Өмір шаттығын жырлаған…
Қазақ поэзиясына өзіне тән ерекшелігімен келіп, 20-дан асқан шағында қара өлеңнің қаймағын ішкен аға буын ақындарды, қалың оқырманды мойындатқан Төлеген Айбергенов поэзиясы туралы Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Төлеген Айбергенов творчествосы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры», – деп баға берген екен. Өмір шаттығын жырға қосқан ақынның 80 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Жазушылар одағында әдеби-сазды кеш өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының үйлестірушісі Әлімбай Аманбайұлы мен ақынның қызы Салтанат Айбергенова, Жазушылар одағының мүшелері, студенттер мен өлеңсүйер қауым қатысты. Әдеби кешті Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет ашып, Төлеген ақын шығармашылығын құрметтейтін оқырманды айтулы жыр мерекесімен құттықтады.
Төлеген ақынның 80 жылдық мерейтойына орай «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры 80 естелік медаль шығарған еді. Бұл медальдар ақынның мерейтойы аясында өткен Мәскеу, Астана, Алматы, Ақтау қалаларында Төлеген ақын шығармаларын насихаттаушы азаматтарға табысталған. Жазушылар одағында өткен кеш барысында «Төлеген Айбергеновке 80 жыл» естелік медалі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы Дариға Тұранқұловаға, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегмановқа, қазақ тілінің жанашыры, Айбергенов шығармаларын түрік тіліне аударған ақын Оғыз Доғанға, өзбек тіліне аударған Баходир Убайдуллаевқа, ОҚМПУ-нің ректоры Оңалбай Аяшевқа, сонымен қатар Ахмет Өмірзақ, Шарафаддин Әмір, Жаңыл Асылбекова, Ермахан Шайхы, Әсел Айымбет секілді қаламгерлер мен журналистерге, блогерлерге берілді.
Сондай-ақ, бұл медальді ҚЖО Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет еліміздің әр аймағынан келген Асылан Тілеген, Нұртас Тұрғанбек, Нұрболат Жолдасбек, Тұрсынбек Башар, Бекзат Смадияр, Мерей Қартов, Мирас Асан, Әсел Кәрібай, Тілек Ырысбек, Еділбек Дүйсен сынды жас ақындарға өз қолымен табыс етті.
Кеш барысында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова Төлеген ақынның өлеңіне жазылған әнін орындаса, жас әншілер әннен шашу шашып, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері Т.Айбергенов өлеңдерінен композициялық қойылым қойды. Өлең сөздің патшасын мәнермен оқып, халыққа жеткізіп жүрген студенттерге Жазушылар одағының атынан арнайы алғыс хат тапсырылды.
Бұған дейін Жазушылар одағында «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман», Ақтау қаласында «Атамекенін аңсаған Айбергенов», Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінде «Т.Айбергенов аңсаған әлем» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткен болатын. Ондағы ғылыми жұмыстар жинақ болып жарыққа шықты. Бұған қоса ақынның 80 жылдығы аясында Мәскеу қаласындағы Ұлттар үйінде (Мәскеудегі «Астана» қоры мен Алматы қаласы әкімшілігің мәдениет басқармасының қолдауымен), Ақтөбе облысының Байғанин ауданында, Ақтау, Астана, Шымкент, Теміртау қалалары мен Өзбекстанның Нөкіс қаласындағы екі жоғары оқу орнында мерейтойлық кештер ұйымдастырылған.
«Байтақ мекенім» қоғамдық қоры ақынның 80 жылдық мерейтойы аясында өзге де айтулы шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
ПІКІРЛЕР1