Шындыққа суғарылған жаужүрек жырлар
23.03.2018
1503
0

Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Бұл – аксиома. Солай десек те осы аксиоманың өзі айдалада шаң қауып, апақ-сапақта адасып қалатыны бар. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп астарлы пәлсапалайтын да қазақ. Қалауы табылса екеуі де қатар шабуы мүмкін ғой. Бірақ, қайсысы оза жүйіткіп, мәреге бұрын жете­тіні тағдырдың маңдайға жазған жазуына байланысты. Мұны келтіріп отырған себебіміз, о баста адамдарға таңдау жасағанда Жаратқан ие оның ішінен үмітін үкілеп, желкенін желге салған жаужүрек жүйрік­терін назарына алдымен алатын болса керек. Ал, ондай таңдау­лылардың маңдайы әрқашанда анадайдан ерекше жарқырап, бөлекше көрініп тұратыны тағы бар. Бір қызығы, олар ұлт қамы үшін істеген күресі мен еңбегін ешкімге бұлдамайды.
Жаратқанның назары түскен сондай таң­даулының бірі – ақын Рафаэль Ниязбек десек, көпшілік оқырман бізбен келісетін шығар.
Әрине, Рафхаңның ақындық жолын, шығармашылық келбетін білмейтіндер, оның тұрымтайдай бір уыс пішініне қарайды да ешкімнің бетіне жел болып тимейтін биязы, жүндеуге көнбіс жуас ақын деуге бейім тұрады. Сырттан қарағанда шынында да солай сияқты. Алайда, Рафаэль Ниязбектің шығармаларын мұқият қадағалап жүретін адам ол пікірлермен мүлде келіспес еді. Келіспегені былай тұрсын «ақын Рафаэль Ниязбекті білмейтін мынау өзі қандай қазақ?!» деп қайран қалар еді. Өйткені, оның оқырманға белгілі алғашқы жырларының өзінен-ақ үлкен азаматтық жүректің дүрсілі мен елдік, ерлік дауыстың үні естіліп тұрар-ды. Биік рух пен өршіл пафос, қайтпас жігер мен мұқалмайтын қайсарлық – оның өлеңдерінің негізгі лейтмотиві. Қараңыз:
Қыран құстар қағып өтсе қанатын,
Арғымақтар көкке атылып қалатын.
Шабыс тілеп қосылғанда бәйгіге
Теңіз – жаным толқып, тасып алатын.
Немесе:
Кей адамның жүрегіне бітпеген
Алау оттар
Арғымақтың тұяғында жанады.
Сол секілді:
Ақымақтар жүріп өткен жерлерді,
Арғымақтың тұяғымен тазартам.
Тағы да:
Жабы болып қалар ма еді, кім білсін,
Бір арғымақ маған бола тумаса.
Бұл жолдар ақынның 1969 жылы «Жазушы» баспасынын шыққан «Келер күндер» атты тұң­ғыш жинағынан алынып отыр. Аспанда қырандар қанатын қаққанда жердегі ай кекіл арғымақтар­дың қайыс құлағын қайшылап, көкке қарай емексіп қалатыны өтірік пе? Немесе, «Адамның жүрегіне бітпеген алау оттардың арғымақ аттың тұяғында жанып» бара жатқандағы суретті көз алдыңызға елестетіңізші… Ғажап қой! Егер мен қылқалам шебері болғанда ауыздығымен алы­сып, тұяғынан от шашып, ұшқан құспен жарыс­қан осынау сұлу картинаны сөзсіз салар едім. Айтыңызшы, қай ақынның арғымақ болғысы келмейді? Арғымақ болудан дәметпейтін ақын не ақымақ, не тумасында жабы. Жабыдан жүйрік шығарамын десеңіз, босқа арамтер боласыз. Өйт­кені, жабының аты – жабы, оны қанша ба­ғып, қағып, қарғуды үйретсеңіз де, одан желмен жарысқан жүйрік бәрібір шықпайды. Ақынның «Бір арғымақ маған бола тумаса, жабы болып қалар ма еді, кім білсін» деп жұмбақтап отырғаны сол. «Ақын болсаң – арғымақ бол!» деген емеу­рін. Мінекей, осы жолдар Рафхаңның шығарма­шы­лық мінезін дәл ашып тұрғандай. Ал, ондай мінез ішкі қуаты мен ішкі қайшылығы қым-қиғаш жандарда кездеседі. Оның үстіне «Ақы­мақ­тар жүріп өткен жерлерді, арғымақтың тұя­ғы­мен тазартқысы» келетін ақын өршілдігі қандай десеңізші! Астарынан динамикалық ырғақ пен екпіндегі еркіндіктің тереңінен лықсып көтерілген қайратты лепті сезінесің. Арғымақтың ай болып түскен ізі секілді, оқылған кезде шатырлап ойнап, делебеңді қоздырып шы­ға келетін оның кейінгі кездегі жазған көп­теген жырлары да осы сөзіміздің толық дәлелі.
Ақын Рафаэль Ниязбек шығармашылығы туралы сөзді, шындығында бұдан бұрынырақ айтуым керек еді. Бірақ, қым-қуат тіршіліктегі ұсақ-түйек нәрселерден қолым тимеді ме, әлде ұлы мәртебелі Уақыттың өзі осы кезге әдейі межелеп, осылай шешті ме, әйтеуір, өз халқына табаны күректей жарты ғасыр риясыз рухани қызмет етіп келе жатқан осы бір талантты ақын туралы сөз айтудың орайы оның биылғы мерей­тойына тура келді. Әрине, ақын шығармашылығы жайында сөз еткен соң, оның өзіне тән ерек­шелі­гін айтпай кетсек, тағы қолайсыз. Баршаға белгілі, әр ақынның өзіне тән талант табиғаты, өзіне тән дүниетанымы болады. Алайда, өзі ғана еншілеп, өзі ғана иемденіп, отау үй ғып тігіп алған тақырыбы болмайды. Әңгіме оны қалай игеруде, қай қырынан келуде, қандай өлшемге сүйенуде болса, онда сөз басқа. Мәселеге осы талап тұрғысынан келсек, онда Рафаэль Ниязбек ақындық мұраты айқын, тақырып аясы кең, ізденіс соқпағы сан тарау талант ретінде өзінің ең басты миссиясын орындап тұрғаны сөзсіз. Өйткені, ол қайсы тақырыпты қозғаса да ойды әйтеуір айту керек болған соң айтпайды, мүмкіндігінше жүрек – таразыға тартып, талғам көрігінде қорытып, елдік, жасампаздық мүдде-мұраттырын ішкі стихиясы арқылы алға шығару­ға бейім. Басқаша айтқанда, тарих пен таным, тұлға мен тағдыр, адам мен адамгершілік, қорша­ған орта экологиясы мен рухани экологияның байла­нысы, ұлт пен ұрпақ болашығы, елдік пен ерлік мұраттары, жастық пен достық тақырыбы оның өлеңдерінде сыр мен сезімге үйлесіп, біртұтас денеге айналып кетеді. Мәселен, Рафхаң қазақ жырының наркескені атанған Махамбеттің 200 жылдығына арнап 200 өлең жазды. Өлең болғанда қандай! Арадан жеті-сегіз жыл өтер-өтпестен поэтикалық қуаты одан бір де кем емес тағы бір өлеңдер топтамасын дүниеге келтірді. Осы бақандай 300 өлеңнен тұратын бұл топтама­ның қаһарманы кім дейсіз ғой? Заманымыздың кемеңгері дәрежесіне көтерілген Дінмұхамед Қо­наев! Енді мынаған қараңыз: Махамбет азаттық жолында басын бәйгеге тіккен батыр, күрескер ақын ғана емес, ол – жығылып жатса да тілін тартпайтын, керек десеңіз тағдырдың өзімен жағаласып өтетін қазақтың қайсар мінезі, кеткен кегі, ызасы, наласы, намысы, мұқалмас жігері. Бұл не деген сөз? Яки, Махамбет қазақтың кегі мен ызасынан, намысы мен жігерінен жаралған наркескен рухани қару. Мұндай рухани қаруды жырлау үшін де ақынға сондай мінсіз мінез, жасымас жігер керек шығар-ау… Ал, та­рих­қа аты алтын әріппен жазылған бірегей тұлға, біртуар Перзент Қонаев туралы жырлау үшін ше, ақынға қандай мінез бен жігер қажет? Әрине, ақыл-парасаты келіскен мінез бен жігер. Айтпағымыз, Рафхаң осынау бірегей тарихи тұлғалар жайлы жазған бөлек-бөлек өлеңдерінің басын біріктіріп, топтап, жеке-жеке кітап шығарды. Яғни, оны балталасаң да енді бөлек алып қарастыруға келмейтін, оған көнбейтін біртұтас денеге айналдырды. Мінекей, Рафаэль Ниязбектің өзіне тән ерекшелігі бар ақын дегенде, біздің негізгі айтпағымыз осы еді. Бұл өл­ең-романдар, сөз жоқ, тек ақынның жеке та­бысы емес, бүкіл қазақ әдебиетінің үлкен та­бысы. Осы кітаптардағы қай өлеңді алсаңыз да ақындық кредосы айқын, көркемдік бейнелеуі мінсіз шығармашылық тұлғаны көресіз. Аза­маттық ұстанымы елдік, жасампаздық мүдде мұраттарымен және жығылып жатса да тіл тартпайтын өршіл рухпен берік байланысқан. Дегенмен, біздің шамалауымызда Рафаэль Нияз­бектің азамат ақын, қайраткер қаламгер деген атын шығарған «Шешендер» дастаны дер едік.
Шешендер тарихы – аса мұңлы да қайғылы тарих. Азаттық үшін қан кешкен шешендер күресі – қасиетті де қасіретті күрес. Ресей импе­рия­сының тау халықтарына жасаған басқын­шылық жорықтары мен қолдан ұйымдастырған сойқан қырғындарын ештеңемен ақтауға болмайды. Ақын Рафаэль Ниязбек осы ешкімге опа бермейтін, сұрауы жоқ адам өлтіру ойынынан тыс қала алмады. Сөйтіп шешеннің шерлі шежіресін өлең түрінде сөйлетті. Рафхаңа осы дастаны үшін Ичкерия-Шешен республикасы­ның ең жоғарғы мемлекеттік «Ұлт намысы» ор­дені мен Шешенстан республикасының
ме­млекеттік сыйлығы берілгені белгілі. Оны анау-мынау емес, шешендердің сол кездегі атышулы президенті Аслан Масхадов өз қолымен табыс­таған болатын. Шын мәнінде, бұл дастанды тұтас бір ұлт рухының, рух сілкінісінің поэтика­лық галереясы деуге болар еді. Дастанды оқи бастағаннан-ақ әр өлеңнің өн бойынан тартысқа толы тұтас бір дәуірдің үні атойлап алдыңнан шығады. Әр өлеңнің тұла бойынан сол бір зар за­ман­ның зарлаған дауысын, қоғамдық шар­пысулардың болмыс-бітімін бірден танисыз. Танып қана қоймайсыз, түу тереңдегі жүрек түкпірінен көтерілер ішкі үнді, ішкі қайшылықты, ішкі драманы сезінесіз. Алтыннан құйып, асылдан соқса да бұғаудың аты – бұғау ғой. Бұғаулы рух, бәрібір бұлқынбай тұрмайды. Бұлқыныс бұл – жанды процесс. Рухты, аны­ғыра­ғы адам жанының ең бір нәзік қыл ішектерін қозғалысқа келтіретін ұлы ырғақ. Образ, ой дей­сіз бе, теңеу, метафора, эпитет дейсіз бе, кез келген әдеби өлшем осы рухтың ырғағына бай­лаулы. Яғни, бұлардың ешқайсысы да рухсыз өмір сүре алмайды, ал рух оларсыз да өмір сүруін жалғастыра беруі мүмкін. Міне, халық бұғауда отыр. Егер ол құдай атқан бір можантопай бол­маса шідерлеп ұстағанға көне ме? Халықты халық қылатын намыс пен жігер. Намысы бар халық ешуақытта бұғау мен кісенге шыдамақ емес. Жігері бар халықтың түптің түбінде әйтеуір бір қайрат көрсетері хақ. Ондай ұлттың қолын әлгі бұғау неғұрлым қаттырақ қысқан сайын, соғұрлым өжеттеніп, өршеленіп шығады. Ондай ұлт бұғауда тұрып та ықтырып сөйлейді. Асқақ, тәкаппар көрінеді. Сайып келгенде, бұл дастан – азаттық аңсаған ұлттың ой-арманы, сол жолда көрген қиямет-қайымы, тар жол, тайғақ кешулері ғана емес, бұл дастан – тарих пен танымға, елдік пен ерлікке үңілудің жаңа бір тың формасы. Басқаша түсіндіргенде, тарих пен қазіргі өзіміз өмір сүріп отырған ортаның кескін-келбеті мен тұтас бір әлеуметтік қоғамның психологиялық мінезін өлең арқылы ашу. Шығарма идеясы осынысымен құнды. Ақынның «Соғыста туған қанжарлар» өлеңін оқып көрейік:
Арсыздың азғын баласы,
Жасымен көздің бет жуған.
Кек қуған шешен анасы,
Нәрерсте емес, кек туған.

Зұлымдығы кейде шаң берген,
Байқастап дүние ажарын, –
Құрсақта жатып қан көрген,
Қолға ұстап туған қанжарын.

Сойқаның тұрса бәрі есте,
Қатерге тікпес кім басын?
Соғыста туған нәресте,
Қанжар боп неге тумасын?!

Кавказдың таулы даласы
Жеңіле қоймас ақпанда, –
Ызалы шешен анасы,
Кіл қанжар туып жатқанда!
Дәл осы жыр жолдарында бүкіл бір халықтың драмасы мен трагедиясы жатыр. Ақын жүрегінен қорытылып шыққан заман көрінісі. Уақыт картинасы. Бірінші шумақтан сіз тұтас бір дәуірдің саяси-әлеуметтік қайшылығымен қоса, азапқа көнсе де мазаққа көнбейтін шешен аналарының «нәресте емес, кек туып» жатқан табанды мінезін танып, таразылайсыз. Енді екінші шумаққа қараңызшы. Мұнда соғыспен бірге келген зұлымдықтың болмыс-бітімі психологиялық күй арқылы беріледі де, сол бір кезеңнің үрейлі картинасын дәл жаныңыздан көріп, жан дүниеңізбен сезінгендей боласыз. Шынында да, құрсақта жатқанда-ақ кек пен ыза, нала мен қаннан басқаны көрмеген нәресте, бұл дүниеге «қанжарын қолына ұстап» келетінін кім терістей алады? Мұнда поэтика нақты материал­данған көрініске айналып кеткен. Үшінші шумақтағы образ құдіретіне назар салыңызшы. Ұлт қамы үшін басын қатерге тігу – ол ерлік қана емес, ол азаматтық, ол өнеге. Өнегесіз ел де, ер де болмайды. Егер ол өнеге соғыста туып жатса ше? «Кек – кекті тудырады» демекші, соғыста туған нәресте тек соғыс туралы түс көреді. Шырқайтын әні де, билейтін биі де, ойнайтын ойыны да тек соғыс туралы болады. Соғыста туғандар соғыс әкелген ылаңнан басқа не көріп, не шырқауы мүмкін? Сосын олар өзінен-өзі алтын сап, алмас жүзді қанжарға айналмағанда қайтеді?! Ұлттық трагедия деген – осы. Мұның сұмдығын тек қып-қызыл оттың ортасында ана жатырын қанжар болып жарып шыққан шешен баласы ғана сезінетін шығар. Ал, осы өлеңді өлең қып тұрған төртінші шумақтағы соңғы екі жол. Кеуделері ызаға, көздері жасқа толы шешен ана­лары бүкіл пәнилік қызығының астан-кестеңін шығарып, тонаған соғысқа қалай іші жылиды? Олар ел басына түскен ауыртпалықты ерлермен бірдей көтеріп келеді. Қасірет жасын ішіп жүрсе де күнгейіне көлеңке, арына дақ түсірген жоқ. Түсінгенге, олар да соғысып жүр. Шешен анасы үшін бүл соғыс – ар мен ождан үшін соғыс. Сондықтан да олардың соғысы адал. Сондықтан да бұл соғыста олардың мерейі үстем. Ана ерлігі – ар ерлігі, ождан ерлігі ғана емес, ұлт ерлігі. Олардың оқтары – қарғыс. Қарғыстың оғынан бұ дүниеде ешкім құтылған емес. Сол себептен де қарғыспен қаруланған «ызалы шешен анасы кіл қанжарды» дүниеге әкеліп жатыр. Сондықтан да шешен халқы бұл соғыста жеңілмейді. Ал енді осы екі жолды біртұтас өлең денесінен алып тастаңызшы, онда өлең жоқ. Өйткені осы екі жол – тұла бойды бір уыс қып ұстап отырған толқын-дауылдың эпицентрі. Ақын Қаптауындағы үрейлі соғыс картинасының нағыз көрінісін көз алдыңызға келтіру үшін «ызалы шешен анасы» мен «қанжар» параллельдерін әдейі алып отыр
Біреулер өлеңді өмірден бөлек алып қа­растырғысы келеді.Сонда өлеңді өзімізден, бізді қоршаған ортадан қалай бөлектейміз? Әдебиеттің өмірмен өзектес, тіршілікпен тамырлас екеніне күмән келтіруге бола ма? Шындығында, өлең мен өмірдің тынысы бір, тіршілігі ортақ қой. Бұлар бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын, керек десеңіз бірін-бірі толықтырып отыратын тектес ұғымдар. Ақын Рафаэль Ниязбек ғұмыр бойы осы екі ұғымды бөлектемей, бір тұтастықта жыр­лап келе жатқан ақын.
Дүниенің қабағы тұр түнеріп,
Елге ажар танытпай сыртын беріп.
Жер-жаһанға естілді
Ақ Жайықтың,
Жылап аққан дауысы күңіреніп.

Рухын асқақ көтеріп биіктердің,
Тауы неге жығылған сүйікті елдің?
Апатты аймақ болмаса Орал жері,
Қырылғаны бұл қалай киіктердің?!

Тас қоғамды сілкімей шаңын қағып,
Азамат ер қайда жүр жанын бағып.
Бәлкім солар үйінде жеп отыр ма,
Жайықтың көз жасына нанын малып…
Бұл үзінді «Жайықтың көз жасы» деген өлеңінен алынып отыр. Осы суреттің астарына үңілсеңіз талай-талай гәп жатыр. Мұнда өмір мен өлең, табиғат пен тас қоғам біртұтас. Ақын табиғатты аяп сөйлейді, аяп отырып оның бейшара болған картинасын жасайды. Тіпті Ақ жайықты өзіңнен-өзің жұбатқың келіп кетеді. Қазақ даласында мұндай эколгиялық апаттың салдарынан сансырап қалған жерлер аз ба? Арал қасіретін кім білмейді? Сарыарқаның үстіне құлаған зымыран сынықтарының үйіндісін ше? Тасбауыр қоғам өзінің табиғаттың төл баласы екенін ұмытты. Бұдан өткен қайғы-қасірет бола ма?! Олай болса, ақынның мынадай өлең жолдарын тебіренбей оқу мүмкін емес: «Құлап жатқан зымыран жеріме емес, құлап жатқан сияқты жүрегіме», «Атом түскен жерлерден су шығады, қара жердің көз жасы секілденіп», «Сынықтардан тау жанып, тас та жанып, қара жердің көзінен қан атылған», – дейді ол. Теңеу қандай! Эпитет қандай?! Рафхаңда мұндай өлеңдер көп. Тек оны көретін көз, ұғатын жүрек керек.
Ойдан ой туады. Ақынның «Қоғам» деген өлеңінен үзінді оқиық:
Жетілдің өсіп күшті елде,
Дүние сырын ұғынып.
Ұлт тағдыры сынға түскенде.
Үндемей қалма бұғынып.

Ұлтыңды қорға, шырылда,
Қорғайды құс та мекенін.
Үндемей қалу шынында,
Ұмытпа қылмыс екенін, –
деп келеді де:
Намысы қайда жұртыңның,
Әділдік іздеп жол шегер.
Қолыңнан бірақ не келсін:
Өлтірген рухын ұлтыңның,
Қоғамның өзі болса егер, –
деп аяқталады.
Бұл жерде ақын Абаймен үндес. Абайдың да бүкіл шығармашылығы нала мен өкініштен, күйініш пен ызадан, қайғы мен қасіреттен тұрады. Елімді қайткенде қараңғылық түнегінен құтқарамын, қайткенде басқа жұрттың қатарына қосамын деген ниетпен ол қазақтың бойына меңдеп кіріп, ендеп алған арамдық пен қулық, зұлымдық пен зымияндық, дарақылық пен даңғойлық, аярлық пен алакөздік сияқты мінездерімен күресті. Қазақтың рухы сонда көтеріледі деп ойлады. Осы мақсатта ұлы Абай қазақты төске сап, балғамен соқты, табаққа сап, тарыдай қуырды. Бірақ қазақ орнынан қозғалған жоқ. Айтып өтейік, Абайдан бұрын да поэзиямыз болған. Поэзия болғанда қандай поэзия десеңіз­ші! Ол – семсерлері жарқылдаған, қалқандары қаңғырлаған, жебелері ысқырып ұшқан, найза­лары аспанға тік шаншылған жаужүрек жауынгер поэзия болатын. Бір қызығы, ол да өкініш пен күйінішке, ыза мен кекке тұнып тұр. Бірақ, қазақтың оянғаны, кәне?.. Өйткені ұлттық рухты өлтірген қоғамның өзі болса, жұртыңның намысын қайрап әділет іздегенінен, әділдік іздегенінен не пайда?! Бар гәп осында: әділеті, әдебі жоқ қоғамда өмір сүріп отырғанымызда. Ол қоғамды кім жасап отыр? Қазақтың өзі. Олай болса, әділет деген өзіміздің қолымызда екен ғой… Осы бір қарапайым қағиданы ескерме­гендіктен қоғамның қайшылығына ұшырап, азапқа түсіп, мазаққа айналып жүрміз. Ұлт тағдары сынға түскенде бұқпантайлап үндемей қалу – қылмыс қана емес, ұлттық қиянат, ұлттық опасыздық. Яғни қоғамның қайшылықтарын дер кезінде терең танып, дер кезінде тезге салып, бетін қайтару өз қолымызда екен. Тек ниет жетпей жүргендей.
Тағы қайталай айтудың реті келіп тұр. Ақын­ның ақындығы тақырып табуда емес, тақырыпты игеруде. Тақырып деген – рухы, мнезі жоқ бір таңсық дүние ғана. Рас, ойда бар, бірақ көзге көрінбейді. Осы көзге көрінбейтін нәрсені рухани шикізатқа қалай айналдыруға болады? Мәселенің мәнісі осында жатыр. Кез келген шикізат игерілмесе, ол шикізат күйінде қала береді. Басқаша айтқанда, әлгі ойдағы шикізат шығармашылық шыңдаудан өтпесе, халықтың рухани сұранысына қызмет ете алмайды. Мы­салы, жаңадан кесілген қарағайды алайық. Ай­тыңыз­шы, бұтақтары бұғының мүйізі сияқты жан-жаққа тарбиып, ұзынынан түсіп сұлап жатқан жай ағаш кімге керек? Оны алдымен бұтақтарын шауып, қабығынан аршып, белгілі бір температурада кептіріп алу қажет. Кепкен құр ағаштан аспап жасап шығару да бергі әңгіме. Ағаштың сапасы қандай болады? Оны да есепке алмай болмайды. Ол енді қайсы аспапқа лайық? Бұл да маңызды сұрақтың бірі. Жасадың ба, міне сол нағыз творчесто! Одан әлгі ұста шығармашы­лық ләззат алуы тиіс. Рафаэль Ниязбек, міне, өз ағашынан өзінше түйін түйіп, иінін қандыра кептіріп, өзі жасаған аспабының құлақ күйін өзі келтіріп жүрген осындай талант. Оның поэзия­сынан азаматтықтың, отаншылдықтың рухы бұрқырап, мұрын жарып тұратындығы сондық­тан. Өйткені ақынның тұғырнамасы – шындыққа суғарылған, лирикалық қаһарманы – ерлік пен елдіктің туын ұстаушылар. Ақын жүрегі сезімтал, көзі көреген, көңілі жүйрік. Қоғамдық құбы­лыстардың қайсыбірін де көз бен көңілден таса қылмайды. Ақынды ақын етіп тұрған оның осы қасиетін өз басым қатты қадірлеймін.
Туған елдің арманын аңсағалы,
Болашақтың келеді ақ самалы.
Тыңда мені, замана, сөз сөйлейді,
Үндістердің ең соңғы ақсақалы.
Ақынның «Үндістердің соңғы ақсақалы немесе Қара Бұғының ақырғы сөзі» өлеңі осылай басталады. Өлеңді оқи бастағаннан-ақ бойыңыз­ды бірден үрей билей жөнеледі. Әйтпегенде ше, үндістердің ең соңғы ақсақалының ақыреттік сөзін тыңдау оңай деп кім айтты? Оның үстіне ол халықтың көз жасы сіңген сөз болса ше?.. Ашынасың, өзегің өртенеді, зығырданың қайнайды. Сосын ойланасыз, шын мәнінде үндістердің ең соңғы ақсақалы «Тыңда мені, замана» дегенде не айтқысы келді екен дейсіз.
Күн тұтылып, көгінен ай қашқанда,
Жүзген жоқ па бұлт болып қайғы аспанда.
Кәне, шыққан мүйізі үндістердің,
Жік-жік болып өзара шайқасқанда?

Көз жазбаған алтыны, күмісінен,
Үндіс елі жаңылып жүрісінен.
Жау тигенде сөгіліп кете барды,
Құрақ көрпе секілді тігісінен.

Қабырғасы қақырап сөгілгенде,
Елді бөрі талаған бөлінгенде.
Үндістерге еш қатер төнбес еді,
Ұлттық рухы биіктен көрінгенде.

Жат күш келіп намысын таптағанда,
Бірін-бірі көрсетіп, сатпағанда.
Жер бетінен жойылып кетпес еді,
Үндіс елі бірлігін сақтағанда.

Сол күндерге жүрегім кектенеді,
Бөлінгенді бөрілер жеп келеді.
Сырттан төнген жау емес,
Рушылдығы –
Үндістердің түбіне жеткен еді.
Бұл – ескерту өлең. Үндістер де қаһарман қазақ елі сияқты тарих дауылында мың өліп, мың тірілген халық. Тағдырдың небір ауыр өткелекте­рінен өтті. Еуропалық отаршылардың Америка құрлығының байырғы тұрғындарына жасаған сойқан қылығын кешегі фашистердің тағылы­ғынан, қызыл бәлшебектердің геноциді­нен (халықты қыру) асып түспесе, кем түскен жоқ. Адам деуге ауыз бармайтын конгистерлердің үндістерге жасаған жауыздығын айта бастасаң, жаның түршігеді. Оған себеп, заман зауалы, тағдыр тәлкегі. Үндістерді бетпе-бет жеңе алма­сын білген басқыншылар оларды жылы сөзге ұйытып, арасына от тастап, аярлықпен, әбжіл­дікпен бір-біріне айдап салғаны тарихтан белгілі. Сөйтіп, отаршылар үндістерді жік-жікке бөліп, іштен ірітті. Іштен іріген халық ірілік көрсете алмады. Бытырап бөлініске бой алдырды. Шынында да өзара бөлініп, қырық пышақ қырқысқа түскенде шыққан мүйізі, кәне?! Міне, бұл өлең үндістердің аянышты тағдыры туралы ғана емес, жәбір мен жапа, зорлық пен зомбылық, қаталдық пен қатыгездік туралы өлең. Тек ол емес, «Бөлінгенді бөрі жейді» демек­ші, бұл өлең елді бірлікке, ынтымаққа, сабырлыққа, парасаттылыққа шақыру өлеңі. Ұлттық ұюға, елдік тұтастыққа бәтуаласу өлеңі. Сондықтан да ақын жаны күйзеліп отырып, былай шиырады:
Неге, ендеше, өмірді сауық көрем,
Жоғалған рухымды іздеп шауып келем.
Қазақтың да бір күні
Рушылдығы
Жете ме деп түбіне қауіптенем.
Шынында, рушылдық – қазақ қоғамының да барлық саласын жегі құрттай жалмап жеп, оның ағзасына кәрі қыздай жабысып, жайғасып алған ауыр дерттің біріне айналып отыр. Қазіргі күні қия басқан қадамың кәдімгі «мен – саған, сен – маған» деуге саятын рушылдық пен жүзге бөлінусіз жүзеге аспайтын үрдіс қалыптасқан. Тіпті, елдің, ұлттың мүддесі сынға түскен сәтте, рулық, тайпалық топтардың жазылмаған заңға айналған мүдделері алға шығып кетіп жүргенін шыққыр көзіміз көріп жүр. Бұл – қатерлі дерт.
Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін­дер бұрын да болған, қазір де бар, бұдан кейін де бола беретін сияқты. Ондай қитұрқы бүлдіргі күштер іште де, сыртта да толып жатыр. Сонда олардың ең алдымен сүйенетіні не? Қазақтың рушылдығы, жүзшілдігі. Қазақ бірлігіне сына қаққысы келетін мұндай бүлдіргі күштердің пайда болғаны тек бүгін емес, оның тамыры тереңде, тарихы әріде. Осы күні қаулаған арам­шөп сияқты сананы шырмап, жүректі матап алған. Одан бірден құтылу да оңайға соқпайтын түрі бар. Өйткені, аталған дерттің қоғам ағзасына аса зиянды екенін білмейтін бірде-бір жан табылмаса да, әлгі залалды ғадеттерден өз бетінше бас тартып құтылуға ұмтылатындар аз. Жағдайдың бұлай қалыптасуының себеп-салдары сан алуан, әрине. Сондықтан, бұл өзін қазақ санайтын, қазақтың бірлігін, біртұтас­тығын ойлайтын кез келген саналы азаматты алаңдатуы және ойландыруы тиіс мәселе. «Жүзге бөлінген­нің жүзі күйсін» дегенді Төле би бабамыз бекер ескертпесе керек-ті. Руға бөліну – жікке бөліну. Тарих куә, жікке бөлінгеннің жетіскені жоқ. Бөлінген – жауға оңай жем бола­ды. Руға бөлінудің қайғы-қасіретін қазақтан асып білетін ешбір ел жоқ шығар. Қазақтың өткен тарихының бәрі жікшілдік, рушылдықтан тұрады десек, ақиқаттан алыс кетпейміз. Бөліне­мін деп бөріге талай жем болған. Азулының ауызында кеткен. Қазақ енді содан тағлым алуы керек. Егер бөліну синдромы етек алып кетсе, ол ұлттық тұтастыққа аса қауіпті. Тұтастығының тізгінінен айрылған ұлт біртұтас дене болудан қалады. Ақынның «Қазақтың да бір күні рушылдығы, жете ме деп түбіне қауіптенем» деп отырғаны сол. Ұлттық тұтастыққа сына қағатын осы қатерді тоқтата алмасақ, елдігімізге де, тәуелсіздігімізге де – сын. Ащы да болса ашығын айтсақ, рушылдықты, жүзшілдікті жеңбей, жікшілдікті тоқтата алмай­мыз. Жікшілдікті тоқтатпай, ұлтты сақтау мүмкін емес. Әрине, адамның ағзасы мен қоғамның ұңғыл-шұңғы­лына еніп, кенедей жабысып, жайғасып алған бұл үрейлі үрдіспен күресу оңайға түспейді. Оңайға түспейді екен деп, жайбарақат қарап отыруға тағы болмайды.
Демек, мұржасы қисық болса да, бар қазақ­тың түтіні бір ендікте түзу шығуы – басты шарт. Әр қазақтың жүрегі қазақ деп соғып тұруы керек. Қазақ қазақты көргенде мұртын едірейтіп, шал­қақ­тамай, жапанда қалған жалғызын көргендей елжірей қарағаны қымбат. Кеудеден итермей, шамасы келсе, бауырына тартып, жылы сөзбен жұбатып, мейірімін аямауы қажет. Ел кімдікі? Қазақтікі. Жер кімдікі? Қазақтікі. Мемлекет кімдікі? Қазақтікі. Сонда, бар қазақ бір қазақ болу үшін бізге не жетпейді? Барды бағалау жетпейді. Олай болса, осы барды әр қазақ жүрегінің ең төрінде ұстауы тиіс.
Ей, ағайын!
Үш арысқа бөлініп,
Қайдағы жоқты неге толғайсың.
Біртұтас елге айналып,
Тұлғаңды қашан сомдайсың?
Алпауыттардың ауызында
Шырылдаған торғайсың.
Жұтылып кетсең егер де,
Тұқымың құрып сорлайсың.
Өзіңді қорғай білмейсің,
Тәуелсіздікті қалай қорғайсың?!
Расы да сол ғой. Бір қарағанда қарапайым жол­дар, бірақ астарына үңілсеңіз әр сөздің терең түкпірінен құйын үйіріліп, дауыл көтеріліп келе жатқандай. Адам өзін, ана тілін, дінін, салт-дәс­түрін, ұлттық мінезін қорғай білмесе Тәуелсіздікті қалай қорғайды? Қорғай ала ма? Әлде, жат қарау күштердің қолтығында қор бола ма? Бүгінгі таңдағы қазақ үшін толғағы жеткен толағай мәселенің бірі – осы. Ақын жоғарыдағы өлең ар­қылы елін жігерлендіріп тұр. Бірлікке, тұтас­тыққа шақырып тұр. Ал елі мен жеріне жігер беретін, күш беретін ақынның әрқашан маңдайы ашық, мерейі үстем. Басқаша болуы мүмкін емес. Көрдіңіз бе, бұл жолдар ақынның азамат­тық позициясын айқындап тұр. Ақынның азаматтық позициясы деген не? Ол – кез келген пенде айта алмайтын ащы ақиқатты айта білу. Ол – ар мен намысты ту ету, ол – өжеттік пен өрлікті асқақтату. Сондай-ақ, өті жарылып кетсе де шындықтың көзіне тайсалмай тура қарау. Шындықтың көзіне тура қарауды оңай деп кім айтты? Шындықтың көзіне тек қажырлы, жігерлі таңдаулылар ғана тура қарай алады. Міне, сан алуан ізденістерді артта қалдырып, уақыт сынынан сүрінбей өткен және өтіп келе жатқан Рафаэль Ниязбек осындай қажырлы, қайратты, жігерлі, жаужүрек ақын.
Қорыта айтқанда, Рафаэль Ниязбек поэзия­сы негізінен ішкі динамикалық қуатқа, динами­ка – ішкі драмалық қайшылыққа құралған өз дауысы, өз үні, өз ерекшелігі бар ақын.
Мүмкін кітап шығармын оқылмаған,
Мүмкін құрлық шығармын зерттелмеген, –
деп өзі айтқандай, ақынның шын бағасын беретін келелі сөз айтуды оны іздеп оқитын, зерделеп зерттейтін ұрпақтың еншісіне қалдыра­мыз…

Болат ШАРАХЫМБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір