Иә, сонымен елге, туып-өскен жерге қайтып келе жатырмын. Әке-шешемді, туған-туысқандарымды көруге асығамын. Бел шешіп орныма жатқым келмейді. Бірақ мен асыққанмен поезд асығар емес, әр станциялар, разъездерге тоқтап жайлап жүріп келеді.
Купеде төрт адамбыз. Бірі – өзімді Украинадан алып келе жатқан қазақтың белгілі ақыны Жұмағали Саин, екіншісі – соғыстан бір қолынан айрылып келе жатқан бір капитан. Ол кісіні Жұмакең таниды, үшіншісі де майданнан қайтып келе жатқан бір қазақ, ол да ауыр жаралы. «Мәскеуде, госпитальда ұзақ жаттым» дегеннен басқа оның аузынан сөз естіген жоқпын. Орнынан тұрмайды. Жұмакең де оңып тұрған жоқ, ол да жаралы. Жарасы жанына батқандықтан ба, әлде өзінің мінезі солай ма, әйтеуір ренжіп отырады, ешнәрсе жақпайды. Осы үш жаралының ішінде дені сауы – мен. Жасым да кіші болғандықтан вагоннан вагонға қайнаған су іздеп зыр жүгіремін. Мәскеуден алып шыққан азын-аулақ жол азығымызды төртеуміз бірге жейміз. Жаралы адамдарды аяп мен купеде тамақ та ішпеймін.
Басымда жалпақ қызыл лента қиғаштай байланған папақы, үстімде қара венгер пальто, аяғымда немістің генералы киетін қонышы қатты қара жылтыр етігім бар. Ал асынып алған қару-жарақтарымның өзі бір көрме сияқты. Портупейлі жұлдызы бар бұрынғы командирлік белдігімде «ТТ» пистолетім, екінші жағыма қолдан жасалған кабурда венгер пистолеті, гимнастеркемнің астында өзімнің аты-жөнім жазылған кішкене Белгия пистолеті және бар. Кеудемде айқара асып алған планшетім, винокуль (дүрбі), фонарьларды қосқанда сырт қараған көзге ерсі көрінетін де болар. Әрине, мұның ешқайсысын үстімнен шешіп тастағым келмейді. Шешсем формам бұзылатын сияқты. Осылардың әрқайсысы маған өте қымбат. Әрқайсысының менің қолыма түскендегі жеке-жеке тарихы бар. Жалпы, партизандарда шешіну деген әдет жоқ, сондықтан шешінбеймін. Мені Жұмакең түсінеді, ол маған «шешініп жат» деп айтпайды. Осылай 1945 жылдың 1 январы күні таңертең шабан жүретін жолаушы поезымен Алматыға келіп жеттік.
Поездан түскен жұрттың барлығы кинодан шыққан адамдардай. Сталин проспектісінің бойымен жаяулап кетіп барады. Машинаны былай қойғанда есек-арба да көрінбейді. Біз де жаяу тарттық. Көше көктайғақ. Жұмакеңнің жүгі де менде, артынып-тартынып жүріп келемін. Жұмакең арқан бойы артта келе жатады. Анда-санда ол:
– Әй, Қасым, – деп айқай салады. Артыма қарасам құлап жатады. Құлағанда бас киімі бір жерге, қолындағы шағын шамаданы бір жерге ұшып кетеді. Ол енді мен барғанша тұрайын деп ойламайды, сол жатқан күйі жатады. Жүгімді қоя салып жүгіріп барамын. Ол жай жатпайды, мен әдейі жыққандай маған ұрсып жатады.
– Жұмаке-ау, байқап жүрмейсіз бе? Өзіңіз қу сүйексіз, бір жеріңіз мертігеді ғой, – десем:
– Мен адал құлаймын, аяғым тайса болды қол-аяғымды бірдей көтеріп құлаймын, – деп күледі. Осылай Жұмакең құлай-құлай Калинин мен Фурман көшесінің бұрышындағы кішкентай бір бөлмелі үйіне әзер жетті.
***
Алматыда жүрмін. Алматы жым-жырт. Көшеде бала-шаға болмаса бос адам жоқ. Барлығы жұмыс істейді. Мазасыз майданнан алыстап кеткен соң екінші бір дүниеге келген сияқтымын. Бірақ, өзім Алматыда жүргеніммен ойым майданда, сонау жау тылында жүреді. Тіпті түсімде де партизандар қатарында соғысып жүремін. Жылдар бойы, не қыста, не жазда үйді паналап көрмеген, биік төсекте жатып ұйықтамаған басым көп «азап» шектім. Үйге кірсем болғаны сол үйді сырттан фашистер қоршап алған сияқты, дереу қайта сыртқа шығуға асығамын. Төсекке жатып ұйықтап кетсем болғаны самолет есігінде парашют киіп тұрғандай сезінемін де қарғып кетемін, жерге төсектен топ етіп құлап түсемін. Төсенішті еденге салып беретін болды. Сонда да ұйқылы-ояу қашып шықпақшы болып не есікке, не терезеге қарай жүгіремін. Жүгіргенге кейде өзім ғана жүгірмеймін, жанымда жатқан жолдасымды не қолынан, не аяғынан сүйрей жөнелемін. Әрине, жолдасты да «жау қолына тастап» кетпеу керек қой!
Асыл «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істейді. Ол жұмысына кетеді. Мен күндіз үйде жалғыз қаламын. Біраз отырған соң көшеге шығамын. Алматы көшелеріне таныстығым да шамалы. Сонда да беталды бір көшеге түсіп келе жатамын. Өмір осылай жалғасып жатты. Жұмыссыздық жаныма әбден батты, қайтадан майдан шебіне кеткім келеді.
***
Бір күні пәтерімде жалғыз өзім пистолет тазалап отыр едім, Жұмакең кіріп келді. Мен қуанып кеттім. Пистолетімнің бөлшектерін тастай салып жүгіріп барып оны құшақтап кеудеме бір қыстым.
– Қазір кетемін. Сенен бір нәрсе сұрайын деп келдім, – деді.
– Не нәрсе сұрағалы келдіңіз?
– Өткенде Украина партизан қозғалысы штабында саған бір пакет беріп жатыр еді ғой, ол қайда? – деп сұрады. Мен де ұмытып кетіппін, планшетімді ашсам көк конверт қолыма түсті.
Сыртында «Қазақстан Орталық Комитеті, Шаяхметов жолдасқа!» деген жазу бар екен. Жұмакеңе ұсындым. Жұмакең:
– Әй, Қасым, осы пакет тегін емес! Осы хаттың ішінде сені осындағы өкіметке тапсырған шығар. Осыны Шаяхметов жолдасқа неге апарып бермейсің? – деді.
– Ашып оқысақ қайтеді? – дедім.
– Жоқ, мұны ашуға болмайды, ол ана мықтының өзіне жазылған ғой, – деп Жұмакең оң қолының сұқ саусағын шошайтып, көзін алартып, басын шайқады. Мен түсінбедім.
– Шаяхметов деген кім? – деп сұрадым. Жұмакең Шаяхметовтың лауазымын айтып тұр, бірақ мен түсіне қоймаған соң:
– Ол Қазақстандағы ең мықты командирдің өзі, – деді.
– Ал, оған қалай кіремін? Ол қайда отырады? – дедім.
– Ол отыратын жерді көрсетемін ғой. Ал оған кіру оңай емес, – деп Жұмакең тағы көзін алартып, басын шайқады.
– Отыратын үйін көрсетсеңіз кіремін ғой. Ол түгіл наркомға да кіріп кеткемін, – дедім. Жұмакең күлді. Басын шайқап-шайқап күлді.
– Несіне күлесіз? Кіремін, – дедім.
– Нарком деймісің? Ол барлық Наркомды бір шыбықпен айдайтын адам, – деді. Сонда барып ол кісінің мықты екенін түсіндім.
– Ал сонда қалай кіремін?
– Ол үшін сен бір мықтының кабинетіне кіруің керек. Онда ол кісімен тура сөйлесетін телефон болады, сол телефонмен өзімен ауызба ауыз сөйлесіп кіруге рұқсат сұрау керек, сонда барып кіруің мүмкін, – деді.
Сонымен конвертті қалтама салып үйден шықтым. Жұмакең үйіне кетті.
«Социалистік Қазақстан» газетінің редакторының кабинетінен, бірде есігінен қарап қалғанымда, көп телефон аппараты тұрғанын көргемін. Енді соған тура тарттым. Қабылдау бөлмесіне келсем редактордың кабинетінің есігі ашық тұр екен. Бірақ редактордың секретары бір шықылдаған орыс қызы екен, мені оған кіргізбек түгіл қабылдау бөлменің өзіне аялдататын емес.
Біраз тұрдым. Бір кезде әлгі қызды біреу шақырып кетті. Сәті түсті. Қыз шығысымен кабинетке кірдім де есігін жауып алдым. Стол үстінде шыны астындағы тізімнен «Шаяхметов-248» дегенді тауып алып бір телефоннан бұрап қалып едім:
– Тыңдап тұрмын, – деген жұмсақ дауыс естілді.
– Шаяхметов жолдас, – деп қалдым.
– Ия, тыңдап тұрмын, – деді тағы әлгі дауыс.
– Мен майданнан келген партизан отрядының командирі едім. Майданға қайта аттанғалы тұр едім. Сізге Украина партизандар қозғалысы штабынан пакет бар еді. Өзіңізге тапсыр деген еді. Мүмкіндігіңіз болса бірер минутқа қабылдасаңыз екен, – дедім асып-сасып.
– Жарайды, ертең сағат 11-де келіңіз. Аты-жөніңіз кім еді, – деген дауыс естілді. Аты-жөнімді айттым. Енді телефон трубкасын қоя бергенімде секретарь қыз кабинет есігін ашып қалып мені көріп қалды да қорасына қасқыр түсіп кеткендей айқайға басты. Мен жұмысымды тындырып алдым да кабинеттен шығып кеттім.
***
Ертеңінде «барымды киіп, бақанымды қолыма алып» бардым. Неше қабат екенін санау да қиын бір үй екен. Жұрт кіріп-шығып жатқан есікке мен де жеттім. Босағада бір жастау милиционер тұр. Оны байқамағандай есіктен баса-көктеп үй ішіне кіріп кеттім.
– Тоқтаңыз, қайда барасыз? – деді милиционер. «Өзіңе не керек» дегендей оған көзімді алартып қарадым. Ол басымнан аяғыма дейін қарап алды да:
– Пропускаңыз бар ма? – деп сұрады. Маған ол пропусканы кім беріпті. Оған адырая қарап:
– Жоқ, – дедім.
– Кіруге болмайды. Пропуска алыңыз. Қару-жарағыңызды тапсырыңыз, – деді ол қатаң дауыспен. Маған басқа сөзінен «қару-жарағыңызды тапсырыңыз» деген сөзі арқама аяздай батты.
– Қару-жарақты сен беріп пе едің? – дедім. Оның да төзімі таусылған болу керек:
– Шығыңыз, – деп мені пальтомның жеңінен ұстай алды. Оның қолын қағып жіберіп ілгері кеттім. Ол артымнан қалар емес. Бір баспалдақтарымен жоғары көтерілсем анадайда тағы бір милиционер тұр. Ол да алдымнан қарсы шығып мені тоқтатпақ болды. Қалтамдағы пакетімді алып оған кімге келе жатқанымды айттым. Сөйткенше болмай милиционер дегенің қаптап кетті. Мен олардың ешбір сөзін түсінгем жоқ. Ойлап тұрғаным: «бұлар мені қарусыздандырғалы тұр. Өлмей қару-жарағымды ешкім ала алмас». Осылай егесіп тұрғанымызда қайдан шыққанын байқамай қалдым бір мығым денелі, көзіне көзілдірік киген, сары адам келіп сөзге араласты. Мен өз сөзімді өзім айтып тұрмын. «Мен мына пакетті өз қолыммен Шаяхметов жолдасқа тапсыруым керек. Мен әскери уставқа бағынамын. Басқа ешкімге бағынбаймын», – дегенді айттым. Әлгі адам менің бұрылмас бетімді байқаған соң:
– Жүр, Шаяхметов жолдасқа апарайын, – деп мені ертті де, ана милиционерлерге «жүре беріңдер» дегендей иек қақты. Ол кісі мені ертіп әкеліп бір кабинетке кіргізді. Кабинет іші қоңыр былғарымен қапталған диван, үлкен-үлкен орындықтарға толы екен. Аумағына ондаған адам сыятын столдың арғы жағындағы телефон аппараттары да көп-ақ. Тіпті, баяғы өзім кірген наркомның телефондарынан да көп пе деп қалдым. Әлгі үлкен адам маған бір жұмсақ орындықты нұсқап «отыр» дегендей белгі берді. Отырдым. Өзі қарсы тұрған орындыққа отырды. Ішімнен «Шаяхметовтың өзі осы кісі болмасын» деп енді оған кішірейе қарадым. Ол бір сабырлы да парасатты адам екен, жайлап менен жөн сұрап отыр. Мен жөнімді айтқанмен қызмет іздеп жүргенімді айтқан жоқпын. Мені асықпай тыңдап алды да:
– Бұл жер майдан шебі, жау тылы емес. Мұнда тәртіп сақтап жүрген жөн. Осынша қару-жарағыңмен пропускасыз ол кісіге кіремін дейсің. Оның жөні жоқ. Ол кісіге қару-жарақсыз да әркімдер кіре бермейді. «Қару-жарағыңды тапсыр» дегенде сенің пистолеттеріңді басыбайлы алып қойғалы отырған ешкім жоқ. Оны төменде, пропуска беретін жерге тапсырып, қайта шыққаныңда алатын едің. Өкімет үйін күзетіп тұрған адамдарға қаншама әбігерлік туғыздың. Ол кісіге телефон соғып кіріп сәлемдесіп, әкелген пакетіңді бергенің жөн. Ал тәртіпке бағынбағаның дұрыс болмады. Осы кабинетте мен отырып қызмет істеймін. Менен басқа бұл кабинетте ешкім болмайды. Осында, ана столдың үстіне мына асынып алғандарыңның барлығын қалдыр. Есікті жауып екеуміз Шаяхметов жолдасқа барайық. Ол кісіден шыққан соң қару-жарағыңды аласың. Есік алдына дейін өзім шығарып саламын. Оған қалай қарайсың? – деп бетіме қарап жымиып езу тартты.
– Жарайды, – деп орнымнан тұрып шешіне бастадым. Ол кісі телефон соғып біреумен сөйлесіп жатты. Сәлден соң ол кісі мені ертіп кабинетінен шықты. Сырты қораш көрінгенімен әлгі үйдің ішіндегі бөлмелерде сан жоқ сияқты. Жүріп келеміз, жүріп келеміз, үйдің үшінші қабатына шықтық па, әлде сол қабатында ма есімде жоқ, бір кабинетке келіп кірдік. Кіргенде ешбір кедергісіз, тоқтаусыз кірдік. Мені ертіп әкеле жатқан адам Шаяхметовтың өзі болмағанмен бір мықты екені енді белгілі болды.
Есіктен кіргенімізде ұзын да үлкен кабинеттің төрінде шашын тақырлап қырған сап-сары адам отыр. Біз столына жақындағанда ол кісі екеумізге алма-кезек қарады да, бізбен қол алысып амандасты. Мен ол кісіге қолымдағы пакетті ұсындым. Пакетті жайлап ашып жатты да, мені ертіп барған адам оның желке жағына шығып алып өкімет үйіне кіре берістегі милиционерлер мен менің арамда болған жағдайды қазақша айтып та үлгірді. Ол қанша ақырын айтқанымен мен естідім. Бірақ қазақша айтқан сөзін түсінбеген адамдай үндемедім. Әрине, мұнысын «сыр шаштыға» есептеп оған іштей өкпелеп қалдым. Пакеттен алған қағазды мұқият ішінен оқып шықты да оны мені ертіп барған адамға беріп жатып:
– Оқышы, бұл жігіт соғыста көптеген ерлік көрсетіпті. Бұған көмектесу керек, – деп менен жөн сұрай бастады. Мен енді «айтарымды айтар осы кісі-ақ шығар» дегендей көкейдегімді тауыса айттым. Сөзімнің соңында «қайта соғысқа кетемін» дегенді және ескерттім.
– Сен бала өкпелеме, қызметке орналастырамыз, көмектесеміз. Біраз соғысыпсың, енді демал. Ашуланба? – деді де мені ертіп әкелген адамға бұрылып:
– Ғабдолла, бұл жігітті менің атымнан Әбдісаметке тапсыр. Қызметке алып, жағдай жасасын. Өзінің қарны да ашып жүрген болу керек, оны да ескерсін. Келін екеуінің қарындары ашып қалмайтын болсын. Үш күннің ішінде орналастырып, маған айтарсың, – деп сөзін бітірді.
Ол кезде менде «рақмет» деген термин болмайтын. Ол кісімен қоштасып кабинетінен шықтым. Үш-төрт минуттан кейін Ғабдолла шықты. Мені кабинетіне ертіп барып, киінгенше біреуге телефон соғып сөйлесіп жатты. Бір кезде Ғабаң жаныма келіп:
– Қазір, Жоғарғы Советке барасың. Сонда орналастырады. Азық-түлік кәртішкелерін де береді. Ашуды тастау керек, – деді.
– Ол мекемеге қалай кіремін. Онда да милиционерлер бар ғой, – деп қалдым.
– Телефонмен айтып қоямын, күтіп алады, – деді.
…Сталин проспектісі мен комсомол көшесінің бұрышындағы үлкен үйдің үшінші қабатына көтерілсем орта бойлы, қара торы адам тұр. Ол анадайда тұрған милиционер мен маған алма-кезек қарап жымиып күлді. Неге күлгенін түсінбедім.
– Ә, партизан аманбысың? – деп әлгі адам менімен қол алысып амандасты да, бұл кісі менімен бірге барады, – деп милиционерге бір қарап мені қолтықтап әкеліп бір бөлмеге кіргізді. Манағы кабинеттердей емес, шағын ғана бөлмеде стол басында тікірейген шашы, ұқыпты басқан мұрты аппақ бір адам отыр екен.
– Әлеке, міне әлгі партизан, – деді де мен ертіп келген адам кабинеттен шығып кетті. Қарт адам орнынан тұрып маған қол беріп амандасты да:
– Шешін, шырағым, – деп маған бұрыштағы киім ілгішті нұсқады. Шешініп келіп қарсы алдындағы орындыққа отырдым.
– Партизанмын деймісің, тіпті жассың ғой, – деді ол кісі. Үндемедім. Біраз жөн сұрап болған соң:
– Анау тапаншаңды көрсетші, – деп кабурымдағы «ТТ» пистолетімді нұсқады. Пистолетті кабурдан алып бердім. Пистолетті қолына алып қарап отырды да:
– Біз соғысқан кезде мұндай тапаншалар болмаушы еді, – деді. «Бұл кісі қалай, қайда соғысты екен? Осындай қарт адамдар да соғысқа барған екен ғой соғыстың басында» деп ойлап отырмын. Сөйткенше болмай бір жас әйел тамақ алып келіп бұрышта тұрған стол үстіне қойды да шығып кетті.
– Ал, шырағым, тамақ іш, қарның ашқан шығар, – деді қарт. Қарным ашып тұрса да, ол адамның алдында стол басына отыруға ұялдым да үндемей отырып қалдым.
– Ұялма, іш, – деп өзі де әлгі столдың басына отырып екінші тәрелкедегі қуырған картопты жей бастады. Мен де стол басына отырдым. Тамақ ішіп болған соң әлгі қарт мені ертіп бір үлкен кабинетке келді. Стол басында орта жасқа келген шашы қап-қара, қараторы бір сымбатты адам отыр. Кіре тағы әскерше тік тұрып сәлем бердім. Бұл Жоғарғы Совет президиуымының төрағасы Қазақбаев еді. Ол адам мені ұзақ ұстады. Тіпті ағайын-туғандарыма дейін сұрады. Ұзын сөздің қысқасы осы мекемеге қызметке орналастым. Бұйрығын да, азық-түлік кәртішкелерін де сол күні берді де, «ертең қызметке шығасың» дегенді айтты. Сыртқа шықтым. Қуанышымда шек жоқ. Қайда барамын? Асылға ма, Жұмакеңе ме? Жоқ, Жұмакеңе баруым керек. Оның жүдеу жүрегін қызметке орналасқанымды айтып сергітуім керек. Жұмакеңе тарттым. Барсам, Жұмакең жазу жазып отыр екен, мені көріп қуанып кетті. Мені құшақтай алды. Мен де құшақтадым.
– Не болды, бардың ба?
– Айтпаңыз, айтпаңыз, – дедім күліп.
– Иә, не болды?
– Не болғаны жоқ, қызметке орналастым, міне бұйрығым, міне азық-түлігім. Столдың үстіне барлығын шашып тастадым. Жұмакеңнің де қуанышында шек болмады. Бұйрықтың мендегі көшірмесін оқып мәз болып күлді де:
– Сен тіпті шырқап кетіпсің ғой. Жоғарғы Советтің өзі болыпсың ғой, – деп мені тағы құшақтады. Ол мекемеде қирата жұмыс істейтіндей мен де мәз болып тұрмын. Ол бұйрықты қайта дауыстап оқыды:
– Хабарлау-статистика бөлімінің референті, – деп екі-үш қайталап оқыды да, басын шайқап біраз тұрды.
– Ол не қызмет, не істеймін онда? – деп сұрадым.
– Оны мен қайдан білейін, сондағы бастықтар не істе десе, соны істей берерсің де, – деп жауап берді Жұмакең. Кеш батты, мен үйіме кеттім.
***
Сонымен қызметте отырмын. Кең бөлме, үлкен стол. Тартпаларының барлығы бос екен, біріне пистолетімді, екіншісіне фонарымды, сауыт-саймандарымды салып қойдым.
Бір кезде бөлім бастығы келді. Бұл кісімен кеше таныстырған – Ғарыпжан Досымбеков аға. Жасы қырықтардағы, ортадан төмен бойы бар аққұба адам. Иненің жасуынан өтетін пысық кісі. Ол жай келмеді, жуан-жуан төрт-бес папканы құшақтай келді. Папкаларды менің столымның үстіне қойып, өзі бір орындық алып маған жақындап отырды. Онан кейін жайлап менің міндетімді түсіндіріп отыр, зер сала тыңдап отырмын. Түсінгенім – бұл совет органдарының жұмысын бақылайтын бөлім болып шықты. Менің жұмысым облыстық атқару комитеттерінің қаулы-қарарларының дұрыс-бұрыстығын қарауым керек екен, зәрем ұшып кетті. Соғыста да мұндай қорыққан жоқ шығармын. Мең-зең болып отырып қалдым. Бастығым «әбден жеткізе түсіндірдім» деп ойлаған болар маған зор сеніммен бір қарады да бөлмеден шығып кетті.
Ең үстінде тұрған бір папканы алып ішіндегі қаулы-қарарларды оқи бастадым. Оқып отырмын, оқып отырмын. Жер кесіп берген бе-ау, ақша бөлген бе-ау. Кімге берген, не үшін берген? Түк түсінсем бұйырмасын! Екі-үш күнде папкалардың екеу-үшеуін оқып шықтым. Бірақ олардың ішінде мен түсінетін қаулы жоқ екен. Папкаларды жинап тастадым. Бұл мекемеде ешкімді танымаймын. Енді зерігуге айналдым. Қашанғы бір бөлмеде қарап отыра беремін, пистолеттерімді тазалауға кірістім. Мен отырған бөлменің есігін ашып қарайтындар да көп-ақ. Олардың көбі «жаңа қызметкер не істеп отыр екен?» дей ме, әлде айқара асып алған қару-жарағымды көргісі келе ме екен, әйтеуір есіктен бір қарап кетеді. Мен оларға көңіл аудара қоймаймын, өз жұмысым өзімде.
Бір күні «ТТ» пистолетімді бөліп тастап тазалап отыр едім, бірінші рет мені қабылдаған қарт жанында екі-үш адамы бар бөлмеме кіріп келді. Пистолет бөлшектерін суырмаға салып жаптым да, орнымнан тұрдым.
– Иә, шырағым, қалың қалай? Не істеп отырсың? – деді. Не дерімді білмей қалдым. Ол кісі жаныма жайлап отырды да, ашық тұрған тартпадан папкаларды бір-бірден алып столға қойды. Сонан соң:
– Ана, орталық тартпаңды ашшы, – деп қолын ілгері созды. Не істерімді білмей тұрмын. Тартпаны ашарымды да, ашпасымды да білмедім.
– Аш, аш, – деп Әлекең бетіме қарады. Амал жоқ, аштым. Әлекең пистолет бөлшектерін бір-бірлеп алып стол үстіне қойып жатыр. Тіпті, тартпаның түп жағында жатқан венгер пистолетін де суырып алды. Оған еріп келген адамдар да пистолеттерге төніп тұр. Сөйтіп берекем қашып тұрғанда:
– Ал енді отыр, шырағым, – деді Әлекең. Отыра кеттім. Менде үн жоқ.
– Шырағым, бұл үлкен мекеме, бұл ең жоғарғы өкімет орны. Мұндағы жолдастардың барлығы орын-орындарында жұмыс істеп отыр. Соғыс әлі біткен жоқ. Азаматтар майданда қан төгіп жатқанда, біз де мұнда шама-шарқымызша жұмыс істеуіміз керек. Сөйтіп соғысып жүргендерге көмектесуіміз керек. Сен соғысып келдің, енді бармайсың. Мына пистолеттердің енді саған керегі де жоқ. Мұның біреуін аты-жөнің жазылған кішкентай тапаншаңды қалдырып, басқасын тапсырсаң да болады. Ал, мына кеудеңе айқара асып алғандарыңды үйіңде төсегің бар ғой, сол төсегіңнің тұсына іліп, үйде қалдырып кету керек. Мұнда қызмет істеп үйрену керек. «Ғарыпжан, бұл балаға жұмысты қалай істеу керек екенін үйрет!», – деп бөлім бастығыма қарады. Қойшы әйтеуір, сол күні қызмет аяғына дейін Әлекең бастаған үш-төрт адам мені әр қырымнан илеп бақты. Сонан бастап мені олар қолға алды. Ол кезде кешкі қызмет бар, қызметке күндіз келсем де, кешке келсем де менімен арнайы әңгіме өткізіп, кабинеттеріне шақыратындар көбейіп кетті. Сөйте-сөйте тіпті, маған ұрысатындар да табылды… Қойшы, әйтеуір мен күн көруден қалған сияқтымын. Енді не істеуім керек? Бұл мекемеден кетуім керек пе? Кеткенде қайда барамын? Басқа мекемелер де осы мекеме сияқты шығар, онда да ұрсатындар жоқ деймісің? Қызмет дегенің қып-қызыл ұрыс екен ғой, оны кім білген? Өлім-жітімі жоқ дегенің болмаса, екінші бір соғыс екен ғой! Сөйтіп соғыстан кейін тағы бір соғысқа тап болғандай болдым. Бір күні сөйлесіп, сырласып жүретін, өзі соғысқа бармаған танысым бар еді, сол кездесе кетті. Оған өзімнің жағдайымды айтып, «майданға кетпесем болмайды» дедім. Ол шошып кетті.
…Бір күні үйден де, қызметтен де қаштым. Вокзалға келдім. Поезд бір сағаттан кейін жүреді екен, перронға ол кезде билет алып шығатын, ол билетті алатын ақша менде жоқ. Станцияны екі-үш квартал айналып жүріп перронға шықтым. Поезды күтіп тұрмын. Көп кешікпей Москваға жүретін поезд келіп тоқтады. Жолаушы жүретіндер, оларды шығарып салушылар отыратын вагондарына қарай ұмтылғанда, мен жайлап поездың артынан айналып жұрт жоқ жағына келіп тұрдым. Поезд жүрсе бір вагонның табалдырығына іліне кетейін деп тұрмын. Сөйтіп поездың орнынан қозғалуын күтіп тұрғанымда қайдан келгенін білмедім, қызмет істеп жүрген жерімнен екі адам қасыма жетіп келді. Оларға не дерімді білмей қалдым.
– Қасым, Қасымжан, бұл жерде не қылып тұрсың, сені Әлекең шақырып жатыр, – деді біреуі.
– Бармаймын. Майданға кетемін, – деп теріс қарап кеттім.
– Қасымжан, оның қалай? Сені бастықтар оқуға жібереміз деп жатыр. Ашуыңды бізге бер бір жолы, – деп әлгілер екі жағымнан қолтықтап алды да вокзалға алып келді. Амал жоқ, мен салым суға кетіп кеңсеге келдім. Әлгі екеуі бөлмеме кіргізіп асты-үстіме түсіп жатыр. Осылай екі-үш рет қашып қолға түскен соң, енді қашқанды да қойдым. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей жүре бердім. Күндер, айлар осылай жылжып өтіп жатты.
Бір күні кешке партия жиналысына шақырылдым. Біткен жерім осы екен деп ойладым. «Анадан бері ұрыспай жүргендері жиналыста көп алдында бір-ақ ұрсайық» деген екен ғой. Тағы да қашуға уақыт тар болып қалды да, мойын бұра алмай қалдым. Жиналысқа барып шет жақтан орын алып отырдым. Жиналыс ашылып, президиум сайланып, жиналыс бастығы күн тәртібін хабарлай бастады. «Қайсеновтің тәртібі» деген сөзді естімей-ақ есіктен шыға қашайын деп ыңғайланып отырмын.
– Бірінші мәселе туралы бастауыш партия ұйымының секретарына сөз берілді, – деді жиналыс ағасы. Ол кісі орнынан тұрды да:
«Партия қатарына түсуге Қайсенов жолдас арыз берді», – деп соғып тұр. Түсінсем бұйырмасын! Ол арызды қашан бердім, есімде жоқ. Анада Ғарыпжан аға: «Партияға өтуің керек, майдан шебінің алдында болдың, енді коммунистік құрылыстың алдыңғы сапында болуың керек», – дегені бар, бірақ мен ешбір жауап қатқам жоқ. Бір қағаздарға қол қойдырып әкететін, әлде соның бірі менің арызым болды ма екен?..
Менің қысқаша өмірбаянымды оқып болған соң «сұрақтарың бар ма?», – деді жиналыс ағасы. Ешкім қол көтерген де, сұрақ та қойған жоқ.
– Кімде қандай пікір бар? – деді онан соң. Қойшы, әйтеуір ұзақ мақтаудың соңында партия мүшелігіне кандидаттыққа бірауыздан қабылдандым. Мақтау сүйетін басым, осыншама мақтаған соң көңіл-күйім көтеріліп, «майданда да мақтай берген соң жақсы соғысып едім ғой, енді тәртіпті жүріп, айтқандарын бұлжытпай орындайыншы, ол жұмысы құрғыр полицай, старосталарды тұмсықтан сүйкеп, фашистерін өлтіруден қиын дейсің бе?» деген қорытындыға келдім. Жұрт жиналыстан соң мені құттықтап жатыр. Бірақ менде «рахмет» деу жоқ. Оларға үндемей қараймын, қызарып ұяламын.
Қасым Қайсенов.