Ерғали байдың баласы
27.04.2018
2769
0
Жанат АХМАДИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Қазақ байларын кәмпескелеу – ұлтты тұтасымен тақыр жерге отырғызу, ұлттық буржуазияның тамырына балта шабу, халықты тақыр кедейшілікке ұрындыру еді. Өйткені, көшпенді қазақ елі бір-бірімен селбесу арқылы өмір кешкен жұрт. Табиғатқа бағынып ғұмыр сүрген. Шаңырағы – аспан, мекені – тау-тас, ашық дала қойнында өскен қазақ табиғаттың төл баласы болғанымен, бел баласы емес еді. Жазғы қуаңшылық қақтап, не қыс қаһарына мінген жылы малы жұтап қалады. Қыстан аман алып қалған әрбір тұяқ малы үшін Құдайға құлдық ұрмасқа әддісі жоқ. «Қарға тамырлы қазақ» замандар бойы өз-өзінен туысқандық береке-бірлік орнатып, иық сүйесіп, ат майын, атан күшін тең пайдаланып келгені анық.

Жеке шығармашылығыма қа­тыс­ты архив ақтарып жүріп қызық бір деректі құжаттарға тап болдым, сол жайтты оқырманмен бөлісіп қою­ды жөн санадым. Мәселен, ел ішін ылаңдаған кәмпескенің әй­гілі ақын Хамит Ерғалиевтің әке­сіне қатысы. Ерғалидың кәм­пес­ке­лен­ген шаруашылық мү­лік­терінің ішін­де алты жүк арбасы, екі таран­тас арбасы, екі шөп шабатын мә­шинесі және сәнді қорапшалы ша­налары мен жүк шаналары бол­ған екен. Малын былай қой­ған­да, Ерғалидың шаруашылық жұ­мысын істейтіндер сол тех­ни­ка­лар арқылы өз бала-шағасын асы­рап отырған. Қара халық үшін Ер­ғали байдың шаруасынан қол үзе қалса, күн көру қамы оңайға түс­песі анық. Себебі әр байдың өзі­не сенімді адамдары болады. От­басын сол арқылы асырап отыр­ған ерен-жаран, туысқандар, не сыралғы жалданбалы қыз­мет­керлер басқа бір байдың есігіне оңай­лықпен бармайды. Қазақ тұр­мысындағы байлардың орны ел-жұрт үшін қандай зор болғанын шамалау қиын емес. Осы орайда қыс­тыра кететін бір қызық жайт: кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі «шы­ғу тегі» деген жерге «кедей тұқы­мы» болып келгендерде есеп жоқ. Кейінгі аз ғана жыл ішінде олар­дың қайда ауып кеткенін еш­кім білмейді. Хамаң сонеттерінің бірінде айтады:
«Құран сөзін сен кеше құрт» дегесін,
«Қой!» деп ешкім бүйірден түртпегесін.
Малайлығын әкеңнің мақтан етіп –
Тексізбін деп тесіп ең жұрт төбесін.
«Бай баласы» болған соң, се­нім артылмағандықтан жөні түзу қыз­мет ұсынылмаған Хамит Ер­ға­лиев мекеме жұмысы атаулыдан қы­рық үш жасында қол үзіп, тек қа­лам қуатымен ғана бала-ша­ға­сын асырап келген. Астанадағы уни­верситет қабырғасынан со­ғыс­қа алынған Хамаң 1944 жылы қай­­наған соғыс өртінде жүріп пар­тия қатарына қабылданарда, ку­лак баласы екенін жасырмаған. Бір шешімге келе алмаған дивизия бас­­шысы амалсыз Мәскеумен ха­бар­ласқанда Щербаковтің өзі «айт­қаны бойынша қабылдаңдар» деп бұйырған. Өйткені Хамағаң әскер басқарған командир болған ғой. Мемлекеттік сыйлықтың ие­ге­рі, Халық жазушысы, дарын­ды ақын Хамит Ерғалиевтың әкесі жай­лы мемлекеттік орталық мұра­ғаттағы құжатпен танысқысы ке­летіндер болса, мархабат! 1928 жыл­ғы кәмпеске мәліметінен алу­ға болады. Мен қысқаша тұжы­рып берейін.
«Жармағанбетұлы Ерғали, жа­сы 63-те. Қамысқала ауданы, Қа­мыс­қала елді мекенінде тұрады. Оты­рықшы.
Қара шаңырақтағылар: үлкен ше­шесі Сәрби – 88-де. Кіші ше­ше­сі Зылиха (жасы жазылмаған). Әжесінің қолындағы Хабиболла Ерғалиұлы 20-да. Оның келіншегі 18-де. Немересі Бәшие 1-де. Ерға­ли­дың тоқалы Әдия – 43-те. Қызы Мах­пижамал – 5-те. Ұлы Жұмахан – 3-те. Бәйбішесі Бағдагүл – 59-да. Қызы Мәруәнжамал – 16-да. Ба­лалары Ғабдол-Хамит (ақын Ха­маң) – 11-де. Батырша – 2-де. Отау­дағы шаңырақта: ортаңғы әйе­лі (есімі жазылмаған) туған ба­ласы Ғабді Ерғалиұлы – 24-те. Ке­ліні Жұмақыз – 19-да. Баласы Ер­ғалиұлы Әмір. 1922 жылдан ен­шісі бөлек. Тағы бір баласы Насыр Ер­ғалиұлы – 20-да. Бұл үйдің кен­жесі Молдаш Ерғалиұлы – 15-те. Жар­мағанбет әулетіне қарасты бар­лық жан саны шамамен 20-дан ас­там. 6 үлкен шаңырақ, үш отау, 9 түтін.
1928 жылғы қаңтардың біріне дейінгі жалпы мал санын іріге шаққанда 360 бас. Мал басын іріге айналдыру тәртібі: құлынның 3-і бір ірі қара. Тайдың 2-і ірі қара. Тайыншаның 3-і, бұзаудың 5-і бір ірі қара. Қойдың 5-і, ешкінің 6-сы, меренос қойдың 3-і, ботаның 3-і, тайлақтың 2-і бір ірі қара».
Осы есеп бойынша кәмпеске кезінде Ерғалидың іріге айнал­дырған 202 бас малы алынған. Алты қанатты екі ақбоз үйі, қа­мыстан шегенделіп жасалған үш қыстау үйі, барлық қо­ра-қопсысы. Оншақты арба-ша­на, шөп ша­батын мәшине, жеті түйе қамыт-сайманы, бес ат қа­мыт-сайманы, екі өгіз қамыты тұ­тас әбзелдерімен. Үй бұйымда­ры­­нан кілем, текемет, көрпе-жас­тық, ыдыс-аяққа дейін кәм­пес­ке­лен­ген.
ОГПУ-дың құпия мәліметінде: «Жармағанбетов Ерғали 1865 жы­лы туған, руы –жетіру, әкесі Жар­мағанбет Теңіз өңіріндегі қа­зақ ордасының депутаты болып, прис­тав қызметін атқарған. Ба­ба­сы Жәңгірханның көңіл жақыны болған. Ерғалидың өзі 1895 жыл­дан 1917 жылға дейін ауылнай бо­лып, патша үкіметінен мақтау-ма­дақ, медальдар алған. Кеңес үкі­меті тұсында кеңеске де, қо­ғам­ға да іс жүзінде қызмет көр­сет­пе­ген. Бұрын ауылнай болып, үстем­дік жүргізіп, ел билеген Ерғалидың мейлі идеологиялық, мейлі эконо­ми­калық тұрғыдан болсын, ауыл өмі­ріне ықпалы өте күшті. Ың­ғай­лы сәт туа қалса, кеңеске қарсы на­­сихат жүргізеді» деп барынша қа­ралап жазған. Осыған орай бір жай­ды айтар болсақ, 1928 жылы Ер­ғали өзін шығарып салуға жиыл­ған ел-жұртпен қоштасарда орыс, қазақ тілінде бірдей төгіле сөй­леген екен. Ажал сапарына ке­тіп бара жатқан оны қимаған са­қалы күйектей казак-орыстар да, дөңгелек тақия киген татарлар да, қанатының астын қорғалап, жақ­сылығын көп көрген қазақтар да бес шақырым жерге дейін соңынан еріп шығарып салыпты. Сол кезде Гурьев округтік «Жұмыскер тілі» га­зетінде «Ерғалидың үйшікпен қош­тасуы» деген мақаланың жа­зылуы да көп нәрсені аңғартады. Пат­ша үкіметінің генералы Толс­товтың әскерімен шайқасу үшін қо­сымша көмек күш іздеген қы­зыл тулы қазақ атты әскерінің ко­­­мандирі Жәнекешов Бейсен Орал­дан Ерғалиға арнайы келеді. 1920 жылы 55 жастағы Ерғали әс­кери киім киіп, беліне қайқы қы­лыш асынып шыға келгенде, Бей­­сеңнің өзі сүйсініп: «унтер офи­цердің өзі болдыңыз» деуі ол кісі­нің айбынды адам болғанын аң­ғартады. ОГПУ-дың жоғары­да­ғы «Ерғали кеңеске қызмет көр­сет­­педі» деген жаласын жоққа шы­ғарады. Сәл шегініс жасайтын бол­сақ, 1928 жылғы қыркүйектің 12-сі күні ократком уәкілі Қар­пы­қовтың ұсынысы бойынша Ер­ға­лиды қамауға алу прокуратура мен ОГПУ-ге жүктеледі. Себебі Ерға­ли­ды басында I-ші топқа жатқы­зып, жай кәмпескелеп, өзін жер ау­даруға ұйғарған. Соңынан қол­дан жасаған қылмысын ауырлата түсіп, II-ші топқа жатқызған. Еш­қан­дай дәлел, түсініктеме жасал­мас­тан «әлеуметтік қауіпті эле­мент» дей салуларына қарағанда, ел-жұрт алдында үлкен беделі бар адамды онан әрі сүріндіре түспей, бос жібере салуға көздері қимаған. Тек Казатком председателінің орын­басары Жангелдиннің жел­тоқ­санның 6-сында шығарған бұй­рығында: «Жармағанбетов Ер­ға­лидың жасы егде тартқан кісі еке­нін еске алып, Гурьев округінде қыс­тап шығуына рұхсат бердік… Көк­тем шыға белгіленген жер – Қы­зылжарға көшіп кетуіне мін­дет­телсін» деуіне қарағанда, Ер­ға­ли қамалудан аман қалған сияқ­ты.
Жармағанбетов Ерғали Ка­зат­комға жазған арыздарында көр­сетуін­ше, кәмпеске кезінде шек­тен тыс қиянат жасап, жәбір көр­­сеткен адамдарды, «Жәрдем­ком» мүше­лерін, Жақып Жантазаұлы, Әйтім Нұртазаұлы, Сатан Ысқақұлдары екенін, оларға өлсе аруағы ырза бол­майтынын ашық айтқан. Ха­мит ақынның жүрегіне шер-ше­мен, беріш болып байланған осы жай «Шер толғау» атты кіта­бын­дағы «Ауыл советке арыз» делінген лирикалық поэмасында аса әсерлі суреттелген. Бұндағы аталы сөздің арғы-бергісін қазбаламай-ақ қош­тасушы жұрт алдында екі тілде егі­ле сөйлеген әке сөзінен кейінгі арт­та қалған ел-жұрт кейпін таны­тады.
«Қош, қош!» десіп бүркенді де
қал­ды жұрт,
Будақтаған махорканың түті­нін.
Осы екі жол өлеңнің өзінде қан­шама күйзеліс, күрсініс, қи­мас­тық жатқандығы байқалады. Аны­ғында бұл бір ғана Ерғали ақ­сақалдың басына түскен күй емес, Қазақстан бойынша жер ау­дарылған мыңдаған байдың бәрі­нің де көрген тауқыметі. Соның көбі үйіріне қайта қосылмай, туған жерінің топырағы бұйырмай, ит арқасы қиянда дүниеден өткен. Ең обалдысы – байлардың өз баста­рын не өз үй-іштерін ғана айдамай, бүкіл өрен-жаранымен жер ау­даруы. Өксікке толы өтен тарихқа біз әлсін-әлсін оралып тұруымыз ке­рек-ақ…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір