Көктемгі бір-ақ бүршік қана – Қыс құны
13.04.2018
2207
0

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы


Көкжиекте бүкеңдеген Күн –
Жаратушының мысқылы.
Қайтқан қаздың үні – қышқыл үн…
Қарлы қара жел салуда әуеге Күздің ұсқынын.

Саналы сансыз секундтар – кірпіктер қағысы…
Қаңқалар музейі – бақ іші.
Сүмеңдеген сұр жаңбыр.
Кекірейген Ай.
Тағысын тағысы…

Қарап тұрсың сен қаланың үстінен, мұңдана.
Кешегі жасыл жапырақ – үгітілген құм ғана.
Қарғалар қарқылдауда аяз болатынын.
Ақылым іші – мұңнама.

Көк пен Жер – шарпылысқан түс пен өң.
Арманшылдарға айналмақ – тұман бозасын ішкен ел.
Тыңдашы,
Сәбилер күлкісі Жан шұғыласын билетіп те жібереді!
Күшті өнер!..

Ал, көкжиекте бүкеңдеген Күн –
Жаратушының мысқылы.
Туар Ай – түн қақпасындағы мыс құлып…
Мейлі енді, тоқсан күн борандатсын, ысқырып,
Көктемгі бір-ақ бүршік қана – Қыс құны.

03.11. 2017.

ЖАЗУ ҮСТЕЛІМ

Төрт бұрышы – төрт түрлі құбылам.
Төртеуі де – әлем аңқыған шұғылам.
Өлең жазу ғана – шарт, оның кеңістігінде:
өз еркің – мейлің диюлан я бұғылан!..
О, жазу үстелім!..
Соған қарап отырып,
Шектеулі жерде де
Шексіздікті танудың мүмкін екендігін де ұғынам.

Төбесінде – шам.
Күнге ұқсағаны үшін, оған да табынам.
Абай мүсіні.
Қос иығында – қос бірдей қабылан.
Жазу үстелім сондай өзі, – космостық монитор.
Небір ғажайыптарды көремін,
Қарай қалсам қаламымның сабынан!..

Өзім, жалпы, – мәңгі зорая беретін ынтамын.
Әр сәтім – мұңтаным.
Әлгі шамнан жоғары тұста – мың сан кітаптар самсап тұрады.
Ақылшы-көмекші жындарым.

О, жазу үстелім!..
Оның бетінде шыбын ізі қалса да, көзге – сын.
Алайда, дәтім – өзінен басқаны сезбес у.
Ал, сөз дегенің – атқан таң, мен үшін!
Сөз – тал түс!
Сөз – бесін!..
Бойымды шабыт қуаты кернесе,
Дауасыз дертке де айналып кетуім мүмкін…
Кешірер Құдай мендей кезбесін.

Қош.
Ескере бермейтін жәй халық,
Храмдардан да артық қасиетті орындар бар.
Байқалық!..
Жазу үстелімнің басында
Мен өзімнің періште екенімді де сезіп қалам,
Көз жасым ерен жайқалып!..

10. 11. 2017.

***

Қандай рахат!.. дұшпаным да жоқ, досым да!
Күрсінісі қар қылаулатқан
Қыс қана қалды – қасымда.
Өлең ішінде отырмыз екеуміз, тынып бір.
Тыста әмірші-уақыттың дымы құрып тұр.
Ай, тістенбеске тістенгір!
Онсыз-ақ, қайыра Күзге де айнала алады Қыс-кемпір.
Жаздық пішінде.
Өлең ішінде.
Ал, мен сыртқа шығам да,
Жұмақ аңқып тұрсын деп айналам,
Күн секілді жұпар ойланам.

20. 11. 2017.

ЖЫН КӨШЕТІН МЕЗГІЛДЕ

Күн кешкіріп барады, күн кешкіріп,
Жел ышқына босанған жынға ес кіріп.
Келді ол маған бір әппақ парақ алып.
«Жыр жаз – дейді, – ұғатын қара халық!»

Ой, айтпаңыз!.. керемет құлшынысы!
Темекімді тұтатып күрсінісі,
Көк түтіннен сөз түзіп мен білмейтін,
Жасай қояр мұңайған кемпір кейпін!

Шал да бола қалады арақ ішкен!
Шатастыра жаздайсың алақұспен!
Қыз да бола қалады тымырайған!
Өзім де ұқсап барам-ау сұмырайға!..

Содан, әлгім… аумаған өлі-балық!..
Алсам деймін желбезек жонып алып..
Шөп те сынды, былайша қарағанда!
«Жыр жаз – дейді, – ұнайтын аламанға!».

Ал, уақыт….
Барады кешкіріп күн,
Қош әуенін ыңылдап ескіліктің.
О, Дүние, сен де енді гүлдене кет!
Өлең жаза бастағам бір керемет!
Өлең жаза бастағам!
Білем анық!
Кілең көркем бейнелер!.. ғұламалық!..
«Таң қалдырар ел-жұртты мына өлеңім! –
– деп, шаттана айқайлап жіберемін!..

Ісім, бірақ, ісі ме миы бардың?!..
… Бір заматта есімді жиып алдым.
Жын жоқ!
Дым жоқ маңайда!
Ій-й, қаймана!..
Парақ беті – көкала шимай ғана!..

25. 11. 2017.

ТАҢҒЫ ҚОШ СЕРУЕН

Баққа барам сыйынбаққа күнде мен.
Көктемді аңсап, мүлгіп тұрар мұңды емен.
Мұз музыкасын тыңдай қалсам сол сәтте,
Ақыл іші қырау аңқып гүлдеген!

Суық торғай, сен де аңқылда, арманда!
Қысқы бақпен сырласа біл.
Қар да онда
Гүлден де артық жұпар шашар бір керім,
Қызыл арай қауашағын жарғанда!

Аяз да аңқып!
Ауаға ұшқан лебіз де!..
Бақ құсымен жаным менің егіз бе?!..
Мәңгіліктің сырын ұққан секілді
Алшаң басам, таңғы сағат сегізде!

Өмір, бірақ, – қып-қысқа.
Рахмет айтып үлгерем бе бұл Қысқа?..
Білетінім:
Жалған Дүние – көшірме.
Күнде ғана – түпнұсқа…

Сондайлық сын – ерлер ғана шыдар сын.
Суық торғай, сен де мұңды ұмытарсың.
Бұ Дүниеде бәрі – жалған.
Бірақ та,
Жұпар – шын!

22. 12. 2017.

***

Ғашықтық…
Ол мүмкін болатын құбылыс – мүлде ғайып ғаламда.
Ғайып ғалам…
Денең де жоқ!
Санаң да!
Ғашығыңның бейнесі ғана бар қалқыған!..
Оны мұңмен сезінесің!
Ар – тұман…

Ғашықтық… ол – бір тылсым,
шұғылаға да айналдыратын көңіл ішіндегі шер бейітін.
Ол – жұмбақ та жұпар әуен шалқыма,
Құдайға да көне бермейтін!
Ол – жұлынған жүрек те секілді,
тамырларымен жанталаса қармалаған маңайын…
Әрі жойымпаз Жарық… жабайы!..

05. 02. 2018.

***

Жасампаз да жойымпаз дауылым – ақылым.
Ұғым дегенім – жадымда қалғып жатқан нақыл-үн.
Ғылым дегенім – заттануда ғана.
Дін дегенім – адамтанудан да мақұрым.

Әкемнен – көктекті ұлмын.
Шешемнен – жертекті.
Елім бағып өсірді мендей қияли тентекті.
Дүние – жалған…. бар, бірақ.
Өмір, ежелден – ақиқат аңқыған ертек-ті.

Балық та, шөп те, құс та… – қандасым.
Құдай демі – баршамыздағы мән басы.
Түскі асым – өзіме.
Кешкі асым – Айға.
Күнге арналады таңғы асым.

Тірлік – шыр-айналған дөңгелегі арбаның.
Қамытымнан құтылу – арманым.
Қырық құбылған көңілімнің мастықтан
айыққан күні жоқ.
О Дүниеде ішіле жатар қалған у.
О жақта да – Сөз көші.
Мұңлы да мұңлы көзде – су…
Сонсоң?..
Сонсоң, ақыры, кемпірқосақтанған әппақ шар-нажағай күйімде,
Түп Жаратушымен кездесу…

13. 02. 2018.

***

Жолда келем.
Туғанымнан жолдамын.
Жолдасым жоқ.
Жалғыз өзім.
Ол да – мұң.
Қаперіне құя алмадым жырымды,
Араб сөзін құдай көрген молданың.

Пұтханаға кірдім жолай түсімде.
Мұңым – шарап.
Құйып бердім.
«Ішіңдер!..»
Қарады да қойды маған,
Мөлие
Мүсіндерге жалбарынған мүсіндер.

Шіркеу бардым.
Меңірейген құла маң.
Түрткіленген түлендері дін аман.
Ақылымның сезе қойып жұпарын,
Қоңырауы ғана… өксіп-өксіп жылаған.

Менім үшін ештеңе жоқ құны кем.
Аңдап көрсем, өзіме өзім пір екем.
Қайда барып, қандай жолға түссем де,
Киіз Үйдің ішін шарлап жүр екем.

Ойнай берсін жасыл жаңбыр, көк боран.
Қайран көңіл – Жаратушы-Хаққа алаң.
Бүкіл әлем жайнап жатқан ішінде
Киіз Үйім –
– менің ғиба…датханам!

Маған бәрібір – алтын ба, әлде, қола ма.
Пенделерше тірлік етсем, сол – обал.
Бір білгенім –
– бұдүниелік жолдардың
бәрі барып тоғысады молада.

Жадым ғана – мәңгі өлмейтін мәрт ұлық.
Әр сөзінен құлпырады әр қылық…
Сықырлауықтан тән шыққанда,
Шаңырақтан
Жан жарықтық Күнге кетер тартылып!..

24. 02. 2018.

***

О-оо, Туған Жер,
Нажағайлы бұлттарың – тауларыңның көкпары…
Маңырақтарыңның құмалақтарына дейін пәк – бәрі.
Мені де жұпар Ақын еткен күш –
– періште-табиғатыңнан хат тану!

Шалшығыңды да өппек ерінім, сезерім –
– сайыңдағы сасырыңа да ынтық көз-ерін.
Көкірегім арқылы ағады әрбір өзенің.
Мен үшін,
Қақаған қыста
Шеңгеліңді де алақаныма алып
жылыта алмауымның өзі – өлім.

Саған барарда,
Қашанда,
Өзімді ұятпен талай өртеп ем.
Әр жәндігің – мәртебем.
Біреуге бір ауыз жаман сөз айта қалсам,
Жанартау болып атқылауы да мүмкін әр төбең!

Қаныммен біртекті – қойны-қонышыңдағы қызыл-қызыл алша-өлең.
Сенсің – Күннен кейінгі ең шебер.
Егер,
Өзіңе өкпелегендегі көз жасым да өлшенер болса,
Көктеміңнің қуатты шуағымен ғана өлшенер!

Өтінем, ешкімнің алдында кішірме!
Бақытымды нұсқап тұрады – бақаңдағы бадырақ пішін де…
Аяулы Атамекенім,
Мен Сені
О Дүниеде де көрермін түсімде!

09. 03. 2018.

***

Осы Көктем де – дуана Күннің тылсым бәйіті бір.
Ымыртта көл дәтін қоздырады Ай түгі.
Қаулаған өлең-шөп иісіне шала маспын.
Ал, былайша,
Шәй де ішпеймін, мәй түгіл.

Салқын көлеңкелер – қоюланған сезім сұлбасы.
Сайраған құстар – сайранқұмар Ойлар, кіл ғашық…
Шермиген ауа құрсағын сезіп қалам шекеммен.
Ұрғашы.

Иә, шала маспын…
Әр бүршік – жұпарлы жұмбақ түсінік…
Көркем бұлттар – көңілімнің қызыры.
Қиялымның елесін де ыңылдағым келеді қосыла,
Қайың өзегінде мұң музыкасының сөлі түзіліп!..

Әрбір бұта – баламінезді жасыл аң!..
Ойнай жөнелгім бар… тосылам.
Бақыт гүлі өсіп те шықты бір жерде
Жай отының қошынан!..

Ой-хой, Көктем, маралына дейін мәрт ерен!..
Қыз сыңқылын аңқылдатады-ай кеп сай терең!..
Өлең-шөп иісіне шала маспын әзірше.
Ал, удай мас болсам, қайтер ем?!

09. 03. 2018.


20 сәуір күні, сағат 16-00 де, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Көкек айы – Гүлстан» атты жыр кеші өтеді. Келем деушілерге есік ашық!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір