РУХАНИ ҚАЗЫНА ТОЛЫҚТЫ
23.03.2018
1380
0

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Ғалымқызы Балаеваның жетекшілігімен жарық көрген «Қызыр қонған құт мекен» атты балаларға арналған танымдық кітаптың тұсаукесер рәсімі Алматы облысы, Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде өтті.

Тұсаукесер рәсімін Алматы облысы әкі­мі­нің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы Омар жүргізді. Іс-шара барысында Жамбыл ау­данының әкімі Жандарбек Ермекұлы Далабаев кіріспе сөз сөйлеп, Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақала­сындағы «Туған жер» жоба­сының аясында шығарылған бұл кітаптың мәні мен мазмұнына арнайы тоқталып, жобаны жүзеге асыру барысында жемісті жұмыс атқарған автор мен шығар­машылық ұжымның еңбегіне ризашы­лық көңілін білдірді.
Кітап жобасының жетекшісі Аида Ба­лаева өз сөзінде туған жер тарихын насихат­тауда осы кітап арқылы тамшыдай болса да үлес қосуға ұмтылғанын айтты.
Аталмыш кітапта Жамбыл ауданындағы елді мекендер мен қоныстардың, жайлаулар мен қыстаулардың, аудан аумағындағы жер-су атаулары мен оның шығу тарихына қатысты деректер мен дәйектер берілген. Осы өңірде туып-өскен тарихи тұлғалар жа­йында аңыздар мен шежірелер де кітапқа енген. Қазақ дүние­таны­мына, тарихына, салт-дәстүріне қатысты ұғымдар бала түсініге сай, ұғынықты тілде, айрықшаланып берілгені де көзді қуантады. Түрлі-түсті суреттер – кітап мазмұнын байыта, толықтыра түскен. Сондай-ақ, кітаптың «Шежіре шертер сыр», «Ұзынағаш ауыл­дық аймағы», «Ай­дарлы ауыл­дық аймағы», «Аққайнар ауылдық аймағы», т.б., тарау­ларында әрбір елді мекенге ті­келей тоқталып өтеді және сол өлкеге байланысты құнды анықтамалар береді. Олар Энциклопедиялық анықта­малыққа жақын. Сондықтан кі­тапты оқыған жан өлке тари­хынан, ондағы ұлы тұлғалар өмірінен мол мағлұмат алады. Кітапта халық ақыны Сүйінбай Аронұлынан тартып, Жамбыл Жабаев, Нұрғиса Тілендиев, Абдолла Қарсақбаев, т.б., ұлы тұлғалардың өмірбаяны мен қызықты мәліметтер қамтылған.
Тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Бас­қар­масының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дирек­торы Уәлихан Қалижан, филология ғылы­мының докторы, фольклор­танушы Кен­жехан Маты­жанов, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының иегері Наға­шыбек Қапалбекұлы, аудандық «Атамекен» газетінің Бас редакторы Рәтбек Терлікбаев, Ас­танадан келген мейман М.Тұрғанқызы сөз сөйлеп, кітап туралы ақжарма тілектерін ортаға салды.
Жүздесу соңында «Сүйінбай сазы» ансамблінің өнерпаздары шағын концерт қойды. Іс-шара аясында А.Ғ.Балаева туған ауылына барып Жамбыл кесенесіне зиярат етт­і, аруақтарға арнап Құран оқытып, құр­бан шалды. Өзі білім алған Жамбыл орта мектебінде ұстаздар мен шәкірттер арасын­да кездесу өткізіп, тиісті сый-сияпатын жа­сады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір