Арқада ардакүрең ақын тойы
25.05.2018
1413
0

Құралайдың түнерген аспанын қасиетті қара өлеңнің киесі ашып, Күн сәулесін құлатқандай еді… Қарағандыдағы Қасым ескерткішінің қасында, Сәкен театрының жанында ұлы Түркі жұртының рухы дүр сілкінді десе болғандай. Аты Алашқа кеткен атаулы ақындар тілімен әспеттегенде, «бағанадан бері аспан да ашылмай, тұрып алып еді. Ғалым ЖАЙЛЫБАЙДЫҢ өлеңі мен көңілі, елдің тілеуі Күнді де бір сығалатты көктен» десті. Айтса, айтқандай, ардакүрең ақынның
60 жасқа толу мерейтойы аясында «Ғалым Жайлыбай Қарағандыға шақырады» халықаралық поэзия мерекесі өте жоғары деңгейде өтті. Күн қанша суып, қарлы жауын төпегенімен, киіктер лағын құралайдың салқынымен өргізеді. Арқаның жазы да құралайдың салқынымен дүниеге өлеңдей сұлу жаратылыс – бөкен лақтарының өруінен кейін төбе көрсетеді. Дәл осы құбылыспен сәйкесе кеткен халықаралық поэзия мерекесі таңертең Қасым ескерткіші басына гүл шоқтарын қойып, ақындардың өлең оқуынан басталды. Поэзия мерекесіндегі кейбір ақындардың тілімен әспеттегенде, «Азияның алпысқа жуық ақыны Қасымға бас иді» сол күні.

Ардакүрең ақынның тойына орай өткен жыр мейрамына келген қонақтар қосыны да қалың. Қазақ даласының әр қиыры былай тұрсын, әлемді кезген шайырлар алыс-жақын шетелдерден жетіпті. Бір кездегі өзіміздің бауырлас ел, анда жұрттың ақындары Түркия, Татарстан, Башқұртстан мен Өзбекстан елдерінен келіпті. Қазақстанның қабырғалы ақындары өз алдына.
Қасымнан қалған қайсар рухтың жалынын көксеп келген халық қарасы да аз болмады. Кейбір өлеңқұмар: «Қарағандыда халықаралық деңгейде мұндай жыр мерекесі өтпегелі қашан?» – дейді. Сүйінгені һәм күйінгені де ғой. Қара суыққа қарамай, ақынын ардақтауға жараған ел деп осыны айт! Ескерткішке гүл шоқтарын ақын тойына ат ізін арнайы салған қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, халықаралық «Түрксой» ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейінов, белгілі ақын, қарымды қаламгер Нұрлан Оразалин қойды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы поэзия тойына құтты болсын айтып, тілегін жырмен көмкерді. Қазаннан келген Татарстанның әйгілі шайыр, аудармашысы Рафиз Құрбан Ғалым Жайлыбайға жазған арнау өлеңін оқыды. Ертай Ашықбаев, Қорғанбек Аманжол сынды қазақтың белгілі ақындарынан соң сөз кезегі тиген «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан Ғалым Жайлыбайдың шығармасын айрықша бағалап, жүрек жарды лебізін білдірді.
«Ағамыз 60-қа толғалы республикалық газет-журналдарды, сайттарды, тіпті, әлеуметтік желілерді бұл кісінің шығармалары талданған материалдар алып кетті. Осының өзі ақын шығармашылығының қаншалықты оқылып, елдің рухани игілігіне айналғанын көрсетеді», – деді.
Қасымның басында ақындар бірінен соң бірі өлең оқып, жыр жәрмеңкесінің ашылу салтанаты аяқталар тұста, таң атқалы тұтасып тұрған бұлт арасынан Күн сәулесі күлімдеп сала берді де, ел жадырап Кеншілер Мәдениет үйіне ағылды.

* * *
Қарағанды облысы әкімі мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен халықаралық жыр мерекесінің екінші бөлімі Кеншілер мәдениет сарайындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында жас ақындармен кездесуге ұласты. Шараға ерікті түрде қатысқан жастар мен аға буын өкілдері емен-жарқын сұхбаттасып, құмардан шықты. Еркін отырысты Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысы филиалының директоры, ақын-жазушы Серік Сағынтай жүргізіп, әуелі мерейтой иесіне сөз берді. Шара шымылдығын түріп берген Ғалым Жайлыбай жыр мерекесінің мақсатын түсіндіріп:
«Менің қатарым, алпыстың айналасындағылар, аға буын болып қалдық. Осы уақытқа дейін ел араладық, жер көрдік дегендей. Ендігі уақытта көрген-білгенімізді елге беру, әсіресе, жастарға жол ашу мәселесі тұр. Қазақстанның қай қиырында болсын, жастардың туған топырағында, өз қазанында қайнап, піскені өз алдына бөлек. Осындай жыр мерекелерінде олар үлкен ақындармен пікір алысса деген жақсы бастама – бұл. Мәселен, мына жерде қазақтың іргелі ақындарымен бірге Түркиялық ақын, зерттеуші Аян Әкрем, Башқұртстанның танымал ақындары – Айгиз Баймұхамед пен Рамиль Чурагул, Татарстаннан Рафиз Құрбан, өзбекстандық ақын Суннаттула Акрамов отыр. Сондай-ақ, Иран-Ғайып, Жүрсін Ерман, Қасымхан Бегманов, Ертай Ашықбаев, Маралтай Райымбекұлы сынды ақын ағаларыңның жөні тіптен бөлек. Жастар көру керек, сөйлесу керек, пікірлесу керек. Өлеңдерін тыңдау керек. Қаншама ой, пікір туады», – деген Ғалекең сөзді Иран-Ғайып ағасына ұсынды. Иран аға:
«Мынау ғибрат аларлық іс екен. Алпысқа келдім деп тек қана кеш беріп қана қоймай, жастарды жинап, осылай саналы түрде ашық пікірлескенге, тіпті, ашылып сырласқанға не жетсін? Ақын болу үшін әуелі адам болу керек. Өлеңді жазу бір бөлек, оны тарату бар. Осылай туған жеріңе сәулесін түсіріп, ынталы жастарға қызмет етіп жатқаны – қандай керемет. Көбімізге үлгі! Мен сол үшін Ғалымға алғыс айтамын», – деп бір қайырды. Қызды-қыздымен сөз арасында қалжыңға да бақты ағамыз.
Жастар дегенде Жүрсін Ерман аға да шешіліп сөйледі:
«Ғалым, мына жасап жатқаның – құптарлық іс екен. Алпысқа келіп, Түркі поэзиясының басын қосып жатырсың. Қандай келісті. Маған жақсы ой салды.
Қазір Ғалым – қазақтың қабырғалы ақындарының бірі. Қысқа лирикалары мен кейінде жазған поэмалары қандай?! Бертінде поэма жазу үрдістен қалып бара жатса да Ғалым «Қара орамал», «Ақ сиса», «Тамакөшкен» атты үш поэма жазды. Және онысы оқылатын дүниелер болып шықты. Бүгінде қазақ жырының беті бұрылып барады. Сөйтсе де, ұлттық поэзияның құнарын сақтап келе жатқан осы Ғалымдар тұрғанда қазақ жыры әлем бойынша алдыңғы үштікке енеді деп ойлаймын».
«Ғалекең дүниенің төрт бұрышынан Түркі дүниесінің үлкен ақындарын жинап отыр. Бұл – жастарға үлкен мүмкіндік. Мұндай мүмкіндік бола бермейді. Ескеріңіздер. Қарағандыға Тұран шайырларының осынша жиналғаны өте сирек. Тіпті, Астана мен Алматыда бола бермейтін оқиға. Қазақтың да таңғажайып ақындары осында келіп отыр. Мұның бәрі, біріншіден, елге қызмет болса, екіншіден, Ғалекеңнің мәртебесі. Біз, Ғалым екеуміз ит жылы туған құрдастармыз. Бірақ, қазаққа иттік көрсетпегеніміздің арқасында осылай жүрміз», – деді ақын Қасымхан Бегманов.
Маралтай Райымбекұлына сөз тиді:
«Ғалым аға – мектеп қалыптастыра алған ақын. Ол – екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін бақ. Қасына дос жинаған азамат ақын. Елуге толған соң Ғалым ағаның тақырыптары әлемдік деңгейге көтерілді. Үлкен мәселелерді қаузады. Және сол поэмалары сәтті жазылды. Жүрсін аға да айтып жатыр ғой. Жалғыз-ақ «Жетім Құлын» өлеңінің өзі эпопеяның жүгін көтерген туынды», – деп аттың басын өлеңге бұрды.
Аға буын ақындардың аз-кем пікірлерінен соң жастар көкейіндегі сұрақтарын қойып, отырыс ауаны емен-жарқын әңгімеге ойысты. Көпен Әмірбек аға әңгімені әзілге ойыстырды. Еркін отырыс үлгісіндегі кездесудің бір жаңалығы – Қарағанды жас ақындарының жинағы шығатын болды. Отырыс барысында өлең оқыған жастарға разы болған аға буынның лебізінен соң, Ғалым Жайлыбай «бұл істі өз қолыма алам» деді.

* * *
Түстен кейін жыр мерекесіне жиылған зиялы қауым өкілдері мен қонақтар, көрермен жұрт Станиславский атындағы орыс драма театрынан Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы бойынша қойылған спектаклді тамашалады. Бұған дейін де бірнеше рет Қазақстанның театрларында қойылып келе жатқан поэманы сахналаған –
С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының ұжымы. Қоюшы режиссер – Теміржан Жанботаев. Қойылым сәтті шықты. «Қара орамал» –
ХХ ғасырдағы адамзатқа ортақ қасірет. Қарағанды, тағы басқа лагерлердегі аяусыз зұлымдық, шектен шыққан өшпенділік пен жауыздық. Ел көзіне жас алып отырып көрді. Жы­лап-сықтап шықты. Қойылым аяқталған соң ақын Ғалым Жайлыбай театр ұжымына, театр ұжымын Қарағандыға әкелген облыстық мәслихаттың хатшысы Бекзат Алтынбекке алғыс айтты. Сондай-ақ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбеков пен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлы қойылым туралы, оған өзек болған поэма туралы пікір айтты. Нұртілеу аға бұл поэманы Талдықорған театры да сәтті сахналағанын есіне алды. Әлемнің 14 тіліне аударылған шығарманың құндылығы сол – шыққалы көп уақыт болмасада, бүгінде бірнеше театр сахналап, әлемнің 14 тіліне аударылыпты.

***
Ақынның алпыс жылдық мерейтойының қорытынды кешіне кезек кешке бір-ақ келді. Кеншілер Мәдениет сарайы лық толды. Ортада – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар одағы С.Есенин алтын медалінің иегері, ақын Ғалым Жайлыбай. Ғалекең әп дегенде шығып бірнеше өлең оқыды. Халықтың ықыласы керемет. Ақын жырларын жатқа оқыған жастар қарасы да аз болмады. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Алғыс хатын тапсырды. Облыс басшысы құттықтау сөзінде «біз поэзия жүректің сөзі дейміз. Ал, Ғалекең поэзия – рухтың көзі дейді. Мен осы сөзге қосыламын. Себебі, поэзия халықтың рухын көтеретін құбылыс. Тарихта кім қалады? Байлар мен шекпенділер емес, сіз сияқты ақындар қалады.
Сіз қазір Қазақстанда өзге тілге ең көп аударылған ақын екенсіз. Сондықтан, біз сізге алғыс айтамыз. Қазақ өлеңін жат жұртқа танытып жатқаныңыз үшін. Халықаралық деңгейде өтіп жатқан бүгінгі кеш Ғалым Жайлыбайға ғана емес, қазақ жырына берілген үлкен баға деп есептеймін», – деді аймақ басшысы.
«Сәкен шыққан, Қасым туған топырақтан Ғалымның өсіп-өнбеуі мүмкін емес қой», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, мемле­кеттік сыйлықтың иегері, ақын Нұрлан Оразалин.
«Кешегі Қасымдар көре алмай кеткен мерей ғой мынау. Халықаралық деңгейде кеш өткізіп отырған сенде арман жоқ», – деді Несіпбек Айтұлы.
Ғалекеңнің поэзиясына жоғары баға беріп, сөз сөйлегендер арасынан Иран-Ғайып, Серік Ақсұңқарұлы, Жүрсін Ерман, Шахизада Әбдікәрімов сынды қазақтың белгілі ақындары оған жазған өлеңдерін оқыды. Қазақ эстрада жұлдыздары Сейіл Аяған мен Роза Әлқожа кеш иесінің сөзіне жазылған әндерді шырқады. Елге сіңісті болған «Есіл ағады» шырқалды. Енді бірде Ғалым аға өлеңдерін қайыра оқыды.
Түркиялық Аян Әкрем, башқұртстандық Рамиль Чурагул, өзбекстандық Суннаттула Акрамов сөз сөйлеп, сый-сияпаттарын жасады ақынға.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма басшысының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан одақтың Құттықтау хаты мен сыйлығын ұсынды. Бақыт ақын Ғалекеңе жазған жырын оқыды.
Таң азаннан бері Түркі поэзиясының басын бір арнаға тоғыстырып, ұлы жиынға ұласқан ардакүрең ақынның 60 жасқа толу мерейтойы аясындағы халықаралық жыр мейрамы кеш бата зорға аяқталды. Арқаның алаулап батқан кешімен бірге бір-ақ тарасты ел.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір