«Мұқағали шырақшысын» еске алды
18.05.2018
1147
0

Таяуда мамырдың 12-ші жұлдызында
Ж.Өтеевтің 70 жылдық мерейтойына арналған еске алу мен бір жылдық асы қатар өтті. Ж.Өтеев ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бола жүріп, «Ақынның ауылында жеке мұражайын ашу керек» деген ұсынысты тұңғыш рет ортаға тастап, Мұқағали ақынға арналған аталмыш мұражайдың негізін қалаған еді.

Мәдениет үйіндегі ресми бөлімде Албан Асан Бар­ман­бекұлы атындағы мектеп гимназиясының оқушылары Жұмаш Өтеевтің «Тегімді менің сұрасаң» атты тарихи поэ­масын екінші рет сахналады. Осыдан соң қос жүргізуші сах­на төріне шығып, Жұмаш Өтеевтің өлеңдерін кезектесіп оқып, оның қол жеткіз­ген жетістіктеріне тоқтала кетті. Ж.Өтеевтің өмірі мен шығар­машылық жолы туралы жан-жақты һәм салмақты баяндаманы ұзақ жылдар бойы бірге қызметтес әріптесі әрі мектеп директоры Ә.Нөкеев жасады. Сонымен қатар Райымбек аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков сөз сөйледі. Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу» телеарна­сының «Дала ака­демигі» атты түсірілген деректі фильмі көрсетілді. Айтулы тұлғаның кешінде айтыскер ақын, журна­лист, ғалымның шәкірті Бақыт Жағыпарұлы жырдан шашу шашты. Сондай-ақ еске алу кешінде ұлтжанды азамат Жұмаш Мұқаметнұрұлы жайлы зиялы қауымның, отбасының, әріптес­терінің, дос­тарының естеліктері мен Өтеевтің өзінің «Мұқа­ғали­тану» бағ­дарламасы топтастырылған «Мұқағали шырақшысы» кітабының тұсауы кесілді. Бұл рәсімді «Арда» баспасының Бас директоры, жазушы Асқар Алтай және Қазақстан Жазу­шылар Одағының мүшесі, ақын Мақпал Мыса жасады. Кеш соңында ұрпақтары ас беріп, құран бағыштады.

Жадыра АТЫКАЕВА,
С.Сейфуллин атындағы №2 мектептің мұғалімі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір