Рахымжан ОТАРБАЕВ: «Қазақты жақсы көрем…»
23.03.2018
3541
1
Көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевсыз қырық күн өтіпті. Оның қаламынан туған таңғажайып шығармалар әдебиет деп аталатын сұлу әлемде лайықты орнын алғаны баршаның есінде. Суреткердің шығармасынан мөлдіреген жан-дүниесі көрініп тұратыны сияқты, көрген-баққан, ойға түйгенінен де Отарбаевтың тамыр бүлкілін байқарымыз анық.
Қазақ көркем сөзіне адал еңбек еткен қаламгердің жазбалары көзі тірісінде «Жас Алаш» газетінде жарияланып келгені көзіқарақты оқырманның есінде болар. Сол басылымда жарық көріп үлгермеген жазбалардың бір парасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

***

Тырна – көкте, тұзақ – жерде. Құрғанмен түсе қоя ма? Қазақтың арманы да соңғы кезде осыған ұқсас.

***

– Мына мақтауың буыныма құрт боп түсті-ау. Үш ұмтылып орнымнан тұра алмай қалдым. Тілдің бояуы дейсің бе? Қазақтікі ғой, – дедім бір сыншыға. – Тұ­ны­ғынан қанып ішкен шығар­мын. Уызына жарыған ұрпақпыз ғой. Әрі ұстаздарым да мықты еді. Атам-әжем және батырлар жыры. Кішкентайымнан ойынға жоқ едім. Үйге қонақ келсе, ата-әж­ем­нің қасында шошайып отырып алам. Ескілікті әңгімеле­рін, көрген-баққандарын, әркімнің алуан қылық, мінезін көңіліме тоқимын да отырам. «Апыр-ай, осы бала сөз аңдиды. Мал таны­майды. Шаруаға қыры жоқ», – деп сыртымнан уайым қылатын. Сол сөз маған мал болды ғой.
Кешкісін ата-әжем батырлар жырын оқытады. Шам жары­ғы­мен. Алдыма аттың тоқымындай нән кітапты өңгеремін. Оқи-оқи көбін жаттап алғанмын. Атам үнсіз зер салады. Әжем тосаңдау оң құлағын кимешегінен босата­ды. Ал, кеп заулатайын. Алуан оқиғаның ішінде өзім жүргендей даусымды құбылтамын кеп. Мақтаған сайын көмейім ашыла түседі.
… Дінсіз шал ақылы жоқ
өрге қашты,
Қызымды жетім ұлға
бермей­мін деп.
Әжем тап осы тұста:
– Өткен жолы берем деп еді ғой, – дейді күйгелектеніп. – Сен осы дұрыс оқып отырсың ба?
– Кітаптағы жазу өзгере ме? Баянды бәрібір Қозыға бермейді. Қарабай қазір малын айдап қа­шады.
Әжем Қарабаймен жау. Қар­ғап-сілеп дымын қоймайды. Бәйбішесі де сыбағасын алады. «Жүзіқара, байына неге айт­пай­ды: «Анттан тайма. Аруақ атады. Қызың Қозыдан артық кімге тимек? Батамызды беріп, ұза­тайық» деп…».
Қыз Жібек, Ақжүніс, Гүлбар­шын сұлу мен Айман, Шолпанды да аяп: «Байғұстардың бақтары бір ашылмады-ау», – деп отыр­ғаны. «Алпамыс батырдағы» Жәдігер боп:
… Досың кетіп қасыңнан,
Дұшпаның келіп басыңа,
Мендей болып қақсағыр,
Тарта бер, жұртым, тарта бер! –
дегенде өзім де өксіп жылап алам.
Тілімнің бояуы өзгеге ұқса­сын, ұқсамасын менің ұлы ұс­таздарым осылар.

***

Абай атамның өсиеті есіме түсіп, бір күні өзімді-өзім бақтым. Сөйтсем, айтқанымның бәрі өті­рік. Жиналыстан кешігіп бас­тықты, «кітабың керемет» деп до­сымды, ақшаны желге шашып әйелімді алдадым. Содан соң өзі­ме-өзім таңғалдым. Осы шы­ны­мен мен бе? Жоқ, әлде?.. Бір қы­зығы, сол өтірігімді әлгілер асқан сүйіспеншілікпен тың­дайды. Ал, шынымды айтсам, ашулы арадай талап тастары хақ. Келесі күні жұртты бақтым. Сы­нық­шыдай сылап, сәмбіталдай майыстырған өңшең жалған алдыңды бермейді. Шындық жоқ. Анда-санда жар басында жа­нынан безген жалғыздай боп жолығады…
Осы өміршең өтірік қазір де жекелеген адамнан ұжымға ауысып, одан топтанып шығып биік-биік мәртебелі меке­ме­лер­дің дәлізінде бауырымен жор­ға­лап жүргендей көрінеді де тұрады. Одан қағаз бетіне көшеді, одан іс-әрекетке ауысады, одан ұранға айналып бір күні төбемізде ілулі тұруы мүмкін-ау. Қауіпті… Мем­лекетіміз үшін!

***

Әр атқан таңды өзіме олжа көрем. Жас дәурендегі алкеуделік те, батылдық та жоғалған. Адам қартайған сайын жаны түскір тәтті бола түседі білем.

***

Сексенінші жылдардың ба­сын­да ауылдан келген мені жа­нына ерткен Жұмекен аға кезекті кітабын шығарғалы жатқан бас­паға келген. Жинақтың редак­торы шандыр бет сары әйел әр сөзге бір байланып, қызыл қа­рын­дашын сүйреңдетіп, қолжаз­ба­ның бетін емес, ақынның жүй­кесін сызып жатты. Жұмекен уыт­ты әзіл айтты. Шандыр бетке күлкі жұқпады, шынын айтты – сенбеді, мұңын айтты – көнбеді. Әсіресе «бір тал» деген сөзге кел­генде қасарысып, көлденең түсіп жатып алды. Тіпті «қазақтың тілдік қорында жоқ, диалекті» деуге дейін жетіп қалды. Дағ­дар­ған ақын салалы майда қоңыр шашына қол апара берді. Кірш еткізіп түбінен жұлып алды да, қолжазбаның бетіне қойды.
– Қалқам, міне, бір тал шаш…
Есік үн-түнсіз жабылды.
Ошақ басында сүрініп жүрген біреулердің тағдырыңа таразы болғаны қандай қиын!

***

Ақынның жүрегі жарылып, бақи кешкен соң бір күні Шера­ғаң (Шерхан Мұртаза) өзіне шақырды.
– Сенде Жұмекеннің «Те­мір­қазығы» бар ма?
– Бар.
– Әкеліп берші.
Қос елі қоңыр кітапты қол­тығына қысқан атақты қаламгер мөлттей мұртын бір сипап, аяғын санап басып, ойлы қалпы Жазу­шылар одағының өтіп жатқан секретариатына кіріп кетті.
Мемлекеттік сыйлыққа ұсы­ны­латындардың көкпар додасы басталып кеткенін білуші ек, ақы­рын тостық. Кешікпей көк­тегі «Темірқазықтың» жердегі бәйге­ден сүрінгенін көріп шық­қан Шерағаң шаршаулы еді.
– Мә. Өлгендерді қатарға қоспайтын қағидасы бар екен…
Шығармаң үшін емес, тірі жүргеніңе бола сыйлық берілетінін сол жолы түсінгендей болдым.
Мені ешкім жоқ қорлаған, ашық тепкен,
Жапырағымды күз ғана шашып төккен.
Қиып түссе арман не,
Қайзалағыш
Бір көк – топас балтадан қашып кеткем.

***

Орыстардағы сияқты қазақ әдебиетінің де күміс, алтын ға­сыры өтіп кетті. Енді ондай құ­былыс ешуақытта қайталан­байды.

***

Ешкімге табынған емеспін. Бірақ тәлім алған аға жазушыла­рым аз емес. Ә.Нұрпейісовтың өз шығармаларына өгей көзбен қарайтын қатыгездігі, Ә.Ке­кіл­баев­тың әр сөйлемінен менмұн­далап тұратын жан шуағы,
Д.Иса­бековтың сәтті юморы, Т.Нұрмағанбетовтың оқиға ой­натуы, М.Байғұттың әдемі баян­дау тәсілі, Н.Дәутаевтың өткір ойлары кейінгі толқынның қайсысына болса да үлгі болар­лық. Мен де шама-шарқымша солардан сөз мәнерін алған шы­ғар­мын. Бірақ әркімнің өзіндік ойлау жүйесі, ой нәрі болары хақ. Менің шығарма­ла­рымда нәзік көңіл-күй мен астаң-кестең асау толқын жаға­ласып жатса, бәлкім туынды табиғаты соған сұранып тұрған шығар. Мінезім де бірде – қатты, бірде – тәтті-ау деймін. Жалпы, авантюристік қанымда бар. Қай­бір жетіскеннен дейсің…

***

Че­хов айтқандай, әр ит өз дау­сымен үруі керек қой. Өзге иттің айтағына ерген өңшең қан­ден­дердің шәуілдейтіні несі?

***

Жаныңды келіге салып жаза­сың. Сөз байлау, образ жасау, та­биғат дірілі, уақыт мөлшері, бәрі-бәрі қиялыңнан туып жатса, азап емей немене? «Шыңғыс хан­ның көз жасы» хикаятын жазу үстінде әлгі айтқан азапты анық сезіндім. Қарама-қайшылығы көп тұлғаның соңғы дем үзер шақ­­тағы ойы, өкініші не болды ек­ен? Ал, толған! Қаламыңның ұш­ынан сәуле шашырап, суреттеп көр!

***

Ылғи саяқтау жүремін. Сондай шақта жолыққан біреу: – Жалғыз келе жатырсың ғой, – деген. – Жоқ, – дедім. – Жан-жағымнан кейіпкерлерім қаптап еріп келеді…

***

Сөз – кие. Оны аса қастерлеп ұстамасаң, орнымен қолданбасаң бола ма? «Киесі ұрады» дейтін еді ғой атам қазақ. Дүниені мызғыт­пай сөз ұстап тұр. Ұнамды, ұнам­сызы болар. Бәрібір – сөз! Сон­дықтан қадірін қашырып алудан қорқам. Қорқып сыйлау деген бар. Әне, құрмет тұтудың ең кө­кесі – сол! Сондықтан сөзбен ойлау керек. Ойнау – күнә! Бірақ күнә, сауапты мына бұлағай заманда кім ескеріп жатыр? Жұрт әдебиеттен, жалпы өнер атаулы­дан алшақтап кетті. Бір күні кө­шеде, базарда, бизнес орталы­ғында, әуежайда жұрттың сөзін бақтым. Бар-жоғы 30-40 сөздің аясында тіл қатысады екен. Қоры сол! Сонымен қарым-қатынас жасайды, тірлік кешеді, бала өсі­реді, той жасайды, келіседі, кеті­седі… Жағамды ұста­дым! Қа­ның­ды ерітіп, сүйегіңді бал­қыт­қан қазақтың мәйекті тілі қай­да кетті? Жыланқарағы жоқ сұрқай сөздерге күніміз қарап қалғаны ма? Әлде шынайы өмір тілі бір басқа, әдеби тіл басқа ма?

***

Қалың роман жазсам, бұр­қы­ратып көп томдығымды шығар­сам қадірім артады деп ойлай­тыңдар баршылық. Кешірерсіз, ол тек өз халқыңның аудитория­сындағы қажеттілік. Ал, әлем әдебиеті үшін сіз ешкім де емес­сіз. Ендеше еңсе көтеріңіз. Көп дауысты хорға өз үніңізді қо­сыңыз. Бір шығарма­ңызбен болса да күллі оқырманның ойын сиқырлаңыз. Таңдайына тәттінің сөлі тепкендей тамсан­сын. «Паһ, шіркін қатарынан оза шапқан мына қазақты-ай!» – десе ұлтқа мерей емес пе? Ол үшін шығар­ма­ның қалыңы, жұқасы қажет емес. Ең басты өлшем –көркемдік және айтар ойда!
Мысалы, Нобель сыйлығын алған Хемингуэйдің «Шал мен теңізі» бар-жоғы 40-50 беттік туын­ды. Алып бара жатқан оқиға жоқ. Теңізден балық аулаған шал. Қармаққа іліккен олжа. Алыс жағалау. Азапты жетек. Ақыры не болды? Діттеген жерге жеткенде үлкен балықтың қаңқасы ғана қалған. Ұсақ жыртқыштар бар тәтті етін талап жеген… Адам өмірі де сол ғой. Жас кезде бәрі менікі дейсің. Ақыры ар­ма­ныңнан да, алға қойған мақса­тың­нан да ажырап, жағалауға қаңқа сүйреп шығасың.

***

Қазақты жақсы көрем десем, сенбейсің. Жек көрем десем, күнәһар болам.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 18.01.2020 | 19:47

Екі қайта тумас қайран Рахаң!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір