілі Байрақты Біртұтас Ұлы Түрік Қағанатының – іштен-сырттан бірдей… өлездене іріп-шіріп, енді-гәрі бұрынғыша біте-қайнасып-бірікпестей – бытырап, тоз-тоз – болып, тым-тырықай… «Тұрымтай – Тұсына, Балапан-Басына» кетіп жатқан – аң-босқын, ала-шапқын – зұлматты келеңсіз тұсынан – басталып, содан – соңғы… «алты-бақан – алауыз, қырық-пышақ – кер-абыз», бір кезгі… туысқан халықтардың өзара «қанды-қырғындарын» – қамтып, XIX-ғасырдың орта шеніндегі, күн аралатпай «қырылысқан – қырғи-қабақ ағайын», Қазақ-Қырғыз атты «Ене Таудың емшегін тел емген», төсекте – басы, төскейде – малы қосылған, көршілес екі елдің, қалай — дүрдараз-ыдырасып, қалайша – қайта бауырласа-ымыраласқандығы жайлы… Қойылым, бүгінгі Көрерменді, «Ұлы Дала Театрымен» қауыштырады.
Біз спектакль режиссері Мұрат АХМАНОВТЫ премьера жөнінде аз-кем әңгімеге тарттық.
– «Сүйінбай» спектаклін дайындауға қанша уақыт кетті. Актерлерді қалай таңдадыңыз?
– Дайындалуға екі ай уақыт берілді. Оның біразы театрдың гастрольдік сапары мен театр фестивалінің уақытына тұспа-тұс келді. Astana Musical театры М.Әуезов театрына гастрольдік сапармен келіп, қойылымдарын Алматылық көрермен назарына ұсынды. Гастрольдер мен фестивальге театрдың актерлері белсене араласты. Ал «Сүйінбай» көпшілік сахналы (массовка) үлкен қойылым болғандықтан актерлердің барлығының басын қосу қиындау болды. Дегенмен, актерлердің бас-аяғын жинап премьераны көрерменге ұсындық. Мұндай маңызды қоғами тақырыптарға уақыт молынан берілгені жөн. Оның үстіне, көктем-күз мезгілінде барлық театрлардың актерлерін сериалдар мен фильмдерге, клиптерге шақыру науқаны басталады. Біздің премьера осы қызған шаққа дөп келіп қалды, бұл қиындықтың барлығын еңсердік деп ойлаймын.
«Сүйінбай» – театр басшылығына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров келгелі қолға алынған алғашқы премьера. Режиссер ретінде Асхат Маемиров мырзаға, балетмейстер Гюзель Мұхамеджанова, ассистент Аридаш Оспанбаева ханымдарға осы премьераның дайындығына кәсіби пайдалы көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамын.
– Әдетте сіздің қойылымдарыңызда сөз аз болатын. Бұл қойылым кейіпкерлері ақын, яғни сөз көп. Бұл қиынды қалай қиыстырдыңыз?
– Роль берілген уақыттан бастап оның сөзін жаттап дайындалу актердің жеке міндеті. Бекжан Тұрыс бұл міндетті ойдағыдай алып шықты. Театр мамандары арасында жиі айтылатын «Жақсы спектакль көргің келсе оныншы премьераға бар» деген сөз бар. Бұл сөздің жаны бар, өйткені актер өз ролін ойнаған сайын сіңіреді, теріні илегендей иін қандырып, игереді.
– Қырғыз-қазақтың қарым-қатынасын бір-біріне сиам егіздерінше байлап қою арқылы жеткізесіз. Бұл әдіс автор шығармашылығында бұрыннан бар, оны дәл осы тақырыпқа әкелу ойыңызға қалай келді?
– Мұны автормен келісе отырып шештік. Иран-Ғайыптың «Керкеткен» деген пьесасында осындай кейіпкер бар. Онда ол қос-үрей деп аталған. Мұнда біз оны қос-үрей үшін емес, алып жер шарының бір алаңында қатар қоныстанған екі ұлттың бейнесін шығару үшін пайдаландық. Қазақ-қырғыз түбі бір, тамыры терең, Алла Тағала қоңсы қондырған туыс елміз. Екі елдің қуанышы бір, қайғысы ортақ. ХІХ ғасырдың ортасында қарға тамырлы қазақ Хан Кенеден айырылып, екі елдің арасы ажырап, енді қосылмастай болған жағдайда Сүйінбай тек ақын ретінде ғана емес, күрескер ретінде биік деңгейге көтерілді. Сүйінбай туралы әлі ұзақ зерттелуі тиіс. Бұл қойылым сол зерттеудің бастамасы ретінде қолға алынды. Бір-біріне сиям егіздерінше байланған қазақ-қырғыз екі елдің әлсіз тұсын, кем-кетігін жасырмай, әзілмен түйреп айтып отыратын жаңа көркем бейне…
Және «Сүйінбай» қойылымындағы дұшпандасқан екі елдің бейбіт күйде қайта достасуы: Бүгінгі күнгі – әлемдік тақырып. «Көпке» – Үлгі: Мысалы, Ресей – Украина…
– Сүйінбай тақырыбын Қатағанмен айтысынан бөліп қарау мүмкін емес, сіз де осыған баса назар аударған екенсіз. Қазақта Пір деңгейіне көтерілген адамның бірі – Пір Бекет, бірі –Сүйінбай. Бұл тақырыпты халыққа өз деңгейінде жеткізе алдым деп ойлайсыз ба?
– Қойылымда Айтыс басты мәселе емес. Қойылым арқылы біз Сүйінбайдың қоғам қайраткері, көсем, шешен ретіндегі болмысын, атқарған ісін жеткізуді мақсат еттік. Ол қазақ халқы үшін басын бәйгеге тігіп, қанын төгіп, жанын қиған Хан Кененің жоқтаушысы. Хан Кененің бағасын халыққа, қала берді келер ұрпаққа жеткізуде Сүйінбайдың орны өте айрықша. Қойылымның айтар ойы аса ауқымды, егер мән беріп қарасаңыз айтыс сахнасына дейін де Сүйінбайдың образы біршама айқындалып үлгереді. Оның күрескер, батыр, шешен ретіндегі образын жан-жақты ашу актердің шеберлігіне байланысты. Сахна патшасы – актер. Актер бар ынтасымен бұл рольді сіңіре алса бұл қойылым әлі де өз құзар-биігіне жетеді. «Гамлетің болмаса спектакль қойма» деген сөз жиі айтылады. Менің ойымша, бұл спектакльде Сүйінбай бар. Және ол өз деңгейінде халыққа жетті.
– Әңгімеңізге рахмет!
Дайындаған
Назым ДҮтБАЕВА.