«Тар заманнан» тартқан сыр
30.03.2018
8558
0

ХХ ғасыр басындағы қазақ жұртының қилы тағ­дыры, арманы, мақсаты, мүддесі, Алаш зиялы­лары жү­ріп өткен жолы, замана запыраны һәм ұлт­тық, мемлекеттік биіктерге қарай басқан қадам жай­­лы толымды дүние – Ұлттық арнаның жаңа жо­ба­ларының бірі ретінде көрермен назарына ұсы­ныл­ды. Алматыдағы «Есентай молл» сауда үйінің кино­за­лына, телехикаяның танысты­ры­лымын көруге кел­ген кө­рермен асып-төгіліп, сыртта атнөпір жұрт жиы­лып қал­ғандықтан, таныс­тырылымды екі ке­зек­те көрсетті. Ақын-жазушылар, тарих­шы ғалымдар, қо­ғам қайрат­керлері мен жастар қатысқан жиында Ұлттық ар­наның Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен сериал ре­жиссері Мұрат Бидосов жо­баның жай-жапсары туралы әңгімеледі…
«Алаш – екінің бірі қалам тербей бермейтін қиын да күрделі тақырып. Оның үстіне, Алаш тағдыры да – аса қасіретті, қазақ үшін аса аяулы тағдыр. Сол себепті де, бұл тақырыпты қолға алудың өзі батылдықты талап етеді. «Тар заман» сериалы ХХ ғасырдың басындағы түрлі тарихи-драмалық оқиғаларға арналған ауқымды жоба болғандықтан, ұзақ дайындалдық. Тұрсын Жұртбай, Берік Әбдіғалиұлы бастаған арнайы кеңесшілер тобы құрылды. Берік Әбдіғалиұлы жобаның басынан аяғына дейін кеңесші болды. Жоба бірнеше жерде – Алматыда, Талдықорғанда, Жамбылдағы Меркіде, Керекудегі Баян-ауылда және Орынборда түсірілді. Сериал сценарийін мұқият зерттеп, қарап, актерлерді де бүкіл республика бойынша іріктедік. Аталмыш телехикаяның ықшамдалған нұсқасы фильм ретінде кинотеатрларда көрсетілгенінен хабардарсыздар. Әу баста телесериал ретінде түсірілген жобаның ықшамдалған нұсқасын кинотеатрлардан көрсетудегі мақсатымыз – аудиторияның қызығушылығын ояту. Сондықтан, жобаны фильм ретінде ықшамдап, бірнеше кинотеатрлармен келісе отырып, бірқатар қалаларда көрсетілді. Біздің ойымызша, бұл телехикая Алашты кеңірек насихаттауға мүмкіндік бермек», – дейді «Qazaqstan» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Жобаның ауқымы өте кең. Сериал ұлттың өткен ғасыр басындағы «тар жол, тайғақ кешулерін» суреттейді. Қос бірдей революция, қазақ қайраткерлері «Алаш» қозғалысын құрған ауыр кезең, қазақтың саяси, рухани һәм шекералық тұтастығын сақтап қалудағы талас-тартыстар, Қазақияның болашағы үшін «жан беріп, жан алысқан» дәуірдің саяси қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов сияқты тұлғалар және олардың замандастарының бейнесін сериалда көпшілік назарына ұсыну – қиын һәм жауапкершілік жүктейтіні белгілі жайт.
Сериалда Алашорда үкіметін құру барысындағы тартысты пікірлер мен Алаш зиялылары арасындағы саяси қарым-қатынас, достық, сатқындық, мүдделер қақтығысы да көрсетілген. Тар кезең дәуірінде қазақ даласындағы қым-қуыт оқиғалар, Алаш зиялылары мен қарапайым халықтың бастан кешкен қиын-қыстау кезеңі, ұлттық тұтастық пен бірліктің қазақы өлшемі, жалпақ жұрттың махаббаты пен ғадауаты – сериалдың негізгі өзегі. Қазақ даласының Ақпан төңкерісін қалай қабылдағаны, Ұлт-азаттық көтерілістегі азаттық мұраты, Қазан төңкерісінен кейін тұтас қоғамның неге қақ жарылғаны да негізгі оқиғаға арқау болған.
Сериал режиссері Мұрат Бидосов: «Актерлік құрамды жасақтау үшін бүкіл Қазақстан театрларын аралап, кастингтер өткіздік. Қарағанды, Ақтау, Тараз, Талдықорған, Жезқазған қалаларынан кәсіби актерлерді жинап, тарихи-көркем образдарды бекіттік. Актерлерді портреттік ұқсастығына қарай және актерлік шеберлігіне байланысты таңдадық. Телесериалға тарихи тұлғалар ғана емес, көркемдік образдар да қатысқан. Оларсыз көркем туынды жасау, әрине, қиын. «Тар заман» телесериалына 200-ден аса актер қатысты. Фильмде 37 тарихи тұлғаның рөлі бар. Рөлдерді Балтабай Сейтмамыт, Дулыға Ақмолда, Жалғас Толғанбай, Тұрсын Құралиев, Медғат Өмірәлиев, Кенен Ақүрпеков, Мәмбет Қожалиев, Олжас Абай, Наргиз Алтайбай, Ұлан Болатбек, Жұлдызбек Жұманбай, Дархан Сүлейменов сынды кино және театр актерлері сомдайды. Түсірілім жұмыстары қызғылықты әрі күрделі болды. Телевизиялық жоба болғандықтан, бюджет шектеулі болғанын да айта кеткім келеді. Сериалдың желісін жасауға Берік Әбдіғалиұлы, Тұрсын Жұртбай сынды бірқатар ғылыми кеңесшілер қатысып, негізгі сценарийді Сержан Зекерұлы жазып шықты», – дейді.
Не десек те, Qazaqstan ұлттық арнасы түсірген «Тар заман» тележобасы – Алаш арыстарының өмір жолын, тар кезеңдегі арман-мақсатын, мүддесін, достығы мен сыйластығын, жалпы сол заман келбетін көрсетуге ұмтылған тұңғыш сериал. Сондықтан болса керек, жалпы көпшілік «Тар заманды» көруге айрықша ден қойды. Алматы қаласындағы таныстырылымда да жұрттың ерекше көп жиналуы соның бір дәлеліндей.
Тарихи туынды 40 минуттық
12 сериядан тұрады. Алаш қайраткерлерінің тағдырын арқау еткен «Тар заман» телехикаясы
26 наурыздан «Qazaqstan» ұлттық арнасында көрсетіліп келеді.

Қарагөз СІМӘДІЛ.


Бір пікір:

Өміржан Әбдіхалық, жазушы:
– «Тар заман» телехикаясының Алматыдағы көрсетіліміне көрермен өте көп жиналды. Кино көруге құмар жамағаттың залға сыймай, көрсетілімнің екі сеансқа созылғанын жақсылыққа жорыдым. Енді теледидардан толық нұсқасын көріп, пікір-пайымымызды толықтырып жазармыз, айтармыз деген үмітіміз бар.
Жалпы, қазірдің өзінде «Тар заманға» қатысты айтылған пікірлер легі өте көп. Көрерменнің осы тақырыптағы сериалдарға деген іңкәр көңілін, осы тақылеттес жобаларды телеарналардан көргісі келетін ұмтылысын байқадық. Иә, кәсіби мамандар өз пікірін бере жатар. Ең бастысы, бұл жобаға кинотуындыларға қойылатын талап деңгейінен емес, әдеттегі телехикая есепті қарап, сол деңгейден пікір айту керек шығар деген ойдамын.


Бір пікір:

Дана Әмірбекова,
кинотанушы, Т.Жүргенов атындағы
ҚазҰӨА докторанты:

– Алашорда үкіметін құру жолында күрескен Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатов, Смағұл Садуақасов сынды елге айбын, дұшпанға айбар болған Алаш арыстарының өмірінен сыр шертетін «Тар заман» көпсериал­ы көркем туындысының тақы­рыбы – ауқымды, артқан жүгі – ауыр. Себебі, қазақтың еркіндігі мен жерінің тұтастығы үшін жанын қиған әр тұлғаның қилы тағдыры жеке қарастырылып, дара фильм түсіруге әбден лайық.
Бұған дейін Абай Құнанбайұлының өмірін өзек етіп алған «Ақылдың кілті. Өмірдастан» атты тарихи телесериалымен көзге түскен Мұрат Бидосовтың бұл туындысы шықпай жатып ел назарына ілігіп, қы­зығ­у­шылық тудырды. Иә, алғашқы кадрлардан-ақ XX ғасырдың басындағы тарихи дүрбелеңді көз алдымызға елестете­тін ауыл мен қала көріністері, актерлердің өз кейіпкерлеріне дәл ұқсаған түр-сипаты, сол заманның сән үлгісіне сай кастюмдердің шынайылығы тәнті етпей қоймайды.
Дегенмен, өкінішке қарай, көрермен күткен фильм мен Мұрат Бидосов мырзаның көрермен назарына ұсынған туындысы екі бөлек болып шықты. Олай деуімізге, бірінші­ден, телесериалдың үлкен экранға ықшам­далып, қысқартылған нұсқасының шашыраңқылығы себеп болды. Фильмде баяндала­тын оқиға­ның тарыдай шашылға­ны­нан кейіпкерлердің белгілі бір әрекетке баруына итер­ме­ле­­ген себептер жұмбақ күйінде қалып, Алаш­тықтардың міне­зі мүлде ашылмай, көп нәрсені көрермен тек өз қиялы арқы­лы жорамалдап отырды.
Бұл – 12 серианы қыс­қар­тып, толықметражды бір фильмге айналдырғаннан туындаған жағдай екені де түсінікті, әрине.
Екіншіден, Дулыға Ақмолда мен Кенен Ақүрпеков, Наргиз Ал­тайбай сын­ды актерлер өз рөлдерін өте сәтті сомдап шық­қан. Өкініштісі, өзге актерлердің сыртқы келбеті өз кейіпкерлеріне ұқсағанымен, кейіпкерлерінің ішкі мінез­ін, болмысын ашуға тырыспағаны бай­қа­лады. Оған себеп – аталмыш актерлердің экран өнеріне жараспайтын тым жасанды, демек сахна өнеріне жақын ойындарында. Кино шынайылықты жақсы көргендік­тен, актерлердің асыра сілтеп эмоцияға беріліп, пафосқа жақын ым-ишара ар­қылы ішкі сезімдерін жеткізуге ты­рысуы театр қойылымын еске тү­сіріп, көрерменді езу тартқаннан бас­қа сезімге бөлей алмады.
Үшіншіден, дыбыс режиссері­нің жұмысы. Кино – синтезді өнер түрі болғандықтан фильмдегі саз-әуен­ді орнымен қолданылғаны абзал. Өкінішке қарай, фильм барысын­да қолданылған музы­ка­ның кадр сыртында үзіліссіз ойнап тұруы, кейбір жерлерде әуен­нің диалогтан жоғары қойыл­уы – кейіпкерлердің не айтқа­нын естімей дал бол­ған кө­рерменнің наразы­лығы мен түсініспеушілігін тудырды.
Ауқымды тақырып­тарды көтерген туын­ды­лар­дың көптеп түсіріл­гені жақсы, әрине. Де­сек те, тек өзіне тән тілі бар киноны басқа өнер түрлерімен ша­тастырмасақ екен…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір