ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚАЛАМДАСТАР!
Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, күн мен түннің, ыстық пен суықтың теңелетін, жер жүзі көктеп-көгеретін, күллі тіршілік атаулы қайта түлеп-жаңаратын – әз-Наурыз мейрамы да жыл құсындай келіп жетті…
Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын деген ізгі тілекпен ертеңгі күннен жақсылық күтіп, көңілге үміт пен сенім ұялап, адамдар арасындағы өкпе-реніш ұмытылып, қайыра тіл табысып-қауышатын ынтымақ пен бірліктің мерекесі баршаңызға құт-береке алып келсін!
Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, еңбектеріңіз жемісті болсын! Ел аман, жұрт тыныш болғай! Жаңа жыл шабыттарыңызды шыңдап, шығармашылық жетістіктерге жете беріңіздер. Қашанда мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз жоғары, абыройларыңыз асқақ болсын!
Жандарыңыз қартаймасын, жүздеріңізден әр таймасын. Бастарыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болсын!
Ұлыс оң, ақ мол болғай!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының төрағасы.