Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) және қазақ поэзиясы
Жұрт арасында өзін қарапайым ұстап, «өзінде бармен көзге ұрып тұрмайтын» Өтеген Күмісбаев жетпіс бес жылдық ғұмырында әдебиет әлемінен бір алыстаған емес. Игі жақсылардың көзін көріп қана қоймай, сөзін көкейіне тоқыған ғалым, жыр сүлейлері кезген мекеннің киесін сезінетін ақын. Шығармашылық ізденісте осы қалпынан жаңылмай, ойы асқақтай беруіне тілектес «Қазақ әдебиеті» газеті.

Өтеген Күмісбаев
Ұлы Абайдың: «Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, Мүмін болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ» деген сөзін аталарым аузынан тастамай айтып отырушы еді. Сонда осы сөздерге балалықпен онша мән бермеппіз. Менің аяулы анам әкеме тұрмысқа шыққанда аса қадірлі жасауы ретінде Құран Кәрім кітабын қоржынға сала келіпті. Оқта-текте бізден жасырып оқып отырғанын байқап қалушы ем. Құран кітабы көбінесе ескі кебеженің түбінде ақ матаға ораулы жатушы еді.
Анда-санда үйге келіп, шежіре, жырларын ақтаратын Сыр жырауларының аузынан осынау бір қасиетті, арайлы күн шуағындай қуатты хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) есімін жиі естуші ем. «Лә иләһа илла Аллаһ, Мухаммадур расулуллаһ» деген тегеурінді темірдей тіркес есімде қалыпты. «Ол кім еді ата?» – деп, атақты Үбісұлтан жыраудан сұрап қалғанымда: «Ол бар ғой балам, Алланың Елшісі» – деп, домбыра пернелерін бір сипап өтіп, ғажайып жырын бастай жөнелетін.
Маған қажылыққа екі мәрте барып қайту бағы бұйырды. Алла мен оның Рахым пайғамбары бір сәтке де тілімнен түскен жоқ. Қағбаны жетінші айналғанда әзер дегенде өкпем қысылып, Қағбаның қабырғасына қолым тиіп, білген дұғаларымды айтып, сипай бастағанымда ағыл-тегіл жылап тұрғанымды өзім де байқамаппын. Сондай Ұлы тұлғаны – хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) әлемге жолдаған Аллаға алпыс мың рет алғысымды айтсам да артық болмас еді.
Мединедегі атақты әл-Харам мешітінде жатқан Рахым пайғамбарының (с.ғ.с.) тұсынан өтіп бара жатқанымда өз-өзімнен балаша езілгенімді жасыра алмаймын. Көз жасым тұла бойымды жуып кеткендей болды. Былай шыққасын да басым айналып мең-зең болып отырып қалыппын. Алла Тағала маған тоқсан жас ғұмыр берсе соның тең жартысын дүниенің жарық жұлдызы боп, адамзаттың баласын бақытқа бастаған Ұлы мәртебелі Алла Елшісіне берер едім деп, қиялдадым. Сонда деймін-ау, дүниежүзінің ерекше кемеңгері, жарық жұлдызы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жүз сегіз жыл ғұмыр сүрген болар еді деп, армандаймын? Мейірім пайғамбарының (с.ғ.с.) басында ешқандай белгі жоқ, ескерткіш соғылмаған. Бірінші рет тағзым еткенімде мен соған таңғажайып таңырқағаным бар.
Ақырғы демі үзілгенше үмбетін ізгілікке үндеп, Айша анамыздың төсіне басын сүйеп жатып о дүниеге аттанып кеткен сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір сүйген өлмеген Адам екенін ғасырлар дәлелдеп келеді. Ислам үшін адам айтқысыз азаптарды басынан кешіп, аш жүріп, жалаңаш жүріп, жаралы боп сұлу денесінен қан мен тер қоса аққанда арымай, шаршамай-шалдықпай, тас лақтырғанға ас лақтырып, мейірім жасаған жарқын нұрдың иесі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күллі адамзат әулетіне айнымас асыл үлгі болып қалды. Ұлағаты мол ұлы Ұстаздан әлемнің асқан ойшылдары мен данышпандары дархан үлгі алып келеді.
Арафат тауының етегінде тұрғанымда Алла Расулының (с.ғ.с.) соңғы қоштасу сөзі ойға оралды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сол салауатты, күн шуағындай керемет сөздері бірнеше ғасырларға арнап кеткен кемеңгердің керемет жоспарындай, жырдай оқылады, тоқылады. Айтқан әрбір сөзі бір-бір дастан, бірегей симфониядай естіледі. «Пайғамбарымыздың ақырғы құтбасын» алғаш рет қазақ тіліне жария еткен Қазақстан Діни басқармасының бұрынғы бас муфтиі Шейх Әбсаттар қажы Дербісәліге ризалығымды білдіре отырып, аудармасынан үзінді келтіре кеткенді жөн санаймын:
«Ей адамдар! Айтқаныма зер салыңдар. Бәлкім, биылдан соң сендермен бұл жерде қайта жүздеспейтін шығармын. Халайық! Бүгінгі күн, осы ай, мына қала /Мекке/ қаншалықты қасиетті болса, мал-жандарың, ар-намыстарың да соншалықты қасиетті, зорлық атаулыдан қорғалған.
…Уа, мұсылмандар! Сендерге киелі аманат қалдырып барамын, соны толық ұстансаңдар, ешқашан адаспайсыңдар. Ол Алланың кітабы – Құран» депті. /Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» тарихи-философиялық және теологиялық зерттеулер, эссе-очерктер, жолжазбалар, сұхбаттар. Алматы. «Атамұра». 2008 ж. 35-б./.
Егер осы өрелі аударманы әр мешіттің кіреберісіне іліп қойса, нұр үстіне нұр болар еді.
Америка ғалымы Майкл Харт өзінің «Адамзат тарихындағы ұлы жүздік» кітабында дүниенің бірінші ұлы тұлғасы етіп, әлемге өшпес нұр әкелген Мұхаммед (c.ғ.с.) пайғамбарымызды қойғаны тектен тек емес шығар.
Наполеонды, Бернард Шоуды, Гетені, Бисмаркті, Ламартинді, Родвеллді тізе бүктіріп таң қалдырған айрықша тұлғаны ғасырлар ғарышының төрінен көре беретініміз хақ екені айдан анық. Өзіне қастандық жасаған жауына тіпті құс балапанына да мейіріммен қарап кешірген ізгі, сүйіспеншілікті, сабырлы, өте көркем мінез иесі Мұхаммед (c.ғ.с.) туған үйін көргенімде тіл аузым байланып тұрып қалыппын. Құдайым-ау, неткен қарапайымдылық, неткен жұпыны үй, кәдімгі сүйек пен еттен жаралған, пейілі теңіздей шалқар парасат иесінің мынандай үйде шыр етіп дүниеге келгеніне аң-таңсың. Үй орнына «Медине кітапханасын» салыпты. Ұзап кеткенше Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған үйден көзімді алмай қарай бердім.
Сонау ХV-ХVIII ғасырларда ғұмыр кешкен қазақ ақын-жырауларынан бастап, бүгінгі қазақтың жас шайырларына дейін парасат иесі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) киелі есімін ілтипатпен еске алып отырады. Алдымен ауыздарына алатыны Алла, екінші Хақ, яғни пайғамбар дегені. Өсиет, өнеге айтса да, елді бірлікке, тірлікке, жақсылық жасауға, ізгілікке шақырса да бір Аллаға, пәрмән иесі пайғамбарға жүгініп отырады.
Әсіресе, мұндай дәстүр Шығыс шайырларында мол кездеседі. Жалаледдин Румиде, Хафизде, Аттарда, Санаида, Сағдида Құран Кәрімнің аяттары, ғаламның рахым нұры Мұхаммед Пайғамбарда (с.ғ.с.) үнемі ұшырасады. Әлем әдебиетінде айтулы із қалдырған жаппар иесі Елшісін Пайғамбардың (с.ғ.с.) салауатты, сардар бейнесін сан ғасырлар, сан ұрпақтың, сан заманның өкілдері жазумен, жырлаумен, марапаттаумен келеді.
Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) сенімділігі, табандылығы, қайырымдылығы, жомарттығы, биязылығы, кішіпейілділігі, тақуалығы, отағасылығы, сабырлылығы, боямасыз болмысы, бауырмалдығы, тереңдігі, аманатқа адалдығы, хас мұсылмандығы, әсемдігі, әйелдерге деген сүйіспеншілігі, әлі де талай заманалардың заңғар кітаптарының көркі боларында шәк жоқ.
Қазақтың ауызша-жазбаша жәдігерлерінен, лиро-эпостардағы Абай, Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Жамбыл, Тұрмағамбет, Сүйінбай, Мәшhүр Жүсіп, Әділқожа, Майлықожа, Мағжан, Ілияс, қазақтың кітаби ақындарының, әнші-ақындарының шығармаларынан парасат иесі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімі ерекше орынға ие екені шындық.
Алла Елшісінің өзі Сөз шеберлігін ерекше бағалаған. Орынды айтылған ойлы сөзді екі мәрте қайталатып, тыңдаушыға тыңдаттырып, құлақтарына әбден сіңіріп отырған. Қадірлі, қанатты сөз мәйегін қадірлей білуге баулыған. Сайып келгенде, Иран, Тұран әдебиеті Хазіреті Мұхаммед мектебінің шамшырақтары. Ардақты, атақты ақындар шындық сардары Пайғамбардың хадистерін өз шығармаларында пайдаланып отырған.
Гетенің айтуынша: «Бұл елде әр түрлі замандарда ұлы адамдар өскен. Бірақ Ислам әлемі олардың бесін ғана мойындайды. Мәуләнә Жалаледдин Руми, Хафиз, Фирдоуси, Әнуәри, Низами. Бұлардан басқаларын түгелдей жоққа шығарған. Яғни ақын деп мойындамаған. Әдебиетші ретінде танымағандардың арасында небір мықтылары бар. Мен олардың қолдарына су құюға да жарамаймын», – дейді кемеңгер Гете. (Фетхуллаh Гүлен. Ғаламның рақым нұры Мұхаммед Пайғамбар Саллалаhу Аләйhи Уәссәлләм. Алматы. 2007, 518-б.)
Оңтүстікте өмір сүрген қазақтың көрнекті ақындары өлең, мысал, дастандарында Хақ Тағала Елшісін ілтипатпен айтып отырады: «Ақырын берсін Ысламның, Шапағат етсе пайғамбар, әзелгі сөзім Пайғамбар», – дейді Майлықожа шайыр (Майлықожа. Алматы. 2009, 118-б.), «Әуелі ақыр Мұхаммат Құдай досы, Әзірет, Әбубәкір, Омар, Оспан (138-б. сонда), «Бергі атамды сұрасаң, Ақ пайғамбар, Әлі арыстан» (238-б.), «Пайғамбардың қабірін үш мәртебе құшақтап» (246-б.), «Пайғамбар ғайып ісін болжаған жоқ. Басыңнан өткен күнді сана деді» (246-б.), «Патша Омар әділдікпен тапты сауап, қабірін пайғамбардың қыпты тауап», – дейді Майлықожа (248-б.).
Мейірім Пайғамбарының (c.ғ.с.) құдірет күшін, кешкен қиындықтарын, көрген кереметтерін көп жырлағандардың бірі Мәшhүр Жүсіп атамыз болса керек. Ақын «Мұхаммед пен Әбужаhил» деген өлеңінде:
…Әшім жасы көзінен саулап ақты,
Жалынып Мұхаммедке жылап бақты.
– Мен емеспін жел беріп желіктірген,
Сенімен күресуге ауыр әлімсақты, – дейді.
(Мәшhүр Жүсіп.
Шығармалар. 13 том, Павлодар. 2008,42-б.).
«Ғаршы, күрсінің баяны» өлеңінде ақын былай дейді:
…Көтеріп ол ғаршыны суға қойды,
Ол суды жел көтеріп буға қойды.
Сақтады құдіретімен сонда желді,
Нұрына Мұхаммедтің ғалам тойды.
(Мәшhүр Жүсіп, 13 том, 55-б.).
«Жеті тозақ баяны» деп аталатын бөлім де өзінше қызық құрылған. Бұл бөлім пайғамбардың (с.ғ.с.) жеті ғарышқа көтерілетінін сатылап баяндайды.
…Құдай – бір, пайғамбар – Хақ,
Құран біл – шын,
Бұйырған шариғаттың қылса ісін.
Айтқанын ғалымдардың қылсаң түзу,
Көрмейсің, иншалла, соның түсін.
(М.Жүсіп, 60-б.).
Бір Алла Мұхаммедтің нұрын қылды,
Ғаламнан он сегіз мың бұрын қылды.
Артылатын құдірет өзі барша жаннан,
Ғаламға көңілін оның орын қылды.
(Сонда, 110-б.).
Cонымен, пайғамбарымыз жеті ғарыштан небір ғаламаттарды, суреттерді, әрекеттерді көріп, жетіншісінде барып Алламен жүздестіреді. Миғражға сапарының сан қилы сатысын, төзімділігін, көрегенділігін, даналығын паш етеді, құлдық қасиетінің тереңдігін, ғаламдық рақымдылығын жырға қосады.
Жаратты қайғыменен жанның бәрін,
Барсың ғой сол жиында баршаларың.
Кандил нұрға пайғамбар рухы тұрып,
Көрсетті тамам рухқа Хақ дидарын.
(М.Жүсіп, 54-б.).
Мәшhүр Жүсіп барлығы жетпіс беттен асатын осы өлең қиссасында Мұхаммедтің Миғражға шығып, Алламен дидарласу жайын алғаш жырға қосқан аяулы ақындарымыздың санатына жатады.
Қазақ әдебиеті тарихына аты әлі кеңінен мәлім бола алмай келе жатқан ақындар да өткен. Солардың бірі алмастай тіліп түсетін өткір ақынның бірі Мұқан Балтекеұлы (1873-1916) еді. Соның бір айтқаны былай екен:
Пайғамбар, мұрсал-нәбилер,
Әулие, қанша уәлилер,
Қалған жоқ өтпей бұлардан,
Мағына берген Құраннан.
(Қазақ поэзиясының антологиясы.
Алматы. «Ғылым». 1993, 204-б.).
Осы молда Мұқан науқасы меңдеп, алыс сапарға аттанғалы жатқанда елімен қоштасу өлеңін шығарады. Соңғы сөзінде Аллаға сыйынады, Хаққа (Пайғамбарға) жүгінеді.
Сырқат меңдеп бұл күнде,
Денемді тегіс тұр алып.
Науқасқа бер деп шипаны,
Ақырын Хақтан сұралық, – дейді.
Пайғамбарды (с.ғ.с.) «Хақ» деп, көп жырлаған ақындардың бірі – Тұрмағамбет Ізтілеуов екен. Бұл кісінің де басынан кешпегені жоқ. Фирдоуси «Шахнамасын» қайтадан қырық мың жол етіп жырлап берсе де, сол уақыттың өкіметі оны жарылқап, жарытқан жоқ. Алған аз ғана тиын-тебені нан, шайына, күнделікті күйбең тұрмысына ғана жетті. Бір өлеңінде бұл жағдайын да тілге тиек еткен. Ал енді қай уақытта болсын, бостандық жылдарында, түрме қапасында отырған кездерінде де Тұрекеңнің аузынан Алласы, Хақ пайғамбары түскен жоқ.
Көрмеймін тозағыңды осы халде,
Мен өзім Мұхаммедпін, қолым Алла, – деп жырлайды Тұрекең Исламға арқасын тіреп тұрып.
…Мұхаммед – тұла бойым, қолым Алла,
Құлшылық қол қусырып қыл не шақты.
Беремін бұл сөзімнің шархын шешіп,
Кімде-кім мұны айтқан десе лақты.
(Тұрмағамбет Ізтілеуов.
Шығармалары. Алматы. 2007, 265-б.).
«Қатын хикаясы» дейтін және бір өлеңінде ақын:
Жарайсың Рух Алла деді жаса,
Көрерсің соңырағы күн сансыз наша,
Ер болсаң ел атына пайғамбар боп,
Жүрер ең жол көрсетіп, жарлық шаша.
Күнінде қияметтің гүлдей жайнап,
Тұрарсың қабіріңнен нұрың таса – деп тебіренеді.
(Т.Ізтілеуов. Шығармалар. 354-б.).
Тұрмағамбет шайырдың «Мұхаммед туралы» деген толғауы жан тебірентерлік боп, шымырлап жүректен шыққан толғаулар тобына енеді. Көзі тірісінде дұшпандарының Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көрсетпегені жоқ екен. Ақыр аяғында оның артынан қуғын салып, өлтіріп жібермек болған. Осы «Мұхаммед туралы» толғауында ақын оның жетім қалғанын, кәпірлерден көрген қорлығын, қашқанын, Әбу-Бәкір Сыдықпен Хира деген үңгірге тығылғанын айтады. Үңгір ішіндегі жылан індерін Сыдықтың үстіндегі жаңа шапанмен жыртып бітеуі, бір жыланның ініне тығуға шүберек жетпей Хазірет Сыдықтың табанын тіреп жабуы, табанын жыланның шағып алуы, оны мүбарак басын көтерген Мұхаммедтің тілімен жалап жылан зәрін кетіргені шебер тілмен баяндалады.
Әлгі шаққан жылан жалғыз едім, кінәмді кешір, үмбеттікке қабыл қыл деп, басын тасқа сабалайды. Сонда Мұхаммед (с.ғ.с.) айыбын кешіріп, кәлиманы үйретіп, «Үмбет қылдым махшарда», – дейді.
Кәпірлер бір опасыз ізшінің көрсетуімен Мұхаммедті өлтірмекке іздеп барады. Хира тауының үңгіріне барып, қылыштарын кезеп жалаңдатады. Үңгірді айнала қамайды.
Осы үңгірдің аузына
Бір өрмекші тор тоқып,
Шатастырып жамаған,
Бір көгершін бұл жерге,
Ұя салып және де,
Екі, үш күн жұмыртқалаған.
Мұхаммед кірсе осыған,
«Бұзылмас па еді бұлар деп?»
Сенбеді бұлар анаған.
Сол жерден кейін тарқады,
Еріп келген ізшінің,
Балшыға сөзін балаған, – дейді ақын.
Көрдіңіз бе, сөйтіп, Мұхаммед кәпірлердің қылышынан аман-есен құтылып кетіп, Мединеге жетеді.
2001 жылы осынау таңқаларлық уақиғаның болған жеріне көппен бірге барып, әлгі Хира тауындағы үңгір басында толғанып тұрғаным есімнен кетпейді. Адамзатқа келешектің күн сәулесін таратып кеткен, асыл текті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үңгірде жамбасына суық тас батып, ашығып жатқан құлшылығына бас иіп, садаға кетпейміз деп ойладым.
О бастан Мұхаммедтің үмбеті едім,
Өмірін Пайғамбардың үлгі етемін, – деп ақын Серік Қалиевтің сөзімен мақаламды тамамдап, рахман нұрының иесі Мұстафа Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) рухына мың мәртебе тәубе еттім!
ПІКІРЛЕР1