Ә’узу билләhи минәш-шәйтанир ражим.
Бисмилләhир рахмәнир рахим.
ФАТИХА СҮРЕСІ.
Ақ сөйле! Нақ сөйле!
Жаратқан Ием жар бола гөр.
Аумин!
АВТОРДАН.
Төрт мезгіл: көктем, жаз, күз, қыс – Біз осы тылсым дүниенің тұнып тұрған сырын ұғынуға, танып-білуге құштармыз. Бұл табиғат тануға жатады. Ал, адам тану ше?! Пенде дүниенің есігін ашып, шыр етіп Анасының құрсағынан шыққанда, Ол пәк және таза болмақ. Алайда, көп нәрсе Әке тәрбиесі, Ана мейірімі, оның ақ сүті, әлдиі, содан соң, тегіне, туған жердің топырағына, қоршаған ортасына, нәрестенің қабілет-қарымына, өсе келе, білімге деген құштарлығына байланысты деген ойдамын. Осы тұрғыдан келгенде, режиссер Жанат Жаджиевты түгелдей білем деп айтудан аулақпын. Мен оны алғаш рет 1966 жылдың 18 мамырында бұрынғы ТЮЗ-дың алдында, яғни Калинин көшесі мен Коммунистический даңғылының қиылысында (сол кезде «Бродвей» деп аталатын) көрдім. Сонда ол 17 жаста екен. Қасына бес-алты жігітті ілестіріп алған. Жанаттың үстінде – ақсұр костюм, қанқызыл жейде, және жейдесі жартылай ашық, мойнында – құлаштай көк түсті шәлі орамал. Шашы – бұйра-бұйра, ол желкесінен асып, иығынан төмен түсіп, екі құлағын тұтастай жапқан. Өзі – сұңғақ бойлы, ірі денелі, өте тәкаппар, сұсты, көп сөзге жоқ өзгеден ерекше жан-тын. Қасымда – Болат деген бөлем бар, ол – орыстармен сөйлесе қалсам – аудармашым, былайша айтқанда – оққағарым. Шалғай ауылдан, сонау Созақтан келгеніме әлі жыл толмаған. Ол кезде мен – «Арз-2» зауытының жұмыскерімін. Жексенбі күні – демалыс. Көшеге шығып қыдырып, жан-жақпен таныспақ боп келе жатқан інім екеуміздің алдымыздан кес-кестеп, шетке қарай ығыстырып өтетін жолымызды бөгеп, бас салып сұрақтарды бұршақша жаудырып тұрған сыптай жіңішке – Ануар Атапханов деген жігіт жолыға кеткені бар емес пе?! Кейін біздің театрда көркемдік декоратор боп жұмыс істеді. Ал, тағы біреуі – толықша келген, орта бойлы жігіт. Әлгі пысықтың кейбір ыңғайсыз сұрақтарын ерсі көріп, көзін төмен салып, өзінен-өзі қысылып, бір қызарып, бір бозарып, үнсіз аяғының ұшымен жер шұқылап тұрды. Жанаттың курстасы әрі сахналық әріптесі, ең жақсы көретін досы, ақыл айтатын ағасы еді. Сөйтсем, ол өте дарынды актер Тортай Айтқожанов екен (Кейін бауыр болып кеттік. Бірақ, өмірден ерте озды. Марқұм, жаны жәннатта болсын!). Ал, қалған үшеуін білмеймін және олармен осы күнге шейін жолыққан емеспін. Сонымен ұзын сөздің қысқасы, әңгіме «ақшаң бармаға» келіп тірелді. Менің намысыма тиіп, менсінбей, тәкәппарлық танытып сөйлеген жігітті аса ұнатыңқырамай:
« – Бар! Оны не істемексіңдер?» – дегенімде, тағы да сол зуылдақ бір сөз бастамақшы еді, бірақ жанында тұрған Жанат: « – Жә, болды! Жетеді! Менің атым Жанат!» – деп маған қолын ұсынды. Менің де жұдырығым әжептәуір секілді еді, алайда, ананың күректей қолының ортасында ойыншық боп қалды. Сөйтіп, ол: « – Мынаның аты – Ануар, мына жігіт – Тортай!» – деп басқалардың да атын атап таныстыра бастады. Мына еңгезердей жігіттің азаматтық жасап, мені өзімен тең санап «танысайық, сөйлесе келе дос болармыз» деген сөзіне ішім жылып, содан мен де арқа-жарқа сөйлесіп, СГА дүкенінен №12 портвейн сусынынан алты-жеті бөтелке алған бойы бір қуысқа жайғастық та, жайбырақат әңгіме-дүкен құрып тарқастық. Сол достығымыз Жәкең аяқасты көз жұмғанға шейін жалғасты. Бауырым, Сен бізді тастап мәңгілік мекеніңе аттандың. Біз төбемізден жай түскендей есеңгіріп қалдық. Мен әлі күнге шейін сенің жоқ екеніңе сенгім келмейді. Иә, күйзеліске түсіп, күңіренгеннен ештеңе оңбасын білемін, болар іс болды!
Жәкең – текті жердің ұлы еді. Оның арғы атасы – Ыбырай Алтынсарин, нағашы атасы – Ораз Жандосов болса, анасының қолында тәрбиеленген нағашы ағасы – Санжар Жандосов. Мен – Жәкеңмен көп жыл араласқан адаммын. Ылғи да, екеуміз оңаша отырып сырласқан кезде, ол ішіндегі ешкімге айтпаған, қордаланған ойларын сыртқа шығарушы еді:
« – Жалпы, жағымпаздық – ең үлкен дерт. Өз басым жағымпаз актерлерден қатты қорқамын. Себебі, жағымпаз актер – театрдың, өнердің жауы. «Қыз Жібек» спектаклін сахналағанымда Бекежанды жағымды кейіпкер ретінде көрсетіп, ақтап шыққан соң, арты айқай-шуға ұласты. Тіпті, жергілікті газеттер мені «халық жауы» деп айыптап, сыни мақала жазды. Менің бір түсінбегенім сыншылар да, журналистер де «сіз бұл спектакльде қандай мақсатты көздедіңіз?» деп сұраған емес. 1986 жылдың 18 желтоқсанында қойылымды Көркемдік кеңеске тапсырдық. Алматыдағы «Желтоқсан оқиғасынан» Біз хабарсыз едік. Спекткальді Облыстық комиссия мүшелеріне көрсеттік. Олар Алматыдағы оқиға мен аталмыш қойылым арасынан әлдеқандай байланыс іздеді. Комиссия мүшелері спектакльді түкке алғысыз етіп қатты сынап тастады.
– Қарақшы Бекежанды алдыңғы планға неге шығарасың? Жібек пен Төлеген қайда? – деп дүрсе қойды, бірі.
– Бекежан деген қарақшыны қаһарман жасаудағы мұратың нендей? – деді, ашулы жандар.
Қан қысымым көтеріліп кетті. Бұдан соң шыдап тұра алмадым-дағы:
– Бекежан өзінің қара күшіне ғана сенеді. Ол Жібекті шын сүйді! Жібек Төлегенді көргенше Бекежанды «батырым, арыстаным» деп алдап-арбап келді. Төлегенді көрді де, Бекежаннан теріс айналды. Жібек – нағыз жәдігөй, – деп ойымды ірікпей айтып тастадым. Бәрінің көзі шарасынан шығып кетті.
– Әй, сен Жібекке тіл тигізбе! – деді, бірі.
– Бұл спектакль емес. Бекежан қалайша қаһарман болады? Сенің философияңмен келісе алмаймыз, – деп тісін қайрады, екіншісі.
Еңбегіміз зая кететін болған соң, Алматыдан арнайы Комиссия шақырттық. Әшірбек Сығай бастаған Комиссия спектакльді көрді. Содан, ол кісінің қолдауымен қойылымым театр репертуарына енетін болды. Әшекең:
– Алматыға гастрольдік сапармен келіп, «Қыз Жібекті» көрсет. Таяқты бірге жейміз! Мен сені қолдаймын! Есіңде болсын, бірінші Асқар Тоқпанов қарсы шығады! – деді. Қойылым біткен соң, алдыңғы қатарда отырған А.Тоқпановты көріп: «Қазір бұл кісі не айтар екен?» – деп жүрексініп отырғанымда, Асекең таяғын жоғары көтеріп:
– Шөлде-е-е-еп жүр ем… Шөлде-е-е-еп жүр ем… Бүгін шөлім қанды! – дегенде барып терең дем алдым. Әр спектаклім туған балам секілді. Мен олардың ешқайсысын бөліп-жармаймын. Дегенмен де, бағы байланған «Қаракөзім» жаныма ерекше жақын. Пайымдауымша, ең жақсы қойылымым осы – «Қаракөз». Жезқазған театры жаңа маусымды «Қаракөзбен» ашады, болмаса сол қойылыммен жабады. Мен кейде: «Артистке атақ керек пе? Атақ таланттың өлшемі бола алмайды ғой» деп көп ойлаушы едім. Сәбиге сыйлық жасасаң, ол қатты қуанады. Сезімнің адамы – актерді қуанту да, ренжіту де оңай. Ол да – бір сәби. Бүкіл өмірін театрға арнаған өнер адамы да өз еңбегінің бағаланғанын қалайды. Шын дарын алған атағына лайықты болуы үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Байқап қарасам, спектакль тек менің ғана төл туындым емес ұқсайды, себебі, онда актерлердің де төккен тері бар екен. Сахнаға шығып, кезекті репетицияны бастағанда, бір сәтке шаршағаныңды ұмытасың. Дайындық үстінде актер әр қырынан ашыла түседі. Сол себепті де, оған еркіндік беріп, идеясымен санасқанда ғана шын мәніндгі көркем дүние шығады. Ал, актер режиссердің өзін бір шеңбердің бойымен ғана жүргізіп отырғысы келгенін байқап қалса, онымен іштей таласа-тартыса бастайды. Бұл тартыс өрши келе, актердің режиссерге деген өшпенділігін оятады. Кейде артист: «Образымның кілтін таптым!» – деп айқай салғанда, қатты қуанғанын байқаймын. Сол кезде, мен: «Міне! Ізденсең бәріне жетесің!» – деймін, жымиып. Актер ширығып кетеді. Қашан, қай заманда да адам өз кінәсін мойындап еді?! Ешқашан да мойындаған емес, және мойындамайды да. Басқаны былай қойғанда, өзіңді-өзің сынап көрші! Біреу саған: «Ана бір жерде сен дұрыс істемедің!» – деп айтса, бұлқан-талқан болар едің. Міне, мәселе қайда?! Алдымен өзгені сынау үшін, өзіңді жөндеп ал! Меніңше, уақыт бір орында тұрмайды, үнемі өзгеріс үстінде болады. Адам баласы неғұрлым өркениетке жақындаған сайын, соғұрлым қатыгездікке бейім бола ма деп қорқамын. Мүмкін мен қателесетін де шығармын. Өйткені, мен де пендемін ғой! Ел-жұр: «Қазіргі заманда Дүниежүзін ақша билейді!» – дейді. Ақша билесе, билейтін де шығар, бәлкім. Өнерді, оның ішінде театр өнерін ақша билемеуге тиіс. Жалпы, тұтастай алғанда шығармашыл жандар, әсіресе актерлер мен режиссерлер нәпақа табу үшін бас қатырмай, өз мамандығына барынша адал болғаны абзал. Режиссер – қойылымның көркемдігіне тікелей жауапты тұлға. Қорыта келе айтарым, театр – ақша табатын орын емес, ол – жалпы адамзатқа рухани нәр беретін қасиетті өнер ошағы. Әйтпесе, оның Киесі ұратыны белгілі! Әй, Сасайбек (мені солай деп атайтын)! Сағат дегенің таңғы 05:00 болыпты. Ертең 11-де репетиция, жатып демалайық-ей!».
Оқырман қауым осы деректің барлығын қайдан алды деп сұрауы мүмкін. Айтайын! Осыдан он сегіз жыл бұрын диктофон сатып алып, өзіме қажет-ау деген әңгімелерді, я болмаса толғандырған ойларды жазып, оны қағаз бетіне көшіруге әдеттенген едім. Бұл Жанатпен оңаша отырғанда жазылған дүниелер болатын. Бірде Жанат диктофон қосқанымды сезіп қалып: « – Не жазып жатырсың-ей? Ищь, жазғышым! Пиши, пиши!» – деп әңгімесін ары қарай жалғай түскен еді. Міне, енді сол жазғандарым пайдаға асты деп ойлаймын. Мұның бәрі Жәкеңнің өз аузынан шыққан сөздер. Бір қоспасы жоқ! Жанат Хаджиев Б.Қалтаев, С.Саттарова, А.Ысмайылов, Ә.Өмірзақова,
М.Құланбаев, Б.Құланбаева,
Қ.Жәкібаев, М.Жақсымбетова,
М.Бақтыгереев, К.Мұратәлиева,
А.Кенжеков, А.Айдарбеков, Н.Жантөрин, Ә.Молдабеков, Ә.Боранбаев секілді театр тарланбоздарының қамшы салдырмас шеберлігіне тамсанып отырушы еді, марқұм. Жанат қойған қойылымдар түрлі театр фестивалдерінде сегіз рет Гран-при жеңіп алған-ды. Тоғызыншы рет жүлдегер болайын деп тұрған жерінен бәз біреулер залдан: « – Не, Хаджиевтен басқа режиссер жоқ па? Бұл жолы әр театрға бөліп беріңдер!» – деп айқайлап, аттан салды. Ал, Ж.Хаджиев болса, бұған мыңқ еткен жоқ. Орнынан тұрды да кетіп қалды. Біз: « – Ей, Жанат-ау! Бұл сен алатын жүлде еді ғой!» – дегенімізде, ол, еш саспастан: « – А-а-а, ала берсін! Енді, бөліп берді ғой, болды емес пе?!» – деп түк болмағандай, жайбарақат кете барды. Міне, өнердің жұлынына түскен жегі құрттармен ашық айқасқа шыққан Жанат Хаджиев – әділеттің ақ туын биік көтерген, шындықтың шылбырын берік ұстаған мықты азамат еді. Алла-Тағаланың әмірімен жарық дүниеге әкелген Анасының сүтінен нәр алған, сана-сезімі ерте оянған өнер дүлдүлі өкінішке қарай, кенеттен көз жұмып, мәңгілік мекеніне аттанды. Марқұм Жанатты қасиетті Жер-Ананың қойнына тапсырғалы жатқанымызда, Көк аспаннан тыраулаған жеті тырнаның үні алыстан талып естілген соң, жалт қараған едік. Сөйтсек, соның ішінен біреуі бөлініп шығып, қабірдің үстін айналып өтіп барып, қайтадан самғай жөнелді. Бұл қандай құбылыс болды екен?! Тылсым, әйтеуір!
Соңғы он бес-жиырма жылдың бедерінде Ж.Хаджиевтің деңгейіне жеткен бірде-бір режиссер жоқ. Дегенмен, ізін басып, тәлім-тәрбиесін көрген актер, режиссер Сағызбай Қарабалин, Жұлдызбек Жұманбай, Ержан Қауланов секілді шәкірттері бар. Айталық, актер әрі режиссер С.Қарабалин өзінің ұстазы туралы былайша толғанады:
« – Жанат Әубәкірұлы Хаджиев – менің шығармашылығыма зор әсерін тигізген тұлға. Жәкең 1982 жылы Торғай Облыстық қазақ музыкалық драма театрының Бас режиссері болып келгеннен кейін, жанына жақын тартып, мені режиссерлыққа баули бастады. Әгәрәки, кейіпкер жағымсыз болса, оның себеп-салдарын ашып, ақтап шығуға тырысатын, ағамыз. Кейбір режиссерлар автор пьесаны қалай жазса, және дәл сол күйінде, үтір-нүктесін өзгертпей сахналаса, Жәкең: « – Ол режиссердің өз айтары жоқ па?» – деп қатты қынжылатын. Ұстазымның актерлермен жұмыс істеу тәсілі ерекше еді. Қойылымның алғашқы кезеңінде пьесаны талдау, әр сахнаның әрекеттілігін, реттілігін, басты мақсат-мұратын, әр образдың қарым-қатынасын айқындағанда, өзі айтып түсіндірмей, олардың ойын біліп, сұрақтың астына алатын. Бұл да өскелең ұрпақ үшін үлгі болатын дүние еді. Сонда ұстазым: « – Неге солай?! Ну и что?! Почему?! Зачем?! Ну, дальше, дальше…» – деп артистердің зығырданын қайнатып, жетесіне жеткізіп, образдың шынайы шығуына аса мән беретін. Осы күнге дейінгі режиссерлік кәсібім Ж.Хаджиевтің көркемдік тәсілін үйрену арқылы қалыптасқан. Жиырма бес жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеген Жәкеңді өзіме ұстаз тұтамын!..». Бұдан бөлек, Жанаттың «шекпенінен шыққан» Жұлдызбек Жұманбай мен Ержан Қауланов секілді жастардан үлкен үміт күтеміз. «Өлсе өлер, табиғат, адам өлмес», – деп хакім Абай айтқандай, Жанат Әубәкірұлы Хаджиевтың аты өлмейді!.. Қайран, Жәке! Жатқан жерің жарық болсын, топырағың торқа болсын, Алла Тағаланың құдіретімен рухың Пейіште шалқысын!.. Әумин!
Жақсыбек ҚҰРМАНБЕК,
Ғ.Мүсірепов атындағы
Қазақ мемлекеттік
академиялық Балалар мен
жасөспірімдер театрының актері.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.