ДӘУІР БІТІМДІ ТҰЛҒА
03.05.2018
1580
0
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты


Біздің қатарластарымыздың бала көңілінде Қасым ағаның ертегідей ерлік­тері, Хамит Ерғалиевтің сөзімен айтқанда:
«Әжем айтса, ертегінің маңызын,
Тез таусылып қалушы еді таң ұзын.
Ендігіге біздің Қасым Қайсенов –
Ертегіден артығырақ аңызым…

Қасымым көп, мына Қасым – бір Қасым,
Ажалмен де ойын-сауық құрғасын…
Бір қарасаң, жаны нәзік жауқазын,
Бір қарасаң, балқымайтын қорғасын» –
болып бекіген еді.
Ауыл кітапханасының қолдан жасалған ескі сөрелерінде тұратын сырты жұлым-жұлым болған «Жау тылынданы» бірімізден кейін біріміз кезектесіп жүріп, жарысып оқыған күндер ана ғасырдың қолтығында қалып барады. Хамаң айтқандай, сол балалықтың бейкүнә, таза күндерін еске алған сайын бойымызға ерлікке, елдікке деген құштарлық пен махаббаттың алғашқы көзге көрінбес түйірін еккен әлгі бір тоз-тозы шыққан ескі кітап еске түседі. Ескі ауыл, ескі ауылдың жасы тоқсаннан асып, жүзге бет алған ескі тұрғыны – менің ақсақалды сары тісті бабам – Өмір қария мен Үсембай атамыздың бейнелері көз ал­дыма елестейді. «Балам, әлгі жат ел, жат жұртта жүріп, жауды жапырған Қасым ба­тыр туралы кітабыңды қайыра бір оқышы» деуші еді сөзге жүйрік қайран бабам…
Біресе Бауыржанның, біресе Қасымның ерліктері жайлы жазылған кітаптардың қолдан қолға өтіп, ел санасына жол салып жүрген сол бір елуінші, алпысыншы жылдардың әр күні, әр сәті жады төрінде жаңғырған сайын, жүрек тебіреніп, көңіл тол­қиды. Көнеден жеткен батырлық дас­тан­дар мен қисса-жырларды қалай оқысақ, неміс-фашистерімен айқасқан әлгі жаужү­рек қазақ оғыландары туралы тағылымы мен тәрбиесі ерекше кітаптарды да солай оқушы едік. Ескі кітаптардың қойын-қолтығынан менмұндалап шығар алуан-алуан оқиғалар мен қилы-қилы тағдырлар жетегінде жүріп ойымыз өсіп, санамыз бекіген сол кезең қандай керемет еді?! Таза, мөлдір еді десеңізші?!
Уақыт дейтін ұлы дүниенің күнгей, көлеңкесін таразы-талқыға сала отырып, бүгінгі көзкөргендер қатары мүлдем азайып, өзгергендер легі қоюлана түскен жаһан­дану кезеңдегі жаңа тұрпатты өмір сүру, ғұмыр кешу кеңістігіне шыққан ұрпақ пен ұлт тағдыры жайлы ойланарымыз хақ. Тәуелсіз елдің өткенін де, бүгінін де қалай ой талқыға салсақ, ел болашағын да солай зерделеуге, зейіндеуге ұмыталамыз. Сондай сәттерде менің есіме ел, Отан жайлы әрі­ден сөз сараптап, тереңнен ой толғап, айта­рын асықпай өретін Қасым аға Қайсенов жиі-жиі түседі.
Көпті көрген, түйгені мол абыз ақсақал­дың кез-келген құбылысқа, қоғам өмірі мен ел тіршілігіндегі өзгерістерге қатысты өз пікірі болатын. Онысын ешкімнен жасы­рып, бүкпей, ашық айтатын. Біреуге ұнай­ды, ұнамайды-ау, деп жатпайтын… «Қара­ғым, Нұрлан, бұл сөзді мен айтпасам, кім айтады?! Бұрын алдымызда жүрген ағала­рым айтатын. Ол кісілер шетінен білімпаз, терең, дана кісілер еді ғой. Бір Мұхтар аға­ның телегей теңіз кемеңгерлік кес­кіні, сөйлеп кетсе, әлем әдебиетінің арғы-бер­гісін көктей өтіп, қазақ әдебиеті­нің ғажа­йып тарихымен, тамырластырып жіберетін данагөйлігі неге тұрады?! Сол кісіні айтса, көз алдыма ұлт тарихы тіріліп тұра қала­тындай көрінеді. Сәбит аға қандай еді?! Нағыз халықшыл адам еді ғой… Қоспасы жоқ қазақ. Артық айтқаны да, кем айт­қаны да алып тұлғасына жарасып тұра­тын. Өле-өлгенше костюміне бір тал қылшық қондырмай, баптай сөйлеп, бекзаттығынан жаңылмай өткен Ғабит аға қандай еді?!. Қайран ағаларым-ай!» – деп тебіренген сәт­тері есімнен кетпейді. «Біз не оқыды дей­сің? Анда-санда ел алдына шығарып, мына кісі жазушы, деп таныс­тыра бастағанда өз-өзімнен қысыламын. Нағыз жазушы, сол кісілер ғой. Біздікі жәй, әншейін қанша фашисті қалай, қайтіп бауыздағанымызды айтып, ажал қолтығы­нан қалай, қайтып шыққанымызды, қыс­қасы көргенімізді қағазға түсіру болды ғой. Сөз білмейтін қазақ жоқ. Сөз еміп, ой тоқып өскен елдің бір баласымыз… Қазақ әдебиеті мен қазақтың ұяты осы алып ағаларыма ұшан-теңіз қарыздар. Әуезов болмаса, қазақты да, Абайды да әлем таныр ма еді?! Бауыржан аға болмаса, ержүрек халқымызды кім білер еді?! Кім танып, кім мойындар еді?!» – деп үнсіз отырып қалған талай-талай тұңғиық сәттерінің куәсі болғаным бар.
Сондай сәттерде «ұлық болсаң кішік бол» дейтін дана қазақтың ғажайып мінезі еріксіз еске түсуші еді.
Алланың пешенеме жазған бағы болар…
Жазушылар одағын басқарған жылдарда әрқайсысы қарт Алатаудың бір-бір шыңын­дай көрініп, жиын болса асықпай басып, өз орындарына – өз төрлеріне жайғасатын, қазаққа қадірі асқан, халқы қабағына қараған ардақты ағаларымыздың алдын көрдім. Орынсыз лапылдамайтын, керекті жерінде керекті сөздерін айтып, үндемей отырып-ақ, үлкен-үлкен мәселелердің түйінін шешетін, «ескінің соңы, жаңаның басындай» елестейтін сол арда туған ақсақал-абыздардың арасында Қасым ағаның орны да, жөні де айырықша болатын. Бір қарағанда түсі суық көрінетін, әрі жөпшендіге әлгі жаратылысынан біткен суық кескінін өзгерте қоймайтын, өз сөзімен айтқанда, «Алтайдың қара аюын­дай» болған ағаның қайталанбас қалыбы бірден көз тартатын. Ұнатпаса, ажырая қарап, «мынау не былшылдап отыр» дегендей өткір көзі кез-келгеннің өңменін тесіп өтетін, ұнатса «әй, дарагөй», «әй, қара­ғым» деп мейірлене қарайтын, қолын­дағы асатаяғын нығарлай қысып, шуағын шашатын осы бір жомарт бітімді жанды сағынбай еске алу мүмкін емес.
Сыйлаған адамына ағынан жарылып, сөзін айтар ағаның бойынан тектілік пен беттіліктің самалы есіп тұратын. Күлсе, өңінен шырай ойнап, шын күлетін, ренжісе, қара бұлттай түнеретін! Қысқасы, Алла Тағала бойына адалдыққа шексіз сүйінер парасат пен арамдыққа жаудай түйілер «ғарасатты» қатар берген, ұлт биі­гіне көтерілген Қасым Қайсеновті отандас­тары осылай елестетері күмәнсіз.
Мен де ағаны алыстан көріп, арқа тұтқан, жақыннан көріп, сырлас інісіне айналған замандас, отандас, қаламдастары­ның бірі ретінде ісіне, жүріс-тұрысына, сөйлеген сөздеріне сүйінген, ағалық ақыл-кеңестеріне кенелген адамдардың бірімін. Әсіресе, Жазушылар Одағында қызмет еткен жылдар маған Қасым ағаның аза­маттық болмысы мен тұлғалық тұрпатын танып, бағалауыма мол мүмкіндік берді.
Иә…
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарын­дағы әлем, сол санатта Қазақ Елі де бастан кешкен алмағайып оқиғалар мен күрделі саяси, экономикалық өзгерістер адамзат өміріне, сол санатта қазақ халқы­ның өміріне де көп қиындық тудырғаны белгілі. Тәуекел айтып, Тәуелсіздік жолына бел буған көп ұлт өкілдері тұратын Қаза­қ­станның басынан нендей жағдайлар өтпеді?! Өзгерген формация мен тұғырын енді-енді бекіте бастаған тәуелсіз жұрты­мыз­дың әдебиеті де, «көппен көрген ұлы той» деп жаһандану ұсынған өмірлік үлгі­лерді игеруге кірісті.
Оңай болған жоқ…
Сондай күндердің бірінде, жаңылмасам, 1993 жылдың сәуірінде 75 жасқа толып жатқан Қасым Қайсеновке Тәуелсіз Елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жарлығымен «Халық Қаһар­маны» деген мемлекетіміздің ең жоғарғы марапатын берді.
Иә…
Шынтуайтына келгенде, Қасым Қай­сенов­тің отбасы ғана емес, Отаны елу жыл сарыла күткен бұл марапат ел өміріне енді-енді дендеп ене бастаған Тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті дүниеміздің айтулы жеңіс­терінің бірі еді. Қасым ағаға тұңғыш Қазақ Президентінің қолымен берілген бұл мара­пат­қа, өз кезінде Назарбаевтың ұсынысы­мен, Горбачевтің жарлығымен ұлт батыры Бауыржан Момышұлының рухына берілген «Кеңестер Одағының Батыры» атағына қара орман қазақ жұрты қалай қуанса, бұл жолы да солай шаттанғаны анық. Халық қуанышы – мойындау мен танудың ең үздік үлгісі. Газетімізге ағылып келген құттық­таулар соның нышаны. Құдайдың әділ екеніне қазақтың көзі анық бір жеткен сәтінің куәсі болған едік. Кейін Рақымжан Қошқарбаевқа Қаһарман атағы берілгенде де халқымыз осылай бір желпініп еді…
Ел қуанды. Қаламгерлер қуанышында шек болған жоқ. Бірін бірі құттықтап, біріне бірі телефон соғып жатты. «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы ретінде мен де Жарлықты оқып отырып, Қаһарман ағаның үйіне телефон соқтым:
– Аға, амансыздар ма?
– Аманбыз, қарағым.
– Атағыңыз құтты болсын!
– Рахмет!
– Бұл қуаныш – халқымыздың көптен күткен ұлы қуанышы! Елдің қуанышы ғой, Аға!
– Рахмет, қарағым! Аты-жөніңді айт­па­дың ғой… Қай баласың?
– «Егемен Қазақстаннан»… Нұрлан дейтін балаңызбын…
– Қай Нұрлан?
– Оразалин Нұрлан.
– Апырым-ай! Кәдімгі Бас редактор Оразалин бе?
– Иә… Асыл апайдың төркіні болған газеттің ұжымы атынан, өз атымнан Сізді құттықтап жатырмын…
– Онда… Мына құттықтауларыңды өз аяқтарыңмен келіп, өздерің айтпайсыңдар ма? «Төркінім келді» деп апаларың да қуанып қалсын… – деп Қасым аға телефон­да біраз ұтқыр да қысқа сөздің басын қайырды. Рахметін айтты. Батасын берді.
Ардақты жанмен, асыл мінезді нар тұл­ғалы – аты аңызға айналған Қасым Қайсе­нов­пен ресми дейсіз бе, бейресми дейсіз бе, алғашқы таныстығымыз осылай бастал­ды. Ара-тұра бірде – аға, бірде – мен… Телефон соғамыз! Ел, қоғам өміріндегі жаңалықтар мен өзгерістерге аса сергек қарайды. Елдік, егемендік туралы көсіліп, шешіліп сөйлеген сәттерінің сан куәсі болдық. Айтса, тура айтатын, күлбілтеле­мей, барын – бар, жоғын – жоқ деп айта­тын. Радио, телевидение, газет-журнал бет­терінде сөйлеген аға сөзі шын мағына­сын­дағы ел ағасының сөзіндей болып, мил­лион санды алып аудиторияның жүрегіне жол тауып, ойын, санасын қозғайтын.
Сөйтіп жүргенде…
1996 жылдың маусымында мен Елбасы ұйғарымымен, әріптестерімнің шақыру-қол­дауымен Қазақстан Жазушылар Одағы­на төраға болып сайландым.
Бұрын… Әр келген сайын босағасынан жүрегі дірілдеп аттайтын, қарашаңырақ-ұйымға басшы боламын-ау деген ой үш ұйық­таса түсіне кірмеген, қырық тоғызға жаңа толған жас адам қиын кезде, күрделі кезде әдебиет тағдырына жауап беру міндетін мойнына алды…
Алғашқылардың бірі болып, омы­рауын­да алтын жұлдыз жарқыраған Қасым аға төраға кабинетіне енгенде қуанғанымды, қобалжығанымды жасыра алмаймын. Әрі-беріден соң ағаның бұл келісі басынан уа­қыт, заман тудырған аласапыран дауылдарды өткізіп жатқан киелі төрге деген ішкі құр­меті мен ұйым алдындағы жауапкер­шілі­гім­ді күшейте түсті. «Әй, Қарағым Нұрлан! Біздер – ағалар сені қадағалап жүреміз… Бірталай мектептен өттің. Депутат болдың. Бас газетті басқардың. Енді… міне… Ұлт руханиятының қарашаңырағын қолыңа сеніп тапсырып отыр мына қалың әріп­тестерің. Ұйымды көтер! Ұлтыңа қызмет ет! Елбасы сенімін ақта! Ең бастысы, ел сеніміне ие бол! Сәкен, Сәбит, Ғабит, Ғаби­ден ағаларыңның жолын берсін!» – деп батыр ағам батасын беріп, бетін сипады.
– Аға, төрлетіңіз! Отырыңыз!
– Жоқ, отырмаймын. Құттықтаушылар көп… Қабылдауыңда отырғандарды күт­тіруге болмайды. Дүниеде күткеннен қиын нәрсе жоқ. Артық сөз – уақыттың соры… Бос былшыл – істің жауы. Ісіңе берік бол! – деді де Қасым аға бұрылып жүре берді…
Ағаның айтқан сөздері әлі күнге жүре­гім­нің тұсында…
Бір қызығы Қасым аға қайда жүрсе де, қайда барса да уақытты қадірлеген, уақытты (өз уақытын да, өзгенің уақытын да) ысы­рап етуді жек көретін еді. Әңгіме ұзаңқырап, өсек дейтін көкезу төбе көрсете бастаған жерде отырмайтын. Әуелі қасында отыр­ған­дарға қаратып: «Не деп отыр? Сөзі біте ме, жоқ па?» – деп, естірте, дауыстаң­қырай­тын. Онысы – болды, тоқта, дегені… Болмаса, үн-түнсіз жан-жағына ажырая қа­рап, орнынан тұрып; «Ал, сау болыңдар!» – деп есікке беттеп, шығып жүре беретін. Қасым ағаның осы мінезін жақсы білетін үлкен-кіші әріптестері ол кісі отырған жер­де бейауыз әңгімеге жол беріп, «уақыттың сорына» отырмайтын.
Қысқа сөйлеу, ойын нақты айту – аға болмысының бір қыры мен сипаты еді. Мен бірге болған жылдар ішінде бұған көзімді сан жеткіздім. Қонақта болсын, жиында болсын, жеке кездесулерде болсын: «Әй, дарагөй», Ойыңды қорыту керек! Қорытып барып айту – парыз» – дегенін сан естіп, іштей сол мінезіне риза болушы едім.
Аға 85-ке толған бір сәті есіме түсіп отыр.
Президент әкімшілігімен келісіп, қаһарман қаламгердің мерейтойын атау керек деген тоқтамға келдік. Ағамен жо­лық­тым. Жиын жайын әңгіме етіп, пысықтадық.
– Аға, жиынды Әуезов театрында өткіз­сек… Қалай қарайсыз? – дедім ойымда еш күмәнім жоқ.
– Қой, қарағым. Театрың не?
– Әуезов театрында…
– Мен әртіс емеспін ғой. Әнші де емес­пін…
– Мерейтойға салмақ керек, – деді ілесіп барған Талаптан інім.
– Мерейтой маған салмақ қосар дермісің… Өзіміздің Жазушылар Одағы тұрған жоқ па? Сонда өткізейік. Мен үшін ағаларым жүрген Одақ залынан киелі төр жоқ… Сонда… Өткізейік!.. – деді қайран аға.
Біз үнсізбіз.
Қаскең үнсіздікті өзі бұзды.
– Кейін… Мен бақиға аттанарда да сүйегімді басқа жаққа саудырлатып сүйре­мей, сол үйден шығарғандарың жөн… – деді нығарлай сөйлеп.
Өзі кезінде ұйым ғимараттарының қай­тып оралуына көп күш шығарып, шарша­май, шалдықпай жүріп араласқан ағаның аманатын-өтінішін орындап, торқалы тойын да, топырақты өлімін де осы Одақ ғимаратында атқарғанымыз еске түсіп отыр.
Бір жолы дәстүрлі Жеңіс күнін атап жаттық. Төраға кабинетінде ию-қию майдангерлер… Іштеріне «ел қонған» ағалар бірін-бірі тыңдау азайыңқыраған бір сәтте кабинет есігін шалқайта ашып, Қас­кең кіріп келді. Қаһарманын көрген май­дангер-ағаларым бытырлата қол соғып, төрден орын ұсынды. Қасым аға ұсынған жерге жайғасты да жан-жағына барлай қарап, маған бұрылды: «Бастық! Мыналар­ды үйді-үйіне көтеріп апарасың ба? Қайтесің?» – деп ақсия күлді. «Северное сияние» жасайық та, қайтайық! Дара­гөйлар!» – деді. Дауысынан әскери тәртіппен «айттым-бітті, кестім-үзілді!» деген кесімді сөз жатқандай көрінді.
– Қасым ағаның сөзі – бізге заң, – деді Қалмұқан Исабаев: – Приказ! К обсуж­дению не подлежит!
Арада көп өткен жоқ… «Қайтсақ-қайтайық» дегендей әлгінде гуілдесіп отырған майдангер көкелерім сап тиылып, Қасым ағаның «Северное сияниесінен» соң тарай бастады. Сөйтсем… Отырғандардың жасы үлкені де, жолы үлкені де Қасым аға екен.
Міне…
Үлкені кішісіне қандай сәтте де сөзін өткізіп, кішісі үлкенін қандай сәтте де тыңдай білер кешегінің қайран кең мінезді, кенен ағалары-ай, деп ойлайсың іштей.
Осының өзі… Ұлт тұтастығын сақтау мен кісілік келбетімізге шаң қондырмаудың ұрпақ үшін аса қажет үлгі-мектептеріміздің бірі емес пе?!
Қасым Қайсенов…
Өмірде де кез-келген қоғамдық ортада да, биікте де, еңісте де халық жүрегінен шы­ғар, ел ойын дөп басар сөзді айта біле­тін, сол сөзге тыңдаушысын ұйыта білетін шешен тілді, көсем мінезді кісі еді. Ол кісі сөзін аса әсірелеп, әрлеп жатпайтын. Барды бардай, жоқты жоқтай кесіп айта­тын… Сол мінезі халыққа, қара орман қазақ жұртына ұнайтын. Қатты ұнайтын!
Менің есіме…
Қасым ағамен болған өмір үзіктері түсіп отыр.
Бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Ол естеліктердің қай-қайсысы да еңбек етіп, тер төккен, шығармашылықпен айналы­сып, туған халқына өрнекті ойы мен сабыр­лы сөзін айта білген кемеңгер бітімді тұлғаның болмысын аңғаруға, қиын кезде қаймықпай жауға шауып, қарсы келген дұшпанын баяғының қайсар, қаһарман бабаларындай жер жастандырған жаужүрек батырдың жаратылысын тануға себі тиері анық.
Қазақтың байтақ сахарасында аты аңызға айналған партизан-жазушы, Алаш­тың ақ жүрек, адал ұлының табаны­ның ізі түспеген жер жоқ десе де болады. Өйткені біз білетін Қасым аға Алтайды қалай бар ынты-шынтысымен беріле, перзенттік махаббатымен сүйсе, асқақ Алатауды да, айдынды Атырауды да, сайын Сарыарқаны да солай қазақы болмысымен, азаматтық бітімімен сүйген. Сондықтан Қасым Қайсеновтің ізі қалған жердің бәрінде береке мен бірліктің көк орманындай бо­лып елін, жерін сүйетін рухы мықты, жа­лыны мол жас ұрпақтың қаулап өсері анық.
Қасым Қайсенов есімін еске алғанда жан алысып, жан беріскен екінші дүниежү­зілік соғыстың азабы мен тозағын көбірек тартып, топырағында миллиондар­дың мүрдесі жатқан кәрі Еуропаның қасірет кешкен қара ормандарына тіл біткендей болады. Әсіресе ежелгі славян жұртының бесігі болған – Украинаның сыңсыған ормандары сыбырласа тебіреніп, Карпат­тың қалың жыныстары «Вася» (Қасым Қайсеновтің украин елі қойған аты) есімді өлімнен сескенбейтін, жүрген жерінде жауларына үрей төндіретін қазақтың қара баласын әлі де іздейтін көрінеді.
Жә!
Бұл бір айтса аяғына жету қиын ерлік хақындағы дастандардың жалғасы секілді әңгіме ғой…
Қасым Қайсенов өмірден озғалы он бір жылдан асты…
Қасым Қайсеновтің түсіне маза бермей, құдды өңінде көргендей қан кешіп жүретін өрімдей жастардың өмірін қиған адамзат тарихындағы ең ұлы соғыстың – екінші дүниежүзілік қырғынның аяқталғанына да, міне, бұйырса, үстіміздегі жылы 75 жыл толады.
Қасым Қайсеновтің өзі ортамыздан кеткенімен оның өз заманы, өз қайғысы мен өз қасыреті жайлы айтқан сөзі, жазған кітаптары – елінің жүрегінде, халқының санасында!
Иә…
Дәуір өтті…
Бұл – тұрлаулы тарихтың тілімен айтқанда «өткен өмір – аққан су» секілді уақыттың ақиқаты.
Мына жарық жалғанды біздерге аманат­тап, өздері ана шын дүниеге – бақи­лық дүниеге аттанғандар арасында өткен дәуірді ұмыттырмай, Ой, Сана төрін жаңғыр­тып отыратын ұлылар санатында қазақтың қайсар мінезді батыр ұлы, қайталанбас тұғырлы тұлғала­рының бірі – туғанына биыл 100 жыл тол­ған Қасым аға Қайсенов те барын естен шығармауға тиіспіз.
Өйткені, ол – өз дәуірін жүрегімен арқалап, ерлігімен қашаған дәуір бітімді тұлға!

01.05.2018 жыл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір