Баратын мекен-жайым – Атырау қаласының мен атын ұмытып қалған бір көшесі. Іздеген адамым, өз бағам бойынша, ұлтымыздың ардақты аналарының бірі – Ділда Матайқызы Тасмағамбеткеліні.
Ақыры аңсаған ананы көретін болдым. Қараңыз! Тізгінші екеуміз бұрын өзім келіп көрмеген, ат ізін салмаған қалаға, теңіздің ортасында тұрған алып қарқошқыл кемедей сезілетін, құмды аймақтың орталығы – Атыраудың кең даңғылымен құйғытып келеміз. Таксидің тізгіншісі – жасы отыздан асқан, ойлаған ойын, ерніне келген сөзін іркіп жатпайтын аңқылдаған жас жігіт екен. Не сұрасам да – жауапқа дайын. Менен барар мақсатым мен мекен-жайды сұрап алғаннан кейін, жұқалау өңіне жаңа қан жүгіргендей болды да, бетіме таңғалыспен қарай бастады…
– Жол болсын аға! Өңіңізді көріп, сөзіңізді естіп, бұл араның қазағы емес-ау деп ойлап келем…
– Қытай елін білесің бе? Сол елдің Үрімжі деген үлкен қаласынан Алматыға көшіп келген туысқан ағаң болам.
– Шынымен облыс бастығының апасының үйіне барасыз ба? (Осындағы ел Иманғалиды осылай атайтын болса керек).
– Барса не болыпты? Апай менің ең сүйікті кейіпкерім. Кешегі күні хабарласқанымда бүгінгі осы уақытта кездесуге келісім берген. Бетіме қарай бермей, тізгінге көңіл бөл, қарағым! Атырау қаласының айналасынан мынадай саялы орманмен көмкерілген қаланы да, елді мекендерді де байқай алмаған сияқтымын. Байқағаным, басқа аумақтарда соғылған үй көп, отырғызылған орман мардымсыз еді, Атырау – саябақ сияқты екен!…
– Сонау жылдары, қаламыздың сіз байқаған ауыл, аудандардан пәлендей өзгешелігі жоқ болатын. Иманғали қала бастығы болған кезде мен бала жігіт едім. Барлығы түгел есімізде. Сол Иманғали ағаның ел бастауының нәтижесі ғой! Мен де осы қаланың шыбығын шаншыған адамдардың бірімін.
Тізгіншінің аты – Нұрлан еді. Маған қарап мақтана жымиды да:
– Ағасы, мен ол адамдардың үйінің мөлшерін білем, төбесінен түсіре алмаймын, – деді…
Ділда апай телефонмен айтып берген мекен-жайды көрсеттім. Байқаймын, шофер жігіт менен де асығыстау қимыл байқатты. Осынау жандарды ерекше құрмет етеді екен. Мен өз мұрат-мақсатымды сампылдап айтып келемін.
Ол өте шебер тізгіншідей байқалды. Қояндай ытқып келеді.
Асығатын жөнім бар. Жұмыс бабымен қарт Каспийдің жағасындағы «Исатай батыр» ауданының Исатай батыр ауылына барған жайым бар. Бір шоғыр адамбыз. Таңғы сағат бесте Атырау қаласына қарай аттанғанбыз. Сағат 10:47-де Алматы – Атырау пойызы қозғалмақ. Анамен кездесуге 60 минут уақыт қана бар…
Ділда Матайқызы келіні мен үшін ерек тұлға. Қазақстандағы қандастарымның «Айналайындарым менің» атты кітаптан хабарсыздау екеніне кеудем қысылады. Кітап туралы «Қазақ елі» газетіне «Ұлт пен ұрпақтың қамын ойлайтын қаншауымыз бармыз?» атты көлемді мақала жазып, ақ жүрегімді ақтарғам. «Айналайындарым менің» атты кітап 2009 жылғы маусымнан бері, Қытай астанасы Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан әр жолы 3000 данамен 3 рет баспадан шығып, қолдан қолға өтіп, үлкен қызығушылықпен оқылғанын мұндағы жұрт білер ме? Қытайда қазақ тілінде шығатын ең үлкен күнделік газет «Шынжаң газеті» кітаптың қаймақ сөздері үшін «Бір шымшым ой» деген айдар ашып, апта соңындағы арнаулы бетке жариялап тұрды… Қытайдағы қазақтар тойлардың шашу бұйымындай бағалап, той жыртысындай таласып оқыды. Ұзатқан қыздың жасауына қосты. Туған-туыстарына сыйлыққа ұсынды. Мен де бұл кітапты оқыған сайын көп нәрсені түсіндім. Қазақтың шүлдір тілді, былғанған ділді заманында мынадай кітап авторының барына, бұған қоса оның қазақтың анасы болғанына қуанғам. Екі жылдан бері Ділда апай екеуміз телефон арқылы амандық сұрасып, тәуелсіз еліміздің табысына бірге қуанып, ой ортақтастырып келген жайымыз бар. Соның жалғасы – кездесу…
Такси бір айналмадан құйғытып өте шықты. Жақын қалғанымды жаным сезіп келеді. Қарт жүрек бала жүрегіне айналып кеткен бе дейсің? Балаша мәз боп келемін. Ойдан ой туып жатыр… Сөзімді неден бастаймын? Қайсы сөзім ана көңіліне көрік бере алар… Тағы ой…
Ертеректе Ділда апайды Жаңа жылмен құттықтап телефон жалғағаным бар:
– Алло…
– Ділда апай, Жаңа жылыңыз құтты болсын!
– Болсын қарағым, болсын! Кім боласың?
– Атым – Нұрмұқан. Алматыданмын. «Айналайындарым менің» атты кітабыңыздан айналып жүрген ініңізбін.
– Ә, шырағым, сен бе едің! Амансың ба? Әлгі Қытайдан көшіп келген жазушы. Нұрмұқан Жанұзақұлы…
Ділда апайымды әлдебіреулер «қартайып қалды» десіп жүретін. Ананың еске сақтау қабілетіне тәнті болдым. «Есіктің топсасы тозбайды. Қолданыстағы ми алжымайды» деген сөзде үлкен ғылым жатыр екен.
– Қонысың құтты болсын! Жаңа жылыңмен, бақытты бол балам! Балаларың бар шығар. Оларға Жаңа жыл батасын берейін. Отбасыңа амандық тілеймін!
– Мен де жетпіс деген жастың биыл бетін аштым. Ортақ ой, ортақ ниеттегі адамдар екенбіз. Алла Жаңа жылда жаңа күш-қуат бағыштасын! Менің де төрт ұл, төрт қызым бар. Өз отаулары бар. Барлығы балалы-шағалы. Барлығы Атамекенге оралды. Балаларыма батаңызды беріңізші!..
Шұбыртып жатырмын. Сөйтіп мен Ділда апайдың өзін көрмей жатып, батасын алған адаммын.
Тізгінші жігіт бір кең даңғылдың шетіндегі жыбырлаған қалың шағын көліктердің арасына тоқтады да шығыс жақты нұсқап:
– Кешіріңіз! Сіз іздеген апаның үйіне төбесінен түсіп бара алмаймын. Ендігәрі жүруіме жол қағидасы кедергі. Осыдан 300 метр жерде сіз айтқан белгіңіз тұр…
Сұрау сала жүріп, апайдың қоңыр сырлы қақпасына да жеттім. Сол жақтағы сәулетті екі қабат үй әдемілігі мен ауласының айнадай тазалығымен көз тартады. «Қарсы аламын мен де» дегендей баяу үрген иттің жуан даусы үш-төрт рет әупілдеп барып тынып қалды. Қақпаны айқара ашып қойыпты. Апайымды анадайдан таныдым. Неге екенін, көзіме жас келіп, көкірегім алқынғандай болды. Папкамды қолтығыма қысып, қысылып, қымтырылып, жанына қалай жеткенімді өзім де толық сезінгем жоқ. Талаймен тайталасып, бермесін алып жүретін жүректінің бірі сияқты едім, батылдығым батпақтап қалғандай. Тез-тез басып барып, құшақтадым. Ішімнен «Тәуелсіздік жасасын!» дей беріппін күбірлеп. Тәуелсіздік болмаса Атырауға келер ме едім?!
Өзім ой ақтарысуға құмар, салдырлақ адаммын. Екі елдегі достарыма мақтанып, Ділда апамыз туралы «Айналайындарым менің» атты кітабы жөнінде көп айтқам. Тіпті, Ділда ананы іздейтінім туралы да ескертіп, ауыздарының сілекейін ағызғам. Қытай еліндегі қаламдастарым қотарыла тілеулестік танытқан. Қазақ еліндегі қаламдастарым «Ондай кітапты білмейтінін» айтып бас шайқағанда, күйіп-жанғам.
Ділда ананың көлденеңдеп ораған қалың ақ жаулығы кең маңдайын жартылай жауып тұр. Дидарын қарттықтың әжімдері сұйықтап торлапты. Қатпарларын тәңірім өлшемді ғана жібергендей ашаң ақ жүзіне жарасып тұр. Қайраты қайтпапты. Қолындағы қарттар таяғына жеңіл сүйенеді.
– Амансыз ба, апай! Сәлемет жүрсіз бе? Сағынып келдім сізді. Бала-шағаларыңыз, ел-жұртыңыз аман ба?
Амандасуды қазақшасынан сапырып жатырмын…
– Аман қарағым. Өзің аман келдің бе? Қане, шырағым, мынау орындыққа отыралық! Әңгіме одан соң. Көп те отыра алмаймын. Көп отырып қалсам, қайта тұруым қиын. Мына шырағымның (қорғаушысын айтады) көмегімен жүремін. Тәңір тілеуің бергір!
Апайым сөйлеп жатыр…
– Қай қала, қай облыстансың? Жаңа жыл телефонынан кейін хабарласқан жоқсың.
– Алматыда тұрамын. Осыдан бес жыл бұрын Қытайдың Үрімжі деген қаласынан көшіп келгенмін. Мынау – Қытайдың астанасы Бейжің қаласынан шығатын, қазақша ең үлкен баспа «Ұлттар баспасынан» төте жазумен шыққан «Айналайындарым менің» атты кітабыңыз. Ал мынау – Үрімжі қаласындағы «Шынжаң халық баспасынан» шыққан «Ұрпағым саған айтам» деген кітабыңыз. Бұл кітапты Үрімжі қаласында тұратын ұлтжанды балаңыз Қасым Оқанұлы деген азамат дайындап, баспадан шығарған. Мынау – «Айналайындарым менің» атты кітабыңыз туралы жазған «Ұрпақ пен ұлттың қамын ойлайтын қаншауымыз бармыз?» деген көлемді мақалам. Алматыда шығатын «Қазақ елі» газетінің екі бетінде жарияланған. Мынау – менің сізге арнап жолға шығарда жазған өлеңім…
– О, айналайын, соншалық мен кім едім? Әй кәрілік-ай! Есімнен көтеріліп кетіпті ғой! Ызбандап айтқансың. Жүректегі сөзді айтсаң толқымайтын жүрек бола ма? Қытайдағы туыстарым жалауымды биік көтереді екен. Бара қалсаң, барлығына менен сәлем. Анадан сәлем!.. Өлең де жазады екенсің ! Ақын болдың ғой!
Мақтанғым келді:
– Солай апай, айтысқа да түскем. Поэзия жанрында Қытайда 4 кітаптың авторымын. Қазақстаннан мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Бір ауыз сөзім мың ділда» атты жаңа кітабымды сізге ала келдім. Қазақ елімнен, қаламдастарымнан айналайын. Бауырына тартты. Еңбегімді елеп, Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке алды. Қытай Жазушылар одағының да мүшесімін.
– Маған арнаған өлеңіңді оқышы! Даусыңды естиін!
– Кешіріңіз апай, қайтуға жарым сағат уақытым қалды. Алдыңғы екі шумағын оқып берейін, – дедім де, өлеңімді оқи жөнелдім.
Ділда апай:
– Мынадай кемпір бұл арада жоқ еді, қайдан тауып жүрсің, – деп күлді.
– Кітаптарыңыздан таптым.
– «Жақсы сөз жарым ырыс» шырағым. Рақмет! – деді де, аса таяғымен жерді бір нұқып қойып, жылжып жаныма тіпті де жақын отырып, әлдебір сырын айтатын адамдай маған тесіліп қарап, ауыр бір күрсініп алды да:
– Жер шетінен мені іздеп келіпсің, қарағым. Мен де қазір батадан басқа не бар дейсің?! Өркенің өссін! Ұрпақтарымыз аман, сапалы болса, бізде не арман бар?! Көңілімді жасартқаныңа рақмет. Ойласам, сен мақтаған кітабымды сенің қазіргі жасыңның ар жақ – бер жағында жазыппын. Ол жас маған қайтып келмейді. Мен ойлай алмағанды сен ойла! Мен жаза алмағанды сен жаз!
– Рақмет! Сіздей бола алмаспын. Алайда, үмітіңізді ақтауға барымды саламын. Алдыменен денге саулық тілейік!
– Сен білесің, жасымнан дәрігерлік пен сөз өнерін тең ұстадым. Ұрпақ тағдыры жамбасыма батты. Қазірде мына ел ұмытып кеткен құдалық сөйлесу, құдаласу туралы жазып жүрмін. Бұл – Алланың бізге міндеттеген жұмысы. Атадан қалған сөзді араластырып мен де бір өлеңдетіп қалайыншы!
– Айтыңыз! Дәптеріме жазып алайын!..
Ділда апай аз-кем ойланып отырды да бастап кетті:
Жасымнан кітаппенен танысып ем,
Өнердің шылбырына жабысып ем.
Танысып бұл өмірмен жарысып ем,
«Ер қартайды, мал тайды екеуледі».
Кәрілік ертіп міне кете берді,
Әйнексіз көзім – шабан,
таяқсыз – аяқ жаман,
Осылай басымыздан өтер заман.
Апай өлеңін термелеген шешендік сөзге де жалғады:
– Ой толы бас, арман толы кеуде бар екені рас. Кейде тілім өзіме бағынбай кетеді. Күрмеліп жоқты айтатыны тағы бар. Алладан ұлы кім бар дейсің! Осы жасты маған берген Аллаға құлдық. Балаларым жазған-сызғандарымды Астанадағы «Фолиант» баспасынан өте сапалы екі томдық кітапқа жинап шығарып берді. Сол кітаптарымды сыйға тартайын!
Қорғаушы жігіт кітаптарды жеткізді. Бірінші том «Айналайындарым менің» және «Ана туралы жыр» атты екі бөлімнен, екінші том балаларға арналған «Ұрпағым, саған айтам», «Әселге айтқан ертегілер», «Софьяға айтқан ертегілер» деген үш бөлімнен құралыпты. Бірінші томның екінші бетіне қолтаңба жазды. Толық көшірейін:
Бауырым Нұрмұқан!
Мына шығармамды сыйлай отырып, өзіңе зор денсаулық, отбасыңыздың аман болуын тілеймін!..
Ізгі ниетпен ұсынамын: апайың – Ділда!
Ділда апай менің бірінші томның редакция сөзін шолып оқып отырып бас шайқағанымды байқап қойыпты.
– Неге бас шайқадың?! – деп таңғалды.
Ұялып қалдым. Шынымды айтпасыма болмады.
– Апай, баспа редакциясы сіздің кітабыңызды толық түсіне алмапты. Меніңше, бірінші том – талай ғасыр бодан болған, ұлттық рухы мен бітімі тозған, салт-санасы азған Қазақ атты ұлттың рухани тәуелсіздік алу жолымыздың бары мен жоғы іспетті еді. Редакция кітаптың түйін сөзін «…өрен, жас ұрпаққа арналған өсиет сияқты» депті. Менің білуімше, мынау кітап, тек жас ұрпаққа ғана емес, күллі оқырман оқып, жоғалтқанымызды іздеп табуға арналған оқулық еді.
– Айналайын, өзің талайды білетін сияқтысың. Менің Иманғалиымды білесің бе?
Ананың қарт көз-жанарының терең түкпірінен қуаныш пен мақтаныш желі ескен, тәтті сезімнің толқыны көтеріліп келіп менің жүрегімді де соғып өткенін сезіп тұрмын.
– Неге білмеске апай?! Азаматыңыздың тілеуін тілеп жүреміз.
– Есіңізде шығар, жаңа жылда телефон арқылы өзара құттықтасып, Сіздің батаңызды алғанмын. «Айналайындарым менің» кітабыңыз туралы әңгімелестік. Сонда Сіз: «Имашыма разымын! Алайда, Иманғалиым саясат сахнасында жүргендіктен кітабымның арасында айтуды ойым көтермеді. Өмір – өз жолымен, шындығымен биік!» – деген едіңіз. Мен ой түкпіріңізді түсіне қойдым. Сіз «Ұрпағым, саған айтам» деген кітабыңызда: «Адал махаббаттан адал бала туады», – депсіз. Иманғалиыңыз – еңбегін ел сыйлаған азамат. Иманғали азамат ретінде Отанын қорғасын! Біз қаламгерлер ұлт пен ұрпағымызды қорғайық…
Қане, апай! Мен қозғалайын. Пойыздың да қозғалатын уақыты таяды. Рұқсат етсеңіз, бірге суретке түсіп, естелік қалдырсақ…
– Мен сияқты жаман кемпірмен бе?
Құшақтасып отырып суретке түстік.
…Пойыз Алматыға қарай қозғала бастады. Мен ең соңғы вагонның есігінен сығалап, апайым жаққа қарадым. Атырау қаласын қимай кетіп барамын. Қаланы да, ананы да қимаймын. Ойымда Ділда ана…
Матай болыстың қызы Ділданың балалық шағы Сібірге айдалған әкесімен бірге қалың орыстың ішінде өткені, бойжетіп, әскери гарнизонның емханасына дәрігер болғаны, 1500 орыс әскер-офицерлерінің ішінен қазақты іздеп жүріп, қарапайым әскери шенді 4 қазақтың біреуі – Нұрғалидың етегінен ұстағаны, орыс тілінен жұрдай қазақ ауылына келін болып түскені, шәугім мен шәйнекті қазақ тілінің сөздігін өзімен бірге көтере жүріп, күнді-түнге жалғап үйреніп, қазақ тілін үш айда мақалдап, мәтелдеп сөйлейтін дәрежеге жеткені, Тасмағанбет атаның жалғыз өгізін сойып «келініме тіл шықты» тойын жасағаны, жап-жас келіннің соғыстан қайтпаған қайынағаларының балаларын бағып алғаны, талай панасыз жетімдерді бауырына салғаны… Қазақ деген ұлттың өңі мен түсі, бары мен жоғы Ділда ананың да жүріп өткен жолынан байқалады…
Нұрмұқан
ЖАНҰЗАҚҰЛЫ.