ӘЗ-НАУРЫЗ – ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ДӘМ ТАТАР КҮН
Бала күнімізде жыл сайын өтетін Ұлыстың ұлы күні – жиырма екінші Наурызда қырға шығып, тегістеу жерге тігілген киіз үйді тамашалап, мәз болатынбыз. «Сенің ата-бабаң киіз үйде тұрған, көкпар тартып, бәйге өткізген» деген сөз ешкім айтпастан-ақ қыр басындағы көріністер арқылы бірте-бірте көңілге ұялай беріпті: Наурыздың шарапаты шығар. Әйтпесе, бағзының жұрнағы болған тарихтың тірі бейнесін күнде көріп жүр ғой дейсіз бе.
Наурыз мейрам ғана емес – қасиет айы. Оның киесі әр қазақтың қанына сіңген: тамыры арқылы кейінгілерге тараған. Ата-бабаларымыздан бері үзілмей келе жатқан дәстүрлердің жаңғырығы ол.
Наурыз – тарих. Мыңдаған жылдар бұрын боз даланың топырағына түскен бабалар ізін уақыттың желі әсте өшіре алмапты. Тәубе. Халықтың қасиеті шығар. Наурыз – ұлттың ұлт боп ұйысатын бірлік айы. Қазақ үшін оның баламасы жоқ, болса да ол – халықтың өзі.
Наурыз науқан емес – салт-сана. Дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа жалғанар тұсы да – осы Наурыз. Қазақ үшін Наурыз ұғымының маңызы тым терең. Оны Дөңгелек үстелге қатысқан мамандар тарқатып айтып береді.
– Қазақ жыл сайын Наурызда бас қосып, өткен жылды шығарып, Жаңа жылды қарсы алады. Наурыз – түрік халықтарының Жаңа жылға, Жаңа күнге қадам басатын ерекше айы. Наурыз мейрамының тарихына тоқталғанда, нені атар едіңіз?
Былтырғы Наурыз бен биылғы Наурыз арасында қоғамдық өмірде орын алған қандай жаңалықтарды атап айтасыз?
Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы:
– Біз өзіміз малшының баласы болдық. Бала күнімізде Наурызға байланысты есте сақталып қалған дүниелер өте көп. Кеңес үкіметі қанша жерден тыйым салса да ауылдағы ағайындар Наурыз көжесін жасап, бір-бірінің үйіне қыдырып, айттағандай, бұл күндерді мерекелі өткізетін.
Наурыз мерекесі адамдардың ескі киімдерінің барлығын жаңартып, үйдің ішін тазалап, жаңа жылға деген ерекше құрметінің белгісі боп көрінетін. Қазіргі кезде көп жағдайда ерлер шапанын, әйелдер камзолын киіп, Наурыз күні ғана көшеге шығып жатады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Наурыз тек қана киіммен өлшенбеуі керек. Наурыз кісілікпен, адамгершілікпен өлшенуі қажет. Ал ұлттық киімді тек қана Жаңа жыл күні емес, мүмкіндігінше жыл бойына өмірге енгізсек жақсы болар еді.
Екі жылдың арасында қандай өзгеріс, қандай жаңалық болды дейтін болсақ, біздің қоғам, өміріміздің өзі бір орында тұрған жоқ. Жыл сайын жаңарып жатыр. Біз, әрине, өмір бойы жақсылық, жаңалық күтумен жүреміз. Сондықтан, былтырғыға қарағанда биылғы Наурыз жай өте қойған жоқ. Жыл басы жауын шашынды, қарлы болды. Амандық болса, Наурыз күндерінде күн ашылып, көктемнің әдемі бір көріністерін көрерміз. Меніңше, қазір халықтың көңіл-күйі өте жақсы. Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, биылғы бес ұсынысының өзі ауыз толтырып айтуға болатын істер. Тіпті, бұның өзі кешігіңкіреп айтылды ма деп те ойлаймын. Бұның барлығы халқымыз үшін өте қажетті дүниелер. Сондықтан, «ештен кеш жақсы» дейді халық. Осындай игі шаралар қолға алынып жатқанына қуаныштымыз. Әрине, биыл Наурызға жұрттың бәрі жақсы көңіл-күймен келуге тиісті. Себебі, жаңа бес бастаманың өзі халқымыздың көптен күткен жақсы жаңалығы.
Баяғыда орыс халқының өзі белгілі бір кезеңдерге дейін Жаңа жылды Наурызда тойлаған көрінеді. Содан кейін Жаңа жылды Қаңтарда тойлауды Ресеймен бірге отар болған елдердің барлығы дәстүрге айналдырып алды. Қазір Жаңа жыл десе Қаңтар айының алдында соған дайындалып, шыршалар тұрғызып, миллиондаған шығын жасап жатады. Оған қарағанда біздің дәстүрлі Жаңа жылымыз жаңа өмірдің басы – осы Наурыз айы. Сондықтан Жаңа жылға жұмсалатын мемлекеттік шығындардың барлығын бірте-бірте Наурызға қарай көшіру керек. Наурыз шын мәніндегі біздің рухани жыңғыруымыз.
Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымының докторы, профессор этнограф:
– Наурыздың әдеттегі мейрамдардан бір ерекшелігі – ол ғылым.
Наурыз туралы ғылыми ұғымдар екі жарым мың жылдан бастап тарихта қалған екен. Ең бірінші болып Жамшид патша Наурыз күнін – Жаңа күн деген. Одан кейін Омар Хаям, Бируни, Ұлықбек, Тирмизи, т.б., шығыс ғалымдары мен өзіміздің Абайдан бастап Алаш арыстары – Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақыптардың бәрі де Наурызға байланысты осындай пікірде болған. Наурыз туралы зерттеуге бойлай берген сайын өте қызықты мәліметтерге тап боласыз. Сондықтан, Наурызды ғылым деуге әбден болады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Наурыз көженің қазақ халқында кез келген астан қадір қасиеті жоғары тұрды», – дейді. «Төле билердің тұсында Наурыздың нағыз шарықтау шегіне шыққан кезі еді», – дейді. Қазақ халқында мейрамдардың ішіндегі ең жоғарғысы, ең қасиеттісі Ұлыстың ұлы күні – Наурыз.
Биылғы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мақсаттардың өзі осы Наурыздың Жаңа жылдық канондарымен ұйқас келеді. Неге десеңіз, Наурыздың басты ұраны – жаңғыру. Көктем кезінде табиғат жаңаруына байланысты адамдар да жаңарып, рухани жаңғырады. Адам бір жылдай бойы өз түйсігінде біреуге жамандық жасап, болмаса іштей соны ойласа ол ойынан айығып және кешірімді болуға тырысады, өзін-өзі жаман әрекеттерден аластап, табиғат сияқты жаңғырып, жаңарады. Наурызда, ең бастысы, өзіңнің үйіңді, қора-қопсыңды тазарту керек. Содан кейін, жиырма бірі күні Наурызды жаңа киіммен, жаңа оймен қарсы алу қажет. Жиырма бірі-жиырма екісі күндері Қыдыр ата үйді аралайды деген түсінік бар. Қыдыр қай үйге барады? Өзінің ой-пиғылы тұнық, ешкімге жаманшылық ойламайтын, кешірімді, мейірімді, қайырымды, жан дүниесі таза адамдардың үйіне кеп қонады. Сондықтан да Наурызға халық қатты дайындалады.
Мен өзім зерттеу жүргізгенде Наурыз мейрамы төрт кезеңнен тұратынын байқадым.
Бірінші, адамның өзін-өзі жаңғыртуы;
Екінші, халық боп, ел боп ауылды тазалап болғаннан кейін бұлақтың көзін ашып, ағаштарды отырғызу. Көрісу, сосын бата алу. Наурыздың ең басты қағидасы да осында. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халық. «Ұлыстың ұлы күні ұлы адамнан бата алсаң бақытты боласың» деген түсінік бар. Үлкен ақсақалдардан, ел басқарған адамдардан бата алады. Үлкендер жастарға ақыл-кеңесін, Наурыздың сырларын айту;
Үшінші, Наурыздың дәмі. Наурыз көже, смалак, т.б. Осының бәрі үлкен қазанға қайнатылып, одан бәрі ас ішеді. Содан кейін үй-үйді аралайды. Кез келген адам Ұлыстың ұлы күндері қырық үйден дәм татпай кетпеу керек. Қырық үйге кіріп, аралас-құралас боп, барлық халық жамырасып, көрісіп, мәре-сәре болады;
Төртінші, Наурызда орындалатын ойындар. «Қалтырауық қамыр кемпір» дейді, қамырдан, бидайдан «Қалтырауық қамыр кемпір» жасап, оны суға салады. Сондағы ниет – «қыстың қаһары кетсін» дегені. Осындай салттардан кейін Алтыбақан, Теңге ілу, Айтыс секілді ойындар жалғасады. Сондықтан да халық үшін Наурыздың мәні өте үлкен.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы:
– Қазақстанда өткен жылдың ең маңызды оқиғасы деп «ЭКСПО-2017»-ні айтар едім. Оны шетелдік туристер, Республика бойынша көптеген оқушылар, мұғалімдер, т.б., түрлі қызметтегі адамдар барып тамашалады. Әлеуметтік жағынан алып қарасақ, әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Бұл әлі де қоғамдық талқылауда. Отбасының табысын есепке алу-алмау баптары бойынша әлеуметтік төлемдер төлеудің жаңа моделі енгізілді. Жақында ғана Елбасы тапсырған «Әлеуметтік бес бастама», яғни халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, салық жүйесіне жаңалықтар енгізу секілді әлеуметтік жаңалықтар болды.
– Наурыз тойын тойлаудың заманға сай үлгісі қандай болуы керек?
Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ:
– Шапан мен камзол киіп, Наурыз күні ғана көшеге шыға қалуды мен ерсі көремін. Біздің ұлттық киімімізді шама келгенше жыл он екі ай кию керек. Қазіргі кезде Наурызды бір ай тойлаймыз деген әңгіме шығып жатыр. «Бұрын қазақтар бір ай тойлаған екен» дейді. Әрине бұл бір ай бойы той жасады деген сөз емес. Бірақ Наурыздың қуанышын бір ай бойы ұмытпаған деген сөз. Бір ай киіз үй тігіп, соның төңірегінде той тойлап жүрудің өзі жайсыздау қылық сияқты. Наурызды жөнімен, ретімен, екі-үш күн болса да жұрттың есінде қалатындай етіп тойлау керек. Көшеде ән салып, би билеп, кереметтей бір думан жасау өз алдына, ұлттық ойындарды көбейтіп, әсіресе балалардың асық ойынынан бастап, үлкендердің күресі, арқан тартыс деген секілді басқа да ұлттық ойындардың барлығы жұрттың есінде қалатындай болса екен деп ойлаймын.
Ахмет ТОҚТАБАЙ:
– Меніңше, Наурызды тойлаудың негізгі үлгісі мен айтқан төрт кезеңнен тұруы керек. Қазіргі таңда Наурыз туралы Халықаралық конференциялар өтіп тұрады. Осыдан екі-үш жыл бұрын Түркменстанның астанасы Ашхабатта осындай конференциялардың бірі өтті. Сол жерде ғалымдармен пікірлескенде осындай ұйғарымға келдік. Жаңару, жаңғыру салтын осыдан бастау керек.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Наурыз қазіргі таңда қоғамдық шаралармен ғана шектеліп жатады.
Бірақ бұны бір рет қана өткізілетін қоғамдық шара, концерт т.б., емес, кешенді жұмыстардың жүйесі ретінде қарастырса деймін. Ең алдымен, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын осы бағытқа бағыттап, Наурызды «қайырымдылық айы» деп, республикалық түрлі іс-шаралар жүргізілсе. Одан бөлек, Наурызда жасалатын сый-сыяпатты да қоғамға сай етіп жүйелесе. Жаңартудың тетіктері өте көп. Тек соны әрбір адам өзі қолданып, жүзеге асыратын болса деймін.
– Халқымыз Наурыз мерекесінде «Самарқанның көк тасы еріді», «Наурыз мейірім, кешірім айы» деп жатады. Бүгінгі қазақ қоғамында мейірім, кешірім, тазалық сынды сипаттар қаншалықты көрініс тауып отыр?
Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ:
– Жалпы, мейірім, кешірім секілді ізгі қасиеттер тек Наурыз күндері емес, біздің жүрегімізде өмір-бақи орнайтын қасиет болуы керек. Сондықтан, жыл сайын Наурызда ескі өкпе, реніштер ұмытылады. Бір-бірімізге өкпеміз болса кешіру керек. Наурызды «кешірім айы» деп жатамыз. Жақында алғыс күні деп те бір күнді жарияладық. Алғыс айтып, өкпе-наз ұмытылу керек деп жатырмыз. Бұның барлығы адамды кісілікке тәрбиелеу мәселесі ғой. Біздің халықтың қасиетінде көптеген кемшіліктер де бар. Бұның барлығын осындай мерекелер арқылы бірте-бірте түзеуге болады.
Ахмет ТОҚТАБАЙ:
– Тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық заманда адамдар бір-біріне қайырымсыз, мейірімсіздеу болып кетті. Наурыз мейрамында «Самарқанның көк тасы еріді» дейді ғой. Бұл – метафоралық сөз. Қандай тасбауыр, тасжүрек адам да Самарқанның көк тасындай еруі керек деген ұғым бұл. Қазіргі біздің қоғамымыз – бай мен кедейлер тұратын қоғам. Бұрын қазақтың байлары қандай болған? Олар өзінің дүниесін, мүлкін халыққа таратқан. «Байдың тартуы» деген болады. «Пәленбай байдың тартуы болады. Соған барамыз», – деп халық соғым алатын болған. Сосын Төле билердің заманында «Биылғы Наурызды сен, келесі жылғысын сен өткізесің», – деп байларға үлестіріп тастайды екен. Ал қазір қазақ қоғамында осындай Наурыз өткізіп, Тарту таратып жатқан байды мен көрген жоқпын. Бірақ бізде байлар аз емес деп ойлаймын. Байлар қазір өзінің отбасының, үрім-бұтағының ғана қамын ойлайды.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– «Он ақылдыдан бір мейірімді артық» деген сөз бар. Бүгінгі біздің қоғамда ақылды, білімді адамдар көп те, бірақ мейірімді адамдар аз. Мәдениетті адамдар көп те, қайырымды адамдар аз. Көргені көп, бірақ түйгені аз адамдар қаптап кетті. Әлеуметтік тұрғыдан айтар болсақ, адамдар өте индивидуалист болып алған. Оның астарында эгоизм де жатыр. Бұған бүгінгі нарықтық қарым-қатынас, түрлі ақпараттық-технологиялық құралдардың әсері болды деп жатады. Дегенмен, осы адамдардың индивидуализмі мейірімділікті жеңіп бара жатыр. Адамдар білімге, ақылға көп көңіл бөлгенімен мейірімділіктен айырылып бара жатқан сияқты. Алайда соңғы кездері әлеуметтік белсенділік кішкене болса да артып келеді.
– Халық «бір тал кессең он тал ек» дейді. Наурыз мерекесі той тойлау ғана емес, ол қоршаған ортаны жандандыру, адам бойына рухани тазару алып келетін мереке еді. Қазір сол сипаттар көлеңкеде қалып қойған жоқ па?
Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ:
– Жақында ғана Алматыда біреулер өз ауласындағы екі шыршаны кесіп тастапты. Бұл үлкен дауға айналды. Өсімдік те тіршілік иесі. Тіршілік иесіне балта жұмсау өте оспадарлық шаруа.
Біздің еліміздің көркі жастар болуы керек. Сондықтан, туған жерді жақсылап күтіп-баптау, ағаш егу, көгалдандыру, бұның барлығы, ең алдымен, халыққа қажет дүние. Жастар тәрбиесіндегі үлкен шаруа – осы. Жақында бір газеттен оқыдым, Англиядан келген бір әйел біздің Көлсайды жаяу аралап барып, қайтарда үлкен дорбамен қоқысты толтырып алып кетіпті. Демек, әлі де біздің кемшілігіміз көп деген сөз. Туған жерді аялау, қадіріне жету керек. «Табиғат – Туған ана» деген түсінік әлі біздің санамызға көп кіре қойған жоқ. Осының барлығы, Наурыз болсын, басқа мереке болсын, халқымыздың санасына сіңуі керек деп ойлаймын.
Ахмет ТОҚТАБАЙ:
– Наурыздың ең бірінші кезеңдерінде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызу керек. Кейбір аудандарда Арқаның қысы әлі кеткен жоқ. Олар қазір қалай ағаш отырғызады? Бірақ кейін күн жылынғанда міндетті түрде бұлақтардың көзін ашып, ағаш отырғызу керек. Қазір осындай игі істер қалып қойып жатыр. Мысалы, жақында Медеу Пұсырманұлы туралы үлкен конференция өтті. Ол кісі Алматыны жасылдандырып, гүлдендіруге үлкен еңбек сіңірген адам. Медеу Пұсырманұлының бастамасы деп жылма-жыл осындай шаралар жалғасын тауып игілікті іс болар еді.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Наурызды науқандық мереке емес, нақты іс-шараның мерекесі етіп тойлау керек. Республика бойынша көгалдандыру жобасын жасауға болады. Наурыз, Сәуір, Мамыр айларында ел бойынша көгалдандыру жұмыстары жүргізілсе және ол тұрақты дәстүрге айналса. Бұл, әсіресе, жас жеткіншек буындарға өте үлкен тәрбие болар еді. Яғни, бұны біз тұрақты дәстүрге айналдырсақ, сонда Наурыздың іс-шаралық сипаты артар еді деп ойлаймын.
Әзірлеген
Нұрлайым БАТЫР.