Ұлт Жоспары – ел келешегінің кепілі
«100 нақты қадам» – бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік және ішкі қатерлерге жауап, қазіргі тарихи жағдайларда ұлттың дамыған отыз еліне кіруі жөніндегі жоспары. Бұның қатарында «ҚР Мемлекеттік қызмет және Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру», «Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу», «Мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу», «Жаңа этикалық ережелерді енгізу», «Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту», т.б. бағыттар бар.
Бұл Жоспарда мемлекет және қоғам алдында орындалуы аса маңызды боп саналатын бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жолдары көрсетілген. Бiрiншi институционалдық реформаны жүзуге асыру үшін 15 нақты қадам айқындалған. Екiншi институционалдық реформаны, яғни «Заңның үстемдiгiн қамтамасыз ету» үдерiсiнде нақты 19 қадам көрсетілген. Бұл бөлiмде Заңның үстемдiгiн қамтамасыз ету барысында Сот төрелiгiне аса мән берiлген. Әсiресе, қазiргi iс жүргiзудегi 5 сатылы Сот жүйесiнен 3 сатылы Сот төрелiгi жүйесiне өту де ұсынылған. Мұрат – Сот төрелiгiн жеңiлдету және уақытын қысқарту. Институционалдық реформаның үшiншi бағыты – «Индустрияландыру және экономикалық өсiм» деп аталады. Аталмыш «Нақты қадам» ең үлкен жүйеге айналып, қоғамның негiзi тірегі – экономикаға және оның даму бағдарын белгiлейтiн индустрияландыруға бағытталған. Төртiншi институционалдық реформаны қоғамда қолданудағы ерекшелiк – «Нұрлы болашақ» жобасын әзiрлеу әрі жүзеге асыру. Мектептің оқу бағдарламасына «Мәңгiлiк ел» құндылықтарын енгiзу. Бұл нақты қадам арқылы Қазақстан жастарын «Мәңгiлiк ел», «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Менiң елiм», «Нұрлы жол», «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Нұрлы болашақ» идеяларын өз бойына сiңiрiп, қоғамның белсендi деген азаматтарын жетiлдiруге тiкелей көмектесу. Институционалдық реформаның бесiншiсі «Есеп беретiн мемлекеттiлiктi қалыптастыру» үшiн «Он нақты» қадам ұсынылған. Осы қадамдарды жүзеге асыру үшiн түрлі iс-шараларды әзірлеп шығуға тура келедi.
«100 нақты қадам» Қазақ елінде «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру, мемлекеттілігімізді нығайту, әр кезеңнен өту үшін үлкен қор жасап беретін болады. Аталмыш құжаттың басты мақсаты – озық елдердің қатарынан табылу. Мысалы, Ұлт Жоспарының 4, 5, 6 және 7 қадамдарында мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушылар үшін сынақ мерзімін ендіру. Қызметкерлердің жалақысын олардың нәтижесіне байланысты өсіру, мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффиценттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар жазылған. Жемқорлыққа қарсы күрес – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың басты бағыттарының бірі. Бұл жоспардың 13-қадамында көрініс тапқан. Сонымен қатар, Ұлт Жоспарында азаматтардың Сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін Сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту, біліктілік талаптарын қатайту, «Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін Сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек» деген міндеттер бар. Аталмыш Жоспарда белгіленген тапсырмаларда еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын одан сайын күшейту мәселелері қамтылған. Айталық, мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту, құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу, кеңестік кезеңнен бері қолданылып келген құрылыстың ескірген нормалары мен ережелері орнына еурокодтар жүйесін енгізу, т.б. Қорыта келе айтарым, «100 нақты қадам» атты жоспар елімізді тағы бір белеске көтеруге қызмет етпек. Себебі, мемлекет бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарына қосылу міндетін алға қойған. Ол мақсатқа жету үшін бәріміз бір атаның баласындай жұдырықша жұмылып қызмет етуіміз қажет. Аталған міндеттерді жүзеге асыру – ел болашағының жарқын болуының негізі. Экономикалық дамумен қоса, Қазақ еліндегі татулық тамырын тереңдету – Мемлекет басшысының басты ұстанымдарының бірі. «100 нақты қадам» – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, елді оза шаптыруға, дана халықтан құралатын дара мемлекеттің іргетасын одан әрі бекемдей түсуге бағытталған-ды. Бұл жоспар – осындай маңыздылығымен, өзіндік құндылығымен ерекше. Бұл – халық пен биліктің психологиясын өзгертуге бағытталған жұмыс.
Гүлназ КЕНЖЕБЕКОВА, «Тұран» университетінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.