АКАДЕМИК
Көпжасар Нәрібаев есімі білікті басшы, талантты жетекші, тәжірибелі ұстаз, дарынды ғалым, қарымды қайраткер ретінде халыққа етене жақын. Өзіне де айналасындағы жандарға да табанды талап қоя білетін, өзі қолға алған істің барлығына шынайы жанашырлықпен, жіті жауапкершілікпен қарайтын, ұйымдастырушылық қабілеті ерекше Көбекеңнің бойынан қамқорлық, адалдық, әділдік, адамгершілік қасиеттер айқын көрінеді. Дәл осы қасиеттер Көпжасар Нәрібайұлын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жоғары мектептің білікті ұйымдастырушысы, Қазақстаннның Еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі дәрежесіне жетуіне ықпал етті.
Балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарына тұспа-тұс келген ғалым ер-азаматтарын қан майданға аттандырып, көздерін жас, көңілдерін сағыныш меңдеген асыл аналардың күн-түн демей еңбек еткенін, майданға азық-түлік жөнелте жүріп, балаларын да өсіріп тәрбиелегенін көріп, көкейіне түйіп өсті. Өздері аш құрсақ жүріп, Украина, Беларуссия, Кавказ, Ресейден көшірілген отбасыларға бір тілім нанын бөліп берген қазақ халқының қайырымды болмысына жастайынан-ақ қанық болды. Туған халқының қанымен біткен адамгершілік қасиеті оның жүрегіне жылылықтың, адалдық пен азаматтықтың, кішілік пен кісіліктің сәулесін құйды. Ана сүтімен сүйегіне сіңген қайырым мен мейірім, сабыр мен сергектік оның ғұмыр бойғы кісілік танымына, табиғи болмыс-бітіміне, адами игі қасиетіне айналды.
Мектептегі жылдары – соғыстан соңғы тұралаған шаруашылықты қалпына келтіру науқаны қызу жүргізіліп, қоғамдық тәртіптің күшейген жылдарына сәйкес келді. Ол 1952 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Қызыл шарық ауылындағы жетіжылдық мектепті, одан соң 1955 жылы Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) №38 орта мектепті тамамдады.
Қалдығыз әжесінің немересіне Көпжасар деп азан шақырып ат қойғызғаны «көп жасасын», «өмірі ұзақ болсын» деген игі ниеттен туғаны анық. Әжесінің баласын ата-ана, туған-туыс, бүкіл ауыл-аймақ «Көбей» деп атап кетті. Бастауыш, жетіжылдық, онжылдық мектептерді де «Көбей» болып бітірді. Тек осы Алматыға оқуға түскен соң ғана есімі құжат бойынша атала бастаған. Тіпті, ат жалын тартып, қызметке араласа бастағаннан кейін ғана бастапқы есімі орныға бастады десе де болғандай. Тараз өңірінің өзі құралпылас азаматтары, жақын-жуықтары әлі күнге дейін «Көбей» деп атайтынын бертін келе білгеніміз бар.
1955 жылы 17 жасында жас талапкер Көбей сол кезде С.М.Кировтың атымен аталатын Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. (Арада 36 жыл өткен соң өзі оқыған университетке ректор болып келіп, оған әл-Фараби бабамыздың атын алып беретіні, ұжымның атақ-абыройын асқақтатып, әлемге әйгілі ететіні ол уақытта оның ойына да келмеген шығар). Бұл Сталиндік қатал талаптың тарап, елдің ішкі қоғамдық-саяси өміріне жылы сәуле түсіп, адамның жеке басына аз да болса азаттық орнаған жылымық кезең еді. Мұнда алыс ауылдан келген ұяң жастың ұғымы ұлғайып, ой-өрісі, таным-түйсігі, пайым-түсінігі тереңдей түседі. Ол 1960 жылы экономика факультетін ойдағыдай бітіріп, Мәскеу қаржы институтының аспирантурасына түседі.
Көбекең аспирантураны ойдағыдай аяқтап, 1964 жылдың басында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты да, алғашқы ұстаздық қызметін Алматы халық шаруашылығы институтында бастады. Онда аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарды. Жылдар жылжып өтіп жатты.
Көпжасар Нәрібайұлы өзінің қызмет бабында министрдің орынбасары, министр деңгейіне дейін көтерілді. Оған қоса шет елдердің озық тәжірибесін терең зерттеп, біздің өмірімізге енгізді. Сондықтан да ғалымның еліміздегі білім беру ісінің болашақ даму бағыттары мен олардың ғылыми негіздерін қалыптастыруға байланысты айтары аз емес. «Білімсіз бен білімдінің арасы жер мен көктей. Ал білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету», – дейді ол. Рас сөз. Өйткені, Көбекең өзінің барлық ақыл-ойын, күш-қайратын, іс-тәжірибесін, бүкіл ғұмырын осы ұстанымға бағындырған жан.
Еңбек жолында Көпжасар Нәрібайұлы қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. 1975 жылы Алматы қаласының Калинин аудандық «Білім» қоғамының төрағасы, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
…1973 жыл болатын. Көбекең Америкаға тағылымдамадан өтуге аттану үшін ауылда қатты ауырып жатқан әкесінің алдынан өтіп, ақылдасады. Нәрібай ата қарсы болмай, қайта керісінше қолдап-қуаттайды. «…Қолыңды жай балам, саған бата берейін», – дейді де: – Жорытқанда, балам, жолың болсын, Сапарың мынау оң болсын. Бір Алла өзі жебесін, Әруақтар демесін. Ғайып ерен, қырық шілтен, тигізіп жүрсін себесін. Жат жерменен танысқын, Жақсылармен жарысқын, Аман-есен оралып, Отбасыңмен табысқын. Әумин!», – деп баласына сәт-сапар тілейді.
Әкесінің ақ тілегін арқалаған Көбекең мұхиттың арғы жағына аттанып, 1974 жылдың маусым айында елге оралады. Онда Америка Құрама Штаттарының белгілі ғылыми орталықтары мен Принстон, Флорида, Нью-Йорк университеттерінде мол тәжірибе жинақтайды.
Елге оралысымен ол министрдің орынбасары қызметінде есептеу мен басқару жүйесіндегі және мамандар дайындау, білім беру салаларындағы шет елдердің озық тәжірибесін тереңірек талдап, кеңінен насихаттауға, оны ұйымдастыруға кіріседі.
Министрлікте қызмет ете жүріп, қай істі бастаса да оны тыңғылықты түрде аяғына жеткізуге тырысты. Ол өзінің әкімшілік-басшылық қызметін үнемі ғылыми жұмыспен тығыз байланыстырып отырды да 1980 жылы Мәскеу қаржы институтының мамандандырылған ғылыми кеңесінде «Есеп жұмысын есептеу техникасын қолдану арқылы ұйымдастыруды жетілдіру (КСРО мен АҚШ тәжірибесі)» деген тақырыпта докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап, профессор атанды.
Ал 1983 жылы республикамыздың Жоғары және арнаулы орта білім министрі болып тағайындалды. Мұнда профессор К.Нәрібаевтың ұйымдастырушылық талантының жаңа қырлары ашылды. Ол Қазақстанның білім беру жүйесін кеңейтіп, ғылыми әлуетін дамыту жолында өлшеусіз еңбек етті.
Тынымсыз еңбек, терең ақыл-ой, биік парасат, өмірлік тәжірибе-тәлім, іскерлік қарым-қатынас, атқарар міндетіне деген адалдықтың арқасында Көбекең республикадағы абыройлы, беделді басшылардың бірі болғанын барша жұрт біледі. Айталық, 1986 жылы қаңтар айында Мәскеуде, Кремльде жоғары білім жүйесін жетілдіру жөнінде СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросы мүшелерінің қатысуымен өткен жиында бүкіл республикалар атынан сөз сөйлеу мәртебесі біздің министр К.Нәрібаевқа бұйырды. Көбекең өзінің өрелі ой-пікірлерімен, тың ұсыныстарымен тыңдаушыларды да, Одақ басшыларын да елең еткізген. Министріміздің Одақтағы абыройы елімізге көп пайдасын тигізіп, бірқатар мәселелердің орынды және өз уақытында шешілуіне мүмкіндік туды. Мәселен, республикаға ауадай қажет болған зәру мамандықтар мен жаңа оқу орындарын ашуға тікелей жетекшілік жасап, Алматы мемлекеттік театр және көркемөнер институты, Рудный индустриалды институты, Қостанай ауылшаруашылығы институты, Семей ет және сүт өнімдері технологиялық институты секілді ондаған жоғары және арнаулы орта оқу орындары, техникумдар мен училищелер жаңадан ашылған еді.
Көбекең жайлы әңгіме қозғағанда, 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісін айтпай кетуге болмайды. Ол оқиға халқымыздың басына түскен ауыртпалық, үлкен нәубет болғанын бүкіл әлем біледі. К.Нәрібаев «ұлтшыл» деп айыпталып, министр қызметінен босатылды. Негізгі тағылған айып – министр қызметін асыра пайдаланды, жоғары оқу орындарында қазақ жастарын шектен тыс көбірек оқытып, басқа ұлттардың өкілдеріне, әсіресе, орыс халқының мүддесіне орасан зор зиян келтірді дегенге сайды.
Ал шын мәнінде Қазақстан жоғары мектебінде ешқандай ұлтшылдықтың иісі де, ұшығы да жоқ болатын. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын әңгіме еді. Оны Министр К.Нәрібаев дәлелдеп те берді. Сонда да оған құлақ аспаған жоғарыдағылар Министр ағамызға «өз еркімен кетуге» өтініш жазғызды.
Дегенмен, уақыт деген ұлы төреші бүгінгі күнде бар нәрсені өз орнына қойды. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін», – деп Ахаң (Байтұрсынов) айтқандай, Көбекеңнің болашақ үшін – бүгінгі егемен еліміздің келешегі үшін өлшеусіз қызмет еткен біртуар тұлға екенін өмір дәлелдеді. Сондықтан да ел басына сын сағаты туған сәтте бүкіл ұлтына түскен нәубетке қаймықпай қарсы тұра білген азаматқа болашақ ұрпақтың айтар алғысы шексіз болуы тиіс деп ойлаймыз.
Министрлік қызметінен босағаннан кейін К.Нәрібаев 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтында алғаш жетекші ғылыми қызметкер, кейінірек бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Ал 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Экономикалық реформа жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ҚазМУ-ге лайықты басшы таңдау міндеті тұрды. Ректорлық қызметке тәжірибелі ұстаз, ұйымдастырушылық қабілеті мол, жоғары білімнің жағдайын жетік білетін, ғылым әлемінде өз биігі мен беделі бар, парасатты, мәдениетті адам қажет болды. Бұл талапқа қай қырынан алғанда да сай келетін Көпжасар Нәрібайұлына университетті басқарудың үлкен жауапкершілігі жүктелді. Содан арада өткен он жыл жемісті болды. Университет ішінде басқару мен ұйымдастырудың айрықша әдістерін, тосын шешімдерді талап ететін мәселелерді ерекше назарға алған Көбекең ректор ретінде өз қызметінің түбегейлі мұратын, ағымдағы мақсаттары мен әдіс-тәсілдерін жаңа арналарға бағыттап, дұрыс жолға қойды. Соның нәтижесінде басты мақсат ойдағыдай орындалды: барды ұқсатып, бұрыннан жалғасып келе жатқан озық дәстүр жетілдіріп, байытып қана қоймай, студенттер мен қызметкерлердің, оқытушылардың мазмұнды да мағыналы шығармашылық еңбегін жандандыратын, басқару және ұйымдастыру тетіктерін жаңартуға жол ашатын баянды да салиқалы өмір салты орнықты.
К.Нәрібаевтың табандылығы мен талап етуінің арқасында 1991 жылы қазан айында Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысымен университетке Шығыстың әйгілі ғұламасы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің аты берілді.
1993 жылы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің автономиялық мәртебеге ие болуы университеттік білімді реформалауға қуатты серпін берді.
Халық арасында көп айтылатын сегіз қырлы қасиет экономист-ғалым, білікті басшы Көпжасар Нәрібайұлына тән. Көбекеңнің жарты ғасырдан астам уақыт ешкімге сездірмеген бір сыры оңашада ғана жазылып қағазға түскен жырлары екенін бірге қызметте жүрген біздің білгенімізге де көп уақыт бола қойған жоқ. 2013 жылы Көбей Нарбайұлы деген атпен, «Жасырын жатқан жырларым» деп аталатын өлеңдер жинағы «Ұлағат» баспасынан жарыққа шыққан еді.
Автордың жастық шағынан бастау алатын жыр жинағын оқи отырып, өзіміздің де жастық шағымыз, бала күніміз еріксіз еске оралды.
Автор оқырманға арнауында:
Әрине, маржан емес мұның бәрі,
Болса да жүрегіме менің дәрі.
Керегін, оқырманым, өзің таңда,
Болса егер сөздің мәні, ойдың нәрі, –
дейді.
Жинақтағы жырлар оқырманға ой салып, қиялына қанат бітіретін өскелең өршіл, өрісті, өміршең өлеңдер. Онда табиғат көріністері мен адамның ұнату, ғашық болу, күйіну, сүйсіну сынды сыршыл сезімдері автордың өзіне тән иірімдерімен шебер өріледі. Дағыстандық авар халқының көрнекті ақын қызы Фазу Әлиева өлеңдерін Көбекең өте сәтті аударған. «Күлімде көктем» атты өлеңін автор 1957 жылы наурыз айында, 19 жасында жазыпты.
«Күлімде көктем, күлімде,
Шаттық бар сенің үніңде.
Аямай төк шуақты,
Күлімдей түс бүгін де!».
Жинақта мұндай сәтті шумақтар, тәтті қиялдан туған шынайы жырлар көп-ақ.
Жалпы, Көбекеңнің сөз өнеріне, әдебиет пен мәдениетке жақындығын КазГУ-ге ректор болып тағайындалғанда байқаған едік. Оқу орнының ректоры ретінде Білім министрлігінің алқа мәжілісінде сөз сөйлеп, қазақ тілінде де, орыс тілінде де өте сауатты, шешен, әр сөзін мірдің оғындай нықтап айтты. Шашасына шаң жұқтырмайтын нағыз тарпаң жорғаның өзі екен. Ойын тереңнен толғады, сөзі сабырлы, салмақты, байыпты да байсалды. Тыңдаушысына ой салып, мәжілісте отырғандардың барлығының жанын жадыратып, көңілдерін қанаттандырды. Бұл да бізге – өзінен кейінгілерге үлгі ететін өнеге боларлық қасиет.
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өзінің 70 жылдық мерейтойын ҚазМУ-де дүркіретіп атап өтті. Сол мәжілістегі ректор К.Нәрібаевтың терең мазмұнды баяндамасын тыңдаған жұрт «Қазақтың үлкенді-кішілі зиялылары ана тілін, ұлт әдебиетін экономист Көпжасардай білсе, ұлтымыздың мұртын балта шаппас еді-ау!», – деп сүйсінгені әлі есімізде.
Ардақты азаматтың әдебиетке жақындығының сыры, қасиетті сөз өнерінің парқы мен нарқын сезінуінің түп-төркіні – ең әуелі шағын ауыл Бектөбедегі Қалдығыз әже мен Нәрібай ата, Бибігүл апаның отбасындағы тәлім-тәрбиесінде жатқан еді. Одан кейін Жамбыл қаласындағы №38 орта мектепте сынып жетекшісі болған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, көрнекті фольклорист-ғалым, шешендік өнердің атақты зерттеушісі Балтабай Адамбаев берген білім-білік, үлгі-өнеге болатын. Көбекеңнің сыныптас-парталас достары, қазақтың айтулы ақындары Жарылқасын Аманов, Әбдірахман Асылбеков, институттағы курстас, қанаттас-қабаттас келе жатқан құрбы-құрдастары, белгілі ақын Нәзікен Алпамысқызы, әйгілі экономист ғалымдар, академиктер Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин сынды есімдері елге кеңінен танымал тұлғалардың ырысты ықпалы, игі әсері жатқаны да аңғарылады.
Қазіргі таңда профессор
К.Нәрібаев – экономиканы басқару мен экономикалық білім беру, жоғары білім жүйесін зерттеу салаларында республикадағы аса көрнекті ғалымдардың бірі. 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Оның 30-ы – монография, оқулық, оқу құралдары сияқты ірі де іргелі туындылар.
Көбекеңнің таяу және алыс шетелдерде 4 кітабы және 15 ғылыми мақалалары жарық көрді; екі еңбегі Америкада, біраз жұмыстары Германия, Франция және Ұлыбританияда шетел тілдерінде басылып шықты. Ғалымның жетекшілігімен экономика ғылымының жаңа салалары бойынша 6 докторлық және 15 кандидаттық диссертация сәтті қорғалды.
Көпжасар ағамыз 2008 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының Кеңесшісі қызметін абыроймен атқарып жүр. Ол өзінің көп жылдар бойы жинаған бай тәжірибесін және бойындағы бар күш-қуатын жастарды тәрбиелеуге, оларға заман талабына сай білім-тәрбие беруге жұмсап келеді. «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Еңбегі сіңген зиялы» медальдарымен (Моңғолия), Қазақстан ЛКЖО, бұрынғы КСРО Жоғары білім министрлігінің, КСРО Ғылыми мекемелер, жоғары мектеп және ағарту қызметкерлері кәсіподағы Орталық Комитетінің, Бүкілодақтық «Білім» қоғамының, БЛКЖО (ВЛКСМ) ОК, Шетелдермен мәдени және достық байланыс қоғамы одағының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстанның Еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Кембридж халықаралық орталығының «Халық-
аралық жыл адамы – 2000 ж.» (Ұлыбритания) құрметті атағын иеленген.
Бақтияр СМАНОВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі