«Қасым Қайсенов – жер бетінде бұрын-соңды болмаған ең жойқын шайқаста жауға етегінен шалдыртпай, жағасынан алдыртпай өткен еңіреген ер. Халқымыздың күллі адамзатпен бірге жасаған ең ұлы ерлік дастанының ең басты қаһармандарының бірі» — деп заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев ағамыз бағалаған, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қаһарманның қасында жүремін, дәмдес-тұздас, сапарлас-сырлас болып, жеке хатшылық қызмет атқарамын деп кім ойлаған. Бұл да бір Жаратқан иемнің маған бұйыртқан жақсылығы шығар деп қабылдаймын.
Еске алсам, Қасым ағамен таныстығым 1985 жылдың басында басталыпты. Сирек болса да хабарласып, жүздесіп, берген тапсырмаларын орындап жүрдім. 2000 жылы көзінің нашарлауына байланысты жеке хатшылық тағайындалып, оған өз қалауымен мені таңдағанынан бастап 2006 жылдың соңына дейін жалғасқан жақын араластығымыз ұзын-ырғасы жиырма жылға жуықтады.
Айтулы даталардан сырт қалмайтын «Балдырған» журналының Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған санына Қасым ағаның бір әңгімесі баратын болған соң жеке фотосуретін алуға 1985 жылдың ақпан-наурыз айларының бір күнінде алғаш рет батыр тұрған пәтер-үйдің табалдырығын аттадым. Бас редакторым Мұзафар аға алдын ала телефон шалып қойғандықтан Қасым аға күтіп отыр екен. Ағаға алғаш рет сәлем беріп, өзі сұраған соң аты-жөнімді айттым. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетіне әзіл суреттерім (шарждар) жарияланып жатқан-ды.
– Ой дорогой, Еркін Нұразханов деген сен бе? Сенің әзіл суреттеріңді «Қазақ әдебиетінен» көріп отырамын. Кейде мәз болып күлемін. Содан риза болғандықтан, міне, сол суреттеріңді қиып алып альбом жасап койдым. Соны саған сыйлайын. Суретің көбейе берсін! Енді өзің де осылай жинақтап жүр, – деп, суреттер жапсырылған оқушы дәптерін ұсынды. Әзілді түсініп, өзі де әзіл-қалжыңға жүйрік екендігін кейін талай дәлелдеген Қасым ағамен таныстығымыз осылай басталған еді.
2003 жылы 20 наурыз күні ертесімен телефон шалған Қасым аға:
– Ай Еркін, анау иттің баласы екеуімізді тыңдамай соғысты бастап жіберді, – деді налыған үнмен. Бұл, сол кездегі Американың президенті Дж. Буш туралы еді. Біраз күн бұрын Қасым аға идеясын айтып, мен қағазға түсіріп, Иракқа қарсы соғыс ашқалы жатқан Бушқа «Тоқтаңыз, мұныңыз дұрыс емес. Хусейнді құртамын деп бейбіт халықты қырып аласың», – деген сыңайда, соғысты көрген адамның атынан «Егемен Қазақстанға» мақала шығарған едік. «Бізді тыңдамады» деп отырғаны сол.
Қасым аға жалпы үлкен масштабта ойлап, кең толғаныстар жасайтын. Жер шарының қай жерінде қандай жағдай болып жатқанына байланысты өзіндік ой-пікірлерін ашық айтатын. Алысқа бармай-ақ, көрші қырғыз-өзбек шекарасында болған қақтығысқа алаңдап, мың жарымдай адам оққа ұшты дегенді естіп, қатты күйзелген. «Өз халқына оқ атқызған ел басшысы қайбір жақсылыққа жетер дейсің», – деген-ді. Өзі басынан кешкен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі халықаралық жағдай, соғыстың тұтану себептері, оның салдарын сараптай тарқата әңгімелейтін. Партизан қозғалысы жөнінде еске алғанда әлдекімдердің «бұл соғысқа Кеңес Одағы дайындықсыз бейқам келді. Барлау нәтижесіндегі ақпарларға Сталин сенбеді» деген пікірлерге мүлдем қарсы болды. «Біздің ел соғыстың боларын нақты білді. Тіпті, оның қай күні, қай сағатта басталарына дейін біліп отырды. Тек арандатушылыққа беріліп, бірінші болып оқ шығармаңдар. Ертеңгі күні тарих бетінде соғысты Кеңес Одағы бірінші бастады деген айыптаудың жазыларын Сталин терең түсінген. Әйтпесе, біз Украинаға жау тылына түскенде орман-тоғай, тау-тастың қойнауларында соғыс бола қалған жағдайға арналған көптеген азық-түлік, қару-жарақ қоймалары құпия түрде жасырылған екен. Кейбір сатқындардың неміс басқыншыларына оларды тауып бергенінен аман қалғанына біздердің де қолымыз жетті. Соған қарап-ақ соғыс басталған күнде Украина, Белоруссия жау қолында қалатынын, ол жерлерде партизан қозғалыстарын ұйымдастыру жоспарланғанын білдік. Міне, солай ойлаған Кеңес басшылығын қалайша «соғысқа бейқам отырды» деп айтарсың. Дүниежүзілік қауымдастыққа сездірмей маңызды зауыт-фабрикаларды ішкері елге көшіру жұмыстары, қорғаныс шепті күшейту әрекеттері үздіксіз жүргізілген. Бірақ толық дайындалуға уақыт жетпей қалған. 1939 жылғы Риббентроп-Молотов қол қойған Германия мен Кеңес Одағы арасында біріне бірі шабуыл жасамау жөніндегі Келісім шарттың жасалғандығы анық. Сөйте тұра Гитлер ол келісім шартты опасыздықпен бұзып, бізге қарсы соғыс ашты. Еуропаның 14 мемлекетін жаулап алып, солардың күш-қуатын пайдалана отырып, бізге басып кірді. Соған қарамастан Кеңес елі жойқын басқыншылыққа төтеп берді. Сансыз адам шығыны мен күйреген өндіріске қарамастан етек-жеңін тез жиып, қарсы соққы берді. Ақыры Сталин айтқандай «Біздің ісіміз әділ» екендігін дүниежүзіне дәлелдеп, жауды жеңдік. Дүниежүзін фашист басқыншылығынан сақтап қалдық, азат еттік. Сталин өз елінде жүргізген қаншама қатыгездік қиянаттарына тарих таразы, ал осы соғыстағы жеңіске жеткізген басшылығын әлем мойындады. Соғыстан кейін де қирап, күлге айналған қалаларды, елдімекендерді өзі өлгенше қалпына келтіріп кеткен ұйымдастырушылық іскерлігін, қатал тәртіпке бүкіл елді бағындырған басшылығын, көрегенділігін қалайша жоққа шығарамыз. Ол еліміздің ауыр, жеңіл өнеркәсібінің соғысқа дейін де, соғыс кезінде де, соғыстан кейін де тек қана алға басуына, дамып жетілуіне мүмкіндік жасады. Ол өте мемлекетшіл адам болды. Өз басының бақытын, байлығын, болашағын ойламай, халыққа, мемлекетке болсын деді. Тіпті, капитализмге қарсы тұратын социалистік лагерді нығайтып, осы жолдағы елдерге көмегін аямады. Мен сондықтан да Салиннің жеке басын сыйлап (табыну емес), мына төсегімнің тұсына оның портретін, біздің қазақ халқының басын қосып кеткен ұлы ханымыз Абылай хан бабамыздың суретімен бірге іліп қойып отырмын. Мұным сталиншілдік емес, мемлекетшілдік, халықшылдық деп түсініңдер. Тағы да халқының жәйін ойлаған ұлы басшылар болса, олардың да суретін іліп қояр едім. Қай елде болмасын жекелеген капиталистермен ауыз жаласып, халқын қанап, өзіне алтыннан қойма жасатып, ескерткіш тұрғызған, дүниенің рахатын маңайындағылармен бөлісіп, елінің байлығын талан-таражға салған, халқын кедейшілікте зарлатқан басшыларды суқаным сүймейді. Мен ондай ел басшыларының түбінде зор зауалға ұшырайтынын білемін. Ұшырап жатқандарын да естіп, көріп отырмыз. Иә солай, ондай басшыларды елінің болашағына балта шапқан опасыздар демеске шара жоқ», – деп ой толғайтын.
Қасым аға шағын радиоқабылдағышын құлағына төсеп немесе теледидар қарап жатып әлем жаңалықтары мен елімізде болып жатқан өзгерістерді жіті бақылайтын. Барлаушылықпен бойына сіңген саяси сергектік қасиеті оған маза бермеді. Маған айтып отырған мұндай әңгімелерін құлағы шалып қалған Асыл апа: «Тыныш жатпайсың ба, сенсіз де жөнделетін дүние жөнделер, жөнделмесе, жөнін табар», – десе, «Қалай тыныш жатамын. Әділетсіздік пен қулық-сұмдық, ұрлық-қарлық, опасыздық жайлап бара жатса. Мені өз елімнің азаматы ретінде тәуелсіздігіміздің тағдыры, елім мен жерімнің тағдыры алаңдатады», – деп, дауысын қатты шығарып, Алтайдың қоңыр аюындай ақырар еді. Өзі айтқандай «жасаған жасы өзіне жау болып», үйде отырып қалған шарасыздығына, «әйтпесе басар едім баяғыма» – деп жау тылында жасындай ойнаған жастық шағын аңсаған қуатты күндерін сағынғандай сезілетін… «Мемлекеттің мүддесін, халықтың жағдайын жоғары қою – қай деңгейде болмасын әр басшының абыройлы борышы, міндеті. Онсыз ел өркендемейді», – деп ойын түйер еді.
Қасым аға осындай күрделі де маңызды тақырыптар қозғалғанда өз пікірін тыңдаушысына қызу жігермен, қатаң үнмен нығарлай жеткізетін. Ал, әзіл-оспақ айтарда жаймен ғана қысқа да нұсқа қағытпаларымен іліп түсетін.
Бір жылы кейін шегінген автокөлік жол шетінде тұрған Асыл апаны қағып кетіп, жамбасын сындырды. Ауруханада, сосын үйде ұзақ жатып аяғынан тұрған апаның жүрісінде ептеп өзгеріс пайда болды. Қасым аға «Апаңның жүрісі осы күнде пингвиннің жүрісіндей» деп әзілдейтін. Немесе әлдебір әңгімеде пікірлері қарама-қайшы келіп қалса, өз айтқанынан қайтпаған апаның мінезіне ме, әлде әлгіндей «жүрісіне» қарап па «қисық апаңды» көндірсең, айтып көр…» деп езу тартар еді. Ал апаға мейірі түсіп, көңілденгенде «Астай, а Астай» деп шақыратын. «Бұл апаң маған алты бала тауып берді. Екеуі жастай шетінеп, төртеуін аман-есен жеткізді. Ол да бір кісіге оңай емес қой. Оның қасында біз не істеппіз?..» деп қос алақанын көрсетіп жымиятын.
Қайран, Қасым атам тірі болса ғасырлық тойын тойлар едік-ау…
Еркін НҰРАЗХАН,
Қасым Қайсеновтің
хатшысы.