«Әлеуметтік бастамалар қоғамды біріктіре түседі»
18.05.2018
1673
0

Ұзақ жылдар бойы елдің Бас газеті «Егемен Қазақстанды» басқарған көрнекті қаламгер, белгілі ғалым Сауытбек Абдрахмановтың Парламенттегі депутаттық қызметі де жемісті жалғасуда. Ақын-жазушылар қауымы, әсіресе, халық қалаулысының авторлық қаламақы мәселесін заңдастыруда шешуші сөзді айтқанына разылық білдіруге тиісті. Мәжіліс депутатының жақында «Хабар» арнасының «Бетпе-бет» бағдарламасында тікелей эфирде тележүргізуші Дархан ӘБДУАХИТҚА берген сұхбатының негізгі арқауы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының мән-маңызы, оларды жүзеге асырудың жолдары, Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа кезеңдегі міндеттері.

– Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының кезекті сессиясы өтті. Оның негізгі тақырыбының Бес әлеумет­тік бастама болуының мәні неде?
– Бұл сессияның басқа тақы­рып­қа арналуы мүмкін де емес еді. Қо­ғамды толғандырып, алаң­да­тып, қызу талқыланып отырған қа­зіргі ең басты тақырып – Пре­зи­дент Н.Ә.Назарбаевтың бес әлеу­меттік бастамасы. Жалпы, біз­дің еліміз Конституция бойын­ша негізгі төрт сипатқа ие. Конс­ти­туцияның 1-ші бабында: «Қа­зақ­стан Республикасы өзін де­­­­мок­ра­тиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде ор­нық­тырады», – делінген. Осы төрт си­паттың біреуі әлеуметтік мем­ле­кет екенімізді дәлелдейді. Конс­ти­туциялық анықтама дәл қазіргі таң­да ерекше ажарланып көрініп отыр. Әлеуметтік мемлекет си­паты қоғамның гуманистік белгі­сін өте жақсы ашады. Осы арқылы мемлекет адамдардың әлеуметтік мұң-мұқтажына қамқорлық жа­сауды өзінің Ата Заңдағы міндеті ре­тінде қабылдайды. Бұл мәселе­нің мәні тереңде. Өйткені, әлеу­мет­тік теңдік бар жерде, әлеуметтік бір­дей мүмкіндіктер бар жерде әлеу­меттік әділеттілік сақталады. Ал әлеуметтік әділеттіліктің сақ­талуы қоғамдағы саяси тұрақты­лық­тың негізі. Мәселен, Сканди­на­виядағы Норвегия, Швеция, Финляндия сияқты дамыған ел­дерде адамдардың әлеуметтік мүд­делері ерекше ескерілген. «Швед социализмі» деген ұғым содан шы­ғып отыр. Жалпы, адамға қам­қорлық жасайтын, адамның мүд­де­сін алдыға тосатын мемлекеттер социумға, яғни, әлеуметке баса назар аударатын ел ретінде қадірлі болады. Осы сипат біздің тәй-тәй бас­қан алғашқы қадамымыздан сақталып келе жатыр. Бірақ мұн­шалықты үлкен өзгерістер жасауға Қазақстан экономикасының мүм­кіндігі дәл қазір ғана келіп отыр. Президент өзінің еңбегінде: «Мен бұл туралы көп ойландым. Бірақ уақыты енді келді. Біздің эконо­ми­камыздың мүмкіндігі осындай жағ­дайды енді жасап отыр», – деген болатын. Қазіргі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы қоғамның ерекше ықы­ласын туғызуда, өйткені осы бас­та­малар арқылы миллиондаған адам­дарға жаңа мүмкіндік беріліп отыр.
Әртүрлі себептерге байланыс­ты біздің қоғамның дамуында кей­­бір қайшылықтар байқала бас­та­ғаны жасырын емес. Мәселен, бай мен кедейдің арасы алшақтап ба­рады. Негізінен дүниежүзілік тә­жірибеге сай, кез келген қоғамда байлар да, кедейлер де болуы керек. Ең дамыған елдердің өзінде де сондай. Бірақ олардың арасы­ның бел­гілі бір шегі болуы тиіс. Олар­дың арасы өте алшақтап кет­се қо­ғамда әлеуметтік наразылық туындауы да мүмкін. Сондықтан Ел­басы осы бес бастама арқылы әлеу­меттік тұрғыдан дамуымызға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Атап айтқанда, «7–20–25» бағдар­ламасы үй құрылысы үшін қазіргі 14-16 пайыздың орнына 7 пайыз­дық өсіммен несие алуға, қазіргі 50 немесе 30 пайыздың орнына 20 пайыздық бастапқы үлес төлеуге, алған несиені қазіргі 10 жылдың ор­нына 25 жыл бойы төлеуге мүм­кіндік береді. Осы жеті, жиырма, жиыр­­ма бес деген үш сан біздің хал­қымызға, әсіресе әлеуметтік жа­ғынан әлсіз топтарға кең жол аша­ды. Баспанасы жоқ адамдар­дың баспаналы болуына, салығын ауырсынып жүргендердің салықты аз төлеуіне, микрокредиттерге қо­лы жетпей жүрген адамдардың кө­бірек несие алуына, пәтер жал­дауға мәжбүр студенттердің жа­тақханалы болуына, сол арқылы сапалы білім алуына жол ашылды. Әлеуметке жағдай жасау арқылы әлеуметтік теңдікке қол жеткізе­міз. Әлеуметтік теңдік арқылы қо­ғам­ның тұрақтылығын сақтай аламыз. Әлеуметтік тұрақтылық – саяси тұрақтылықтың негізі.
– Осы бес бастама арқылы әлеуметтік мүддені толықтай не­ме­се соның негізгілерін қамти алдық па?
– Ең негізгілеріне күш салдық деу­ге болады. Бастысы – тұрғын үйге қол жеткізуге нақты мүмкін­дік беріліп отыр. Айлығы төмен адамдардың салығы он есе азайды, он пайыздан бір пайызға кеміді. Бір пайыз дегеніміз – символдық са­лық. Микрокредиттерге бері­ле­тін соманың көлемі ұлғайтылды. Елу төрт мың грантқа жиырма мың грант қосылып, биылғы қыр­күйектен жыл сайын берілетін грант­тардың саны жетпіс төрт мың­ға жетіп отыр. Оның сыртын­да, 2022 жылдың соңына дейін жаң­адан кемінде жетпіс бес мың орындық жатақханалар салынбақ. Жақында Көкшетауда кездесуде бол­ған кезде ректорға: «Бұл қанша жа­тақ­хана салынады деген сөз?», – деп сұрақ қойдым. «Шамамен ор­та­ша жатақхана 500 орыннан бо­лады», – деді. Есептеп қарасақ, жүз елу жаңа жатақхана екен.
– Бұл мәселелер әлі нақтыланып жа­тыр. Өзіңіз депутат ретінде қан­дай мәселелерді ескерген жөн деп санайсыз? Әлі де уақыт бар ғой…
– Жақында біз Ұлттық банктің бас­шылығын шақырып, осы жө­нін­де консультация алдық. Олар мы­надай алгоритмді айтып отыр. Біз мамыр айында Үкіметке бар­лық құжаттарды өткіземіз. Капи­та­лы бір триллион теңге болатын ен­шілес кәсіпорынды мамыр айын­да құрамыз. Шамамен шілде айы­на дейін Парламентке тиісті заңдарға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар түсіреміз. Тамыз айы­нан бастап, алғашқы несие­лерді бе­ре бастаймыз деп отыр. Біз өз та­рапымыздан осыны назарда ұс­тайтын боламыз. Қазіргі таңда «Нұр­лы жер» бағдарламасына Үкі­мет өзгерістер енгізді. «Жаңа­дан не­сие алатын адамдар жеті пайыз­бен алады, ал біз неге он төрт пайыз­дық несиемен қалуымыз ке­рек» деген ой тууы мүмкін. Олар­­дың қаржыландырылуы қай­та қаралады.
– Ассамблея туралы заңның жаңартылуы жайында айтып өт­сеңіз. Біз осы жолы нені өзгерт­тік?
– Бұл заңды өзгертудің, то­лық­тырудың бастамашысы – Ел­ба­сының өзі. Өткен жылы, Пар­ла­мент палаталарының бірлескен оты­рысында, 4 қыркүйек күні тап­сырма берген еді. «Қоғамның ру­хани жаңғыруы этностар ара­сындағы қарым-қатынастарды жетілдіруді қажет етеді. Сондықтан Қа­зақстан халқы Ассемблеясы ту­ралы заңға түзетулер енгізу керек», – деп айтқан. Осы заң бойынша құ­рылған жұмыс тобының жетек­шісі мен болдым. Үкімет ұсыныс­та­рын енгізді. Өткен жылдың соңын­да заң жобасы Ассамблея кеңе­сінде арнайы қаралып, тал­қы­ланды. Жұмыс тобының құра­мына депутаттар, қоғам белсен­ді­лері, сарапшылар кірді. Айналасы үш айдың ішінде көптеген оты­рыс­тар болды. Заң жақында қа­был­данды. Үлкен жұмыс атқарыл­ды. Соның ішінде тұ­жы­рым­да­ма­лық тұр­ғыда мына жағдайды айтқым келеді. 2008 жылы қабылданған «Қа­зақстан халқы Ассамблеясы ту­ралы» Заңда Ассамблеяның не­гізгі міндеті этносаралық келісімді қам­тамасыз ету болатын. Енді оның міндеті кеңейді. Қазіргі тұжырымдамада Ассамблеяның не­гізгі міндеті – қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті қам­та­ма­сыз етуге атсалысу. Тек қана эт­нос пен этностың тату тұруы емес, жалпы қоғамдағы келісім жә­не жалпыұлттық бірлік – басты мақ­сат. Енді Ассамблеяның стату­сы бұрынғыдан да көтерілді деуге бо­лады. Кез келген мәселеде Ас­самб­лея өзінің сөзін айта алатын­дай заңдастырылып отыр. Осыдан біраз жыл бұрын медиация туралы заң қабылданған. Медиация ту­ра­лы заңға байланысты Қазақстан хал­қы Ассамблеясы жайлы заңға өз­герістер енгізілмеген еді. Енді ен­гізілді. Медиацияның бір мәні же­келеген келіспеушіліктерді сот­қа жеткізбей шешуге келіп тіре­ле­ді. Бұрынырақта бір этнос пен екін­­ші этнос өкілінің жүз шайы­сып қалуына дереу ұлттық сипат бе­руге жақын тұратындар табыл­а­тын. Бұл шын мәнінде бір ұлттың өкілінің екінші ұлт өкіліне кіжінуі емес, адам мен адамның арасында­ғы келіспеудің мәселесі. Екі түрлі ұлт өкілінің бір қызға таласып, тіп­ті төбелесіп қалуы мүмкін ғой, бұл жағдайға ұлтаралық мәселенің қан­дай қатысы бар? Міне, осы сияқ­ты жағдайларды медиация жо­лымен келістіріп, мәселенің мә­нісін анықтау арқылы шешуді осы жолы заңдастырып отырмыз.
Ассамблеяның этномәдени бір­лестіктерінің статустарына нақ­тылық енгізілді. Былайша айт­қанда, градация, яғни сатылы түр­де қарастыруға мүмкіндік бар. Ен­дігі жерде жергілікті, өңірлік, республикалық этномәдени бір­лес­тіктер болады. Олардың айыр­ма­сы не? Жергілікті деп бір облыс­тың аумағында жұмыс істейтін эт­номәдени бірлестіктерді атай­тын боламыз. Республикадағы об­лыс­тардың жартысынан кемін­де жұмыс істейтін этномәдени бірлестіктер өңірлік деп саналады. Республикадағы облыстардың жартысынан астамында жұмыс істейтін бірлестіктер респуб­ли­ка­лық деп аталады.
– Мұндай талап қоюдың мәні не­де?
– Мәселен, ана бір жылы тір­келіп, этнос мүшелерінің аздығы­на, мүмкіндіктің кемдігіне байла­ныс­ты тек қағаз жүзінде қалып қой­ған бірлестіктер болуы мүмкін. Біз анық білеміз, ондай жағдайлар бар. Қазақ атамыз «Санда бар да, са­натта жоқ», – дейді ғой. Олар­дың жұ­мысына жаңаша талап қойыла­ды. Ал қай жылы тіркел­генін өз­дері ұмытып қалса, оларға жаңа та­лап­тар, өзгеше өлшемдер қойы­лады. Мұның бәрін жұрт­шы­лық түсіністікпен қабылдап отыр.
– Өзіңіз айтып кеткен медиация шы­нында да істі ушықтырмаудың та­маша тәсілі екенін білеміз. Сот­тың медиациясы мен Ассамблеяның медиациясының қандай айырма­шы­л­ығы бар? Әлде бәрі бір ме?
– Бәрі бір емес, соттың ме­диа­ц­иясы іс сотқа түскеннен кейін ба­рып басталады. Сот шақырады да: «Сіздер осындай мәселемен сот­қа жүгініпсіздер. Бірақ сотсыз-ақ, өзара түсіністікпен шешуге бо­латын мәселе сияқты», – деп ұсы­ныс айтады. Бұл жағдайда адамдар бір-бірімен келісіп, өзара шешуі мүм­кін. Ал Ассамблеяның медиа­ция­сы сотқа да жеткізбейді. Сотқа арыз түсірмей тұрып сөйле­су, яғни «Шы­рақтарым, неге ула­тып-шу­ла­тып жүрсіңдер? Бәріміз осы бір ауыл­да аман-есен тұрып жатыр­мыз, сөйлесіп көрсек арала­рыңда­ғы әңгіме екі баланың жәй бұзық­ты­ғы екен, сондықтан бұл мә­се­лені былай шешейік», – деген сияқты. Әрине, медиация аралас­ты екен деп барлығын жылы жа­уып, іс қоз­ға­мау мақсат емес, тек болмашы нәр­селерге бола адам­ның жанын жа­раламау, сотқа қуы­нып жүрген бә­леқор етіп көрсетпеу үшін осын­дай қадам жасауға болады. Мұндай жағ­дайларда Ассамблея өз мүмкін­діктерін пайдаланады.
– Ассамблея тек ұлттық сипат алып кетуі мүмкін деген мәсе­ле­лер­ге ғана араласа ма?
– Жоқ, олай емес, бұрын Ас­самб­­леяның негізгі міндеті этно­с­а­ралық келісім еді дедік қой, енді оның ауқымы кеңейіп отыр. Қо­ғам­дық келісім және жалпыұлттық бір­лік. Бұл жөнінде Ассамблея қан­дай міндеттер атқарады? Ке­ше­гі өткен сессияда осы мәселеге де­легаттар бірауыздан қолдау біл­дірді. Әлеуметтік бастамалар қо­ғам­ды біріктіре түседі. Өйткені адам­дардың арасындағы өкпе-наз азаяды. Өмір болған соң белгілі бір ма­териалдық игіліктерге объек­тив­ті, субъективті себептермен қо­лы жетпей жүрген адамдарда ре­ніш болмай қоймайды. Енді Ел­басы мынандай мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, жаңа айтқа­ным­дай, енді алған несиеңізді бұрын­ғы­дай он жылдың ішінде толық тө­леп шығуға міндетті емессіз, оны жиырма бес жыл бойы тө­лейсіз. Жиырма бес жыл, расында да, бүгін туған бала ержетіп, жұ­мыс­қа кірісіп, айлық алуға үлге­ре­тіндей кез ғой. Бұл аралықта көп дү­ние өзгереді. Адамның мүмкін­ді­гі молаяды. Ал адамның мүмкін­дігі молайып, әлеуметтік жағдайы жақсарған кезде адамдардың арасындағы келісім де қазіргіден тереңірек болады.
– Ассамблея туралы заңды айт­тыңыз. Ассамблеядан сайланған то­ғыз депутат басқа қандай шаруа­мен айналысып жүр? Қандай іс тын­дырдыңыздар?
– Мен Мәжілістегі Қазақстан хал­қы Ассамблеясының депу­тат­тық тобының жетекшісімін. Тоғыз де­путаттың ғана жұмысын айтпай­мыз, бізде отыз бір депутат бар. Әри­не, ол топты құрған кезде біз Ас­­самблеяның өзіндегі көпэтнос­ты­лық сипатты көрсеткіміз келді. Және соны көрсете алдық. Осы ар­қылы жақсы диалог алаңын құр­дық. Парламентте негізгі саяси фрак­ция «Нұр Отан» – міндетті түр­де үлкен топ, одан кейін «Ақ жол» фракциясы, «Халықтық ком­му­нистер» фракциясы бар. Олар фрак­циялық отырыстарын жеке-же­ке өткізеді. Тек Қазақстан халқы Ас­самблеясы депутаттық тобының оты­рыстарында ғана барлық фрак­циялардың басы қосылады. Не­ге? Өйткені белгілі бір рефор­ма­лардың бағыт-бағдары, қарқы­ны, нәтижесі бойынша «Нұр Отан­да» бір көзқарас, «Ақ жолда» бас­қа көзқарас, «Халықтық ком­му­нистерде» басқа көзқарас болуы әбден мүмкін. Бірақ реформалары­мызды жүзеге асырудың кепілі – қо­ғамдық келісім, жалпыұлттық бір­лік мәселесінде біздегі барлық атал­ған фракциялар бірауызды. Кез келген мәселені бірге ойлас­тырып, бірге шешіп отырамыз.
Бір ғана нәрсені айтайын. Ел­ба­сымыздың «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» атты белесті ең­бе­гінен кейін латынға көшу жө­нін­дегі жиналыста бейресми түр­де, депутат және қаламгер ретінде мен сол депутаттық топта мүше бо­латын ұлты ұйғыр, ұлты өзбек аза­маттарға: «Сіздер де бізбен бір­ге бірдей әріппен жазбайсыздар ма? Бәріміз түркі халықтары бо­лып, латынға бірге көшпейміз бе?», – деп ой тастадым. Олар: «Мы­­нау жақсы ұсыныс екен, ойланып кө­рейік», – деді. Арада бір-бір жа­рым ай өткен кезде екі азамат та бірі­нен кейін бірі: «Мен елге ба­рып келдім. Барлық аға­йын­дар бі­рауыздан қазақтармен бірге бір­дей әріптермен жазатын бола­мыз деп отыр», – деді. Олар бұл мә­се­лені өзбек және ұйғыр этно­­мә­дени бірлестіктерінде тал­қы­­лады. Ал­матыда екі рет кездесу өткізді. Ға­лымдарды шақырды. Енді өзде­рі­нің алфавитінің жоба­сын латын­ға негіздеп жасап жатыр. Өзбек­тер­ге оңай, олар Ташкенттің ал­­­фавитін ала қоятын шығар, ал ұйғырлар біз­дің алфавиттің негі­зінде бір-екі ғана дыбыстық, фо­не­тикалық өз­ге­рістері бар өз алфа­виттерінің жо­баларын дайындауда. Әрине, ол асы­ғыс-үсігіс бола салатын нәрсе емес, біздің өзіміз 2025 жылы ғана толық өтеміз деп отырмыз. Олар біз­бен қатарласып жүріп өтпекші. Міне, бұл да бір­ліктің бір белгісі. Еліміздегі аға­йын­дас халықтардың бір әріппен жазайық, бір әріппен оқиық, бәріміз қазақ ағайындар­дың жазған­дарын оқи алатын бо­лайық, біздің жазғандарымызды олар оқи алатындай болсын деп отыр­ғандары ғанибет дейміз. Бұл біз атқарып отырған көп шаруа­ның біреуі ғана…
– «Рухани жаңғыру» жайында әң­гімені өзіңіз бастап кеттіңіз… Жал­пы, қазіргі қазақ қаламгерлері қо­ғамның рухани жаңғыруына қан­ша­лықты өз үлестерін қоса алады не­месе қосып жүр?
– Қаламгер қауымы дегенде, екі үлкен топты атауға болады. Жур­­налистер мен ақын-жазу­шы­лар. Жазушылардың өздері де мойын­дайды, айтады. Сонау қайта құ­рудан бергі уақытта, Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарынан бас­тап, алдыңғы қатарға, алғы шепке жур­налистер шықты. Қоғамға қа­жет сөзді алдымен журналистер ай­та­тын болды. Барлық жағдайда дер­лік солай екені жасырын емес. Жа­зушының белгілі бір қоғамдық құбылысты ой елегінен өткізіп, оған тиісті көркемдік шешімдер табуы үшін біраз уақыт керек. Ол рас. Бірақ соның өзінде де қазақ әде­биетінде тәуелсіздік жылда­рын­дағы өзгерістерді, кернеуі күш­ті драматизмді, неше түрлі кол­лизияларды, адамдар мінезінің өз­геруін, әртүрлі тағдырлардың сын­ға түсуін, сондай сынақтардан өтіп барып, жаңа адамдардың қа­лыптасуын көрсететін образдар әзір­ге көп жасала қойған жоқ. Бі­рақ, ең қуаныштысы, кейінгі кез­де біз осыған қаламгерлерді құл­шындыратын жақсы тетіктерді жа­сай алдық. Соның ішінде, өз ба­сымның, осы Парламентке кел­генде қазірдің өзінде бітірген ең­бегім ретінде мына жайды айтуға болады. Біз өткен жылы Бекболат Тілеухан жетекшілік еткен жұмыс тобында Мәдениет туралы заңға менің нақты ұсынысым бойынша тиіс­ті түзету енгізу арқылы қалам­гер еңбегіне ақы төлеуді заңдас­тыр­дық. Біздің ойымызды Үкімет те қолдап, қажетті қаржыны қа­рас­тырып, қаламгердің еңбегіне ақы төлеу заң түрінде міндеттелді. Биыл­ғы, 2018 жылдан әлеуметтік маңы­зы бар әдебиеттер тізіміне кіре­тін кітаптарға тәп-тәуір қала­мақы төлене бастады. Сөйтіп, осы арқылы жазумен шұғылданатын адам оны өмірлік кәсіп ететіндей, сол кәсіппен өзінің отбасын асы­рай алатындай, шылқыған бай бол­маса да, орта дәулетті тұра ала­тын­дай тетіктер жасап жатырмыз. Бұл – үлкен жақсылық, нақты қам­қорлық. Қаламгер қауымы бұл қам­қорлыққа шығармашылық ша­бытты еңбегімен жауап береді деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет. Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Таспадан түсірген
Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір