Орбұлақ: ұлт жеңісі, ұрпақ мақтаны
27.04.2018
2738
0

Өзбекстанға Қазығұрт ауданы арқылы өтетін халықаралық күре жолдың бойындағы жотадан бабалар рухы асқақтап қарсы алады. «Бабалар рухына тағзым» кешені, Ұлы Отан соғысына қатысушылар ескерткіші тұрғызылып, Жастар саябағы ашылғаны кешегінің оқиғасы десек, ендігі таңда осы маңда Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің айбынды бейнесі менмұндалап тұр. Үлкен кешен ішіндегі бір белгі мен екінші белгіні жалғайтын жолдың өне бойына Абайдың қара сөздері тасқа қашалған. Сәл төменірек түссеңіз, қазақ руханиятындағы беделді тұлғалар отырғызған ағаштар сап түзейді. Кемеңгер Әбіш Кекілбайұлы тіккен самырсын біздің көзге оттай басылды. Еңселі, айбынды. Кешегі таудай бабаларымыз бен бүгінгі биік даналарымыздың бірі беріп, екіншісі туын жықпаған дәстүр жалғастығы деп осындайда айтса керек. 1993 жылы, Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын Панфилов аумағы ауданында күллі қазақ жұртшылығы бөркін аспанға атып тойлап жатқан тұста, дәл осы Әбіш абыз келелі баяндама жасап, тәуелсіздігін енді-енді сезініп жатқан жұрттың еңсесін тіктеген, тарихын түгендеген аталы сөз айтқан болатын. Енді міне, сол шайқастың қос қаһарманы тұғырға қонған мекенде де Әбіш ақсақалдың ағашы Орбұлақ батырларына тағзым жасағандай, өзге жұртқа «айбынымыз осылар ғой» деген сөзді үнсіз ұқтырып тұрғандай…

Рухани ұстын – ұлт өзегі

Шымкент шаһарына ат басын ті­реген дүйім жұрт – арнайы де­л­е­га­ция ең алдымен өңір басшысы тіз­гінін ұстаған келелі жиынға қа­ты­сып, аймақта атқарылып жатқан іс-шаралар легімен танысты. Облыс ба­сшысы Жансейіт Түймебаев: «Ел­ба­сымыз рухани жаңғырудағы ұлт­тық сананың рөліне баса назар ау­да­рып, аса маңызды бірнеше мін­­­­деттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі – ұлттың терең тарихынан бас­тау алатын рухани ұстынды сақ­тап қалу. Тарихтың белестерінен сү­рін­бей өткен құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаң­ғырудың алғышартына айналдыра білу», – дейді ғалымдар, қаламгер­лер, зиялы қауым өкілдері қатысқан бас­қосуда. Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасының бір жылдығына орай өткен бұл есеп беру жиында Ел­басы бағдарламасын іске асыру бойынша Оңтүстік Қазақстан об­лы­сында арнайы өңірлік комиссия мен Сарапшылар кеңесі құрыл­ға­нын білдік. Және бағдарламада атап көрсетілген барлық міндеттер бойынша оңтүстік аумағындағы іс-шаралардың жай-жапсарымен та­ныстық. Елбасы бағдарламасын бас­шылыққа ала отырып, Ж.Түй­ме­баев облыста бір жылдың ішінде ат­қарылған әлеуметтік-мәдени ау­қым­ды іс-шараларға нақты дерек­тер келтіріп өтті. Оның барлығын тәп­тіштеп көрсетіп отыруға газет кө­лемі көтермейтін болғандықтан, не­гізгі барған шарамыз – «Қа­зақ­станның киелі жерлері» арнайы жобасы жайлы айтқан әкім сөзіне арнайы тоқталып өткіміз келеді: «Об­лыс­тағы 104 қасиетті, киелі жер­дің тізімі «Қасиетті Қазақстан» ғы­­лыми-зерттеу орталығына ұсы­ны­лып, 24 нысан Оңтүстік Қа­зақ­стан облысынан республикалық ті­зім­ге енді. Қалған 80 тарихи-мә­дени ескерткіштеріміз жергілікті маңы­зы бар, қасиетті, киелі жер­лердің тізіміне кірді. Оңтүстік Қа­зақ­стан облысындағы киелі орын­дарды дамыту мақсатында 2017 жы­лы жергілікті бюджеттен 314,6 млн теңге қаржы қаралып, то­лы­ғы­мен иге­рілді», – дейді Жан­сейіт Қан­сейіт­ұлы. Одан өзге, ЮНЕС­КО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» ата­лымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасыр­лық 8 ескерткіш туралы тұңғыш рет деректі фильм түсіріліпті. Сайрам ауданындағы «Ханқорған» архео­логиялық қала­шы­ғына археология­лық қазба, рес­таврация және кон­сервация жұ­мыс­тары жүргізіліп, ашық аспан ас­тын­дағы музейі де ашы­латын күн жақын.
Жиынға қатысқан өзге қонақтар да «рухани жаңғыру» төңірегінде сөз қозғап, ұсыныс-пікірлерін біл­дір­ді. Белгілі жазушы, драматург Мар­хабат Байғұт: «Әдебиетті жүйелі нас­ихаттауға жаңаша маз­мұн беруі­міз керек. Ұлттық кодты жаңғырту­дың негізгі қайнар көзі, рухани жаң­ғырудың басты мәйегі – әде­биет. Оны естен шығаруға бол­май­ды. Туған жердің қасиетті то­пы­ра­ғы­ның киесі секілді, әдебиеттің де кие­сін ту етіп ұстауымыз керек. Әлеу­­меттік желінің әлеуетті жақ­та­ры аз емес. Алайда әулекі, әсіреңкі жақ­­тары әдебиетті желпілдетіп, жү­детіп-жадатып барады. Әуезов­тің «Әд­ебиет – мәдениеттің атасы» де­ген қанатты сөзі бар. Мәдениетті бо­лайық», – десе, қаламгер, пуб­ли­цист Нұртөре Жүсіп оңтүстікті ту­ризм Меккесіне айналдырудың жай-жапсарына тоқталды: «Киелі Қа­зақстан» жобасы бойынша ең көп нысан осы Оңтүстік Қазақстан об­лысынан ілініп отыр. Әрине, әр об­лыстың дамығаны жақсы. Бірақ та­биғаты, тарихы, қызмет көрсету са­пасы да ерекше өңірлердің бірі – Оңтүстік Қазақстан. Жыл он екі ай қонақ үзілмейді. Сондық­тан, туризмді дамытамыз десек, осы аймаққа айрықша көңіл бөлген дұ­рыс», – деген пікірін ортаға сал­ды. Академик Дихан Қам­за­бек­ұлы: «Оңтүстік Қазақстан – бүкіл Қа­зақстанның моделі. Мұнда біздің ба­баларымыздың сүйегі жатыр. Түр­кіс­тандағы Қожа Ахмет Иассауи ке­­­се­несінде қазақ хандары жер­лен­ге­нін дүниежүзі біледі. Оңтүстікте қа­­сиетті Қазығұрт тұр. Мұның бәрі – миф, фольклор емес, бүгінгі күн­нің шын­дығы», – дейді.

Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы

Оңтүстік Қазақстан облыстық әкім­дігі, Мәдениет және спорт ми­нистрлігі, Шоқан Уәлиханов атын­да­ғы Тарих және этнология инс­ти­туты, Мұхтар Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті мен «Жеті жарғы және Қо­жаберген жырау» халықаралық қо­ғамдық қайырымдылық қоры­ның ұйымдастыруымен «Ұлт тари­хын­дағы Орбұлақ шайқасы: ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» ат­ты халықаралық ғылыми-тео­рия­лық конференция ерекше екпінмен өтті. Конференцияны ұйым­дастырушы «Жеті жарғы және Қо­жаберген жырау» халықаралық қо­ғамдық қайырымдылық қоры­ның төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараев құттықтау сөзімен ашты. «Конференция Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­­лашаққа бағдар: Рухани жаң­ғыру» мақаласының жариялан­ға­нына бір жыл толуына орай ша­қы­рылып отыр. «Рухани жаңғыру» идея­сын бү­кіл халық қолдап, оны жү­зеге асыру­ға белсенді атсалысып келеді. Бү­гінгі алқалы жиынның ұйым­дас­тырылуы да, ата-бабаларға ке­шенді мемориалдық ескерткіш ор­нату да осының дәлелі болса ке­рек. Жалпы өткен бір жылда қыруар жұ­мыстар ат­қарылды. Мұнымен то­қ­тап қал­май­тынымыз анық», – де­ді Б.Тұр­ғараұлы құттық­ау сөзін­де.
ҚР Ғылым академиясының ака­демигі, химия ғылымының док­торы М.Жұрынов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы, заң ғылымының док­торы, профессор Қуатжан Уәлиев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­нология институтының дирек­то­ры Зиябек Қабылдинов, И.Арабаев атын­дағы Қырғыз мемлекеттік уни­верситетінің ректоры, тарих ғы­лым­ының докторы, профессор То­лобек Абдырахманов, Қазақстан Елтаңбасының авторы, сәулет өне­рі­нің профессоры, Қазақстанға Ең­­бек сіңірген қайраткер Жан­дар­бек Мәлібеков, ҚР Парламенті Се­на­тының депутаты, «Ауыл» ха­лық­тық демократиялық-пат­риоттық партиясының төрағасы, экономика ғылымының кандидаты әли Бектаев жиналған қауымды құттық­тап, конференция жұмы­сына сәт­тілік тіледі.
Орбұлақ шайқасы туралы жіті зерт­теп жүрген белгілі жазушы Бек­сұлтан Нұржекеұлы: «…Біздің бү­гінгі жиы­нымыз «Рухани жаңғыру­дың» ая­сында өтіп жатыр. Жаңғыру деген өт­кенге оралу ғой. Осы отыр­ған бә­ріміз Арыс деген бабаның ұр­пақ­тары­мыз. Қазақ ол кісінің шын аты Ан-Арыс дейді.
Ал Геродот Анахарсис дейді. Үл­кен ауылды Ақ Арыс, орта ауыл­ды Жан Арыс, кіші ауылды Бек Арыс дей­ді. Сол кісінің алты бала­сы­нан та­раймыз. Екі баласы өмір­ден өт­кен­нен кейін төрт баласының ұрпақ­тары тіршілік жасап жүрміз. Сол дәуірден жеткен бір ұлағатты сөз бар. «Алтау ала болса, ауыздағы ке­теді, Төртеу түгел болса, төбедегі ке­леді». Мұның түбі – бірлік. Одан бергі Түрік қағанатының заманында «Түрік халқы үшін ащы те­рімді төктім. Қызыл қанымды төк­тім. Күн ұйқтамадым, түн ұйқ­тамадым», – дейді Күлтегін. Не үшін? Арыс ұрпағының бірлігін сақтау үшін. Шыңғыс хан: «Біздің ха­лықтың жа­уы, жердің үстінде жүр­геннен гөрі жердің астында жатқа­ны жақсы. Біздің төңірегімізде, бізге қауіп кел­тіретін ешқандай мемлекет болмауы керек. Біз сол үшін ел қор­ғауы­мыз керек», – дейді. Мақсаты не? Халық­ты, бірлігін сақтау. Одан беріде «Қасым ханның қасқа жолы» бар. Ол не қылған жол? «Ұл – әкесін, қыз – шешесін сыйлауы керек. Кіші – үлкенді сыйлауы керек. Қара – ханын, Ханы – халқын сыйлауы ке­рек. Сонда біздің ел­де бірлік болады», – дейді. Демек, мем­лекет бірлігі отбасынан баста­латынын меңзеп отыр. «Есім ханның ескі жолы» дейді. Ол неге ескі жол? Ол ата-бабаның әлімсақтан келе жат­қан жолын сабақтастыру бо­лып табылады. «Біз сапалы халық болуы­мыз керек. Жеті атаға дейін ұр­пақ біріне бірі үйлен­бейтіні содан қалған. Бұл туыстық­тың белгісі». Бұл бұрыннан бар әдеп-ғұрыпты Тәукенің Жарғымен бе­кі­туі­нің мәні сон­да. Кешегі Алаш­орда арыстары мемлекеттік бірлік­ті алға қойды. Бірақ жүзеге асыра алмады. Соны жү­зеге асыратын ұрпақ біз болып отырмыз. Сондықтан жаңғыру деген ата-бабамыздың тегіне келу деген сөз. Ал енді осы ұлы бірлікке үлгі бол­ған Орбұлақ шайқасы қайдан шық­ты? Бұрын білмеуші едік қой. Мұның үш түп дерегі бар. Басқа­лары соған негізделген. Олардың ішін­де аңызы да бар. Аңыз деген та­рих емес, ол та­рих­қа құрмет, соны дәріптеу. Ең бірін­ші дерек 1644 жылы ақпан айын­да Тобыл әскер басы Куракинге Орбұ­лақ шайқасын баяндаған орыстың екі елшісі Гавриил Ильин мен татар Кучем­бердиевтерден қалған. Екеуі 1643 жы­лы наурыз айының аяғында Батыр қон­тайшының Еділ бойын­дағы Қа­райғыр деген жердегі ордасы­на жыл­дық жалақысын беруге бара­ды. Қай­дағы жалақы? Көрдіңіздер ме, орыс па­тшасы Батыр қонтай­шыға жа­лақы беріп жіберген. Демек бұл – ымыра. Олар: «Біз жеткенде қоңтай­шы 50 мың әскерімен Жәңгір хан мен Жа­лаңтөске қарсы аттанып кетіп­ті», – дейді. Соғыс әлі біткен жоқ. Бірақ елшілер оның кіммен соғыса­ты­нын біліп отыр. Демек бұл әріден дайындалған. Елу мың қолды елу күнде жинай алмайсың. Қалмақтар 1640 жылы бірігу құрылтайын өт­кізген. Сол әскер бірігу құрылтайы­ның жемісі. Қоңтайшы үш жылдан кейін қазақтан кек алу керек деген. Елші­лер: «Біз төрт ай күттік. Олар Илья күнінде оралды», – дейді. Орыс­тар­дың күнтізбесі бойынша Илья күні шілденің жиырмасы болады. «Содан кейін біз оның қасында екі ай болдық. Сөйтіп Тобылға он бір айда зорға жет­тік», – дейді.
Орбұлақ шайқасы болған жер­­ді 1975 жылы көрдім. Сол жер­де туып-өскен адаммын. Бұл жер бұрыннан Ордың бұлағы деп аталып келді. Неге Ордың бұлағы? Ор­дың қасында үш-төрт бұлақ бар. Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы мере­кесіне сол кездегі Премьер-ми­нистр Терещенко өзі барып, қазақша сөйлеп ашты ғой. Сол кездегі Үкімет қаулысында «Орбұлақ шайқасы» деп беріліпті. Содан бастап Орбұлақ шайқасы деген атқа ие болып, тари­хи айналымға түскен…», – деген пікірін ортаға салды.
Жиында алғашқы болып сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев: «Бұл кон­ференция Елбасымыздың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасының бір жылдығы ая­сында Орбұлақ шайқасына 375 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Мем­лекет бас­шысы Нұрсұлтан Назар­баев: «Та­рихты танып, зерделеу керек. Тарих­ты таразылау қажет. Сонда тағ­дырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың» деп шегелеп айтқан еді. Біз өтке­ні­мізге құрметпен қарап, болашағы­мыз­ға сеніммен көз тіккен халықпыз. Осын­дай тарихта ерекше іс қалдыр­ған қазақ халқы үшін азаттық жо­лындағы тарихи жеңістердің бірі – Орбұлақ шайқасы. Орбұлақ шайқасы – ұлттық тарихтың жауынгерлік даңқ шежіресінде ерлік пен қаһар­ман­дықтың өнегесі болып айшық­та­лып қалды. Бұл – қазақ жасақ­тары­ның ойрат басқыншыларына қарсы ымы­ралықпен тоқсауыл берген шай­қас­тарының бірі. Сондықтан шай­қастың ел тарихындағы маңызы ерек­ше. Қазақ жауынгерлері ойрат­тардың әскерін Орбұлақ тұсында тоқтатып, оның бір бөлігін жойған. Бұл оқиға бірлік пен ынтымақ бар жер­де алынбайтын қамалдың жоқ екендігін дәлелдеп отыр», – дейді.
Мәдениет және спорт министр­лігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев: «Қазақ даласының қай жері де киелі. Ата-бабаларымыз қарыс­тай жер үшін қасық қаны қалғанша шай­қасқан. Солардың арманы бол­ған тәуелсіздік жаңа мүмкіндіктерге кеңінен жол ашып берді. Алтайдан – Атырауға, Арқадан – Алатауға дейін ұшса құс қанаты, шапса тұл­пардың тұяғы талатын сайын да­ла­сы, сағымды сахарасы қайта тү­леп жатыр. Сондықтан өткен тарихты мұқият зерделеу арқылы кемел бола­шақ­қа көз тігіп отырған жері шұ­рай­лы, тарихы шырайлы Шымкент жерінде мұндай басқосудың өтіп отырғаны заңды құбылыс деп баға­лауымыз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан бір жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сы еліміздің өміріне жаңаша сер­пін, тың мазмұн берді. Елбасы ХХ ға­сыр­дағы батыстық жаңғыру үлгі­сінің бүгінгі заманауи болмысына сай келмеуінің сырын ашып көрсетті. Әлемнің басқа елдерінің тәжірибесін зерделей келе әр қоғамның өз тамы­ры, тарихының тереңінен бастау ала­тын рухани коды болады деген тұ­жырым жасады», – дей келе, Ор­бұ­лақ шайқасының мән-маңызына да арнайы тоқталып, «Мәдени мұра» бағдарламасын да тілге тиек етті.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік мемлекеттік универ­си­те­ті­нің профессоры, философия ғы­лымының докторы Амангелді Айталы: «Батыр бабаларымыздың ұрпағы – біз, қазақтар, бүгін кімбіз? Біз­дің болмысымыз қандай деген сұ­рақ туындайды. Сол батырлық қа­сиет сабақтасып, күні бүгінге дейін келді ме? Орбұлақ шайқасы бізді бүгін әртүрлі ойға жетелейді. Біріншіден, тарихи оқиғаның болғаны ешқандай күдік туғызбайды. Екіншіден, тари­хи оқиға әртүрлі деректерде, мәтін­дерде мойындалып, елдің та­рихи жадында сақталған. Үшінші, оқи­ғаның тарихи негізінде ғылыми айна­лымға түсуі, әдеби шығар­малар­ға арқау болуы, халық санасының арқауы болуы керек. Орбұлақ шайқа­сын саралағанда, Лев Гумилевтің тео­риясы еске түседі. Бұл теория бойынша ұлттың пайда болуы ұлт этногенез теориясы бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші кезеңді материалдық және рухани күш жинау кезеңі немесе императив дейді. Бұл кезең қазақ халқының хандыққа дейінгі кезеңі бол­са керек. Екінші кезең, осы пас­сио­нарлық кезең. Бұл – ұлттың тари­хи сахнаға шығуы. Тағы да бір та­быс, тағы да бір жеңіс, тағы да бір ғимарат деп, табыстан – табыс­қа, жеңістен – жеңіске жетеді. Бірақ ұлт осы бір пассионарлық құл­шынысты әр уақытта ұстап тұра ал­майды. Сондықтан үшінші кезең бас­талады. Оны сұйылу кезеңі дейді. Бұл тұста ұлт өткенін ұмыта бас­тайды. Ұлттың болашағын ойла­май­ды. Оны білгісі келмейтін ұрпақ келеді. Олар өздері үшін ғана өмір сүріп, қарабастарының қамын ғана ойлайды. Тоғышарлық психология күш алып, бұрынғы ұлттық мұра шашырай береді. Төртінші кезең – футиризм. Бұл кезеңде ұлт тарихын ұмытады. Сондықтан бұрынғы арман бұлдырай бастайды. Бесінші кезеңде ұлт, тіл, дін, қоныс өзгере бастайды. Бұрынғы ұлы далада тұрған қазақ қалаға шоғырланады. Бірте-бірте басқа ұлтқа айнала бастайды. Енді осы бес кезеңді айтқанда бүгін біз қай кезеңдеміз деген сұрақ өзінен-өзі туады. Бұл – Гумилев теориясы. Сон­дықтан, өте қиын сұрақ. Қазақ хал­қының бойындағы мінез, қасиет­тер Салқам Жәңгір заманындағыдай пассионарлық шабыт, өскелең биік рух бірте-бірте әлсіреген. Бұл – тек қазақ халқының ғана емес көптеген халықтардың басында бар жағдай. Ұлтқа дем беріп, рухтандырушы Сал­қам Жәңгір секілді, Әлихан Бөкейхан се­кілді пассионарлақ тұлғалар көрін­бейді. Қазақ талай қасірет шегіп, талай рет тауы шағылды. Тәуел­сіз­дік келді. Біз қазір тарихи жауап­кер­шілік алдында тұрмыз. Бүгінгі қазақ – бұрынғы қазақ емес. Біреу өте бай, біреу бай. Біреу орта, біреу ортадан төмен, біреу кедей, біреу өте кедей. Солай күн көріп жатырмыз.
Ел шетіне жау келсе, Салқам Жәң­гір секілді, Жалаңтөс секілді ба­тырлар шыға ма қазақтың ара­сы­нан? Иншалла, шықсын. Бірақ мил­лиард­тарын шетелде ұстайтын топ­тың ойы бөлек. АҚШ президенті Томас Джефферсон: «Коммерсант­тың отаны жоқ» деп айтқан екен. Елдің басым көпшілігі даурықпай от­басын бағып, Үкіметке қол жай­май еңбек етіп жатыр. Міне, пат­риот­тар – солар. Жерді, елді, тілді қор­ғайтын да осылар. Байлардың барлығы Бекет Тұрғараев секілді меце­нат емес қой. Ақшалы адамдар да ел шетіне жау келсе, олар да елді қорғай біледі. Сол сияқты қарапайым халықтың ішінен де сатқындар шы­ғар. Өйткені ондайлар жоңғарлармен соғыс заманында да болған. Ең басты мақсат – мына жаһандану заманын­да халықтың рухын сақтап қалу. Сон­дықтан рухани жаңғыру дегені-міз – бүгінгі заманда елдің тұтас­тығы, елдің бірлігі. Қазақты елге, жер­ге бөлу­ге болмайды. Кейінгі ұрпақ­тан пас­сионарлық тұлғалар шы­ға­тынына сенімім мол. Неміс фи­ло­со­фы «Та­рихта адамдар көр­­мей­тін бір жіп­тер болады. Ол жіп – са­бақтас­тық. Ол – алтын жіп», – деген екен. Орбұлақ заманы мен бүгінгі заманды жалғастыратын алтын жіп бар, ол – рух. Ол – біздің тарих. Сондықтан алтын жібіміз мықты болсын. Еліміздің рухы өсе берсін», – деп, баяндамасын аяқтады.
Ғалым, мемлекет және қоғам қай­раткері Өмірзақ Озғанбаев өз сөзінде Орбұлақ шайқасының деректері мен зерттелу мәселесіне тоқталды. «…Қоңтайшының қазақ­тар­ға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың жазының ортасына дейін созылады. Жоңғарлар Тянь-Шань қырғыздары мен Жетісу елінің қазақтарына қыр­ғидай тиіп, қырғынға ұшыра­тады. Мыңдаған тұтқын Жоңғарияға жөнелтіледі. Жорықтың алғашқы кезеңіндегі жеңіске масайған қоң­тай­шы қазақ жеріне ентелеп, дендеп кі­ре бастайды. Дәл осы кезде Жәңгір хан жауды Орбұлақта қарсы алуға кі­ріседі. Ол жоңғар әскерінің саны, ба­ғыт-бағдары мен жоспары жө­нінде үнемі хабардар болып отырады. Мұны Жәңгірдің Хунделен тайшымен достығының нәтижесі деуімізге де бо­лар. Жәңгір сұлтан барлау мәлі­мет­­терін ұтымды пайдаланып, жауға қарсы тұратын ыңғайлы, ұрым­тал жерді де көрегендікпен тал­дайды. Жауды шырғалап, тар қысаңға кіргізеді. Әртүрлі амалдар­мен тосқауылдар қойып, олардың әлсіз тұстарын дәл табады. Бірнеше апта бойы тар жерге кептеліп, қа­малған жаудың қалың қолын қазақ сарбаздары үздіксіз шабуылмен ти­тық­татып, орасан зор шығынға ұшыратады. Жәңгір бастаған қазақ қолы Орбұлақтың қия беткейіндегі 600 қойтасты паналап, ор қазып алып, жауын улы жебемен қарсы алады. Сонымен қатар Сасықтекенің тү­тінін де пайдаланады. Улы жебе­мен жауын сеспей қатырса, сасық­теке деген гүлді суға қайнатып, оған шүберек малып кептіреді де, от тұ­та­тып, жел жақтан улы түтін жі­береді. Соғыс өнері хақында А.Лев-шин: «Ол ашық шайқастан қашып, аздаған адамдарының бір бөлігін екі таудың арасымен сайға орналас­тырды. Олар жерді терең етіп қа­зып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгерлердің екінші бөлігі тау­дың арғы жағында тығылып отырды. Жоң­ғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады. Көп адамынан айы­рылған соң, оларды қоршап алуға алаңның тарлығы мүмкіндік бермеді. Сол кезде Жәңгір олардың ту сырты­нан шабуылдады. Ойламаған жерден болған соққының әрі жауынгерлердің батылдығының арқасында, мылтық­та­рының өте сапалы болуынан Ба­тыр қоңтайшыға қатты соққы бер­ді», – деп жазған еді. 1643 жылғы Орбұлақ шайқасында қалың қолмен жеңіліс тауып, абыройдан айырылған Батыр қоңтайшы 1652 жылғы жо­рықта қалай болса да Жәңгір ханды өлтіріп, кек алмақшы болады. Сол үшін де ол арнайы мерген- садақшы­лар­дан адамдар даярлап, оларға ұрыс­тың қызған кезінде қазақ ханы­ның жанына мүмкіндігінше жақын барып, өлтіруге тапсырма береді. Осы­лайша, ерлігімен, ақылымен, елі­не деген шексіз адалдығымен артына өшпес із қалдырған, халқы үшін жау­ларымен алысып, арпалысып өткен қа­зақ ханы – Жәңгір хан нағыз ер­лер­ше, хас батырлардай қан май­дан­да шаһид болады. Орбұлақ ша­й­қа­сында қазақ хандығының әскери өне­­рінің тарихында тұңғыш рет оқпана (окоп) қазып соғысу сынды әдіс-тәсіл қолданылды. Қазақ ше­жі­релерінде және халық аңыздарында соғыс Қосқолаң тауының етегінде Орбұлақ өзенінің бойында болған. Мұн­дағы соғыс өнері ежелгі Грекия­дағы 300 спартандықтардың жауды жеңу техникасына сай келеді. Бірақ Жәңгір бастаған қазақ қолының ерлігі спартандықтардан да асып түскен. Тарихта атақты Леонидтің 300 әскермен парсының 120 мың қол­мен шайқасқаны жайлы дерек бар. Атал­мыш шайқаста да Жәңгір хан­ның әдіс-тәсілі бойынша жауды тау ортасындағы сайға тығып ойсырату амалы пайдаланылған екен. Енді қа­зіргі таңда бұл шайқастағы ерлік аңызға айналып, бүкіл әлемге әйгілі бо­лып отыр. Голливуд бұл жөнінде 3 ци­клді фильм де түсірген. Бұл да ұлы ер­лікті насихаттауға қосылған үлес. Қазақ тарихындағы Орбұлақ шай­қа­сының өзіндік орны да ерекше. 1993 жылы, яғни осыдан 25 жыл бұрын осы тақырып ел көлемінде еске алынып, Үкі­меттің арнайы шешімімен Ор­бұ­лақ шайқасының 350 жылдығы ата­лып өткен болатын. Содан бері 25 жыл өтті, тәуелсіздіктің 25 жы­лы­нан да астық. Осы жылдар ішінде туып, есейіп, түлеген буынның өзі 25-26 жасқа келді. Олай болса, тәуел­сіздік тағылымын ерлікпен же­тіл­діріп, ұрпақ санасына сіңірудің мән-мағынасы төтенше терең. «Ор­бұлақ шайқасының» 375 жылдығын атап өту жайында Үкімет биыл да арнайы шешім қабылдады.
Дәл бүгінгі күні Орбұлақ шай­қа­сы­ның 375 жылдығы арқылы – кон­фе­рен­циялар ұйымдастыру, кітап­тар шығару, жиналыстар өткізу, ел­дімекендер мен көшелерге аттар беру, ескерткіштер қою сынды әр­түр­лі шаралардың атқарылып жат­қаны бізді қуантады. Осы бір тарихи оқи­ға мен ондағы ірі тұлғалар бейне­сін мәңгілікке есте сақтау үшін Сал­қам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрдің ес­керткіштері мен «Талдықорған өңі­рі­нің тарихи-киелі орындарының» қа­тарына енетін Алматы облы­сын­дағы «Орбұлақ шайқасы» болған орын­ның ескерткішін де Елбасы бас­таған «киелі жер» ұғымына бай­ла­ныс­ты «Қазақстанның қасиетті жер­лері» тізіміне кіргізіп, арнайы қор­­ғауға алу лазым. Сонда ғана ол ел­дік­тің еңселі ескерткіштерінің бірі ретінде мәңгілікке қала береді», – дейді Өмірзақ Озғанбаев. Өзбекстан рес­публикасы Самарқанд мемле­кет­тік университетінің профессоры, та­рих ғылымының кандидаты Эр­кин Мусурманов «Самарқанд – Ре­гис­тан әлемдік өркениеттің алтын қа­зынасы, Жалаңтөс баһадүрдің ерл­ік еңбегінің тарихи маңызы» ат­ты баяндама оқып: «…Баян­да­мам шығыстық түркі ғажайып ғи­мараттарын салушы, Самарқан­ның бас­шысы Жалаңтөс баһадүрге арнал­ған. Тарихта Самарқанд туралы аз айтылып жүрген жоқ. Соның негіз­гісін айтсам, Өзбек­станды әлемге та­­нытатын Регистанды салдырған Жалаңтөс туралы материалдар біз­де аз. Өзбекстан бейнесін көрсет­кен кез келген фотосуретте Регистан бар. Суреттер БҰҰ-ның штаб пәте­рінде де ілулі тұр. Ал оны тұрғызған Жалаңтөс баһадүр туралы бізде жа­зыла да, айтыла да бермейді. Ол ту­­ралы ақпарат мүлдем аз десек те бо­лады. Жалаңтөс баһадүр туралы бізде материалдар аз болғанымен қа­зақ бауырларымызда ол туралы ғы­лыми деректер көп екен. Және оны халыққа танытуда үлкен жұмыстар істелінгені көрініп тұр. Оған бүгінгі кон­ференция да дәлел бола алады. Қа­зақстанда Жалаңтөс атында елді ме­кендер бар, Қызылорда облысында ескерткіші қойылған, Самарқандта, Се­мейде, Павлодарда оның атына кө­ше беріліпті. «Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға» атты жи­нақты қарап шықтым. Сол кітаптан Жалаңтөс туралы көптеген қызық­ты материалдарды көріп, біразымен таныстым. Самарқандқа барған соң осы кітаптағы деректер бойынша сту­денттерге бірнеше тақырыпта дип­лом жұмыстарын жазуға бере­мін», – дейді.

Бабалар рухына тағзым

Іс-шараға жиналған зиялы қауым өкілдері, Қазақстанның әр өңі­рінен келген арнайы делегация, жал­пы тілекші қауым Салқам Жәң­гір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің ес­к­ерткішін салтанатты түрде аш­ты. Шара барысында сөз алған қо­ғам қайраткері Қуаныш Айтаханов: «Бү­гін біз ерекше оқиғаның куәсі бо­лып тұрмыз. Елбасымыздың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді орын­дау жолында игілікті істің көп атқа­рыл­ғанын көзіміз көрді. Жаңғыру – жаңару деген сөз. Жаңғыру бол­ған жерде рухани жаңарамыз. Біз­ грек тарихын, рим та­рихын, орыс тарихын көп оқыдық. Ірі көтерілістерін де жаттап өстік. Бірақ қазақ халқының тарихынан ешқандай хабар болмады. Тарих оқу­лықтарына да қазақ тарихы ен­гізілген жоқ. Бұл – тоталитарлық сая­саттың жемісі еді. Тәуелсіздіктің ар­қасында өз тарихымызға терең үңіліп, ақтаңдақтардың бетін аш­тық. Рухани жаңғыру бағдарламасы – елге үлкен серпіліс әкелді. Елі­міз­дің үлкен азаматының бірі, меценат, ға­лым, тарихшы Бекет Тұрғараев осы­ған ерекше мән беріп жүр екен. Сол себептен, Бекетке рақ­мет айтқым келеді. Ары-бері өткен жұрт­тың бәрі екі қаһарманның ес­керт­кішіне көз тоқтатпай өте ал­май­ды. Күре жолдың бойында орын теп­кен еңселі ескерткіш ел рухын ас­қақтатып, мәртебесін биіктете тү­седі. Бұл тарих – бәрімізге үлгі, бәрі­мізге сабақ болуы тиіс», – деді.

Айта кету керек, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хат­шы­сы Гүлшара Әбдіқалықова­ның тап­сырмасы бойынша Ұлы Жеңісті той­лау ҚР Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің бұйрығымен бекі­тілген «2016-2018 жылдары өткізі­ле­тін мерейтойлар мен атаулы күн­­дердің тізіміне» енгізілген. Та­рихи маңызы зор шайқастың бары мен жоғын түгендеу ісі осылай бас­талып та кетті…

Қарагөз Сімәділ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір