Тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэзиясының жетістіктерін саралағанда, ең алдымен, жекелеген қаламгерлердің шығармашылық әлеміне көз жіберіп, қайталанбас қолтаңба-мәнерін анықтауға талпынатынымыз рас. Өйткені, тұтас бір ұлттың әдебиетін санаулы дарындар қалыптайды. Қазақ лирикасының бүгінгі биігі жөнінде сөз өрбітіп, таланттар тұлғасын тілге тиек еткенде Қасымхан Бегманов есімін де қоса атауға тиіспіз.
Ақын шығармашылығы туралы осы уақытқа дейін көрнекті әдебиет зерттеушілері мен өз дәуірінің белгілі қаламгерлері – алдыңғы толқын мен кейін буын өкілдері татымды сөз, тұщымды тұжырымдар айтып, баспасөз бетінде жылы лебіздерін білдірген болатын. Олардың қатарында Т.Молдағалиев, Қ.Мырза-Әлі, М.Қойгелдиев, А.Ісімақова сынды елге есімі таныс руханият өкілдері бар.
Қасымхан Бегманов – сағыныштың ақыны. «Сағыныш» деген атпен ғасыр басында арнайы жыр жинағын жариялағаны да көпке аян. Оның шығармашылығына көкей көзімен үңілген әр оқырман тұтас бір сағыныштар цикліне куә болады. «Өзің жайлы ойлаймын бүгінде мен» атты өлеңінде өзі де бар өмірінің сағыныштан тұратынын айтады. «Сағыныштан тұрады тіршілігім», – дейді келесі шумағында. Басқа бір өлеңінде:
Жаңбыр жауғанда әйнекке,
Сағыныш болып шертілдім! –
десе, «Жас тұрды қара көзімде» деген өлеңінде былай деп ақтарылады ақын:
Он сегіздегі сезіммен,
Сүйдім мен қоңыр күзімді.
Тағы бір көктем көзімнен
Сағыныш болып үзілді.
Жоғарыдағы шумақтан ақынның поэзиясындағы сағыныштың басты арналары көрінеді. Оның өлеңдерінің дені жастық шақтағы махаббатына арналады. Алпысты еңсергенмен, бозбала шақтағы бойжеткенге деген сезімі әлі суыған емес. Махаббатқа кіршіксіз көңілмен қарайтын ақын оған барынша адал болуға тырысады. Ауыл аруының бейнесін өз жүрегінде мәңгілікке қонақтатқан ақынның көптеген өлеңдерінде бұл сарынды бірден байқауға болады.
Ол он алтыдағы бозбала кезін ғана емес, балалық бал дәурені өткен Бабайқорғанын, ежелгі қазақ тағдырын, оның қыраты мен суын, өзені мен өрін, ұлы тұлғаларын сағынады. Өткен күннің бар нақышын жүрегіне қондырғысы келетіндей. Біз осы сипатты Қасымхан Бегмановтың ақындық әлеуетін танытқан толғауларының бірі – «Ташкентпен қоштасуынан» анық байқадық. Ақынның аталмыш өлеңі жөнінде қазақтың көрнекті қаламгері Қадыр Мырза-Әлі өзінің жоғары бағасын берген-тін. Ол «Ташкентпен қоштасу» өлеңін қазақ поэзиясындағы құбылысқа балап, өлеңнің тамыр-түбі «өткен ғасырларда өмір сүрген көне қазақ ақындарының жырларында, қопарыла айтылатын телегей толғауларында жатқанын» тілге тиек еткен еді.
Ташкенге қарап жылағым келді,
ардақтым,
Әлденелерді өзіңнен қайта сұрағым келді,
ардақтым, –
деп бастау алатын өлең оқырманды өз ұйығына тартып әкетеді. Бұл өлеңде қазақтың тұтас тағдыры бар. Тарих пен тағылым қатар суреттеледі.
Шулы шаһардың самаладай боп
шамдары жанды жарқырап,
Көшелерінде даладай дарқан
қазақтың көне салты қап.
Алшаңдай басып алашордашыл
осында жүрді-ау асылдар,
Асылдарымды біздерден бөліп
түбіне тартты ғасырлар, –
деп жырлайды ақын. Өлеңге өзек болған тарихи қала десек те, мұнда туысқан жұрттың меншігінде қалып қойған құнарлы жерлер мен тұлғалар тағдыры да тасада қалмайды. Ақын Төле би, Әйтеке би, Жалаңтөс, Жолбарыс хан сынды қазақтың елдік жолында қызмет еткен айтулы тұлғалардың арғы бетте қалып кеткен молаларын, Ташкент қаласы мен оның төңірегіндегі Шыршық, Шыназ, Сіргелі, Бостандық, Қыбырай сынды аудандарды – қазақтың байырғы жерлерін жоқтайды. Сағынады. Өлеңнің поэтикалық өрісі кең, көркемдік қуаты мол. Ташкент қаласы Мағжан жырлап өткен Түркістанның астанасы болса, алаш арыстарының жолын жалғаған Қасымхан Бегманов та Түркістан жерін тамсанумен жырлап келеді. Жоғарыдағы толғау – осының айғағы. Сондай-ақ, Қ.Бегмановтың шығармашылығында Түркістан тақырыбы өзінше бір соқталы да салмақты салаға айналған деуге болады. «Шерлі Түркістан» поэмасын айтпағанның өзінде, Түркістан шаһары мен киелі қаланың маңындағы ауыл-өңірлер жөніндегі жырлардың өзі бір шоғыр. «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым», «Түркістан ием, тарихы түпсіз тереңім», «О, Түркістан, шапағат бер, сабыр бер», т.б. сынды өлеңдерінде бұл тақырып кеңінен ашылып, терең қаузалады. Ол өзінің «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым» деп аталатын өлеңінде аталмыш қаланың бабалар салған сара жолдағы орны мен маңызын айта келіп, өз ойын былайша сабақтайды:
Нұрға шомылмай бабалар,
Жайнамаздарын жаймаған,
Көне бір тарих айналам,
қараймын-дағы ойланам.
Қазақтарымның Намысы,
ғасырлар бойы сақылдап,
Тайқазанымда қайнаған.
Бір шумақта ұлт тағдырының бір бөлшегі жасырынып жатқандай. Осындай өлеңдеріне қарап, біз ақынды Алаш идеясын ту қып өткен Мағжан ақынның ізбасары дей аламыз.
Қасымхан Бегмановтың поэзиясында қазақ таным-түсінігіне ғана тән кейбір концептуалдық ұғым-категорияларды көп кезіктіреміз. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын ақын мұрасының ішінде біздің назарымызды өзіне еріксіз тартқан өлеңнің бірі – «Қоңыр». Бұл өлеңнің жөні бөлек, бағамы биік. Бірге оқиық.
Қоңыр ұл ем, қоңыр үйде ержеткен,
Қоңыр ырғақ жүрегімді тербеткен.
Қыратында гүл теретін қоңыр қыз,
Қалды артымда қоңыр ауыл, қоңыр күз, –
деп жырлайды ол. Өлеңнің құрылымы туралы сөз өрбітпегеннің өзінде, аталмыш өлеңге Қасымхан Бегманов «қоңыр» сөзімен бірге келетін 25 тіркес – 25 эпитетті кіріктіреді. Қазақ тілінің байлығы ғана емес, бұл өлеңде қазақ тіршілігінің де тұтас палитрасы оқырман көз алдына келеді. Осы дәстүр ізін біз оның «Ақын зиратындағы ой» өлеңінен де байқадық. Сонымен бірге, Қасымхан Бегмановтың шоқтығы биік өлеңдерінің санатында «Шүберек» өлеңін айтуға тиіспіз. Ақынның жан-сезімін, ой-наласын, аңсар-мүддесін білдіретін бұл өлеңді оқып отырып оқушысы да ауыр ойлардың астында қалатыны рас. Өйткені, лирикалық қаһарманның толғаныс-тебіренісімен бірге оқырманы да тербеледі, терең ойға шомады.
Мұзды шайна, отты жұт, шыдамасаң шоқты аса,
Ел деп соққан бейкүнәм талып барып тоқтаса.
Естілмесе кеудемнен жүрегімнің дүрсілі,
Шүберекке оранып кетіп қалсам бір күні.
Кешіріңдер, қайран ел, қардай аппақ арым бар,
Шүберекті көргенде мені де еске алыңдар… –
дейді Қасымхан ақын. Бұл – ақынның шынайы бейнесі, имандай шыны. Нәзік те сырлы лирика тілімен өмірдің үлкен ақиқатын алдыңызға жайып салады.
Жоғарыда айтқанымыздай, ақынның өлеңдерінен қазақтың ірі тұлғаларына деген ілтипат-құрметі, ықылас-пейілі ерек екені бірден білінеді. Ол таутұлғаларды түгендеуге тырысады, жақсыларды жоқтайды. Кенесары, Махамбет, Абай, Қаныш Сәтбаев, Нәзір Төреқұлов, Дінмұхаммед Қонаев, Саттар Ерубаев, Төлеген Айбергенов, Асқар Сүлейменов, Кеңшілік Мырзабеков, т.б. сынды нарғасқалар өмірін өлең өрнегімен кестелейді. «Тәуелсіздік немесе Нәзір Төреқұлов жайлы жыр», «Академик Қаныш Сәтбаев жайлы жыр», «Ақын зиратындағы ой», «Асқар Сүлейменовті еске алу», «Құбылыс» өлеңдерінде тұлғалар тағдыры бар бояуымен суреттеледі. Дегенмен, осы сарындағы өлеңдерінің ішінде Қасым ақынның жөні де, орны да ерек тұр. Ол былай жырлайды:
Дәуірлер жайлы толғай да толғай толғаған,
Заманалардан ұрпаққа жырын жолдаған.
Қасқа жол салған, басқа жол салған қашанда,
Қазақта біздің Қасымдар осал болмаған.
Нәзік емеурін, жарасымды наз. Қасым Аманжолов есімі бірнеше өлеңінде ауызға алынады. Өз тағдыры мен әйгілі ақынның өмірін салғастыра, салыстыра қарайтыны бар. Ол ұлы ақын есімін еске алып мұңға батады. Сағыныш дерті өзегін өртейді. Жалпы, қазіргі ақындарда, әсіресе, жас қаламгерлердің өлеңдерінде мұң бар. Қайғы бар, ыза мен кек бар. Әйтеуір, ауыр күрсініс бар. Бұл әуелі Қасымхан ақында да жоқ емес. Бірақ оның шығармашылығында өзінше бөлек сипат бар. Кәдуілгі қайғы-шерге батырып жіберетін, еңсеңді түсіріп, жаныңды жабырқататын мұң емес, нәзік сезім мен ақеділ сағынышқа көмкерілген мұң мұндағы. Алайда, ол үкілі үмітінен айырылмаған.
Халқым кешке бақытты боп көз ілсе,
Бақытты боп оянамын таңертең, –
деп, еңсесін езген мұңның бар сырын ашып бергендей болады. Ақынның қай өлеңінде де ұлттың мұраты, өткені мен келешегі сарапқа салынады. Қасымхан Бегмановтың «Сиқырлы еді-ау жаңбырлы көктем», «Абай», «Шүберек», «Ана бейітінде», «Көше ақындары», «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым», «Дүние», «Ол көктем оралмайды», «Қараойдағы Махамбет қабірі басындағы ойлар» сынды өлеңдері оның шығармашылық әлеуетін арттырып, ақындық тұлғасын ірілендіріп тұр деуге негіз бар.
«Шерлі Түркістан» поэмасы. Қазақ әдебиетінің поэма жанры еркіндік алған тұста кенересін кеңейтіп, ертеректе жабық тақырыптардың санатында болып келген ұлттық мәселелерді қопара толғағанымен, дәл осы Алаш тағдыры, Алаш шындығы жөніндегі эпикалық шығармалар некен-саяқ екен. Әсіресе, Түркістан Республикасының негізін қалаушы, ірі саясаткер Мұстафа Шоқайдың тарихи қызметін көркемдік шындық аясында жырлау жағы кемшін түскені жасырын емес. Ұлттық сананы поэзиядай тез көтеретін бірде-бір құбылыс жоқ. Ол, әсіресе, ұлттың тарихы мен тағдырына суарылып жазылған өнер туындысы болса, тіптен бөлек. «Шерлі Түркістан» – қазақтың қасіреті мен қасиетін қатар көрсеткен рухты шығарма. Бұл – Қасымхан Бегмановтың эпикалық жанрдағы алғашқы туындысы. Поэмаға арқау болған – ХХ ғасыр оқиғалары. Өткен ғасырдың бас кезінен орта шеніне дейінгі ірілі-ұсақты өзгерістер Мұстафа бейнесі арқылы танылады. Ірі тақырыпты ірі жанрмен ғана ашуды мақсұт тұтқан қаламгердің қадамы жеміссіз болды дей алмаймыз. Өйткені, шығармада қазақтың ірі тұлғасының өмірі мен қызметі тарихи-хроникалық тұрғыдан ғана танылып қоймай, оның азаматтық-адамгершілік болмысы мен ішкі жан әлемінің небір әлемет қалып-күйі психологиялық штрихтермен ашыла түседі. Дүние дүбірі басылмай, түрк жұрттарының тағдыры қыл үстінде тұрғанда, Мұстафа бастаған тұлғалар Түркістан мемлекетінің негізін қалайды. Отан Тәуелсіздігін бәрінен биік санаған ол Совет өкіметінің талап-шарттарын қабылдамай тастайды. Мұның соңы қуғындағы азапты күндерге ұласады. Қоқан моласында жасырынып, бейіттер ішінде бірнеше күн бойы жан сақтаған қайраткердің Еуропа төріне жетіп, тарихқа мәлім істерін атқаруына дейінгі ұзын-сонар оқиға желісі көркем де әсерлі баяндалады. Қасымхан ақынның:
Өмірді шексіз сүйеді,
Өлікпен қатар жатқандар, –
деп жырлайтыны осыдан. Ойды беру тәсілі де ерек. Бас қаһарман бейнесін сомдаудан бұрын қазақтың, түрк елінің жауынгерлік һәм қайсарлық қалпы мен салты сөз етіледі. Көркем туындыдан Мұстафа Шоқайдың ғана емес, күллі тұрандықтардың қилы тағдыры көрінеді. Мұстафа-қазақ, Мұстафа-түрк ұғымдары тұтастанып кетеді. Өлең өлшемдері ғана емес, стильдік һәм сюжеттік ағыны құбылып отырады. Автордың ұлы тұлға ізімен жүріп өткен сапарының әсерлерін кіріктіріп отыруы һәм Мұстафа Шоқай мен Мәриям Шоқайдың бір-біріне жазысқан хаттары мен естеліктерінен үзінділер келтіріп отыруы шығарма құнын арттыра түспесе, кемітпек емес. «Шерлі Түркістан» поэмасында Мұстафаның ғана емес, оның жары Мәрияның бейнесі де үлкен маңызға ие. Автор екі ғашықтың – екі алыптың бейнесін астастыра, қабыстыра жырлайды.
Елінің ертеңі үшін құрбан болған жарының қайғылы қазасын мұсылмандық салт-жоралғылармен өткерген Мәриямның, ең аяғында, қазақтың дәстүр-салтына берік орнығып, қырық күн толғанда өлімге құрмет есебінде берілетін арнайы асты Париж мешітінде беруі – оның бейнесін ажарландыра ашып, тұлғасын биіктете түседі. Ол Мұстафа басына құлпытас орнатқызып, оған үш латын әрпі мен төрт сан жазғызады. Бұл Інжілдің бесінші тарауындағы: «Нет больше той любви, как если кто положит душу свою за друзей своих» («Жаныңды сенің тапсыратын ол достар және ол махаббат енді жоқ» – автордың аудармасы. – Н.Қ.) деген 13-өлеңін меңзегені екен. Автор аяулы жардың дәл осы ісіне құрметпен қарап, былай деп жазады:
Өмірдің мынау жалғаны,
Түркінің тұтас арманы,
Төрт санға қалай сыйып тұр!
Мәриям – ірі тұлға. Ұлтының ұлы перзентінің жан-сыры, арман-аңсары, мақсат-мүддесі осы аяулы жарының естеліктері арқылы жетті. Мұстафаның аманатындай болған айтулы жүкті көтеріп жүріп өзі де ұлылар санатына қосылды. Ол тек қазақтың ғана емес, тұтас Түркістанның анасы ретінде тарихта қалды.
Поэманың өне бойында түрк бірлігі идеясы сайрап тұр. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен Түркістан мемлекетінің, тұтас түрк жұртының күні әлі де туатынына еш шүбә келтірмейді ақын. Ол:
Шырқарың әуелетіп бір ән болып,
Жаттайтын ұлы сөзің Құран болып.
Түркістан, Түркі сөзі ұран болып,
Туларың көкте самғар қыран болып.
Қайтадан дәуірлейтін заман келіп,
Түркілер, бірігіңдер Тұран болып! –
дейді. Автор осылай асқақ үндеу тастайды. Оқиғаны баяндап қана қоймай, кезі келгенде өзінің ішкі жан-күйзелісін ақтарып, кейде өз көзқарасын да ашып айтады. Тарихқа айналған ХХ ғасырдың сындарлы сәттеріне ХХІ ғасыр биігінен көз тастайды. Архив құжаттарымен жырының салмағын арттырып, шындықтан алшақ кетпеуге барын салады. Өз Отанының бағы мен бақыты үшін өзге жұртта сабылған саясаткердің қабірі басында ақын мына толғауды төгілте жырлайды:
Бермейтін асу шың жатыр,
Бұйра да бұйра құм жатыр.
Түркінің ұлы үміті,
Осынау шағын зиратта,
Сағыныш жатыр, мұң жатыр.
…Адал сүт емген төл жатыр,
Мөп-мөлдір ғажап көл жатыр.
Таппайтын ешбір картадан,
Осынау шағын бейітте,
Баяғы Тұран-Түркістан,
Бөлшектелмеген ел жатыр.
Мағжанның «Жатырымен» үйлес, бірақ жөні бөлектеу «жатырлар». Символизмнің хас шебері Мағжан «Жатырында» замана бәйгесінде оза шапқан елдердің жеткен мәресі жайында өкінішпен жыр жазса, оның бүгінгі ізбасары сол жолда шейіт кеткен бабаның бүтін бітімін аңсап, сөзден рухани ескерткіш тұрғызады. Бұл – сол кездегі рухқа деген сағыныш пен ілтипат-құрметтің туынды-жемісі. Ойды жеткізудегі ақынның дәл осы градациялық тәсіл мен эпифоралық тіркестерді қолдануы қай жағынан да шебер, ұтымды шыққан.
«Алашорда аманаты» поэмасы.
«Алашорда аманаты» – Қасымхан Бегмановтың шығармашылық тұлғасын биіктете түскен кезекті келісті туындысы. Мазмұны жағынан алғанда, «Шерлі Түркістанның» жалғасы іспетті.
Жалпы, тарих тағылымына үңілсек, егемендігін алған кез келген жұрт алғашқы ширек не жарты ғасырлық ғұмырын өзінің төл бітімін бүтіндеуге, жоғалтқанын түгендеп, түпкі тамырын тануға арнайды екен. Қазақтың ғылымы мен өнерінде осы үдерістің қарқыны әлі бәсеңсіген жоқ. Қайта уақыт өткен сайын түрленіп, толығып жатқандай. Ұлттың айырылғаны аз емес екен… Әсіресе, сөз өнерінде тарихи тақырыптардың жиі қаузалуы мен этномәдени құндылықтарымыздың жаңаша жаңғыруы үрдісін осыдан деп ойлаймыз. Дегенмен, Алаш тақырыбы, алаштықтар ту еткен құндылықтар жүйесі ұлттық поэзиямызда өз деңгейінде жазылып бітті деуге әлі ерте. Осы олқылықтың орнын Қасымхан Бегмановтың «Алашорда аманаты» атты поэмасы толтыра түсті деуге негіз бар. Алашорданың құрылғанына жүз жыл толуы қарсаңында дүниеге келген туынды көп сырды ақтарады. Тар кезеңде тарих сахнасына шыққан ұлт қайраткерлерінің азаматтық ұстанымдары мен ел үшін жасаған ерен ерліктерінің тұтасқан галереясы дерсіз.
Дала бұл қара жолы ширатылған,
Қаласы, моласы да қиратылған.
Зарығып жел өксиді, опырылған
Қарқылдап топ қарға ұшты зиратыңнан.
Поэманың басынан-ақ оқушы осындай мұң мен сағыныштың тұңғиығына батып кетеді. «Жүрегі атан тартар мұң артқан» лирикалық қаһарманның алаштықтардың жер бетіндегі моласын таппаған соң құранын көкжиекке қарай оқуы оқырманды да еріксіз егілтеді. Автор қазақтың қаралы күндерінің ақиқатын айту үшін қара өлеңге жүгініпті.
Алаш арыстарының аманаты кестеленген аталмыш поэма оқушысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Академик З.Қабдоловтың: «Шығарманы сынайтын оқырман бар да, оқырманды да сынайтын шығарма болады», – дейтіні бар емес пе? Олай дейтініміз, туындының төлиесі аса ауқымды тақырыпты қаузап отыр. Мақсұты – Әлихан мен Мұстафа сынды қабырғалы қайраткерлердің аманатын оқырман санасына сіңіру, жүрегіне қондыру. Ақын:
Кекілінен сипап қойып кекті ұлдың,
Қара қайғы алқымнан ап жеп тындың.
Қара желге қара жасты кептірдім,
«Оян, қазақ!», оянасың қашан деп,
Дулатұлы Міржақып боп кеп тұрмын! –
дейді ағынан жарылып. Ақынның ендігі үміті – тәуелсіздіктің ұрпақтарында. Ол өзі сағына жырға қосқан алыптардың Ұлы Дала төсінде қайта туатына еш күмәнданбайды. Біз жоғарыда тілге тиек еткен деколонизациялық үдерістерді үдетіп, ұлттың өзіне тән даралығын тануға, өткенін саралап, келер күнге кемел қадам тастауға тамызық болар мотивтер – сағыныш пен үміт. Қасымхан ақында осының екеуі де бар. Өзара жымдасып, жарасым тапқан. Осы тұрғыдан алғанда, Қасымхан Бегманов поэзиясын ұлттың рухани-мәдени жаңғыруына қосылған үлес деуге болады. Задында, көркем туындының поэтикалық қуаты оның адам жанына тигізер әсерімен, жан-жүрегін қопара қозғауымен өлшенеді ғой. «Алашорда аманаты» поэмасы өзінің көркемдік мақсұтына жеткен деп ойлаймыз. Себебі, үмітпен ашылып, өкінішпен жабылатын шығармалар болады. Біздің жүрек қуаныштың дүрсілін соқты. Демек, автордың о бастағы арманы орындалғаны-дағы…
Жоғарыда біз Қасымхан Бегмановты сағыныштың ақыны дедік. Шығармашылық әлемін тұтас қарастырсақ, ақын жырларындағы сағыныш сарыны мынадай үш арнада түйісетініне көз жеткізуге болады:
Бірінші, жекелеген тұлғаларға деген сағыныш. Ақын, ең алдымен, бозбала шақтағы бойжеткенді сағынады, осы дертке кез қылған да – ауыл қызы. Тіпті, өлеңдерінің дені ауылда қалған мәңгілік махаббатына арналады деуге негіз бар. Сондай-ақ, асыл ана мен сырлас жеңгеге деген сағыныш сезімі жыр боп төгіледі. Қарапайым ауыл тұрғындары мен қазақтың қабырғалы қайраткер ұлдарына деген ықылас-пейілі сағыныш болып хатқа түсіпті. Хан Кене, Махамбет, Абай, Нәзір Төреқұлов, Қаныш Сәтбаев, Асқар Сүлейменов, Төлеген Айбергенов, т.б. сынды ұлт ұлыларына арналған өлеңдер осының дәлелі.
Екінші, белгілі бір территориялық регионға деген сағыныш. Ең алдымен туған жер – Бабайқорған, Түркістан шаһары, Кентау, Жиделі Байсын, Ташкент, Шыршық т.б. сынды бұрынғы һәм бүгінгі қазақтың төл қоныс-мекендеріне деген аңсар айқын байқалады. Әсіресе, өзгенің қанжығасында кеткен Жиделі Байсын мен Ташкентті, Бесқаланы аңсайды ақын. Оның туған жерге деген сағынышы Қарасу мен Қарашықтың (Түркістан маңындағы өзен аттары – Н.Қ.) арасынан, Бабайқорғаннан басталып, күллі қазақ жерін қамтиды. Сөйтіп, ол қазақтың жерін тұтас қалпында сүйеді.
Үшінші, ар мен адамилыққа деген сағыныш. Біз мұны тазалыққа құмарту мен рухани-мәдени кемелдікке ұмтылудан туындаған өлеңдер деп бағалаймыз. Осы орайда, ақынның жалпыадамдық құндылықтарға құлаш сермегені анық байқалады. Өтірік пен жаладан, әділетсіздік пен арсыздықтан бойды аулақ ұстауға үндеп, адалдыққа, жақсылыққа баулиды.
Түйіндеп айтар болсақ, жоғарыдағы айтылған пікірлердің бәрі де ақынның өткен күн – уақыт ағзам мен ұмыт болған ұлттық құндылықтарға деген сағынышының үлкен екенін көрсетеді.
Қасымхан ақынның поэзиясы қазақы қалып аясындағы рух пен ғұрыпқа суарылған. Ұлттық құндылықтар ұлықталады әр өлеңінде. Дәстүр мен дін, діл мен тіл, ел мен жер – Қасымхан Бегманов өлеңдерінің негізгі тірегі. Сондай-ақ, ақын арды, адамдықты, адалдықты, аманатты жырлайды. Ол мұңайған кезде ғана, сағыныш дерті дендеген кездерде ғана қолына қалам алатын секілді. Өйткені, өлеңдерінің қай-қайсысында да сағыныштың, сағынышпен астасқан мөлдір мұңның нышан-белгісі байқалмай тұрмайды.
Нұрбол Құдайбергенов,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институты
Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және
көркем публицистика бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері.