Мені ертіп кетті сағыныш…
18.05.2018
1530
0

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН


Қоштасып қайтып барады ол ,
Жүрегі – көктем, жаны – қыс.
Оны ертіп кетті қара жол,
Мені ертіп кетті сағыныш.

Сөзіме менің бүлініп,
Самарқау жаны жүдеген.
Оны ертіп кетті бір үміт,
Мені ертіп кетті бір өлең.

Өртеді, мұңы өртеді,
Жыраққа тастап барлығын.
Мені ертіп кетті ертеңім,
Оны ертіп кетті тағдыры.

Бұлттар көшіп бара жатыр…
Сарбаздардай сап түзеген ұрысқа,
Бұлттар көшіп бара жатыр шығысқа.
Беу, бұлттар, Алатаудың бауырында,
Бір ақынның жүргендігін ұмытпа.

Бұлттар көшіп бара жатыр, құт білем,
Айналаға қаулайды енді сүттіген.
Ақша бұлттар, сәлемімді жеткізгін,
Өтер болсаң, біздің ауыл үстінен.

Ақша бұлттар, аппақ қанат құстарым,
Керуеніңнен кербез сырды ұққанмын.
Баяу ғана қалқып өтші қасынан,
Өредегі анам жайған сықпаның.

Әжем құяр сары қымыздың сарқынын,
Таңдайыңа тамыза кел жарқыным.
Және тағы жанарыңа жаза кел,
Әкем мінер күміс ердің жарқылын.

Сәлем айтқын ағайынға, туысқа,
Оралатын шығарсыңдар жуықта.
Менің жүрек сырларымды ұмытпа,
Көшіп бара жатқан бұлттар шығысқа.

Түйсіну
(Баһар Бердібекке)
Бозінген дала боздаған сынды,
Сүгірдің күйін толғаған сынды.
Күй мен даланың әуені қосылып,
Шерімді менің қозғаған сынды.

Құстар тегіс шулаған сынды,
Жүрегім сырын тыңдаған сынды.
Кеңістікке керуен тізілді,
Бізді де олар қимаған сынды.

Жауам деп жаңбыр жаумаған сынды,
Бұлттардан тамшы қалмаған сынды.
Тыныштық күйде тіршілік мына,
Құдды ештеңе болмаған сынды.

Сары жапырақтар құлаған сынды,
Сары күз оны бұлаған сынды.
Жорғаға мінген жолаушы өмір,
Бағытын менен сұраған сынды.

Адамның бәрі танысым сынды,
Боз ала таңға дабысым сіңді.
Өлең дейтін осы бір қалқам,
Жақыным әрі алысым сынды.
Алқара аспан суретім сынды,
Жүректен шыққан жыр жетім сынды.
Өмірге менің іңкәрлігім,
Сізге деген құрметім сынды.

Сен қызыл күн
Сен дегенің – жеткізбейтін армандар,
Үмітіме жерік еткен ақ жолдар.
Мен дегенің – сәл тынып ап сол жолда,
Бұл тағдырға серік болған жалғаулар.

Сен дегенің – сарғайтатын сағыныш,
Кеудемдегі тулап жатқан жарылыс.
Мен дегенің – әрбір күнін өлең ғып,
Жүрген ақын ары ­ ақиқат, жаны ­ құс.

Сен дегенің – жеткізбейтін толқындар,
Өзен болсаң өткізбейтін қалпың бар.
Мен дегенің – сол толқынға еріп ап,
Шаршамауға, тоқтамауға антым бар.

Сен дегенің – кепіліндей ғұмырдың,
Жалын құшқан қызыл күн.
Сол жалынның құшағына ынтығып,
Өкпемді алып жүгірдім.

P .S. Сен дегенің жалын құшқан қызыл күн.

Көктемді күту
Келші көктем торқа киіп асылдан,
Сосын барып көзін ашсын жасыл маң.
Сені күтіп отырмын мен балконда,
Сыйлы қонақ келетіндей ғасырдан.

Келші, көктем, кеңейсін бір тынысым,
Сен мезгілдің ең әдемі жырысың.
Шабытым да гүлдеріңмен бірге өсіп,
Жасыл түске боянсыншы үмітім.

Шырақтары биге басып шаһардың,
Бұлақтары күйге ауысып отардың.
Көктем сенде мезгіл туып қайтадан,
Қабіріне шөп шығады атамның.

Төл дыбысы оркестр қып маңайды,
Айран, уыз ашар ішсең сарайды.
Шуағыңа бойын жазып әз әжем,
Қарыс жерге күн сап тұрып қарайды.

Көктем, көктем желбіреген көк көйлек,
Сенімен даңқым зеңгірлерге кетті өрлеп.
Торы мінген әкем шырқап қойшы әнін,
Қойын қырға айдады әне бөктерлеп.

Жаңбырыңа жүзін жуып паң дала,
Тасқын ойнақ салсын сосын арда да.
Бар әлемді сұлулыққа жетелеп,
Гүл егеді анам менің аулаға.

Әуен қосып бір әдемі ырғаққа,
Әжем тебен сабақтады сырмаққа.
Керуені аялдамай уақыттың,
Ала мойнақ тағы есейді бір жасқа.

Көзді ашқанша кете барды қыс аттап,
Келші көктем, сағынышым түсі әппақ,
Сағыншымның сары түймесін ағытып,
Жыласам ба екен сары ала қазды құшақтап.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір