Әкелерінің атағын пайдаланған емес…
03.05.2018
1121
0

Асыл ҚАЙСЕНОВА


Батыр атамыздың аяулы жары – Асыл апамыздан сұхбат алсақ деп үміттеніп көріп едік… О кісі бүгінде 97 жасқа келіп отырған жағдайы бар. Ғасырға үш қадам ғана қалған асыл текті апамыздың денсаулығына байланысты сұхбаттасудың реті келмеді. Әрине, Асыл апамыздың Қасым ата туралы өз кезінде айтқандары, жазған-сызғандары аз емес. Оны оқырман қауым «Өмірдің кейбір сәттері» дейтін шағын кітап арқылы шет­жағалап біледі де, сондықтан төменде ілгеріде жарияланған белгілі журналист Гүлзира Серғазының көлемді сұхбатынан аз-кем үзінді беруді жөн көрдік.

Екеуі көршілес екі ауылдың тү­лек­тері еді. Қасым нағашысынан аттай қалап алған велосипедімен Асылға жиі келеді екен. Асыл мен сің­лісі Уазипаны кезек алдына отыр­­ғызып, ауыл айналдырып қай­татын. «Ол кім?» деп сұрайтын Уазипаның сауалына Асыл «Ол – герой!» деп жауап береді екен. Сөй­тіп, Асыл қыз болашақтан хабар алып, түптің түбінде нағыз батыр болатынын болжағандай, күні бұрын атақ беріпті.
Асыл әкесі Қабыш (Ғабды­рах­ман) пен шешесі Зәбиғаның тұңғыш перзенті еді. Дәстүр бойын­ша Асылды ұлы әкесі (ата­сы) бауырына салып, тірлікке ерте икемдеп, сырт шаруаға жұмсап, еркекшора етіп өсірді. «Менің Асы­лым ер баланың жұмысын атқарады» деген сықылды әке жігерлендіруі Асылға батылдық­ты, намысқойлықты, еңбекқорлық­ты жастайынан дарытты. Түнде­ле­тіп түзден келген әкесі есіктен:
– Асыл қайда? Атты доғарып, суытып, суарып, отқа қойсын! – деп өктем сөйлей кіргенде, есті қыз орнынан лып етіп тұрып, тыстағы шаруаны көңіл көнши­тін­дей жай­ғастырып тастайды екен. Атқа қарғып мінетін, егін ора­тын, мал жайлайтын. Ер бала­лар­ға есесін жібермей, жұдырығын да жұмсайды екен. Атасының да, әке­сі­нің де бала­ның бейсауат, бос отыр­ға­нын жек көретін әдеттері болып­ты: «Ең болмаса, есік алдын сы­пыр­саң­даршы!» – дейтін. Асыл­да­ғы өмірдің қиын кедергілерін ба­тыл қарсы ала­тын қасиет еңбек­ке еңкеюден бас­талған.
Шаңырақтың тіреуіндей бол­ған еті тірі қыз күйеуге кеткенде, оның өрімдей жастығын, нәзік жара­та­лысын сонда сезген әке: «Япыр-ай, бала ғой әлі!» – деп күйзеліпті. Ше­шесі де көз жасын төгіп, жібермеске лажы қалмаса керек. Қасымның әке-шешесі де «жас қосылып қалды-ау» деп жаны ашып, басына жаулық жабудың өзін обалсыныпты. Аузы­нан ана сүті кебе қоймаған қыз ке­лін болып түскен үй ығы-жығы, ба­ла-шағаға толы еді. Оны бұл үйде де бітпейтін шаруа қамы қарсы алды.
– Апа, жасыратыны жоқ, бүгін сүйіп, ертең күйіп қосылған жас­тар ашық аспан, бейбіт заманның өзінде бір-бірінен безініп, тез жеріп жата­д­ы. Қасым атадан соғыста хабар-ошар үзіліп қалған ұзақ уақытта, шы­рылдап ая­ғыңыз­ды тұсайтын бала жоқ болса да, сізді барған бо­сағаңыздан босат­паған қандай күш?
– Ашылмаған балалық махаб­бат басым болды-ау деймін. Тәр­биеміздің тектілігі, бәлки, түсіні­гі­міздің «таяздығы» бірдің ғана етегінен ұстау тәртібін берік ұстан­дық. Екіншіден, ата-енем өте жайлы адамдар болды. Мені туған қыздарындай еркелетіп, қаршадай болсам да ес көріп, азаматтай арқа сүйеді. Үшіншіден, қазақта «көргенсіз» деген сөз бар, көріп өскеніміз сол болған болар: өз әке-шешеміз: «Барған жеріңе балдай ба­тып, судай сің, сол ошақтың оты­мен кіріп, күлімен шық, екі үйдің ортасында шапқылама, күйеуіңді күт, құдай көз жасыңды көрер» – деп құлағыма құйып отырды. Әсіресе, ұлы шешемнің «Екінші босаға аттаған қыздың басын шауып тастау керек» деген зәрлі сөзі құлағымда қалып қойыпты. Қасымның үйінен кет­сем, өліп қалатындай қорқатын­мын. Қасым жазатайым соғыстан келмей қалған жағдайда да кішкене қайындарымның бірін бауырыма басып, бала қылып, осы босағада қала беретін шығармын деп ойлаушы едім, оллаһи…
– Еріңіз соғыстан келді. Ол сіз­бен бұрынғы Қасым болып қауышты ма, әлде…
– Ерім соғыстан келгенде бұ­рынғы Қасым мен кейінгі Қа­сым арасында жер мен көктей айыр­машылық болды. Көп өзгеріп, жүйкесі жұқарып келді. Ашушаң, күндіз-түні үйге тоқтамайтын, шыдамсыз болды. Соғыстың сүргінді елестерінен көпке дейін арылмады. Қит етсе, көңіліне жақ­паған адамын «атып тастамақ­қа» тұра ұмтылатын. Бір күні шырт ұйқыда жатқанбыз, менің аяғым ауыр кезі еді… кенет жатқан же­рімнен сирағымнан сыртқа қарай сүйрей жөнелді. Кейін бұл іс­те­генін өзі білмейді. Жалпы отба­сын, бала-шағаны да ұмытып, арақ ішіп жүрді. Ойлағаныңның бәрі көңіліңнен шыға бермейтін тіршілік-тұрмыстың түйткілдері мен бұрылыстары көп, қалқам. Бірақ мен Қасымды кешіре белдім. «Қан көріп келді ғой» деген аяушылық әрдайым көкейімнен кетпеді.
Екеумізді қосарда Хақ-тағала алдағы бірге өтетін өткелдердің бәрін де ескеріп қойған сияқты. Екеуміз, негізі, екі түрлі жаратыл­ған жандармыз. Соның өзінде бізді көзге көрінбейтін тылсым бір күш бір-бірімізден кете алмастай, байластырып-матастырып қой­ған­дай көрінетін. «Күшігінен таланған бөлтіріктей» жас қосыл­ғандықтан ба, әлде әке-шешенің ұлағатты кеңестерінен көп ұққан­дықтан ба, Қасымнан артық, Қасымға жететін ешкім жоқ сияқ­ты көрінеді де тұрады. Расында да, солай еді.
– Еріңіздің қандай да бір кем­шілігін бетіне мін етіп айтқан кезіңіз болды ма?
– Қасымның соғыстан алғаш оралған кезінде «Мен олай соғыс­қанмын, мен былай соғысқанмын» деп кеудесін көп ұрып кететін мақ­танымпаз мінезі болды. Мен «Сен бос мақтанғанша, ерлігіңді қағаз бетіне түсіріп, жазсаңшы», – дейтін едім. Кей кезде «осы сен ­деп», «біз соғыстық» деп өзеуре­ген­ді доғар­саң­шы, соғыс кезінде түздегі де, тылдағы да, ойдағы да, қырдағы да батырлық еңбек етті», – деп қарсы сөйлейтін едім. Менің ұғымымда соғыс тұсында өмір сүрген халық­тың бәрі батыр. Сұм соғыс еңбек­теген баланы да, еңкейген кәріні де сыннан өткізді. Барлық адам­ның өмірін өзгертіп, тағдырына кері әсерін тигізді. Әсіресе, бір баласын арқалап, бір баласын жетектеп, колхоздың міндетті жұмысынан иығы-белі талып, үйдегі шаруасы шашылып, қара суды нәр қылып, амалсыз тірі жүрген қазақ әйелдері көз алдым­нан кетпейді. Көрші-қолаң келін­шектер, қайынсіңлілер қосылып, ерлерімізді жоқтап, көп жыладық. Бір күн жыламай қалсақ, ұмытуға айналдық-ау десетінбіз. Соғыс уақытындағы халықтың психоло­гия­лық және моральдық тұрғыда­ғы терең күйзелісін жеріне жеткізе айтып-жазған ешкімді көрмедім.
Соғысып келгендерді «батыр да өзі, би де өзі» деп асыра дәріп­теу­ге жол берген кездеріміз аз емес-ау. Ал майдан даласында бет­тері жабылмай, топыраққа көміліп, аттары ұмытылып, жар құшағын көрмей, мейірленіп бала сүймей, арманда кеткен небір бағландар аталмай қалды емес пе?!
Тірі келген азаматтардың біра­зы­ның еңбегі де, ерлігі де бағалан­бай, ел ішінде еленбей жүр ғой. Мен Қасымға айтып отырамын: «Сен ешкімнен артық соғысқан жоқсың. Қаһарман еткен – хал­қың! Кітапқа жазып, киноға тү­сіріп, тарихта қалдырған – қоршап жүрген ағаларың, қаумалап жүрген інілерің. Ешкімнен артықпыз деп асып-таспайық. Бізден де көп қиын­дық-тауқымет көргендер бар. Халыққа бізден де зор еңбек сіңіргендер бар», – деймін.
– Бас иеңіз сізге қандай қасиет­терімен сыйлы?
– Қасымның басты қасиеті – балажандылығы. Ол балаларын «сен анадайсың, мынадайсың» деп мінездемей, бөлектемей, бірдей жақсы көрді. «Сен олай істе, бы­лай істе» деп, балаларының ісіне кірісіп, өзінше шешу айту әдетінде жоқ. Қыздары мен ұлдарының айтқандарын жерде қалдырмай орындайтын. Тағы бір жақсылығы – қанша қарсы қайшыласып қалған жағдайда да, менің жаным­ды жаралайтын оқыс сөз айтып, қол жұмсаған жоқ.
– Батыр Қасымның еншісіне балалы-базарлы үйдің егесі болу ба­қыты да бұйырған ғой…
– Әкелері айтып отырады: «Ба­лаларымның бәрін құдайдан тілеп туғызғанмын», – деп. «Ұл бол­сын, қыз болсын әйтеуір, Кар­пат­тан әкелдім деп айта жүретін біреу керек», – деп жүргенде 1946 жылы тұңғышымыз Ләззат туды. «Ақ қы­зыма аулада ойнағанда жұп болатын қара ұл керек» деп жүр­ген­де Мұратымыз өмірге келді. «Ұл жалғыз болмасын. Сенімді дос, серік болатын сыңар керек» деп жүргенде сары ұл – Болатымыз дүние есігін ашты. «Осы бауырла­рын қамқор­лай­тын тағы жылы жүрек кенже қыз керек» дей берге­німізде Тол­қы­нымыз қуантты. Балаларыма: «Айналайындар, сендерге мың рахмет! Біріміз со­ғыстан келдік деп, біріміз жұмыста жүрміз деп, сендерге көңіл бөліп, ақыл-кеңес беріп, кітап оқып, кинотеатрларға апаруға бізде мүмкіндік болмады. Сонда да болса қызығың көп, бұзығың жоқ болып, ғалым да, залым да болмай, қатарларыңнан кем қалмай өстің­дер, өндіңдер, өрбідіңдер», – деп разылық біл­діріп отырамын. Төрт перзентіміз қазір төрт үй болып отыр. Төр­теуінен он екі немере, бес шөбере сүйдік. Немеремнің бесеуі аяқ­танды. Көш алдында­ғы­лары жо­ғары оқу орындарын тәмамдады.
Қарттық деген көңілі бос ба­ла­ға айналу ма екен, әлде ойланып-толғанатын уақыттың келгені ме? Оқымаған ғалымдарым – қос анам, енем мен шешем көп баланы жеткіземін деп иықтары жарып тәуір киім кимесе де, құрсақтары тойып тәтті тамақ ішпесе де, соң­ғы жылдарын төсекте сарыжамбас болып, сарғайып өткізсе де, өмірге разымыз деп кетті. Жарықтықтар – анам Зәбиға мен енем Бижамал есіме түсіп, кәрі жүрегім соларды сағынып, өлең жазатыным бар.
Балаларымның өзім үйрет­кен­дей әкелерінің аты мен атағын пай­даланбай, кеудемсоқтанбай, өркөкіректенбей, аспандағы ай мен күнді аламыз деп тыраш­тан­бай-ақ нандарын адал еңбекпен тауып, қолдарынан келген жұмыс­тарын істеп жүргендеріне мың да бір шүкірлік етемін.
– Батырдың жары екендігіңіз үш­ін мақтанған кездеріңіз болды ма?
– Қасыммен күллі елі мақта­нып жатқанда, менің мерейім неге та­сымасын, қарағым?!
– Егер екінші рет өмірге келетін болсаңыз, тағы да Қасым ағаны таң­дар ма едіңіз?
– Әрине, қарағым. Ол өмірде мен үшін Қасымнан артық кім бар дейсің?!
– Әңгімеңізге рахмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір