Мен өмірге өзімнің тереземнен қарадым
21.08.2015
2103
1

 унгир

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қасымхан Бегманов

 Мұстафа Шоқай – Берлиндегі Түркия мемлекетіне қарайтын «Түрік шәһитлігі мешіті» аумағындағы зиратта жатыр. Бейіт басындағы ескерткішке жары Мариям Шоқайдың өтінішімен үш латын әріпі мен төрт сан жазылған. Олар Иоаннадағы Евангелияның бесінші тарауындағы 13-ші өлеңді меңзеп тұр. Бұл жыр жолдары:

«Нет больше той любви, как если кто положит душу свою за друзей своих».

Бұл жолдарды қазақшалар болсақ :

«Жаныңды сеніп тапсыратын ол достар және ол махаббат енді жоқ» деген мағынаны білдіреді.

                                                      Автор

Шуағы күннің сүйеді,

Соққан жел келіп тиеді.

Ұлан да байтақ ұлы ел,

Түркіні тұтас етем деп,

Берлинде қалған сүйегі.

 

Артында қалды жазары,

Қардан да аппақ таза ары!

Бөленген мәңгі бесікке,

Түрікке қарар мешітте,

Мұстафа Шоқай мазары.

 

Қабірге өніп гүл шықты,

Сезімге жүрек тұншықты.

Латынша қашап жаздырған,

Төрт санға сыйған мына сөз,

Көзімнің жасын ыршытты.

 

Сөзімді тыңда жақсылар,

Жер емес бұл бір бақ сынар.

Ешқашан сені сатпайтын,

Қасыңда бар ма, жан досың,

Жаныңды сеніп тапсырар.

 

Көңілді бір мұң торласа.

Қиын ба, Алла қолдаса,

Түріктер салған, дариға-ай,

Моласын қайдан табар ек,

Мынандай мешіт болмаса.

 

Осы бір зират-мешіттің,

Аңыздай даңқын есіттім.

Берлинге,

осы бейітке,

Жете алмай іштей тынып мен,

Қаншама жылға кешіктім.

 

Бақытты қайдан табармын,

Жұлдыздай көктен ағармын.

Түркі деп өткен Күлтегін,

Ұрпағы жатыр бұл жерде,

Төныкөк,

Білге қағанның.

 

Құрғамас кезі жастың да,

Қимасты тасқа бастың ба?

Сағыныш,

сосын көз жасы,

Махаббат пенен зар жатыр,

Төрт санның мынау астында.

 

Ақ жаңыр тағы құйып тұр,

Бұл жерде жатыр сүйікті ұл.

Өмірдің мынау жалғаны,

Түркінің тұтас арманы,

Төрт санға қалай сыйып тұр.

Тұрандай байтақ жер жатыр,

Шөлдер мен қанша көл жатыр.

Осынау шағын бейітте,

Алтай мен Қара теңізге,

Созылған алып ел жатыр.

 

Жазылмай қалған жыр жатыр,

Айтылмай қалған сыр жатыр.

Жазықтар, таулар, еңістер,

Ойпаңдар, құздар, тегістер,

Тұлпарлар өткен қыр жатыр.

 

Бермейтін асу шың жатыр,

Бұйра да бұйра құм жатыр.

Түркінің ұлы үміті,

Осынау шағын зиратта,

Сағыныш жатыр, мұң жатыр.

 

Түркідей асқақ ұлт жатыр,

Жырақта, бөлек, сырт жатыр.

Қанаты құстың талатын,

Сүйгенін таңдап алатын,

Айбынды асқақ жұрт жатыр.

 

Жат жерде қалған бел жатыр,

Рухты дауыл, жел жатыр.

Сызылып кеткен картадан,

Осынау мұңлы молада,

Ежелгі біздің жер жатыр.

 

Адал сүт емген төл жатыр,

Мөп-мөлдір ғажап көл жатыр.

Таппайтын ешбір картадан,

Осынау шағын бейітте,

Баяғы Тұран – Түркістан,

Бөлшектелмеген ел жатыр.

 

Ешбірін айтпай сырдың мен,

Қобалжып, қорқып тұрдым мен.

Берлинде бейіт басында,

Мұстафа Шоқай қасында,

Осылай толқып тұрдым мен.

Осылай толқып тұрдым мен.

   Ақтолқын жеңгем

Жапырақтардың сырына шерлі құлақ түр,

Қараша айының қара талдары жылап тұр.

Өткен күндердің белгісіндей боп мүлгиді,

Моторы кетіп, быт-шыты шыққан трактор.

 

Қараша айының қарауытады аспаны,

Бабайқорғанның ағылды кәрі-жастары.

Садырхан менен Уәлихан жықты асына,

Жер тарпып тұрған қорада құла қасқаны.

 

Қолымен еккен, тізілген мынау өрікті,

Өріктермен де қоштасар сәті келіпті.

Дүниеден өтті Бегманның кіші келіні,

Кіші жүздердің қызы еді-ау жеңгем көрікті.

 

Түсінеді екен, қадірді пенде кеш неге,

Осындай сәтте түседі дейсің еске не.

Мұңлықтарымның артынан кетті-ау ардақтым,

О дүниеден кеп айтпайды ешкім ештеңе.

 

Келердей қайтып елеңдей берем жол жаққа,

Қайғысы батпан әулетті Алла сорлатпа.

О дүниеден кеп айтпайды жеңгем ештеңе,

Ал біздің жайды барады айтып ол жаққа.

 

Жағамнан алды-ау қап-қара бұлттай төнген мұң,

Төтеннен келген қайғыға мынау көнгенмін.

Құлазып тұрып Алладан медет тіледім,

Жаназасында анамдай асыл жеңгемнің.

Жаназасында анамдай асыл жеңгемнің,

Өз қолымменен топырақ салып көмгенмін.

Қара жолменен қайғырып кетіп бараттым,

Иектеп алды-ау дәл осы жолы жеңген мұң.

 

Қазақтың оған қай қызы кеше тең келген,

Жасырып жабар сырым жоқ менің сендерден.

Көкірегімді айырып тұрып қоштастым,

Ақ қардай жүзі Ақтолқын дейтін жеңгеммен.

 

Назымхан ағам, Ақтолқын жеңгей дастаны,

Телміріп тұрар зираттан тілсіз тастары.

Асыл жеңгемнен айырған мені үн-түнсіз,

Бабайқорғанның жылайды мұңлы аспаны.

Ақын Байыт Қабанұлына жауап хат!

Беу, менің Байыт бауырым,

алыстан хаттар жолдаған,

Ағаңың шерлі жүрегін қап-қара қайғы торлаған.

Төлеген жазған сағыныш кеудеме мәңгі орнаған,

Менде бір мұңлық жан едім өмірде жолы болмаған.

 

Беу менің Байыт бауырым,

Сенде бір дертті ақынсың,

менде бір шерлі шайырмын,

Шалғай бір жатқан жерлердің, шерменде сырын айырдың.

Самалеттердің бортында

қара бұлттарды қақ жарып

қара жолдарды қайырдым.

 

Дариға дәурен баяғы бозбала кезгі дос қандай,

Ол кезде біздің бұл көңіл бәйгеге тұлпар қосқандай.

Жырымды саған жатқа оқып,

үзілген сол бір жас ару,

Байытжан саған не дейін қайғыма қайғы қосқандай,

Жанардан қатар екі өзен жосылып төмен жосқандай.

 

Бейтаныс бір қыз түсімде алыстан қолын бұлғады,

Желбіреп тұрған орамал,

жалт ете қалған сырғаны.

Аңғардым анық апырай

бұл ненің болды белгісі,

Есімнен шықты сол сәтте түстегі жырдың ырғағы.

Қанша рет көзім көл болып, қанша рет құрғыр құрғады,

Қаншама мөлдір сезімді аямай жұлқып жұлып ап,

Аяулы сол бір сәттерді уақыт тонап, ұрлады.

 

Моңғолдың мұңлы даласы, қаласы екен Ерденет,

Құстар да қайтып жатыр ғой айдынды мынау көлге кеп.

Қуантып неге қайтпайсың,

ағаңға хаттар жазғанша,

Байыт- ау сенің бабаңда алшаңдап жүрген жерге кеп.

 

Қарашы ана жарықтық Қозысыз Баян Өлгейдің,

Қымызын ішкем үш рет, еске алсам әлі шөлдеймін.

Соққылап жатқан жағаны толқыны қатты көлдеймін,

Білемін Байыт осынау дүниеге екі келмеймін.

 

Қатепті қаранарлар мен атанға жүкті артпадың,

Қазақтың қайда даласы деп елге неге тартпадың.

Қыратта тұрар қалқайып,

күн салып қарап алысқа,

Бесінде намаз оқып ап Бессала жақта қарттарың.

 

Шыр етіп жерге түскенде жасайды тағдыр кесімін,

Он бес жасында үзілген білмеймін қыздың есімін.

Артық сөз етіп қайтейін Алланың сол бір шешімін,

Кездеспей кеткен қарағым сұраймын сенен кешірім.

 

Шарт сынам енді сынама,

сындарға мұндай төзбеспін,

Сен ғана қалқам түсіндің, ұқпаған сырды өзге ешкім.

Ерденет жақта еліктей өлеңді сүйген қалқам-ай,

Өзіммен емес өмірде жырыммен ғана кездестің.

 

Арманда кеткен қайтейін аруы біздің даланың,

Бұлт басқан нұрлы келбетін туған бір айға баладым.

Қай жерде қалды тым ерте ұстаған айна-тарағың,

Басыңда белгі бар ма екен, жат жерде қалған қарағым!

 

Байыт-ау, бірақ біреуге ол ару жай бір кейіпкер,

Кейіпкер деген оларға сыртынан шулап кейіпті ел.

Құпия сырын ашпайды құлыптаулы тұрған сейіптер,

Томпиып үнсіз жатады бетінде жердің бейіттер.

 

Сол қыздың аппақ жүзіндей алдымда жатыр парақтар,

Бұтақтарымен түртеді терезе жақтан қарап тал.

Мен жайлы айтқан боратып,

сенбеңдер ғайбат сөздерге,

Жырымды оқып, өзімді көрмеген әлі Қарақтар…

Биле, биле

Биле, биле қыздыр мына би кешін,

Таста ағытып көйлегіңнің түймесін.

Биле қалқам, биле, биле қалқып ұш,

О құдырет, қандай сұлу үйлесім.

 

Таста ағытып көйлегіңнің түймесін,

Мәжнүнше шын ғашық бол сүйгесін.

Көз алдымда мәңгі қалсын осы сәт,

Биле тағы өкшең жерге тимесін.

 

Биле қалқа аққудайын қалықтап,

Көрейінші тағы да бір анықтап.

Пыр-пыр етіп ұшып кетер құстайын,

Қайта оралды аспан жаққа барып қап.

 

Биле, биле тоқтай көрме шыр айнал,

Қара түнде көкірегімде жылайды ар.

Мына дүние қандай сұлу қарашы,

Күмәндан ба, қалқа бала құдай бар.

 

Мына мендей сүйіңдерші сүйгесін,

Мына мендей күйіңдерші күйгесін.

Қыз, бозбала қалқып бара жатқандай,

О, құдырет қандай сұлу үйлесім.

 Қоңыр

 Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім

                                       Жұмекен

Қоңыр ұл ем, қоңыр үйде ержеткен,

Қоңыр ырғақ жүрегімді тербеткен.

 

Баурап алған қоңыр кештер, қоңыр мұң,

Қоңыр болмай бұл өлке де оңыр кім.

 

Етегінде гүл теретін қоңыр қыз,

Қалды артымда қоңыр ауыл, қоңыр күз.

 

Түсіме еніп қоңыр күз бен қоңыр қыз,

Өмір өтті сол бір қоңыр өңірсіз,

 

Сырқыратты сай-сүйекті қоңыр сыз,

Өмір өтті қоңыр қызсыз – көңілсіз.

 

Қоңыр жолдар алып кетті жыраққа,

Жауап бермей мұңлы қоңыр сұраққа.

 

Үнсіз қарап аққан қоңыр бұлаққа,

Қоңыр кеште қоңырайсам… жұбат па.

 

Қоңыр өлең, қоңыр ауыл, қоңыр ән,

Қоңыр бала табиғатын қорыған.

 

Қарапайым қоңыр ақын үлгі боп,

Салқын самал көзін сүрткен сүлгі боп.

 

Қарай- қарай кеткен қоңыр далаға,

Қоңыр таулы сол бір қоңыр қалаға.

 

Бойымызда жылуы ескі күпінің,

Құдыретімен ананың ақ сүтінің.

 

Майын пісіп ескі қоңыр күбінің,

Қоңыр жырдың тереңдігін түбінің.

 

Қоңыр кеште қызыл гүлге жусаны ық,

Қара кемпір қарап қалған күн салып.

 

Сырт айналған қоңыр шалы көз сүртіп,

Қоңыр бала алыс кетті сөз түртіп.

 

Қоңыр қойлар қыркүйекте күйектеп,

Жылдар өтті қоңыр мұңдар иектеп.

 

Қайран шешем жатқан қоңыр молаға,

Қарай жүрсін айтшы қоңыр балаға.

 

Түсінгені, ұға алғаны қай кісің,

Оралмаған қоңыр бала қайғысын.

 

* * *

Алдымнан менің керілген жұмбақ

жол күтті-ау,

Бес белден астық… мұнартқан асу

қорқытты-ау.

Көзіме оттай басылған қайран

туған ел,

Көңіл құрғырды тағы да,

тағы толқытты-ау.

 

Алқына бердім,

алдымнан таныс қыр шықты,

Кіршіксіз мөлдір

көңілде сезім тұншықты.

Анаммен бірге қоршаған

бақты, шарбақтар,

Көзімнің жасын еріксіз қалай ыршытты.

 

Шұлғаумен орап аяққа киген етікті,

Бала кез біздің бастан да мәңгі өтіпті.

Жандарбек, Елғон,

Иманбайлармен ойнаған,

Қалың тоғайдың ағашы сиреп кетіпті.

 

Ұмытқам қалай

қызғалдақ терген белеңді,

Ауылға жиі келіп тұрамын мен енді.

Аудандық газет басқаны әлі есімде

Ерімбет бала екеуміз жазған өлеңді.

 

Аңсадым бүгін

алаңсыз сол бір шақтарды-ай,

Қаншама жылдар

санада біздің сақталды-ай.

Қаншама сұрақ

жауапсыз қалды бұл жылдар,

Бағила қызға Аманбай жазған хаттардай.

 

Сары қыз қайда,

ұмытқам бүгін басқаны,

Есімнен шықпай

балалық шақтың дастаны.

Айдарбек ағай әліппе оқытқан мектептің,

Орыны жатыр аспанға ұшып ақ шаңы.

 

Соңғы жылдары

сирек соғатын болдық-ау,

Қымбат күндердің

ұмытылғаны қорлық-ау.

Қырық жыл бұрын

мен кеткен осы ауылдан,

Ақсары, Сертке асатын қасқа жол мынау.

 

Алыстап қалған алаңсыз ойын сауығым,

Ақпейіл елім,

ардақты жұртым, қауымым.

Келмеске кеткен сәби кезімді сағындым,

Иті де ыстық аяулы менің ауылым.

 

Көне көздердің бірі де тіпті қалмаған,

Бағанадағы радио қайда сарнаған.

Суы тартыла бастапты-ау мына тоғанның,

Есіңді алып ағатын асып арнадан.

 

Көктемде келсең толқиды мұнда қыр гүлі,

Сағынған кезде келер деп ұлым бір күні.

Арманы асқақ қара балаңды баяғы,

Іздедің бе екен, күттің бе мені Үлгілі.

 

Ауырта тырнап жанымның ескі жарасын,

Жүректе мәңгі сағыныш болып қаласың.

Туған ауылда күтетін біреу бар ма екен,

Алыста жүрген Бабайқорғанның баласын.

 

***

Мен өмірге өзімнің тереземнен қарадым,

Көз алдыма келгенде,

құлазыдым бала күн.

Істеп жүрген бар ісім дұрыс болып көрінген,

Көңілдегі көп сөзді айта алмастан барамын.

 

Мен қоғамға өзімнің биігімнен көз салдым,

Былай етсек қайтер деп, билік жаққа сөз салдым.

Мойын бұрған бір жан жоқ,

есесіне шеттеліп,

Кеуіп кеткен арнасы өзендейін бос қалдым.

 

Осылай боп жазылған

бәлкім баста тағдырым,

Ойланумен өтеді, менің қазір бар күнім.

Өз-өзімнен қашқандай тығылғанмен тойларға,

Арпалысып ойлармен дүние кезіп қаңғыдым.

Қош жастық шақ

Қош жастық шақ,

бес күнгі,

қас қаққандай болған жоқ,

Өмір өтті осылай көңіл шіркін толған жоқ.

Жұпыны сол ауылға жарамадым дауылды,

Сол бір қиын жылдар да тұра алмадым қорған боп.

 

Қош жастық шақ,

кешегі орда бұзған, қыр асқан,

Қара жолда мұратым ұлы дертке ұласқан.

Көз ұшында көкжиек көлбеңдейді қол бұлғап,

Жауар күндей тұтасып түнеріп тұр мына аспан.

 

Қош жастық шақ аяулы,

қош, қош енді, қош көктем,

Қайтқан құсқа ере алмай тұрдым жалғыз бос кеткен.

Баяғыдай көңіл жоқ, кездескенмен кететін,

Оның бәрі кіршіксіз бауыр деп пе ең, дос деп пе ең.

 

Соқты дауыл сұрапыл,

құйып салған сынды өрік,

Бала кезде кеудеме енген арман күн болып.

Енді қайтып сол шақтар оралмайды біздерге,

Түсіме енді тағы да   жұлдыз аққан түн болып.

 

Көп қызығым қалды артта қара түнде жоқтайтын,

Бұралаң жол белгісіз қайда барып тоқтайтын.

Алдымдағы апырау,

жабырқатып жанымды,

Құлазытты сапарлар жастық шаққа соқпайтын.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.03.2020 | 07:21

Керемет,сезимди жырлар!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір