Қазақ киносы жаңа кезеңде
23.03.2018
17483
0

Қазіргі кезеңінде кең белес алып отырған компьютерлік кинематограф мүмкіндіктері жаңа көркемдік ағымдардың пайда болуына, тіпті кей жағдайларда экрандық өнердің жаңа түрінің тууына себеп болып отыр. Жаңа технологияның даму сатылары шығармашылық ізденістің те түрлі нәтижелерін көрсетуде. Электроника, кибернетика жетістіктері мен небір аса күрделі компьютерлік өңдеу тәсілдерін кең пайдаланған заманауи экрандық шығарма мазмұны компьютерлік әсерлі эффектілер арқылы толықтырылуда. Өнер мен технология арасындағы тығыз байланыстың әр жаңа сатысында көркемдік суреттеудің жаңа тәсілдерін шығармашылық ізденіспен меңгеруге деген жауапкершіліктің де арта түсетіні белгілі.

Қоғамдағы әлеуметтік, экономи­калық, тіпті түрлі саяси жағдайлардың әсерінен экрандық туындының көр­кем­­дік сапасына деген талаптар да өз­геріске ұшырауда. Осы орайда, бү­гінгі көрермен талғамына сүйенер бол­сақ, киношығарманың кейбір жанр түрлері аз уақыт аралығында орасан зор сұранысқа ие, енді біреулері кері­сінше, көпшілікке жол таба алмай жа­тады. Қалай дегенмен де, қазіргі таң­да «жақ­сы-жаманды» үлкен құ­бы­лысқа ай­налып отырған отандық кино өндірісіндегі орасан өзгерістерді үзі­ліс­­сіз экранға келіп жатқан кино­туын­дылар ағымын сан және сапа жағынан сұрыптау арқылы сипаттау қажеттілігі туындады.
Заман өзгерген, көрермен талабы да өзгеріске ұшырады. Қоғамдағы күрделі қарым-қатынас аясында эк­ран­дық шығарманың көрермен санасына, әсіресе, жастар аудитория­сына деген ықпалының орасан зор екендігін ескерсек, отандық кино өнімдерінің саны мен сапасы арасын­дағы алшақтық алаңдатпай қоймайды. Осы тұрғыда бірқатар өзекті мәселерді ескерген жөн болар еді. Өнер туын­дысы мен оны тікелей тұтынушы кө­рер­­мен арасындағы қарым-қатынас­тың бір-біріне деген өзара құрмет мә­дениетінен құралатындығын ұмыт­паған жөн.
Екі ғасыр тоғысында кинокөрер­мен мәселесі тығырыққа тірелген жағ­дайда болғаны рас. Ұлттық кино өн­дірі­сіміз заманауи көрермен талғамын болжай алмай, жеке киностудиялар болса қаржылық жағынан қолдау таппай, үлкен экран кинотеатрлары бос қалған еді. Бар-жоғы он-он бес жыл көлемінде жағдай мүлдем өзгерді. Кешегі күні VHS, DVD форматындағы бейнефильм­д­ер­дің тұтынушыларына айналған көрермен бүгінгі күні кино­театрларға ағылып келіп жатыр. Соңғы үлгідегі сапалы кинопроекция тех­но­ло­­гия­сымен жабдықталған кино­театрлардың саны көбейді. Де­мек, кинопрокат жүйесі жолға қойыла бастады деген нық сенім бар. Ки­нотеатр көрермен­дері­нің әлеу­мет­тік сипаты орташа алғанда қала мен ауылдық мекендер арасында тепе-теңдік орната қоймаға­ны­мен де, жас шамасы жағынан алғанда ортақ деңгейге жетті деуге болады. Бүгінгі таңдағы кинокөрер­меннің негізгі ау­ди­ториясын жастар мен жасөсіпірімдер құрайды. Заман талабына сай жаб­дық­талған кинотеатр­лардың көрерменге қызмет көрсету сапасы да жоғары деңгейде. Сондықтан да болар, жастар кинозалға келіп, жаңа кинотуын­дыларды тамашалауды дем алып, көңіл көтерудің маңызды бөлшегі деп қабылдайды. Көпшілік кинокөрер­мен фильмнің қай жерде, қандай жағдайда түсірілгендігіне көңіл аударып әуре болмайды. Қомақты қаржы жұмсалып, кинотехнологияның озық үлгісінде түсірілген картиналардың «әсерлі» көріністері мен ойын-сауық мәнерін­дегі сюжеттік үзінділерінен жиі берілетін жарнамалық кезеңі көрер­мен­ді жалған тартымдылығымен аса қызықтырады. Бүгінгі отандық экран осындай тәсілдерді жиі пайдаланатын комедияларға толы. Осының дәлелі ретінде Нұртас Адамбайдың, Нұрлан Қоянбаевтың, Асқар Ұзабаевтың фильмдерін айтуға болады.
Шет тілдер институтын саясат­тану­шы мамандығы бойынша бітіріп, шоумен дәрежесінде танымал болған Нұртас Адамбай қазіргі уақытта актер, режиссер, сценарист, продюсер қыз­ме­­тінде көрермен сұранысын дәл тап­тым деген нық сеніммен комедия­лық фильмдерді көптеп түсіріп жатыр. 2014 жылы экранға шыққан «Келинка Сабина» фильмі қазақстандық прокат жүйесінде рекордтық жоба болды.
Көрермен назарын аударудың ең ұтымды тәсілі әлеуметтік желілер жүйе­сі болған қазіргі заманда жоға­ры­да аталған және басқа да қаржылық тұр­ғыда пайдалы жобалардың авторла­ры осы тәсілді кең қолданады, сон­дықтан да олар, әсіресе, жастар ара­сында аса танымал тұлғаларға ай­налуда. Бұл да жарнаманың бір ба­ғыты.
Кино саласында кәсіби білімі бар Асқар Ұзабаевтың шығармашылығын­дағы фильмография тізімін саралап көрсек, режиссер ретіндегі («Трактор­шы­ның махаббаты», «Абайлаңыз, сиыр!», «Glamur для дур», «Келін де адам баласы») ізденістері сәтсіз болға­нымен де, оның продюсерлік жоба­ла­ры әлдеқайда көш ілгері тұр. «Шлаг­баум» (реж. Жасұлан Пошанов) көркемсуретті фильмі, «Хабар» тел­еарнасының тап­сыры­сымен түсірілген «Ән-аға» теле­визия­лық мини-сериал (реж. Жасұлан Пошанов) жобалары Асқар Ұзабаевтың қабілетті продюсер екендігін бай­қатты.
Телеарналармен бірлестікте жүзеге асырылып жатқан «Ән-аға» сияқты сериалдардың уақыты келген сияқты. Өс­келең ұрпаққа үлгі болатын асқақ тұлғалардың өмірбаяндары көркем туындыларға сұранып тұр. Соңғы жылдарда экранға көптеп келіп жатқан заманауи қазақ фильмдерінде биог­рафиялық тақырып жоқ емес, деген­мен де қазақ өнеріне ерен еңбегі сіңген елеулі тұлғалар туралы көркем жанр­дағы фильмдер әлі де болса аз. Міне, осы орайда бұған дейін арт-хаус, ав­торлық бағытта кәсіби шыңдала түскен жас кинематографистердің Мемлекет тарапынан келіп түскен тапсырыспен болса да, дәл «Ән-аға» сынды тележо­баларға бел буғандары аса қуантады. Осы аталып отырған жағдайдың екі себебі бар, біріншіден, жас кинематог­рафистер ұлттық тақырыпты, биогра­фия­лық жанрды үлгі тұтуға лайық кейіпкерлер арқылы терең ұғынады, екіншіден, авторлық кинематограф бағытында кинорежиссураның көр­кем­дік тәсілдерін кәсіби деңгейде меңгере бастаған жас кинемато­гра­фистер халық қалаулыларына айналған танымал тұлғалардың экрандық бейнелерін шын мәнісінде кино тілінің заңдылықтарымен тереңдетуге болатындығын өз фильмдері арқылы дәлелдеп келеді.
Продюсер Асқар Ұзабаев пен ре­жи­с­сер Жасұлан Пошановтың бірлескен шығармашылық ізденістері «Шлагбаум», «Ән-аға» мысалында жақсы нәтиже көрсеткен болса, Нұр­лан Қоянбаевтың продюсерлігімен түсірілген режиссер Жеңісхан Мо­мышев­тың («Бизнес по казахски», «Бизнес по казахски в Америке») фи­льм­дерінде авторлар қазақша бизнес жұмысын жаңғырту және өрлету жолдарын қазақи туысқандық сезімге негіздей отырып көрсетуге барынша талпынады. Алайда, бұл шығарма­шылық бірлестіктің көркемдік мән-мағынасы миға қонбайтын сенімсіз оқиғалардың тізбегінен ғана құралғаны өкінішті. Бас кейіпкер Жомарттың ауылдастарына, туысқандарына жұмыс тауып беру ниетінен туындаған «қазақ­ша бизнес» тақырыбы көрер­мен­ді біршама алдандыруға жарап жатса, комедия тақырыбында түсіріл­ген келесі бір туынды «Брат или брак» фильмін қалай қабылдарыңды білмей дал боласың. Фильмде баяндалатын оқиға да, актерлар ойыны да сонша­лықты сенімсіз, жасанды болғандық­тан көрерменге кері әсерін қалдырады. Фильмнің бас продюсері Құралай Анарбекова бұған дейін режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» тарихи фильмінде Қорлан қыздың батыр тұлғасын өте сәтті көрсете алғанымен танылған еді. «Брат или брак» фильміндегі басты ролі Құра­лайдың cымбатты келбетін көрсетумен ғана шектелген. Қазіргі қазақ кино­сын­да дарынды жас актерлардың қата­рында байқалып жүрген Дәурен Сер­ғазиннің де сомдаған экрандық кейіпкері «Брат или брак» фильмнің сапасын жақсарта алмады. Астана «Жастар» театрының актеры Дәурен Серғазиннің киноактерлық шеберлігі алғаш рет режиссер Лаура Маукенова­ның «Әрқашан күн сенбесін» (2006 ж.) қысқаметрлі фильмінде байқалған еді. Тақырыптың өзектілігі, кәсіби режис­серлық ізденіс нәтижесі және жас актердың экрандық кейіпкерінің сәттілігі фильмді «Шәкен жұлдыздары» Халықаралық кинофестивалінің студенттік фильмдер номинациясында бас жүлденің иегері атандырды. Кино саласындағы сәтті дебют актердың «Ән-аға» телехикаясында халық ком­по­зиторы, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың жастық шағын бейнелеген кейіпкері арқылы жаңа қырынан тереңірек ашыла түсті.
Отандық шоу-бизнес саласында кино өндірісіне қызығушылық таныт­қандар саны күн санап өсіп келеді. Қаржылық табыс көзі деп танылған болар, соңғы жылдарда кино түсірмей­тін әнші бар ма екен? Сапасы төмен фильмдердің үлкен экранға тосқауыл­сыз ағылып жатқан жағдайы көрермен талғамын жақсарта қоймайтыны анық. Жаңа технологиялық мүмкіндіктердің қолжетімділігі кино өндірісінде әуес­қойлық бағыттың кең дамуына және интернет кеңістігі арқылы көрерменге еркін түрде таралуына жол ашып отыр. Олай десек, экран туындыларының идеялық тақырыбы, көркемдік сапасы ой-санасы әлі де болса қалыптасу деңгейіндегі жас көрерменнің былайғы қалыптасуына ықпал етер зор насихат құралына айналғандығын жоққа шығара алмаймыз. Сол себептен де, эк­ранды жаулап алған сан алуан жанрдағы фильмдердің, оның ішінде, әсіресе, отандық кино өнімдерінің даму жағдайы, бағыты, көркемдік сапасы қандай деңгейде деген мәселе ең өзекті сұрақтарға жауап іздеуге мәжбүрлейді.
Кино тіліндегі көркемдік суреттеу тәсілдерінің бір ғасырдан асар уақыт аралығында соншалықты өзгеріске ұшырауы, телевизия жанрының күр­деленуі, мультимедиа кеңістігінің пай­да болуы экран туындыларының эстетикасына да соншалықты әсерін тигізді. Бұл өзгерістер қоғамдағы мә­дени өзгерістердің, әлеуметтік құ­бы­ыстардың ғана нәтижесі емес, мұндағы маңызды мәселелердің қатарында шығармашылық ізденіс­тердің жаңа технология жетістіктерімен үйлесім­ділігін де атап айтуға болады. Экран мәдениеті, әсіресе, бүгінгі көрермен үшін оны қоршаған ортада кинотеатр, телевизия, интернет арқылы сан алуан қырынан қалып­тасу­да. Сондықтан да, экран туындылары­ның эстетикалық сипатына көңіл аудару өзекті мәселеге айналды. Өкі­ніш­тісі, жаңа кезеңдегі қазақ киносы қоржынына келіп жат­қан фильмдердің саны мен сапасы арасындағы айырмашылық жер мен көктей.
Әлемдік кинопроцесс легіне аяқ басқан қазақ киносының бүгінгі таң­дағы ізденіс бағыттары да жан-жақты. Қа­зақ кино өнері қазіргі таңда өндіріс­тік қарқынымен де, киноре­жиссура саласындағы жаңа есімдермен де ерекшеленуде. Экран өнерінің көр­кем­дік деңгейін бағалайтын Халы­қа­ралық кино байқауларында жеңіске жетіп жүрген отандық туындылар да баршылық. Жаңа сатының даму тұ­сын­да кино өнері туындыларының сапасына, санына және таратылу саясатына да көп көңіл бөлінуде. Ұлт­тық киномыздың қазіргі даму жағ­дайында көркемдік сапа туралы айтар болсақ, аз да болса, ондай туын­ды­лардың бар екендігін мойындатып отырған кәсіби маманданған жас кинематографистер фильмдері үле­сінің зор екендігі дау тудырмайды.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфи­льм» акционерлік қоғамының құра­мын­дағы «Дебют» студиясы жас кинематографистердің шығармашы­лық қадамдарына қолдау көрсету бағытында біршама жақсы талпы­ныстар жасап отыр. Дебюттік фильмдер шығармашылық бірлестігінің дирек­торы Анар Қашағанова мен көркемдік жетекшісі Дәріжан Өмірбаевтың белсенді ұйымдастыру жұмыстары өз нәтижесін беріп отыр: 2014-жылы бар болғаны 2 фильм экранға шықса, 2015 жылы 7 қысқаметражды фильмге қаржы бөлінді. 2016 жылы тағы 6 фильм өндіріске жіберілді.
Үлкен кино өнеріндегі алғашқы шығармашылық қадамдарын «Дебют» арқылы бастап отырған биылғы жас кинематографистердің басым көпшілігі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері.
Киножобаны қаржыландыру арзанға түспейтіні белгілі, алайда, «Дебют» арқылы бөлінетін әр фильмнің 2,5 млн. теңгені құрайтын аз ғана бюджетінің өзі жас режиссерлар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Осы көрсетіліп отырған қаржылық қол­даудың болашақ режиссерларды ынталандыруға септігі мол.
Ұлттық өнеріміздің өзіндік си­па­тын сақтап қалу, дамыту және жаң­ғырту бағытында кино өндірісіне де көңіл бөлген жөн. Әлеуметтік өзекті та­қырыптарды қозғайтын авторлық ки­но, арт-хаус жанрындағы фильм­дерді көптеп түсіру керек. Кино өнері тек қаржы жинайтын коммерциялық бағытта дамитын болса, кәсіби маман­дар­ды «кассалық ұтымды» жағынан көрермен аудиториясын жинайтын хоррор, блокбастер немесе басқа да тележобаларға бет бұруға мәжбүрлей­міз. Бұл бүгінгі күннің ащы шындығы. Эксперименттік фильмдер, деректі ки­но, артхаус қаржы табудың кілті бол­маса да, ұлттық кино өнерінің өзін­дік сипатын айқындайтын нағыз өнер туындылары болып бағаланады.

Гүлжан Құрманғалиқызы, кинотанушы,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір