ЖУСАН ИСІ АҢҚЫҒАН ЖЫРЛАР
22.07.2022
537
0

Әдебиет саласындағы бірнеше сыйлықтардың иегері, біршама өлеңдері алыс және таяу шетелдердің жыр жинақтарына енген Ілияс МҰҚАЕВТЫҢ бұрынырақта жарық көрген «Ғұмырымның көктемі» ат­ты кітабымен таныс болсақ та және алған әсеріміз біршама тәуір болса да, таяуда шыққан «Сыныптасы жоқ бала» ат­ты жыр жинағын аздаған күдікпен қолға алдық. Реті кеп тұрғанда айта кеткен жөн болар, қазіргі аға буын өкілдерінің кезінде өздері тамсанған өз классиктері бар, сондықтан да кейінгі жастар шығармашылығына белгілі бір дәрежеде күмәндана қарайтыны да жасырын емес. Себебі, ақпарат ағыны қазірде ерекше, күшті, шығып жатқан кітаптар да аз емес. Ал сапасы, өре-деңгейі қандай, көркемдік-эстетикалық дәрежесі қай биікте, ол өз алдына жеке әңгіме…

Ақын І.Мұқаевтың «Сыныптасы жоқ бала» ат­ты жыр кітабының тұсаукесер рәсімі Қарағандыда сәт­ті өт­ті. Беделді мекемелер, ақын-жазушылар, шығармашылық ұйымдар, жалпы жыр сүйер қауым өкілдері қатысқан әдемі бір өнер кешінің куәсі болдық. Айтылған пікірлер, жүрекжарды тілектер – бәрі де шынайы, табиғи қалыпта, жасандылықтан ада болғанын айтуды парызымыз деп білеміз. Кітап авторын орынсыз мақтауды мақсат етіп отырған жоқпыз, осы тұста көкейге келген бір ойды да іріккіміз келмейді. Жаһандану үрдісінің бел ортасында отырмыз, ендеше, әлдебір заманауи құрал-жабдық, аспап, жоғары технология мен сапаға негізделген аппаратураларды басқа елден қаржы болса сатып ала алатынымыз анық, алайда, ешқандай мол ақшаға ұлтыңның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, шығарма жазып беретін шетелдік қаламгерді алдыра алмайсың. Алдырарсың-ау, тіпті ол ірі талант, дарын иесі болсын, бәрібір сенің ұлт­тық болмысыңның иірімдеріне бойлай алмайды. Сірә, содан да болса керек, таза қазақы болмысты іздеп, аңсағаннан болса

керек, қарасы қалың жұрт­тың әдеби кешке молынан жиналуы. Мына бір беймазалау, беймәлімдеу уақыт аясында жаныңды серпілтер, қиялыңды қозғар, саясат, қулық-сұмдықтан ада, таза өнер кешін іздегендіктен болар?! Тағы да айтар ойымыздың бір парасы мынада. Әр кезеңнің өз ұстанымы, идеалы болады. Ұялы телефон, кез келген ақпарат­тың қолжетімділігі, ғаламтор дамыған қазіргідей заманда кітап оқылмайды деп жатамыз, бірақ оқылмайды емес, сол кітап сапасы болса, көзі қарақты оқырманға жетпей жатады әрі насихат­талу жағы кемшін-ау деген де ой мазалайды. Ілияс бауырымыздың бізге сыйлаған кітабы қазірде қолдан-қолға көшуде. (сыйлас адам сұрайды уақытша деп, қалай бермейсің?).
Адам санасы жетілген сәт­тен бастап, қоғамда орын алып тұратын түрлі оқиға, құбылыс, тосын жайт­тарды ой елегінен өткізе келе, адамзат баласы «Кім кінәлі?» және «Не істеу керек?» деген сауалдарға жауап іздеген. Бұл мәңгілік сұрақтарға жауап беруді ақын ініміз алдына мақсат етіп қоймаған тәрізді. Адамды зерт­теу, адамтану ғылымына батыл енуі арқылы жоғарыдағы сауалдарға өз хал-қадірінше түсінік іздепті. Кәдімгі қазағының қамы, оның өзгеге ұқсай бермес болмыс-бітімі, басқаға түсініксіз боп көрінсе де, тек өзіне ғана мәлім, нағыз қазақ деген атқа лайық болуға үндейтін ұлтшылдығы – бәрі де ақынның жүрегіндегі сүзгіден өткен екен.
«Жүрегім жырға жерік болғалы,
Өміріме өлең серік болғалы,
Өмірдің күзі жемісін бермей,
Көңілдің мұзы еріп болмады.
Шығам деп алып түнектен көпті,
Жанымның мені үні өктем ет­ті.
Қазаққа төнген қауіптің бәрі,
Алдымен мендік жүректен өт­ті, — дей келіп, ақын төмендегіше түйін жасайды.
…Соны ойлап көңіл күпті алабөтен,
(Жанымды мұңмен жұптаған ба екен?)
…Ақынның егер азабын артса,
Атанға қанша жүк болар екен?!.»
Ақындық, азамат­тық ұстаным осы. Осы ұстанымнан өнерпаздық жолы басталған. Кітапқа (бұрынғы және бүгінгі біз сөз етіп отырған) енген барлық шығармалардың бастау көзі, қайнары жоғарыдағы тармақтардан тарамдалған. Ол жолдар ақынның «Мені» «Бізге» айналса екен деген тілегі, тырысуы, талпынысы. Әрі көркемдік категориясына жақындауы. Жаны жомарт, мінезі мәрт, еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқая да алатын асқақтық, тұғырлы тектілік, бекзат болмыс шынымен-ақ кешегі уақыт­тың еншісінде қалғаны ма? Қос алып кеңістікте ғұмыр кешіп, көшпелілер мәдениетін дүниеге келтірген, бірде-бір қайыршы, міскіні болмаған қазақтың кешегісі мен бүгінгісі ақынның жұдырықтай жүрегіне салмақ түсірген сыңайлы. Осыдан келіп, ол ақын феноменіне, оның алмағайып заманындағы атқаратын миссия, міндетіне үңілген.
Ақын жүрегіне ұя салған мекен – ауыл. Шын қазақты ауыл ұғымынан тыс алып қарастыру мүмкін емес. Адами қасиет, кісілік пен кішілік, тек қазаққа болмыс иірімдері сол ауылда қалыптасқан.
Таным көкжиегінің тар болуы немесе кеңеюі бір шығыстық ғұлама айтқандай, салыстыру ұғымынан туындайды. Ақын да біреуден ілгері, біреуден кейін, әйтеуір, тәуба, бақуат­ты ғұмыр кешіп жатса да, қазақты қазақ етіп қалыптастырған ауыл, ондағы кіршіксіз, адал жандар, мектеп, сол мектептегі сыныптасы жоқ бүгінгі бала, кеше ғана ақынның қамсыз, табиғат­тай бұла, саф мөлдір, енді ешуақыт­та қайта оралмас балалық шағы өткен ескі үйге қазірде ешкім тұрмайтындықтан көрші азамат­тың бүгінде мал қораға айналдыруы – бәрі де авторды ішкі бұлқынысқа, драмалық коллизияға бастап тұрғаны байқалады. Кінәліні іздеу (ақын малын қамап жүрген азамат­ты сөккеннен гөрі, қазір уақыт­тың символы ретінде алған), бұндайда не істеу керегін болжау ақын айналысатын жайт болмаса керек, тек ол қаламға ерік берген.
«Ғайбат айтып, пыш-пыштап сандалған бар,
Арамзаға арбалып, алданбаңдар!
…Дүнгенбайдың жалғызы дүниені
Дүр сілкінтсе бір күні таң қалмаңдар!»
Дүниені қалайша дүр сілкінтпек? Оны қалай түсінеді оқырман? Лирикалық қаһарман (Ілияс ақын) нендей әрекетке бармақшы? Ақын өлеңіндегі мына жолдар сол сауалдарға жауап іспет­ті.
«Жарылқа, Алла құлыңды,
Жарылқа, Алла, ғұмыр бер.
Мойылдай мөлдір жырымды
Оқиды жатқа түбінде ел».
Ақын болашағына сеніммен қарайды. Қалам қуатына сенеді. Елі алдағы уақыт­та бұның жырын жатқа оқитынына кәміл сенімді. Үстірт қараған жанға ақын азамат­тың өз-өзіне тым сенімділігі, тіпті менмендік, тәкаппарлық мінез көрсеткендей өрескел қылық боп көрінуі мүмкін. Бірақ ақын жырларын мұқият оқыған жан жас талант­тың өзінен де гөрі әрі киесі, әрі қасиет­ті поэзияға зор үмітпен қарағанын, қоғамдағы қазақ өлеңінің орнын, ақынның міндетін саралағанын аңғарар еді.
Кие дегеннен шығады. Өнерде де кие бар. Талант­тан жұрдай жетесізге онда орын жоқ. Киесі ұрады. Соны сезінгендіктен болар, Ілияс ақында жауапкершілік жүгі басым сияқты боп көрінеді бізге. Көп ізденгені байқалады. Жақсылық пен зұлымдықтың әлмімсақтан қатар келе жатқаны, адам жанына бұрынырақ кеп ұя салуға тырысатыны баяғыдан мәлім. Демек, адам періште емес, пенде. Әлемдегі аса ауыр қантөгістер, келеңсіздіктер, баршаға тән жалпы адамзат­тық құндылықтардың кейінге ысырылып, ашкөздік пен тойымсыздықтың алға шығуы бәрі де сол адам-пенденің іс-әрекетінен туындауда. Ақын осылардың сырына үңіліп, ой түйеді.
«Жарық түспес жар-қабақ,
Мекен болған далада.
Жек көрді деп жарғанат,
Күнге қырын қарама.

Үні өшті деп ылаңның,
Салғырт­тыққа салынба.
Жиырылғаны жыланның-
Оқталғаны шығуға.

Жанын жаулап нөпір мұң,
Бордай езген ой, нала.
Ақысын жеп жетімнің,
Жетілем деп ойлама.

Белін буып бекініп,
Бақ қонса да басыңа.
Көбіктейін көпіріп,
Шолақ сайдай тасыма!»
Ақынның толғаныс әлемінде кілең кіршіксіз жандар бар деуге болмас, себебі, әр пенде болып жатқан түрлі келеңсіз жайт­тарға бей-жай қарамаса, Тәңірінің әу басында жаратқан үйлесім жүйесі адыра қалмас еді ғой?! Мына дүниеде Алла мен адам ат­ты жаратындының арасындағы елші болу пешенесіне жазылған ақын үні неге өктем, озбыр, ашкөз, азды-көпті ақылы ізгілікке емес, аярлыққа бағыт­талған ұсақ, алайда қауіптілігі жағынан аса ірі пенделерге жетпейді? Неге олар керең? Неге солардың сөзі де, өзі де қазір үстем боп тұр? Ал, көзі тірісінде бағаланбай, ана дүниеге кеткен соң ғана ұлы еді, ғаламат еді деп тамсанатынымыз неліктен?! Мысалы, әріге бармай-ақ бертіндегі Қасымға, Төлеген, Мұқағали тағы да басқа жампоздарға?!
Ілиястай ақын бауырымыздың:
«Әкімдеріңнің (жай көз де көрсін),
Қашанда толық есебі.
Ақындарыңның қай кезде болсын,
Маңдайда соры бес елі», – дей келіп, Абай мен Махамбетке жүгінетіні де сондықтан.
«Тұнығы жырдың тұмадай болса»,
Деймін де ойға батам көп.
Ақындық шыңы – ұлы Абай болса,
Ерліктің шыңы – Махамбет!»
Бұл – жүректен шыққан шынайы жырлар тек қазақтың екі ұлы перзентіне ғана арналса да ұлтымыздың, жалпы әлемдегі өнерді жасаушыларға орнатылған ескерткіш.
Кітаптың алғысөзін ірі ақын, сұңғыла көсемсөзші Абзал Бөкен жазыпты. Алғашқы бөлімге ақынның азамат­тық тұғырнамасын, дүниетанымын айғақтайтын дүниелері, екінші бөлімге балғын балалық, жігіт­тік, есейген кездегі өзін сол кезде толғантқан дүниелері еніпті. Жалпы Ілияста сыршылдықтың бары қуантады бізді. Шынайы сыршылдық мәрт­тіктен, саф тазалықтан туындайды. Кей сәт­те ақынның өзі де байқамай қалыа, еркіндік өрісіне шыққанда, әлгі сұлу, сыршыл лиризммен апталған жолдар ішкі бұлқыныс пен буырқаныстың жетегінде кетеді. Сөйтіп, тып-тынық, момақан айдынға аз да болса асау толқын пайда болады. Адам ретіндегі, ақын ретіндегі түрлі кездерді түсіндіруге тырысқандықтан болса керек, ақын байсалды толғамын ортаға салады. Демек, нәзік лиризм, мінезге бір сәт бой ұратын өр үн және салқынқандылыққа негізделген ой-толғам, яғни осы үштаған ақын бауырымыздың стилін, қаламгерлік қолтаңбасы мен суреткерлік қолтаңбасын аңғартады. Ақын өлеңдерінен жусан иісі білінеді. Өткеніне ақын түгілі, жасы егде тартқандар да үңіледі. Сағынады, аңсайды. Көкірегін жеңіл мұң торлайды. Күрсінеді. Бәлкім, ақын шеберлігі де осында жатқан шығар?!
Кітаптағы көлемді дүние – «Дидарғайып» поэмасы. Ақын бұл шығармасын анасына арнапты. Шағын ғана лирикалық өлеңдерде өзіндік машығы қалыптасқан ақынның бұл шығармасына, жасыратыны жоқ, аздаған шүбәмен қарадық. Поэма сәт­ті шыққан. Ақын да бауырын жазып, армансыз көсіліпті. Пролог пен эпилог, ықшам бес бөлім дастанның сюжет­тік-композициялық құрылым ерекшеліктерінің талабына сай. Автордың тап бір екінші тынысы ашылғандай шабыт пырағының жалынан мықтап ұстағаны аңғарылады. Қос жастың кіршіксіз махаббаты, риясыз сыйласым, сүйіспеншілігі, үш алтындай перзент өсіруі, қамсыз бақыт­ты ғұмыр кешуі ақынның ағыл-тегіл жыр толқынынан айрықша аңғарылады. Япырмай, өмір –мұрат, өлім – ақиқат десек те, үш сәбиге ажал семсерін тағдыр неге сілтеді екен? Ақынның аһ ұрған күрсінісі, жүрегінің қан жылауы, ғаламат аза, трагедия оқырманға да ауысқан. Бей-жай оқып шығу мүмкін емес. Сөз жоқ, бұл –Ілияс ақынның жаңа қыры. Кемелдікке қарай бет­тей бастауы. Шабыт­тана отырып, асқан сезім, эмоциямен егіле жырлағандықтан болар, поэма бір демде тез қағазға түскен сияқты әсер қалдырады. Дегенмен, эпикалық, кең тыныстылық өріс сәл ауқымды болса, бір емес, бірнеше оқиға желісі қабат­таса келіп, негізгі шешім, түйінде тоқайласса, дастан маңызы бұдан да гөрі тереңдер еді дегенді айтқымыз келеді.
Әрине, әлі де тереңірек талдау жасауға болар еді, дегенмен, біз көлем деген ұғымды есте ұстап, басты-басты деген жайт­тарға қысқаша тоқталуға тырыстық.

Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір