Халық атынан сөйлейтін жапон жазушылары
25.08.2015
1736
0

атом бомба1945 жылдың 6 тамызында таңғы сағат 8:15-те В-29 «ENOLA Gay» ұша­ғына отырған Пол Тиббетс пен Том Фе­реби «Балақай» атты бомбаны қос қа­­лаға тастады. Үш күн өткен соң «Жуан» атты тағы бір бомба Табиғат кес­­кініне қап-қара таңба салды. Бұл қару­дың қуаттылығы 13-тен 21 килотон­на тратилды құраған-ды. Бұл адам­зат тарихында болған ірі тра­ге­диялардың бірі – Хиросима мен Нагасаки қалаларындағы атом бом­ба­сының жарылуы еді. Осынау жан түр­шігерлік оқиғадан бері, міне, же­т­піс жыл өтіпті. Трагедиядан кейін қос қала қалпына келтіріліп, елдер ес жиып, етегін жапқанда зәулім ескерт­кіш орнатылды. Жыл сайын 6-9 тамыз аралығында барша Жапония үш күн бойы көз жасын көл қылып жылайтын­ға ұқсайды. Сол үш күнде көшеде гүл атау­лыдан көп нәрсе болмайды екен. Идое Намасуки деген психолог «Жарылыс салдарының психологиялық қыры» деген кітабында: «Бұл жарылыс «жапон комплексін» тудырды. Жапондар Көкке көп қарайтын әдет тапқан. Сондағысы: «Аспаннан бір нәрсе құ­лап келе жатқан жоқ па?!» деген ой ғой. Бұл рухани һәм психологиялық хал 1965 жылға дейін жалғасты. Бі­рақ біз бұл ауруды жеңдік…», – деп жаз­ған-ды.

 

1944 жылы Рузвельт пен Черчил­ль Жапонияның Тынық мұхитын­да­ғы ықпалын әлсіретіп, оны жаншу мақса­тын­да әлі ешкім көрмеген, естімеген сұмдық қаруды қолдану туралы ке­лі­сім-шартқа Гайд-паркта қол қойды. Лос-Аламоста бас қосқан әскерилер Киото (ірі индустриялық орталық), Хи­ро­сима (оқ-дәрі мен қару-жарақ қой­масы), Иокогама (әскери техника жа­сайтын орталық), Кокуру (ірі әскери күш жинақталған қала), Ниигату (әс­кери порт пен машина құрасты­ра­тын қала) секілді стратегиялық маңы­зы зор қалаларға бомба тастайтын болып шешкен. Бірақ АҚШ жапондарды пси­хологиялық тұрғыдан тұқыртып және күшті сес көрсету үшін екі қала ғана таңдауға тура келді…
Жапон жазушысы, драматургі Юкио Мисима 1956 жылы естелігінде бы­лай деп жазады: «Қырыңдар, жойың­дар! Тағы бомбылаңдар! Тағы… Бізді бүйтіп қорқыта алмайсыңдар. Сендер (АҚШ пен Ұлыбритания) күш қолданғанды ғана білесіңдер. Нә­зіктік, саяси нәзіктіктен мақұрым­сың­­дар. Біз жеңдік. Жапон ұлты үшін сая­­си емес, рухани жеңіс маңызды. Біз Самұрық құс секілді күлден шығып, Шығыстың қандай ғажап мекен еке­нін көрсеттік. Біз жеңдік!.. Біз жең­дік!..».

Дәл осы сөзден соң Мисима шығарма­ла­ры Америкада оқуға тиым салынады. Уәжі: «Адам ақылын адастырып, аморальді тірлікке бастап, оқырман психикасына кері әсерін тигізеді». Қызық. Бірақ бір жыл өт­пес­тен-ақ Юкионың «Гитлер менің досым» спектаклі Бродвейде қойылады. Жазушы премьераға келуден бас тартады. Токио телевизиясына сұхбат берген ол: «Біз тағы да жеңдік!», – деп жар салады. Хиросима мен Нагасакидағы атом бомбысының жарылуы ұлттық трагедияға баланып, туындыгерлерге тың серпін беріп, өнер мен мәдениетте жаңа тыныс пайда болды. Жапон суретшісі Исао Хашимото жарылыс­тың күш-қуатын көрсететін картина салды. Оны көрген адамның көзіне жас келеді. Такэси Кайконың «Көзсіздік» деген новелласында апаттың ұлт өміріне қаншалықты төңкеріс алып келгенін көрсетеді. Шығар­ма: «Иошихиро өзінің самурай екенін ұмытпады. Дәл осы сезім оның атом бомбасынан әлдеқайда жоғары тұрғанын көрсетті!..», – деп аяқталады. Расында да, жапондарға осындай бір демеу болатын дүниелер аса қажет болды. Үш жүз елу мыңға жуық адамды жалмаған аждаһадан кейінгі радиация­ның кесірі көпке дейін сақталды («Радиация» атты кітапта зардап елу-алпыс жылға дейін жалғасады). Тұқымын тұздай құртып, демографиялық өсімге шектеу қойып, ауыр дене жарақатын алған халыққа күш-жігер беретін нәрсе керек екенін шығармашылық тұлғалар тез ұқты. Композитор Минуро Нацумэ «Хиросима мен Нагасаки» атты ән шы­ғарды. Оны естіген жұрт етегі толғанша егілді… Хиросима мен Нагасаки халқы түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылып, көбісі пси­холо­гиялық ахуалға байланысты жындыханаға жатқызылды. Улы радиа­ция­ның тарағаны соншалық, түр-түсі құбы­жық­тан айнымайтын балалар туа бастады. Бұларға нева­далықтар секілді «жоғалған ұрпақ» деп ат қойып, айдар таққан жоқ, ке­рісінше, ондай ұл мен қызды бір-біріне үй­лендіріп, жыл сайын қоғамға, ортаға бейім­дейтін орталықтарға жіберіп отырды.

Семей, Невада, Чернобыль, Хиросима мен Нагасаки секілді адамзат тарихында із қалдырып, қайғы-қасіретті аямай төккен, адам ар-ожданын аяққа таптап, оның еркіндігін, бостандығын шектеп, озбырлық, өктемдік көрсетіп, аяусыздық танытқан өзіміз, адамдар екенімізді, кейде сол адам деген атты абыроймен алып жүре алмайтын жағдайға жеткенде аңға, хайуанға теңемеске лаж қалмайды. Өкінішті-ақ! Сон­ша адамға тәни, ең бастысы, рухани азапқа душар еткен, жапон жанына жара салған америкалықтарға бір кездері жарты әлем қарсы шыққан. Бірақ қазір бәрі ұмытылды, бәрі тарихқа айналды. Бірақ жан-жара әлі жазыла қойған жоқ-ау! Айтматовтың «Ана–Жер-Ананың» сөздері зар мен нала сай-сүйегіңді сырқыратады. Монологтың астарында адам қолымен істелген қателік пен адамды өлтіру, жою сияқты кері құбы­лыс­тар менмұндалайды. Кэндзабуро Оэ «Хиросима жазбаларында» жазушы өз ұлтының атынан сөйлеп, тағдыр басқа сал­ған зобалаңды тілге тиек ете отыра, оған сабырлылықпен қарап, Жапонияның жігері ешқашанда жасымайтынын ерекше айтады. Әр жазушы өз елінің атынан сөйлей білсе, ғажап болар еді. Оэның жазған әрі сөзі жапондарға рухани күш сыйлағандай сезілді. «Біз сендерді тағы жеңдік!».

Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір