Найзасы мен Музасы қос қолында, Батырлық пен ақындық менің тегім…
Қабылқақ КҮЗЕМБАЙТЕГІ
Қоштасу
Жүйрікке міндім, жүйткідім,
Жорғаға міндім, жоқ арман!
Өлгісі келмес «мықтының»,
Бәрін де жұтып жер алған.
Пәниге келген қонақпын,
Бақиға қайтам, көшемін.
Өлшеулі өмір шолақ тым,
Пенделігімді кеш елім!
Қолға алдым, қалам асығыс,
Ойға алып, қатаң заң барын.
Бауыры – жаз, басы – қыс,
Қош бол, тауыс заңғарым!
Жан анама теңеймін,
Шықпайтын әсте есімнен.
Анам демей не деймін?
Қош бол далам көсілген!
Өлерін білмек анық кім,
Білерім менің алдым құз!
Құласам – қош бол, жарық күн,
Сырласым, досым ай-жұлдыз!
Арман
Ызғарына тоңдырған,
Уларына тойдырған,
Шыныққанмын шымыр боп,
Жұдырық жеп тағдырдан!
Жығылмай жеттім жетпіске.
Толтырып талай дертті ішке!
Ар-ұятым аман-сау,
Ермедім сайтан ерткішке!
Жандырып жүрек алауын,
Көтердім намыс жалауын.
Көшірсем дедім өлеңге,
Табиғаттың бояуын!
Қоштасқанша жалғанмен,
Қоштаспаймын арманмен!
Сөзім тірі болса екен,
Өзімді ажал алғанмен!
Өлтірмейді
өлеңім
Қас-қағымның қалқасында,
Ажалың тұр, қорқасың ба?
Екі-ақ қадам қашықтық бар,
Екі дүние ортасында!
Шындық айтсам, тыңдайсың ба
«Түңілтпе» – деп, тулайсың ба?
Бауырым-ай, бабам қайда,
Сол бабамдай шыңдайсың ба?!
Шындық сөзді сыйлайсың ба?
Әлде мойын бұрмайсың ба?
Қу өмірді қимайсың ба?!
Бауырым-ай, тыңда тағы,
Таң атады, күн батады.
Дауыл ұрып, ағаш құлап,
Жүрегімді тулатады!
Көктем өліп, жаз қалады,
Жаз ғұмыр да аз болады!
От өшеді, күл қалады,
Қайда, қайда маздағаны?!
Көгімдегі күнім бар ма?
Көзіңдегі от нұрың бар ма?
Атқан оқтай екпініне,
Уақыт мойны бұрылған ба?!
Қара айнаға, басыңдағы –
Ақ бояуға, шашыңдағы!
Айтшы, жаным қайда кеткен,
Қайран досың қасыңдағы?!
Жә, жетеді, болды өлеңім,
Ол да өледі, мен де өлемін!
Сезім суып, сөзім өлмес,
Өлтірмейді енді өлеңім!
Шын ақындар
Шын ақыны қазақтың аз ба, жаным
Аз ғой, аз ғой алаулап маздағаным.
Көңіл жықпай жинасақ көп қой, тіпті,
Арасынан ауылдың озбағанын!
«Керексізін» тізімнен сызып қойса,
Десе маған алыңыз таңдап бірін,
Ойда жоқта осындай қызық болса.
Ал дегенде, әрине, мақұлдасам,
Өңкей дүрдің жанына жақындасам,
Бас салмаймын біреуін мен де бірден,
Қабырғаммен кеңесем, ақылдасам.
Көңілімді бәрі де түлеткендер,
Көкірегіме хош иіс гүл еккендер.
Япыр-ай, қиналдым ғой, қиналдым мен
Пай-пай, шіркін, бірінен бірі өткендер!
Уызына ананың жарымаған,
Ақын болмас туғанда дарымаған.
Бәрін алам, бір емес бәрін алам,
Көз нұрындай қымбат қой бәрі маған!
Мінезім
Мінезім менің құбылғыш
Жақсыларды көргенде,
Жақсы хабар келгенде,
Қылықты қыздай сызылғыш!
Мінезім менің құбылғыш
Сұмырайды көргенде,
Сұмдық хабар келгенде
Бұлқан-талқан бұзылғыш!
Бұзылып тұрған кезімде
Көкірегіме жиналған –
Ашыған ащы уымды іш!
Сызылып тұрған кезімде
Көкірегіме жиналған –
Бал татыған қымызды іш!
Мен
Көзге қораш көрінген қара шалмын,
Қай асудан кім білсін ары асармын?!
Ермейтұғын өсекке алтын берсе,
Көнбейтұғын қорлыққа кәрі асаумын!
Найзағайды шабытқа шақпақ қылдым,
Өлеңімде оты бар аптап Күннің.
Әділеттің дұшпанын арды аттаған,
Табанымда келеді таптап тұрғым!
Күйге толып кеткенде көңіл төрім,
Келген сөзді көңілге неге іркемін?
Найзасы мен Музасы қос қолында
Батырлық пен ақындық менің тегім!
Бісіміллә…
Бірікпей жүрген ойлардың басын құрасақ,
Шарқ ұрып шабыт шалқыр ма екен сынасақ,
Кеудемізге ғұмыр бұлбұл ұя сап,
Құласақ екен, абыройлы болып, құласақ!
Болсақ екен, бес саусақтың бармағы,
Болып қалмай болымсыз соңғы шынашақ!
***
Мен қазақпын!
(Жұбан Молдағалиевке)
Ойдың нұры жұққан қазақпын,
Сөздің сырын ұққан қазақпын.
Жерұйық жерім – жәннатым менің,
Жәннаттан жұпар жұтқан қазақпын.
Төле, Әйтеке, Қазыбек болып,
Жол тауып сәтте шыққан қазақпын.
Қабанбай мен Бөгенбай болып,
Жауларын көрге тыққан қазақпын.
Қасиет қонған Қажымұқан болып,
Күрескенді жыққан қазақпын.
Абай менен Мұхтар болып,
Шырқау шыңға шыққан қазақпын.
***
Жетелеп жүр бір арман,
Не боларын біле алман.
Қалғысы келмес қиялым,
Аспандап ұшқан қыраннан!
Тыңдасам жаным тыныққан,
«Саржайлау» күйдей, ұйытқан.
Сусындағым келеді,
Шыңыраудағы тұнықтан!
Аршылып көңіл бұлтынан
Айтқым да келер тың-тың ән,
Ұялтпа мені табиғат,
Ұлылардың рухынан!
Қиялға тәтті еремін,
Биікте менің керегім.
Айналып басым құласам,
Армансыз болып өлемін!
Ақығым – әппақ сүт болып,
Пәктігім – таңғы шық болып.
Сары қымыз сусын болсамшы,
Шыныңызға шыр толып!
Жетпіс бір
Өтіп бара жатырсың өткір күнім,
Жетпіс қалып келдің бе, жетпіс бірім.
Бірде естімей, бірде естіп екі құлақ,
Екі көзім азайтты отты ұшқынын.
Жетпіс бірім жеттің бе желіп маған,
Әкем менің сенімен жолықпаған.
Кеселдінің құтылмай кісенінен,
Арғымақтай ақсаңдап арықтаған.
Кәрілік жеңіп, кім білсін кіржиермін,
Қайғы жеңіп, кім білсін тым жүдермін.
Күлкім менен ұйқыдан айырылсам да,
Айырылмай өлеңмен бір жүрермін.
Болар екен жетпіс бір жырың қандай?!
Болса екен жан жадырап, жылынғандай.
Жыр жазбасам жабырқап жасып жүрем,
Күрескенде күштіден жығылғандай.
Уа, Жетпіс бір, жетпіс бір, ұлы асусың,
Ал мінезің бір ақыл, бір ашусың.
Ақбас асқар Алтайдың асылындай,
Елге керек өлеңнің гүлі ашылсын.
Уа, жетпіс бір, жетпіс бір, қарт қонағым,
Ойлы сөзге болшы сен мәрт қонағым.
Хас қыран құс болмаса баптағаным,
Қайтып елдің алдында мақтанамын?..
***
Бүгін аман жүрмін шауып,
Жықпай ма ажал бір күн шалып!
Кеше дауыл соғып еді,
Бәйтерек те тұрды ырғалып!
Бүгін аман жортып жүрмін,
(Бірақ, бірақ қорқып жүрмін!).
Жетпек жерге жетер ме екем,
Жолдасы боп жойқын жырдың?!
Бүгін бармын, қатардамын,
Таусылған жоқ татар дәмім.
Құлшынып тұрып атарда Таң,
Тұншығып тұрам батарда Күн!
Жылап алып, уанамын,
Намыс менің ұран-әнім!
Ой тұлпарды тағалармын,
Келмес, әсте, тұралағым!
Нүкте
(Қабір басындағы ой)
Мына жатқан – анау кісі, кеше тірі ауылда,
Бүгін міне, жер қойнында, қабырда.
Ілулі екен ажал-тұзақ мойнында!
Дүние қуған тырбаңдаған тірлікте,
Ей, ағайын, ойлануды білдік пе.
Өмір дейтін келіп, кетер бір нүкте!
Нүкте, нүкте сөйлемдері соңында,
Нүкте болам деп жүрмін бе сауымда.
Бармын бүгін, бармын ба ертең ауылда?!
Алдамшы ғой – алтын дейтін залым да,
Алдамшы ғой – атақ дейтін тауың да.
Тұтқынбыз ғой алдамшының торында!
Сауалым бар, қарындасқа, бауырға,
Періштедей пәктік барма бойыңда?
Айтшы жаным, Алла бар ма ойыңда?!
Оралхан
Аман болса, мен жасаған жаста ол,
Тіл бітіріп, сөйлетер ед тасқа ол!
Соқпағы жоқ, сондықтан салған жолы оның,
Қасым ханның жолындай-ақ қасқа жол,
Өмірі ұзақ ойлы сөздің өрнегі ол,
(Өлмей жүрген біздейлерден кем бе еді ол?)
Кім айтады, Оралханды өлді деп,
Өлмейтұғын ұлылыққа төрдегі ол!