Театр менің бірінші үйім
27.04.2018
2225
0

Роза ӘШІРБЕКОВА,
Қазақстанның халық әртісі,
Парасат және Құрмет орденінің иегері


– 1960 жылдан бері Ғ.Мүсі­ре­пов атындағы Балалар мен жасөс­пірім­дер театрында қызмет етіп келесіз. Осы өнер ордасының негізін қалаған А.Қалтаев, А.Кенжеков, С.Сатта­ро­ва, М.Құланбаев, А.Құ­лан­баев, Б.Құланбаева, М.Бақ­тыгереев, Ч.Зұлқашев, Ә.Өмір­зақова, К.Өмір­­зақов, Қ.Жә­кібаев, Ж.Бек­тасов сын­ды аға буын актер­лердің көзін көр­діңіз. Замандас­тарыңызды, тең тұс­тастарыңызды ойлағанда ойыңыз­ға бірден оралар қай кезең?
– Бұл театрға 1960 жылы кел­дім. М.Әуезов атындағы драма теат­рының жанынан құрылған «Театр студиясын» бітірдім. Ұс­таз­дарым – Әзірбайжан Мәмбетов пен Нұрмахан Жантөрин, Хадиша Бө­кеева. Иса Байзақовтың қызы, Қа­зақстанға Еңбегі сіңген әртіс Мә­кен Байзақова хореографиядан са­бақ берді. Осы кісілердің дәрісін тың­дап, тәлімін алдым.
Алтынбек Кенжеков, Чапай Зұл­­қашев, Сейітхан Есенқұлов, Нұр­­ғанат Жақыпбаев, Досқан Жол­­жақсынов – барлығымыз сах­на­да өте тату болдық. Бірімізді бі­рі­міз қатты сыйлайтынбыз. Біз­дің алдымыздағы Байділда Қал­таев, Сәлима Саттарова, Әми­на Өмір­зақова, Қасым Жәкібаев сын­­­ды майталман шеберлермен әріптес болу мені көп жетістікке жет­­кізді. Ол кісілердің әр ісінен үлгі алдық, көргенімізді көңілге то­қыдық, естігенімізді құлағы­мыз­­ға сіңірдік. Олар өмірлік тә­жір­биесі мол, кәсіби жандар еді. Қа­зір осы театрдың үлкені мен бо­­лып қалдым. Маған тәлім бер­ген, тілекші болған үлкен кісі­лер­дің барлығы кетіп қалды, оларды қат­ты сағынамын. Ол кісілер мені қызындай, бірі сіңлісіндей, бірі қарындасындай құрметтеп ая­ла­ды, еркелетті. Сол аялы алақан мені Әзірбайжан Мәмбетов қанша шақырса да М.Әуезов театрына жі­бермеді. Мен оған өкінбеймін. Тіп­ті, осы театрда қалғаныма қуа­на­мын. Бір де бір спектакльде эпи­зод­тық роль ойнаған жоқпын, ұдайы басты рольді сомдадым. Қазір эпи­зодтық рольдерді ойнап жүр­мін. Оны да қуана-қуана ойнай­мын.
– Шешеңіз бен бауырларыңыз Сіз­ді мұғалім болады деп күткен екен. Актерлікке бет бұруға қандай күш әсер етті?
– Мектептің соңғы класын жез­дем – Қабылан Қаптағаев пен әп­­кем Мағрипа Құрманғожи­на­ның қолында тұрып оқыдым. Мағ­рипа – әкем Әшірбектің туған қа­­рындасы. Қалибек, Ризабек, Қайыр­бек есімді үш ағам болды. Әкем 1941 жылы соғысқа кеткен екен. Үш жасқа толар толмас ша­ғым­да қалған соң, әкемді біл­мей өс­тім. Ол Мәскеу түбіндегі Ива­нова деген қаланың түбінде 30 қаң­­тар күні ерлікпен қаза тапты. Әшірбектен мен жалғызбын, фа­милиямды әкемнің атына жаз­дыр­ғанмын. Үш ағам Әшірбектің үл­кен ағасы – Жансұлтанның ұл­дары. Ол кісіні «халық жауы» деп ұс­­тап, содан хабарсыз кеткен. Ше­шем Күлпан – Жансұлтанның ке­­лін­шегі болған, ол хабарсаз кет­кен соң шешемді әмеңгерлік жо­лы­мен Әшірбекке қосқан. Анам Күл­пан Ахметқалиқызы. Мен Бір­жан Сал­ға өте жақын жиенмін. Ақметқали – Біржан Сал­дың төрт атасының бірі. Көк­ше­таудың бұрынғы Еңбекшілдер ау­даны (қазір Біржан Сал) Үлгі ауы­лында өстім. Ол аудан кезінде үл­кен аудан еді. Қарағай мен қайың­ның ортасында тұрдық, ең на­шар тұрған отбасының өзі бір бие байлайтын, қымыз ішіп, атқа шауып үйренгенмін, қуыршақ орнына ұлдармен асық ойнап жүретінмін. Рақия әжем­­нің бауы­рында өстім. Әжем­нің Жансұлтан­нан кейінгі Әші­р­бек, Әнуарбек атты екі ұлы да май­данда шейіт болды. Ұлдарынан қал­ған бала­ларға, келінге әжем бас көз болды. Соғыс уақыты, шешем екеуі колхоздың жұмысын істейді. Сол қиын кезеңде де әжем мен ше­шем ораза ұстайтын. Ал Көкше­тау­дың күні кеш батады. Қазір ой­лап отырсам, таңғаламын. Кол­хоз­­дың жұмысы ауыр, күндіз жұ­мыс істеп кешке балаға қарайды. Сөйте тұра қалай ораза ұстаған де­­сеңізші… Оразаның қасиеті қуат берген болар… Әжем мен ше­шем ме­ні қатты еркелетті. Мағ­рипа әп­кем мектепте ма­те­матикадан са­бақ берді, ағаларым да бұл ғы­лым­ға бейім еді. Аға­ла­рым маған «Біз оқи алмадық, се­нің оқуың керек» деп Алма­тыға жі­берді. Алматыдағы Қазақ Пе­дагогикалық инс­ти­ту­тының (қа­зіргі Абай атындағы Қазақ Ұлт­тық педагогикалық уни­вер­ситет) физика-математика фа­куль­тетіне түстім. Ол кезде Кеңес Ода­ғының батыры Мәлік Ғаб­дуллин ректор. Сондай сы­пайы, сымбатты. Оқу корпусын ғана емес, жатақхананың барлы­ғын аралап жағдайымызды сұ­рай­тын. Бірінші курсты бітіріп, жаз­ғы демалысқа ауылға кеттік. Ол кездегі ауыл берекелі еді. Екі жер­де Алтыбақан тігілетін, ай­наланың барлығы көк майса, жайқалып тұр. Екі клуб болды, бірі – жазғы, екіншісі – қысқы. Қазір оның ба­рлығы құрыған, ойласам жа­ны­ма батады. Жазғы демалыста жүр­ген студенттер күндіз кітап­ханаға жиналамыз, кешке би алаңына барамыз. Кітапханада отыр­ғанда бір журналдың мұқа­басынан «театр студиясы ашы­лады, болашақ актерлерді қабылдай­ды» деген хабар­лан­дыруды оқыдым. Бір қызығы оған дейін әртіс бо­ла­мын деп ешқашан ойлаған емес­пін. «Құрыш қалай шынық­ты» деген фильмді көріп, іштей ұш­қыш болуды арман­дай­тын­мын. Әлгі хабарлан­дыру­ды оқы­ғанда жүрегім алып-ұшып мүлде бас­қа сезімге бөлендім. Алма­тыда жүрген бір жыл ішінде театр­дан қалмайтынбыз. Бір қойы­лымды бір емес бірнеше қай­тара көретінбіз. Кітапханадан қалай шығып үйге келгенімді білмей­мін, әжеме бірінші рет «Біз­ді қалаға шақырып жатыр, кар­топ жинауға барамыз», – деп өтірік айттым. Олар маған сеніп, ша­қыр­са қалма деп шығарып сал­­ды. Алматыға келе сала М.Әуе­­зов театрына бардым. Бір ка­би­неттің есігін қағып кіріп ем, түрі таныс актерлер отыр. Кейін білдім, біреуі – Хадиша Бөкеева, екіншісі – Қалибек Қуанышбаев, үшіншісі – Әзірбайжан Мәм­бетов.
– Директорға келдіңіз бе?
– Жоқ, студияға тапсыруға келдім.
– Ооо! Студияға қабылдау баяғыда бітті.
Балалар әлдеқашан тапсы­рып, отыз шақты бала колхозға жұмысқа ке­тіпті. Мұны естігенде абдырап қал­дым, не істерімді білмей, аяғым­ды біреу еденге байлап қойғандай тұрып қал­дым. Ал әлгі кісілер өзара күбір­лесіп алған соң Әзірбайжан Мәмбетов:
– Өзің оқимысың? – деп сұрады.
– ҚазПИ-де, физматта оқи­мын.
– Ну иди учись, хорошый фа­куль­тет.
Мен әлі кете алмай тұрмын. Ме­нің театрға деген ықыла­сымды бай­қаған болуы керек, институтты тас­тама, тек актерлік шеберлік саба­ғы­на келіп тұр деді. Мен актерлік курс­тың барлық сабағына қатыстым. Әлгі 30 шақты бала іріктеліп-ірік­те­ліп 18 бала қалды, мені қабылдады, сөй­тіп студияны екі жыл оқыдым. Әнуар Молдабеков, Жақып Омаров, Есболған Жайсаңбаев, Баян Има­шева, Салиха Қожақова сынды ак­терлермен қатар білім алдық.
– Туыстарыңыз физика-мате­ма­тика факультетін тастағаныңызға ренжіген жоқ па?
– Мен математиканы тастап өнер­ге кеткенімді әбден студияны бі­тір­­ген соң бір-ақ айттым. Алғаш ес­ті­генде шешем мен ағала­рымның қа­бақтары шытылып, өңдері бұ­зылып кетті. Олар мені мұғалім болады деп ойлап жүрді ғой. Сонда әжем: «Көтеріңдер бастарыңды. Ра­диодан даусы саңқылдаған диктор­ды, пьесаны, әнді үздігіп тыңдай­сың­дар?.. Менің қызым әртіс болса, не­мене?.. Болсын!» деп шорт кесті.
– Алғашқы рөліңізден-ақ кө­рер­менге жақсы танылдыңыз. Ал­ғашқы роліңізді сағынасыз ба?
– Біздің театрда Мәрияш Жақ­сымбетова, Күләй Хамзина есімді мықты актрисалар болды. Екеуі де жас баламен демалысқа кеткенде маған екеуінің рөлдері берілді. Шахмет Құсайыновтың «Рабиға» пье­сасындағы Рабиға – менің сах­надағы алғашқы рөлім. Ол кезде авторлар пьеса­ны өте ұзақ жазады. 10 күннің ішінде 40 беттік шығар­маны жаттап алдым. Атагелді Смай­­ловпен серіктес болып шық­тым. Ол кісі 40 жаста, мен 20-ға жаңа толғанмын. Тәжірибелі адам­ға ілесіп, ұзақ мәтінді жаттап рө­лімді сомдап шықтым.
Ал басты рөлім – Бәкір Тәжі­баев пен Жекен Жұмақа­новтың пье­сасы бойынша қо­йылған «Қа­ра­гөз – қарын­дасымдағы» Қара­гөз. Қарагөз өз заманындағы маз­мұны терең қойылым болды. Же­тім қыз – Қарагөз тағдырдың таң­дауымен Латвияда латыш отбасында өскен. Спектакльде Қа­рагөз «Жезкиік» күйін орын­дайды. Бұл қойылымнан соң баспасөз бетіне көлемді мақала жарияланды. Сонда автор Қажығұмар Қуандықов:
«Роза десе Роза,
Қатарынан жүр оза.
Өзі де бір жезкиік,
Кете алмайсың көз қиып», –
деп жазған еді. Осы рөлден соң мен ұдайы бас кейіпкерді ойна­дым.
Қазіргі жастарға таңғалам – бір­ден көзге түспейді.
Чеховтің «Шағаласы» сахна­лан­ғанда Бағыбек Құндақбаев маған «Қазақстандағы ең алғашқы Арка­дина сенсің» деп баға бер­ді. Ш.Айманов қойған «Жас Абай­да» – Тоғжанды ойнадым. Орыс классикасы, шетел классикасы, заманауи пьесаларда да ойнадым.
– Райымбек Сейтіметовтің бірқатар пьесаларында ойнадыңыз. Ол кісінің режиссер ретіндегі ерек­шелігі қандай еді?
– Менің басыма аз уақыттың ішінде көп қиындық туды. Жол­дасым 50 жасында аяқ астынан жүрегі сыр беріп қайтыс болды. Содан соң арада біраз жыл өткенде 37 жастағы ұлымды өлтіріп кетті, қызым болса 32 жасында жүректен қайтыс болды. Баян есімді бір не­мерем ғана қалды. Ол қазір маған шөбере сүйгізіп отыр. Баян әкеден 10 жасында қалды. Осынша ауырт­палықты қайыспай көтеруге себеп болған ең алдымен осы – Театр. Бұл театр әлі күнге дейін менің қуа­нышым мен қайғымды бөлісіп ке­леді. Жұрт көбіне жұмы­сын екін­ші үйге теңеп жатады. Ал мен үшін театр – бірінші үйім. Ме­­нің басыма осындай қиындық түс­кен жылдары Райымбек Сей­тіме­тов біздің театрдың көркемдік жетек­шісі әрі директоры болды. Екеуміз бір жылдың төліміз, мені құрдасым деп қатты сыйлайтын. «Роза, сен үйде отырма!» деп «Ша­ға­лада» не­гіз­гі рольге лды. «Шағалада» көп уа­қыт ой­най алмай жүрдім. Қи­нал­дым. Чеховтың пьесасында ой­нау оңай емес, режиссері В.Ма­­журин. Жұ­мыс жүріп жатыр, менің ойым әрі-сәрі, байыз тауып, роль­ге ене ал­маймын. Сондай күн­дердің бірінде Райымбек ша­қы­­рып алып «Не істеп жүрсің? Мен саған арнап мықты режиссер ша­қырдым. Қо­лыңнан келетініне сеніп, мықты пьесаны алдым. Аркадина сен­сің! Өзге театрларда мұндай Арка­ди­на жоқ. Сен не бітіріп жүрсің? Намыс бар ма, өзіңде?..», – деген­де барып өз-өзіме келдім. Дайын­дық бары­сында менің жи­нақ­тала алмай, өзіме өзім келе ал­май жүргенімді көрген болуы ке­рек. Бұл ескер­туден кейін рольге бар пейіліммен кірістім. Ол кезде Чеховтің пье­са­сында ойнау көп ак­тердің арманы болғанмен, әр­кімге бұйыра бер­мейтін бақ. Райым­бектің адамгер­шілігі мені 40 күн үйде отырғызған соң, роль­ден рольді беріп дамыл таптыр­ма­ды. Қайғының қайра­ңына түсіп кет­песін дегені ғой… Ұлым қайт­қанда Төлен Әбдіковтің «Біз үшеу едік» пьесасына алды. Ол өте ғажап спектакль еді… Көп жыл аншлаг болды. Райымбектің бір ерекшелігі – актерге рольді тура тауып бере­тін. Кейбір ре­жиссер­­лерде ондай та­ным аз. Ол кезде Байділда Қал­таев, Сәлима Сат­тарова, Әмина Өмір­­зақова сынды өнер адамдары­на арнайы спек­такльдер дайын­дайтын.
Қызым қайтқанда Нұрғанат Жа­қыпбаев «Атау кереге» алды. Осы­дан кейін театр менің бірінші үйім болмағанда қайтеді?.. Бұл – ме­нің бірінші үйім. Бұл – киелі сахна. Театрға кіргенде, сахнаға шыққанда «Бисмиллә» деп кіру ке­рек. Қай театрда болса да сах­нада көптеген ғажап бейнелер жа­салады, сол адамдардың рухы сах­нада жүргендей болады.
1958-60 жылдары М.Әуезов теат­рында Әзірбайжан Мәмбетов дүрілдеп тұрса, біздің театрда Мен Дон Ук есімді мықты режиссер жұ­мыс істеді. Қандай режиссер еді!.. Ол заманда жақсы қойы­лым­дар бүкіл 16 республиканы аралап шы­ғатын. Мәскеуден сыншылар ке­ліп қойылымдарды арнайы көре­ді. Сол тұста Мен Дон Уктың Шың­ғыс Айтматовтың шығар­ма­сы бойынша қойылған «Ар­маным – Әселім» спектаклі арнайы жүлде алып, Кремль сахнасына шықтық. Мәрияш – Әселді, мен – Хади­шаны, Чапай Зұлқашев – Ілиясты ойнаймыз. Біздің ойынымызды көр­ген осы театрдың негізін қа­лау­шы, біздің әжеміз Наталья Сац антракт уақытында сахнаның ар­тына келіп, қасыма отырып, қо­лым­ды алып: «Так держать! Спек­такль біткенде бірақ келуім керек еді, бірақ шыдамадым. Сен үлкен акт­риса боласың!», – деді. Дәл сол кезде қолымды алған алақанының табы әлі сезіледі.
– Қай роліңізді сіңіру қиын бол­ды немесе бойыңызға құйыла қал­ған роліңіз қайсы?
– «Шағаладағы» – Аркадина. Әр рольдің өзінің ерекшелігі, ха­рак­тері бар. Рольдің жан дүниесін түсініп, характерін зерттесең көп қиналмайсың. Көп оқу керек, көп із­дену керек. Біз екі жыл студияда оқы­ғанда күндіз оқып, кешке театр­дың көпшілік сахнасына шығатын­быз. Актерлік – біліммен қатар тәжі­рибемен келетін өнер. Өзім Ка­та­ри­наның ролін ойнауды қа­т­ты армандадым. Хадиша Бө­кее­ва­ның ойынына қазығатын­мын. Егер мен сол театрда қалсам, Ка­та­­ри­наны сұрап алсам да, ойнай­тын едім.
Біз көзін көрген үлкен кісі­лер­дің шеберлігі бізге өте үлкен сабақ болды. Олар жүз жылда бір туатын ак­терлер еді. Күләш Байсейітова Қыз Жібекті сомдағанда, оның сах­на сыртындағы күлкісінің өзі өз­гелерден ерекше шығады. Кө­рермен оны бірден байқайды. Біз сол актрисаларды көріп, олардың ойы­нын санамызға тоқып өстік.
– Сізді өзге актрисалардан ерек­­­­­шелейтін дүние – режиссерге өз ойыңызды бүкпесіз айту. Бұл мі­незіңізден таяқ жеген кезіңіз бол­ған жоқ па?
– «Арманым – Әселімде» ро­лім шық­пай жүрді. Хадиша өзінің махаббаты үшін күреседі. Ал Әсел мен Ілиястың махаббаты керемет. Сол тұстағы Хадишаның мінезіне дөп түсе алмай қиналдым. Сол кез­де бағанағы Мен Дон Ук «Бол­ды, ертең мен Әмина Өмір­зақо­ва­ны шақырамын» деп шорт кесті. Мұны естіген мен үйге барған соң ас үйден шықпай дайындалдым. Роль ұнайды, бірақ шығара алмай­мын. Ертесі ақырын қарасам ре­пи­­тициядан Әмина апай
к­­өрін­­бейді Мұхтар Бақтыгереев – Ілиясты алған. Үшеуміз де өз ролімізді шығара алмай жүрміз. Сол уақытта Мен Дон Ук өзінің ас­систенті болып жүрген Чапай Зұл­қашевқа Ілиясты ойнайсың, Ро­замен бірге дайындал деді. Ча­пайға роль берілмесе де, сөздерін жаттап жүрген екен, бірден жап-жақсы ойнап кеттік. Қызық… Кей­­де серігіңе де көп дүние бай­­ланысты. Мен Дон Уктың «Әмина Өмірзақованы шақыра­мын» деген сөзі қамшы болған да шығар.
– Сіз есігін ашқан Балалар мен жа­сөспірімдер театры мен бүгінгі театрда қандай ұқсастық, қандай айыр­машылық байқайсыз?
– Театр дамып жатыр. Заман бас­қа, уақыт бөлек. Қазіргі әртіс­тер сахнада ән де айта біледі, би де би­лейді. Бірақ бірден көзге түс­пей­ді, соған таңғалам. Бұрынғы әр­тіс­тер бірден көзге түсетін.
М.Әуезов театрында Ф.Шәріпова, А.Әші­мов, С.Оразбаев, біздің театр­да Н.Жақыпбаев, Д.Жол­­­­жақ­сынов, Л.Кәденова, М.Жақ­­сым­бетова, К.Хамзина есімді актерлер бірд­ен көзге түсті. Екі театр жорға секілді бір-бірімен жарысатын.
– Қазір осындай жарыстың бел­гісі бар ма?
– Жоқ. Мен Сіздерге шы­ным­ды айтайын, М.Әуезов теат­рын­дағы кей жас әртістерден біздің жас әртістердің кейбірі әлдеқайда мықты. Көзге түс­пегенмен қабі­летті актерлер бар. Жұлдызбек Жұ­ман­бай сынды жақсы режиссер өсіп келеді. «Жусан иісі» деген спек­­­такльді қойды. Онда менің кішкентай ғана ролім бар. Одан басқа уақытта сахнаның артында қарап тұрамын. Қойылым соғыс жылдарындағы уақиғаларды көз алдыңызға айнытпай әкеледі. Бізде Жанат Хаджиев секілді жақ­сы режиссер болды.
– Бүгінгі көрерменнің театрға де­ген ықыласы қандай?
– Біздің заманның көрермені тіп­ті басқаша. Ол кезде Ғабит Мү­сіреповтен бастап Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Сәбит Мұқанов сынды интеллигенция өкілдері келетін. Әйгілі композитор
Ш.Қалдаяқов пен М.Мақатаев бірге жүретін. Перденің ар жағынан «Бүгін мына кісі келіпті» деп қарап жүре­тінбіз. Қазір жазушыларды шақыр­саң да келмейді, сыншылар кейде келеді, кейде келмейді… Бұл дұрыс емес.
Мереке кезінде театрдың ал­дына халық көп жиналатын. Біз коммунизмді көріп қалдық, үкімет өзі асырайтын, ертеңге сеніміміз мол еді. Қазір адамдар ертеңінің не болатынын білмейді.
– Үкімет асырағаны дұрыс па, әлде адамдар өздерін-өздері асыра­ғаны жөн бе екен?
– Білмеймін енді… Ол кезде біз жұмыс істедік. Еңбегіміздің өтеуі болатынына нық сенетінбіз, тапқан ақшамыз өзімізге жетті. Ең­бек дамалысына шыққандағы қаржымыз курортқа баруға жете­тін. Қазір алатын ақшамызбен ку­рортқа бара алмайсың…
– Сізді сериал мен кинодан си­рек көреміз…
– Мен өзі кинода жолы бол­ма­ған адаммын. Бірақ әлі де үмі­тім бар. Шәкен Айманов түсір­г­ен «Алдар Көсе» фильміндегі Қа­рашаштың роліне алынғам. Үш күннен кейін режиссердің ассис­тенті басқа бір қызды ұсынып, сол таңдалыпты. Содан арада бірталай жыл өтті. Шәкен Айманов театрда «Жас Абайды» қойған уақытта «Мен Розаның алдында қарыз­дар­мын. Енді 10 сериалы фильм тү­сіремін, Розаны, А.Кен­жековті, Б.Құланбаева, Абыл­­ғазинді сол фильмге ала­мын», – деген еді. Бұйырмады. «Ата­манның ақы­рын» тапсыруға барып Мәскеуде қайтыс болды. Қазір кино көп, енді-енді қар­қын­ды дамып келеді ғой. Қарттар үйі туралы «Әр үйдің сыры басқа» деген алты сериалы фильмнің төрт сериясына түстім.
– Өзіңізден кейінгі актерлерден кім­дерді бағалайсыз?
– Лидия Кәденова, Гүлжамал Қа­зақбаева, олардың өзі де төрт-бес жылда жетпіске келеді. Райхан Халиолдина, Шолпан Сіргебаева сынды жақсы актрисалар бар, жастар да өсіп келеді. Қазіргі көр­кемдік жетекшіміз Еркін Жуасбек таеатртанушы ғой, бұрынғы директорымыз Гүлжаһан Әбу­қызы да театртанушы еді. Біз спек­такльді Мәдениет министр­лігіне тапсырғанға дейін әкемізді танытатын. Қазір Еркін де барлы­ғы­мызға жеке-жеке ойын айтып, арасында сыни пікірін де жасыр­май білдіреді. Ол өте дұрыс. Сәбит Әбдіқалықов та жастарды көтеріп, олар­дың еңбегін бағалап, мемле­кет тарапынан түрлі марапат алуы­на себеп болып жүр. Өзіне артыл­ған жауапкершілікті барынша адал атқаруға күш жұмсап жүр.
– Алда мерейлі 80 жастық ме­рей­тойыңызды атап өтпекшісіз. Бас­ты рольде ойнауға дайын­ды­ғыңыз жақсы ма?
– 80 жылдыққа арнап Сұл­танәлі Балғабаевқа пьеса жаз деп театрымыздың көркемдік жетек­шісі Еркін Жуасбек айтты. Сәбит те қарсы болған жоқ. Театрдағы ба­лалардың барлығы да осы театр­дағы үлкен апамыз деп мені ала­қан­дарына салып құрметтейді. Бұл адамгершіліктің ең жоғарғы са­тысы. Сұлтанәлі Балғабаев «Ене­лер мен келіндер» деген пьеса жа­зып шықты. Қазір оған дайын­далып жатырмыз. Құдай бұйырса спек­такль сахнаға шыққан кезде м­е­рейтойды ресми түрде атаймыз деген жоспар бар.
– Әңгімеңізге рахмет! Мерейлі жа­сыңыз мерекелі болсын!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір