АССАЛАУМАҒАЛЕЙКҮМ, АЛПАМЫС БАТЫР!
16.03.2018
4659
1
Қызылорда облысының әкімі
Қ.Е.Көшербаев мырзаның назарына!Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А.Мұхамедиұлының назарына!Маған бұған дейін де екі-үш рет Ал­па­мыс батыр туралы жазуға тура келді. Жұл­дызы жарық атақты жыр жөнінде ға­на емес, ай маңдайлы Алпамыс батыр­дың өзі жайлы да. Соның бәрінде де мен жаңа тақырып іздеп жатпастан алдымен бұ­дан 1200-1300 жыл бұрын өмір сүрген ардақты бабамызбен амандасып, сол амандасуымды мақалаларыма тақырып етіп қоя салдым.
Мен осы жолы да сол әдетімді қайта­лап отырмын:
– Ассалаумағалейкүм, Алпамыс батыр!
Себеп неде? Екі себеп бар. Бірін­ші­ден, біз – Алпамыс батырдың бүгінгі ұр­пағы, қазақ халқының жас та жасамыс ұл-қыздары кешегі орысқа бодан ке­зі­міз­ді еске алмағанда, қазіргі бостан, ер­кін ел азаматтары кезімізде де атақты, аруақ­ты Алпамыс батырдың өзімізді қор­ғап-қолдауына, желеп-жебеуіне аса мұқ­тажбыз. Бұл – бізге бір арқатірек керектігінен ғана емес. Өйткені, Алпамыс батыр – өткен, 12-13 ғасыр бұрынғы біз­дің тарихымыз ғана емес, бүгінгі күні де бастан кешіп жатқан тағдырымыз. Асы­лы, Алпамыс батырсыз, ол туралы жыр­сыз күніміз жоқ. Егер бұл қатары­мыз­дағы базбіреулерге бәрібір ұғынық­сыз болса, сәл баяндай кетелік. Өзім айт­пай, алдымен абыз Абайға айтқызсақ, ол: «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өл­сең де өлмегенмен боласың тең», – дейді. Алпамыстың ісі де, сөзі де ортамызда бар ма, тірі ме? Бар, тірі. Енді венгердің дауыл­паз ақыны Шандор Петефи тіл қатсын: «Өлген соң да ораламыз рух боп, Шайқасамыз шығып келіп көрден біз?» Міне, қараңыз: Алпамыс арамызда біздің рухымызды биікке көтеріп, бүгінгі бейбіт заманда шекарамыздан қаптап кірген қалмақтан да өтер, Гитлерден де бетер жаңа «жауларымызбен», қазақтың қазір­гі ұрпағын ана тілінен, ұлттық мәдение­тінен айырып, Алаш ұл-қыздары екендігі түгіл Алла тағала жаратқан ұл мен қыз, ер­кек пен әйел екенін де бірте-бірте ұмыт­тыру жолында жүргізіліп жатқан жер­жүзілік бейбіт, шелектеп қан төгіл­ме­се де, миллиондардың ары қасықтап тө­гілер, елдік-тектік қабырғасы бырт-бырт сөгілер зор майдан – жаһанданудың жүзі жылы, ісі жұлмыр жауынгерлерімен шайқасып жатқан жоқ па? АҚШ пен Батыс жылма-жыл мың-миллиардтаған дол­лар қаржы бөліп отырған бұл соғыста мә­селе «Болашақта қазақ бола ма, жоқ бор­дай тоза ма?», міне, нақ осылай қойы­лып отыр. Нақ осыншама қауіпті, ұзаққа со­зылар сұрапыл майдан болғанмен, біз өзі­мізге өзіміз ие болсақ, ұтатын тұсымыз – жаһанданудың құпиясын анықтап, қоясын ақтарып, жұрттың көзін ашып отыр­сақ, жеңіске де жетер мықты жағы­мыз – әрине, алаштық-адамдық қасие­тіміз­ді сақтай отырып, Алпамыс батырдың да арамызда болуынан, алдағы уақытта да бізді қорғап-қолдауынан айрылмау. Тіпті мұның өзі – екінші себеп. Бізді бұ­ған дейін де желеп-жебеп келгеніндей, Алпамыс батыр алдағы уақытта да бізді қор­ғап-қолдап, қатты жәрдемдесу үшін оның да біздің – ұрпақтары тарапынан шын қорғап-қолдауға, шынайы жәрдем-көмекке мұқтаж екендігі. Өйткені мына жарық дүние жаралғалы екі жақты, яғни, әйел болмаса еркек те жоғалатынындай, Күн жоқ болса – түн де жоқ, қос қанаты: егіз ішегі болмаса, домбыра да күй тарта ал­майтынындай, Алаш болмаса, Алпамыс та жоқ, Алпамыс жоқ болса, Алаш та жер басып жүрмейді. (Жаһанданудан жеңіл­сек, сол кездегі әйелі әйелді «қашыра­тын», еркекке еркегі асылатын түрі қа­зақтарды қазаққа мазақ демесек, қа­лай­ша қазақ дей алармыз).
Міне, нақ осындай екі егіз себептен де мен әр жүздескен сайын алпамса Ал­па­мысқа ақ жүрегіммен амандасамын:
– Ассалаумағалейкүм, Алпамыс батыр!
***
Бұл тұрғыда алдымызды алдымен кес-кестер сұрақ: «Алпамыс батыр – кім? «Ал­памыс батыр» – қандай жыр?» болса ке­рек. Мұның өзі тіпті де жеңіл сұрақ емес, жауабы өте салмақты, бес батпан не­гізгі сұрақ. Ал, мұндайда жаңылыспас үшін, жұрт дауласып, күдік тудырмас үшін көркемдік деңгейді бағалап, қаһар­мандық дәргейді өлшер безбен-таразы мей­лінше дәл, қара қылды қақ жарғандай әділ болғанына не жетсін! Өз басым атом са­ғатындай сәл өзгерісті сезер нәзік, қа­­лың халық тақ тұрар Қаз дауысты Қа­зы­бектей қазы болмасам да, әлемге ор­тақ әдеби-әлеуметтік өлшем-са­рап­тар­дың шынынан таймай, арада өткен ға­с­ырлардың қойған талап-сынынан ауыт­қымай, жұмыр жеріміздегі тарихи-қаһар­мандық эпостардың үздік үлгісі – «Алпамыс батыр» жырын бағалар болсақ, ол – аспанымыздағы Алтын Күндей жа­рық жыр. Жалғыз жыр. Егер біздің ха­лық­тық фольклорымыздағы қаһарман­дық, ғашықтық, діни, салт-тұрмыстық дас­тан-қиссаларымызды түгелдегенде ба­р­лығы 500-600-дей дара да сара шы­ғарма бар (әрине, алуан нұсқалары санға кір­мейді) деп білсек, «Алпамыс батыр», міне, осы шалқыған Жыр теңізінің ең шал­қар терең көлі. Біз егер оларды жеке бір ғалам Жер шары деп білсек, онда «Ал­памыс батыр» – осы планетадағы не­ше түрлі жота, таулардың Асқар Биігі. Бұ­лай бағалап жатқан себебіміз – «Алпа­мыс батыр» тек қазақ эпосы қаға­на­ты­ның озығы, шырқау құзы болса, ол сон­ша­лықты мақтанар жәйт емес. Өйткені ол – шындығында да жұмыр Жер беті ха­лық­тарының күллі эпостық дастанда­ры­ның бәлкім ең үздігі, дау жоқ, әлем фольклорының асқақ Хан Тәңірісі. Тари­хи-әлеуметтік бай мазмұн-мағынасы тұр­ғысынан да. Тілдік сұлу байлық, көр­кем­дік құрал, кернеу-кемелділігі жөні­нен де. Ол – біздің дәуіріміздің VІІІ-Х ға­сырларындағы ала-құла, арда-бұла Заман Сыры. Қазақтың теңдессіз қаһар­ман­дығын қасқайып паш еткен ұлы Рух жыры. Басты кейіпкер «атса мылтық өт­пейтін, шапса қылыш кеспейтін, отқа сал­са жанбайтын, суға салса батпайтын» Алып Батыр болғандықтан да аталмыш қис­саны Адаммзаттың Алып жыры деп пайым­дасақ та асыра айтармыз ба? Мұн­дай Алпамыстың қасында мұхиттай дас­тан – өлеңмен жазылған қырғыз эпо­пея­сының орталық кейіпкері – оқ өтетін, от өртейтін Манас батыр да аласалық танытып қалмай ма осы?! «Алпамыс батырдың» мұндай биік өре-өрісіне, сом болмыс-бі­тіміне бақсақ, үндінің «Махабхаратасы», финдердің «Калеваласы», қалмақтың «Жаң­ғары», орыстың «Игорь қосыны тура­лы сөзі» түгіл әйгілі гректің Гомері жыр­лаған «Иллиадасы» мен «Одиссеясы» да жақын маңнан қара көрсетіп тұр­май ма? Адамзатқа ортақ ақиқат осы­ған сайғанда біз осы «Алпамыс батырдай» Халықтық Сырды, жер жүзі тақ тұ­рар Асыл Жырды қалай қастерлесек те жа­расатыны дәлел тілемесе керек.
Әңгімеміз әлқиссасы осылай өрбісе де, ең алдымен Алпамыстың тарихта бол­ған адам, біздің дәуіріміздің VІІІ–Х ға­сыр­ларында өмір сүрген Алып Батыр екендігінің басы ашық. Ол бастан өт­кізген алуан айқастар қан майдан-шай­қас­тардың да тарихта іс жүзінде болған­дығы көп айғақ қажетсінбейді. Бұған бұлтартпас басты айғақ – біріншіден, ол туған, өсіп-өнген, замандастарымен то­ғыс­қан, ата жауы – қалмақтармен соғыс­қан жерлердің нақты ен-таңбалы тарихи-жағырапиялық аймақтар, қазір де бар өңір-өлкелер екендігі. Мысалға жүгінсек, алдымен баршамыздың құлағымызға бала кезден сіңген мына жолдарды-ақ ал­ға тартсақ, атақты жыр:
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Жиделі байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты, –
деп басталады емес пе? Аңғарып отырсақ, осынау жырда ары қарай айтылған жерлер де нақ осылайша – бізге таныс, жүздесетін елдер де – белгілі, анық.
Мұрындық, ноқта тимеген,
Түйешілер мінбеген
Сексен мың екен маясы.
Шұрқырап жатқан бір жылқы,
Тоғай сайын мың жылқы,
Есебі жоқ көп жылқы –
Жиделі байсын даласы.
Соншама бай болса да,
Жоқ еді ердің баласы…
Дастандағы барлық ой, оқиға осы бір перзентке зар болудан басталып, ши­рыға өрбиді… Аталмыш жырдың тари­хи­лық сымбатына, нақ бүгінгі күні тәуел­сіз еліміздің тағдырын түзеп, түгелдер құн­дылық – қымбатына ауыспай тұрып осы­нау шың шығарманың негізгі көр­кем­дік қазынасы нендей, ғасырлар бойы ха­лықты тәнті еткен құпиясы, жалық­тыр­ма­ған тартымдылығы неде деген сұраққа жауап бере кетсек, ол – бізге қандай қо­ғамдық-саяси тіршілік қалпын құрып-ен­шілеп, қандай ғұмырлық идеал-адам­дық мұрат-ұстанымдарды ұстанып, бақ­ты-бақытты өмір кешуді нұсқап, үй­рете ала­тындығында. Бұлай дегенде, тіпті де, жаңылысып, немесе артық кетіп отырған жоқ­пыз. Иә, біз «Алпамыс батырды» жә­не бір рет қайталай оқып отырып, бұдан мың жыл, мың екі жүз жыл бұрын да хал­қы­мыз қазақ үшін мына бес күндік өмір­дегі, арман да жалған жарық дүниедегі бас­ты нәрсе, адам ретіндегі асыл мұрат – бала, перзент көру, ұрпақ жалғастығы бол­ғанын ұғамыз. Ал, мұның негізі, сә­билі болудың егізі – әрине, әуелі сұлу сүю, асыл жар табу. Тағы да қос қанатты, екі санатты өмір… Асылы, бүгінгі қазақ үшін де (бұдан кейін қалай болатынын біл­мейміз) басты мақсат, өмірдің шыжығы мен қызығы – жар махаббаты, нәресте сүю, бала қызығы. Десек асыра айтармыз ба?! Өйткені бала – отбасы базары, әулет жал­ғасы ғана емес, Отанымыздың да ба­зары, болашағы ғой. Бірақ ібіліс иектеген әлемдік үкімет билеген заман кәнілі ме, жоқ бүгінгі билігіміздегі адамды емес, ақшаны алға шығарған көп надан кі­нәлі ме, жетім балаларымызды шетелдерге ақшаға сатып, қыздарымызбен көңіл көтеру үшін ғана жатып азғындай бас­тадық. Ал, адамдық арымыз үшін малы­мыз түгіл жанымыз құрбан Алпамыс­тың заманында 90 мың жылқы, 80 мың түйе, тіпті байлыққа балқыған көңіл де, хан­ға сәлем бермес шалқыған өмір де – бәрі-бәрі бір перзент үшін ғана садақа. Ұл-қызды болу – отбасының әні, базары ға­на емес, өмірдің де мәні, жайнаған аж­а­ры.
Сексенге жасы толғанда,
Кетем деп байғұс арманда,
Қайғылы болып қамықты
Перзентсіз болып қалғанға…
«Байбөрі қубас» деген сөз
Сүйегімнен өтеді.
Жаратқан жаппар құдайым,
Перзентке зар ғып қойғанша
Жаратпасаң не етеді?!»
Содан сексендегі Байбөрі баба Ана­лық бәйбішесі екеуі Әзірет сұлтанға жаяу-жалпылап жетіп, «әулиелерге ат ай­тып, Қорасанға қой айтып» зиярат ете­ді. Малын шалып, алтын-күмісін шашып, Жаратқаннан бір бала тілейді. Шын жүректен аңырап, көздерінің жасы көл болып: «Бермесе құдай не шара Далада өліп қалалық». Бұрын жер баспаған бұ­лардың «табаны тасқа тиеді, маңдайы күн­ге күйеді». Әзірет сұлтаннан қайыр бол­маған соң да алған беттерінен қайт­пай, Қаратау бойындағы әулие-ән­бие­лерді аралайды. Бабатаға да үш күн тү­негеннен кейін «Суы тұнық айнадан, Аты­лып тасып қайнаған». Жылыбұлаққа жетеді. Міне, нақ осы жерде бұлардың тілегі ақыры қабыл болып, түстеріне Баба түкті Шашты Әзиз кіріп, Жаратқан­ның екеуіне Алпамыс атты ұл, Қарлығаш ат­ты қыз сыйлағанын айтады.
Біз ары қарай жыр желісіне ілесіп, не болып, не қойғанын баяндамай-ақ қоя­лық. Құдай тілектерін берген сексен­дегі Аналықтың бойына бала бітіп жасарып, қабыланның етіне жерік болып, Бай­бөрінің қабыланды қалай атқаны, Ан­алықтың Алпамыстай ұл, Қарлығаштай қыз тапқаны… одан әргі оқиғалар, небір шайқас, майдандар, тіршілік хикметтері оқы­ған жұртқа белгілі. Және бұлардың бәрі қызық қана емес, ғибратты. Қай-қай­сысын да жеке талдап, тарқата беруге болады. Тіпті жырдағы әрбір сөз, эпи­тет, теңеу, адам құлқы, халықтық салт-ғұрып көріністері сұлу көркемдік кес­телері, махаббат пен мархабатқа толы өмір дестелері болып бітім тапқан.
Бүгінгі таңда Жиделібайсынның Өз­бекстан аумағында екені айтылып жүр. Бұл да рас. Өйткені ол – ешқайдан көшіп бар­маған, бағзыдан сол өңірді мекендеген қоңыраттардың жері. Бүгінгі таңда сол жерді мекендеушілердің дені қоңы­рат екенін ұмытып, өзбек ұлтының құра­мы­на сіңіп кеткенмен, тарихи шындық өз­гермейді. Кейінгі кезеңдерде осы өз­бектер пысықтық көрсетіп, өскен ұлттық, мемлекетшілдік сана танытып, кеңес ке­зінде-ақ жыр «Алпамысты» иемденіп, қа­зіргі жеке мемлекет кезінде халықара­лық мәртебелі ұйым ЮНЕСКО-ның: «Алпамыш» дастаны – өзбек халқының ұлт­тық эпосы» деген шешімін шығартып, бү­кіл әлем аясында 1000 жылдығын той­лат­са, ол да әлгі Жиделібайсын қоңы­рат­тарының арқасы. Өзбектер «Алпамыс батыр» жырын бізден ұрлап немесе тартып алған жоқ. Ендеше бізге «Жарайды өз­бектер!» дегеннен басқа сөз айту ар­тық-ау. Тіпті енді осы эпостың кейбір үл­гілері өздерінде бар түркі халықтары: ай­талық, қарақалпақ («Алпамыс»), баш­құрт («Алпамыш пен Барсын хылду»), татар («Алпамша»), алтайлықтар да («Алып Манаш») белсенділік байқатып, «Алпамыс» біздікі» деп жатса, оған да қар­сы шығудың жосығы шамалы. Бұған ба­ғып «Бақыт өзбектердің, әйтпесе өз­гелердің «Алпамыс батырды» иеленуіне қосылады екен» деудің орны жоқ. Мұның басты себебі: олар өздеріндегі үлгіні малданып отыр. Бұл – бір. Екіншіден, әң­­гіме түркі дүниесі көлеміндегі немесе әлем деңгейіндегі «Алпамыс батыр» жы­рының орнына келсек, онда мәселе кім­нің «Алпамысы» көркемірек, күштірек, та­рихи тұрғыдан тереңірек, мықты, баға­лырақ болса, бас жүлде, алғашқы орын да сол «Алпамыс батырға» тиесілі емес пе? Ал, айтыңызшы, қазақтың қазанаты – Байшұбары, Құлагері, Ақтабаны бәй­геге қосылса, мен бұл халықтардың на­мы­сына тиістім деп ойламаймын, ағыл­шынның арғымағы, арабтың сәйгүлігі түгіл өзіміздің жабы мен түрікменнің Ахалтекесі де шаң қауып қалуы ғажап емес. Олай болса «Алпамыс батырда» су­реттелген жерлер: Жиделі байсын, әзірет Сұлтан мен Баба түкті Шашты Әзіз, Қа­ратау бойы мен Жылыбұлақ ойы – қа­зір де қазақтікі, қоңырат руы мен жыр­дағы ерлер: әке Байбөрі мен Аналық ана, Алпамыс батыр мен Гүлбаршын сұлу – қа­зақтікі болса, тіпті өзбектік эпос пен «Ал­памыстың» татар, қарақалпақ нұсқа­ла­рында да оқиға өтетін жерлер мен өмірлік күрес-тіреске қатысатын ерлер де – қазақтар болса, дау қалай туады?! Де­мек, негізгі олқылық – өзімізде, қа­зақтың әдебиеттанушы ғалымдарында, біздегі «Алпамыс батырға» деген жалпы­халықтық көзқараста, бүгінгі елдік-мемлекеттік қам-қарекетімізде. Біз енді ал­дағы уақытта осы «Алпамыс батыры­мыз­­дың» жауһар жырлық ажарына сай, бас қаһарманымыздың адамдық-ба­тыр­лық тұлғасына сәйкес қам-қарекет жа­сап, Қазақстанымыздың аумағында қай­­нап-сайрап қалмай, әлемдік деңгейге шық­сақ, Алпамыстың кім екенін ағылшын мен арабқа, француз бен испан, зұлыс, ханзу қараққа ұғындырсақ, іс бітерсек, сон­да осыған дейін жылдар бойы жібер­ген есеміз қайтып, кемшініміз толып, ой­дағымыз болып, Алпамыс батырымыз әлем­дегі өзінің төл, лайықты орнын ойып алып, таланты мен таланы аспаса да, алды­мызға түсіп кетіп жүрген көп ұлт­тар­мен теңеліп қайтарымыз, бұдан кейін жаңа басқа әнді айтарымыз ақиқат қой.
Шіркін көңіл-ай! Базбіреулеріңіз пе­ріш­телік азайып, перілік, адамгер­шілік­ке жомарттық емес, кенделік пен­делік таразы басқан мына өмірде дә­меңіз зор екен дермісіз? Мен өзім үшін емес, Ал­памыс үшін теңдік сұрап жатсам да. Ау, Атилла, Шыңғыс хан, Абылайлар бар, Асан қайғы, Томирис ханым, Төле би, Абай­лар бар ғой дейсіз бе? Жөн-ақ. Өкі­нішке қарай, біздер бұлардың да көбін әлі шырамытып тани да алмай жатқан жоқ­пыз ба? Ал, танымайтынымызды қа­лай сыйлаймыз?! Олай болса Абылай хан, Төле би, Абайлардың айтылуы әбден дұ­рыс-ақ. Олар көп ретте-ақ еленіп, жақсы ескеріліп те жатыр. Бұларға арналған ке­лісті кітап, еңселі ескерткіштер жоқ емес. Ендеше гәп неде? Барлық гәп – бұл тұл­ғалардың бітім-болмысының зор-мол­дығында, өзгелермен салыстырғанда үлкен-кішілігінде, соған орай қастер-құрметтің лайықтылығында. Міне, мә­селе қайда? Асылы, кім-кім де, қандай бір тұлға, жарық көрген кітап, тындырыл­ған еңбек те тарихи тұрғыдан және са­лыс­тырмалы таразыланғанда ғана ақи­қат­тан адаспайсың. Әділдік орнайды. Осы жерде осындай өлшемді кемеңгер В.И.Лениннің: «Тарихи қайраткерлердің сіңірген тарихи еңбегі олардың осы күнгі талаптарға қарағанда жаңалық енгіз­бе­ге­ніне қарай бағаламайды; өзінен бұры­н­ғыларға қарағанда олардың қандай жаңа­лық енгізгендігіне қарай бағала­на­ды», – деген сөзімен тұздықтай кетсем, тиян­ақтала түседі. Иә, адам да, қоғам да, зат та, хат та өз уақытына қарап бағалана­ды. Әбілқайыр хан ортамызға оралып, өзінің 1831 жылғы Ресейге қосылу туралы шешімін өзгерте алмайды. Сәкен Сей­фуллин жаңа ХХІ ғасырдың талабы бөлек екен ғой деп өзінің түршілдікке ұрын­ған өлеңдерін түземекші емес. Ақын­сың ба, Абайдан асып көр. Мықты бол­саң, оларды заманына сай терең түсі­ніп, нақты ісін, қалдырған ізін әділ ба­ғала. Демек, бүгінгі сыншы-міншілердің ақи­қаттан ауытқымағаны абзал, әділдік қалтқысыз жүзеге асырылған жерде, бәл­кім, қызғаныш кездесер, «жау» жо­лы­ғар, пенделік іс-сөз бола берер; бірақ дау-дамай өкпе-реніш қанат қаға алмас, қиянат шаң қауып қалады. Міне, осы тұр­ғыдан келсек, біздің «Алпамыс батыр­ға» қатысты әттеген-айымыз аз емес, әді­летсіздіктер де орын алып отыр десек асыра айтпаспыз. Бұл жерде бәрін бүл­діретін– Халел Досмұхамедұлы өте орын­ды айтқандай «оқыған зиялылар», қор­тық әкімқаралар, билікте, қазанның құ­лағында отырған кішкентай кісілер. Бұл жерде қалың дулат, әйтпесе ормандай орта жүз олардың артында тұр деген – сылтау ғана. Себебі халық қашанда шын­дық жағында; әділдікті мойындап, қол­дайды.
Сонымен, біз алға тартқан жоғары­дағы «Алпамыс батырға қатысты әттеген-айымыз аз емес, әділетсіздіктер де орын алып отыр» деген байлам-түйін – тіпті де біз­дің сөзіміз емес, ақиқатқа ара түсіп, әділ­дікті іздеген жігіттердің, нағыз алаш аза­маттарының сөзі, сондықтан көптің кө­кейіндегі сөз десек асыра айтпаймыз. Әріп­тес қаламгер Өмірзақ Ақжігіттің «Ал­памыс – Қоңыраттың ғана батыры ма?» деген өткір мақаласындағы сондай бір ащы, шамырқанған шындықты паш еткен біраз ой-пікірін ортаға салайын: «…Қапа болуымыздың басты себебі де осы, Алпамыс батырға байланысты. Қапа болмай қайтеміз: Мырзашөлдің (шөл болғанмен, мырза ғой, қараңызшы) құ­мынан бастап сұлу Сырдың бойы мен Қа­ра­таудың күнгей-теріскейін қатар алып жатқан қалың қоңырат елі орна­лас­қан оңтүстік өлкесінің бірде-бір кө­ше­сі, тәуелсіздік келгелі Алпамыс ба­тырдың атымен аталмаса! Алпамыстың бір­де-бір ескерткіші орнатылмаса!
Жаңылыспасақ, Қазақстанда қазір Қа­ракерей Қабанбай батырдың 14 ес­керт­кіші бар. Солардың біреуі Шымкентте, біреуі Түркістанда. Қанжығалы Бө­ген­­байдың ескерткіші екеу. Бұл нені біл­діреді? Бұл – Қабанбай батырдың жоқ­таушыларының ерік-жігері мен рух-на­мысының күшті, ұйымшылдығының мық­ты екенін білдіреді. Сонымен бірге «Бұл – біздің жалпақ қазаққа ортақ тарихи тұлғаларды рулық насихат деңгейі­нен асыра алмай жатқанымызды білдіре­ді» («Астана айбатын асқақтатар тұлға», «Қазақ үні», №12, 29 наурыз, 2013 ж.).
Бәрібір бір қуаныш – мынау. Тірісін­де «Дарабоз», «Хан батыр» атанған Қа­бан­бай батырды қалай құрметтесек те орын­ды. Әбіш Кекілбайұлы ағамның ба, бәлкім басқа біреудің бе, біздің заманымызда түрлі батырлардың жақтастары қызыл кеңірдек болғанда «Қабанбайдан бұрын қайсысың жауға найза тіредің?» дегені де ойға оралып отыр. Десек те сол намысты, қаржылы найман жігіттерінің «Абылай хан болмаса, Қаракерей Қабан­бай дарабоздығын танытып, халықты ұзын Ертіс бойына қайта қоныстандыра алар ма еді, Абылайға да бір ескерткіш ор­наталық та» демегені өкіндіреді. Әри­не, бұл жерде ортамызда жоқ Ерасыл Ер­дің титтей де кінәсі жоқ.
Осыған сабақтас өрбітсек – бір өкі­ніш. Мынау. Бұл жерде осы жағдайға най­ман жігіттері ғана кінәлі ма? Тұздай ащы өкініш сол – Өмірзақ Ақжігіт осы ма­қа­ласында-ақ өте орынды айтқандай, «қа­заққа ортақ тарихи тұлғаларды» ру­лық иелік, насихат, қамқорлық деңгейі­нен асыра алмай жатқанымыз. «Алла та­­ғаладан жасырмағанды адамнан да (уа­қытша болмаса) жасыра алмайсың». Өкінішке орай, бұған мысал көп. Және мұның еліміздің барлық өлке-өңірлерінде кездесетіні қорқытады.
Тақырыптан ауытқымайық. Алпамыс­тың іздеушісі жоқ деп ауызды құр шөп­пен сүртпелік. 1990 жылдардың басында ма, ортасында ма, әйтеуір Шымкенттің Ма­шина жасаушылар сарайына Ал­памыс­тың аты беріліпті. Өткен шақпен айтып жатқан себебіміз – аталған ғимарат тө­бе­сінде бірнеше жыл жарқырап тұрған­мен, кейіннен алынып тасталыпты. Ол жазу өзі түсіп қалған жоқ қой, кім алды, неге алды, сол кішкентай адамшық – өліп қалмаса – әлі арамызда жүр ғой. Екінші бір айта кетуге тұрарлық нәрсе – «Алпамыс батыр» эпосының 1000 жылдық мерекесінің 1999 жылы Жетісай ауданы­ның көлемінде тойлануы. Ұяттау тірлік пе? Бәрібір жетісайлықтарға жеті жүз алғыс. Үшінші бір нәрсе – бұлар енді ел кө­лемінде жарқын жүзбен жариялауға жа­райтын екі бірдей жағдай: алдымен Же­тісай қаласына кіреберіс ауылда Ал­па­мыс батырға жақсы ескерткіш тұр­ғы­зылуы. Естуімше, оны тағы да «Алпамыс батыр» қорының президенті, кәсіпкер, ақынжанды Бауыржан Оңғарбаев бас болып жетісайлық ағайындар орнатқан. Ерге лайық ескерткіш. Ең тамашасы – дау жоқ, 2014 жылдың мамырында оңтүстік облыстың орталығы Шымкент қаласының Ташкент жақтан барар босағасында бой кө­терген, Байшұбар тұлпарының мінер жә­не қамшыгер жағынан шылауына орал­ған қос арыстаны бар.Ер Алпамыстың ең­селі де айбынды тұлғасы.
Әрине, бұлар Өмірзақ Ақжігіт қапа бо­лып, мақаласын жариялаған шақта әлі дүниеге келмеген болатын. Жә, сонымен, ел бойынша еңіреп туған Ер Алпамыстың екі ескерткіші бар. Бұған шүкіршілік пе? Шү­кіршілік қана емес, жақсы. Мұндай қа­нағаттанушылық сан емес, сападан ту­са керек. Ал, көкейде «Алпамыс батыр неге Шымкенттің қақ төрінде емес, әйт­песе қаланың шеті, шеттетті деп еш­кім айта алмас биіктеу өрінде емес?» деген сауал туса, мұның жаны бар.

***
Алдымыздан көлденеңдер кезекті бір сұрақ – «Алпамыс батыр» жырының күл­лі түрік халықтарымен, қазақпен қа­шан­нан бері бірге жасасып келе жат­қан­ды­ғы. Тарихымыз үшін мұны анықтап білу де – аса маңызды. Бәлкім өзімізден ХVІІІ– ХХ ғасырларда білімі де, билеуі де оз­ған орыстарға еліктеп, әлде бұл әдет-дәс­түр бұларға Батыстан сіңді ме, әй­теуір әлі де дөңгелек даталарға басым мән беріп қала жатқан бізге сондай ға­сыр­лар тізбегі мен онжылдықтардың маңыз­ды бел-белестерін атап өтудің пай­дасы баршылық. Мұны пайдалана біл­сек, барымыз жарқырап, жоғымыз тү­­гелденеді, оянған халқымыз өзінің ес­кі, ұмытқан игіліктеріне қайта кене­леді, ежелгі мәдениетті елдермен тере­зе­міз теңеледі. Ал, аса керек дерек, ой-пікір өзіңе дейін айтылып қойса, жаңадан «жаңалық» ашудың қажеті шамалы емес пе, сондықтан Өмірзақ Ақжігіттің бай­қап-байыптауларына және бір жүгінсек жөн: «Біраз жыл бұрын «Қорқыт ата» кі­табының 1500 жылдығы тойланды. Қор­қыттың моласы – бізде, тойланатын жері – Әзірбайжанда… Бізден тойға бар­ғандардың намысы жоғы «ішкен – мәз, жеген – тоқ» болып қайтып, намысы бары сыр­ты – күліп, іші – ұлып қайтты. Қорқыт се­кілді даналарды қазақ атандыруға атсалысуға жарамайтын оқымыстылары­мыз қит етсе «Ол кезде қазақ деген ха­лық болған жоқ» деп шығады». Алпа­мыс­тың, Фарабидің кезінде өзбек деген халық болып па еді? Әйтпесе бұдан 1500 жыл бұрын әзірбайжан деген халық өмір сүріп пе? Үйсіндер, оғыздар, көк түріктер, қыпшақтар, дулаттар мен қоңыраттар бол­ғанын білеміз. Тіпті Өзбек деген – ха­лықтың емес, ханның аты еді ғой. Тіпті, баз­бір ғалымдардың дерегіне сенсек, Ор­талық Азияда өзбек деген ат беріп, жаңа ұлтты тудырған кеңес өкіметі кө­рінеді. Айналып келіп, бұл жерде де «Алпамыс батыр» – тек қазақтікі екені жә­не айқындалып жатқан жоқ па?
Қош, біз «Қорқыт ата» кітабының кіндік кескеніне 1500 жыл толғанын неге алға тарттық? Оның себебі «Қорқыт ата» кітабындағы 12 жырдың бірі – Байбура бек пен Бәмсі-бәйрек болып шықты. Ол «Алпамыс батыр» эпосының ең көне нұсқасы екен. Мұндағы қалған шоғыр-жырлардың екіншісі мен он екіншісіне де Бәмсі-бәйрек біраз қатысады. Осыған орай ғұлама ғалымдарымыздың бірі Рахманқұл Бердібаев: «Кейбір ғалымдар «Алпамыс батыр» эпосының шығу датасын анықтау жөнінде сөз қозғап жүргенін білеміз. Бұл ретте қазақ эпосының жасын өзімен сарындас «Қорқыт» жырымен деңгейлес мөлшерде алып қарау керек бо­латыны түсінікті. Сонда «Алпамыс ба­тыр» тарихы 1200-1300 жылға баратын бо­лады». («Қорқыт Ата», Алматы, 1999 жыл, 667-бет), – деп пайымдайды. Жаны бар, көкейге қонатын пікір емес пе? Бұл айтылғанға Әбілғазының әйгілі «Түрікмен шежіресі», Лев Гумилевтің «Көк түріктер» еңбектеріндегі деректі топшылауларды, көр­некті философ оқымыстымыз, сол кез­дегі Ұлттық энциклопедиямыздың бас ре­дакторы Әбдімәлік Нысанбаевтың атал­ған «Қорқыт Ата» кітабына жазған алғы­сөзіндегі: «Ал, 7 ғасырдан жеткен «Қор­қыт Ата» жырының дерегіне сүйен­сек, «Алпамыс» жырының негізінде де бір­тұтас түркі ұлысының ыдырау оқии­ға­сы арқау болған екен» деген қоры­тын­дыдай тұжырымын қоссақ, «Алпамыс ба­тыр» жырының жаралғанына 1300 тол­ғаны дәлелденіп-ақ қалмай ма?! Мұ­ны аз, жеткіліксіз көрсек, түрлі түрік де­реккөздеріндегі сол замандардағы та­рихи оқиғаларды сабақтастырып зер­де­легенде «Алпамыс батырдағы» Тайшық ханның атауы Түрік қағанатымен тайталасып, тартысқан Қытай билеушілерінің лауа­зым-атағынан шыққандығы және аң­ғарылады. Мәселен, тарихта алғыр да ша­лымды іс-әрекеттерімен танымал бол­ған Қытай императоры Ли Ши Минь (626 – 649 жылдары билік құрған) Тай-Цзун лауазым-атағын 626 жылы қабылдапты. Осы мезгілдерде он оқ тайпасының көсе­мі Ышбара қаған шүршіттермен бірнеше рет шайқасады. 654 жылы қытай жауын­гер­лері түрік жерлеріне шабуыл жасап, 10 мыңнан астам жылқыны айдап әкетіп­ті. Мұны Лев Гумилевтің жазғандарымен толықтыра түссек, оның: «…Ышбара хан ты­лына алаң болмай, таңдаулы жасағын Аму­дария бойымен Іле өзенінің алқабына әкеледі де, империя әскерінің ілгері жыл­жуын біржолата тоқтатады» («Көне түріктер», Алматы, 1993 ж. 239-бет) деген баяндауы Тайшық ханның Жиделі бай­сын жерінен (Амудария бойымен) Бай­бөрінің жылқысын айдап әкетіп, Алпамыстың артынан аттануына ұқсамай ма? Әрине, арада өткен жүздеген жылдар нақты тарихи оқиғаны ескіртіп, жан арпалысы мен жаумен айқастың сорап-сі­лемін қалдырары анық қой.
Қалай болғанда да «Алпамыс батыр» эпо­сы – қазақ жырларының көнесі және кемелі. Алпамыстың кейінгі батырларымыздай кәдімгі адам болудан асып, аңыз батырға, Алып Баһадүрге айналуы, бір өзі мыңды жайпап, ғажайып ерліктер жа­сауы, жаман шұбар тайдың керемет тұл­пар болып түлеуі, он екі күнде он екі ай­лық жердің танабын қуыруы, бір же­ген­де «тайлы бие, тоғыз қойды қыл­ғы­татын» Қараман дәудің, мыстан кемпір­лер­­дің ұшырасуы – осының бәрі «Ал­­памыс батырдың» Ата жыр, ерте замандарда шыққан Ежелгі дастан екенін әдемі әйгілесе керек.
Бұл айтылғандардан аңғарылатын то­бықтай түйін: «Алпамыс батыр» жыры­ның дүниеге келгеніне ең кемі 1300 жыл. Туған жыл-айы анық тарихи оқиға, таби­ғи құбылыс. Әрине дүниеге келген күні са­ғатына дейін мәлім жеке адам емес, әде­би шығарма, Әлеуметтік Тұлға болған­дық­тан Алпамысқа қатысты осы датаны мойындап, ғалымдармен келісіп бе­л­гі­лесек – өте орынды.
Сонымен, «Алпамыс батыр» эпосының қан­дай жыр, Алпамыс батырдың өзі кім екені айқындалды, олардың туған жылын да, қай жерлерде өмір сүріп, не бітіріп, қан­дай ерліктер жасағанын да жо­ба­ладық. Оның кешегі тарихымызда, халқы­мыз­дың өткен өмірінде үлкен орын ал­ғаны және Бүгінгі күнге қоса Болашақта да біздің тағдырымызда қандай орын ие­ленері бағамдалды. Тіпті Алпамыс ба­тырдың қазақ халқы өмірінде ғана емес, түркі халықтары тыныс-тіршілі­гін­де, күллі адамзат өмірінде Конфуций, Ан­тей, Прометей, Геракл, Ескендір Зұл­қарнайын, Тұмар ханым, Цезарь, Клеопатра, Робин Гуд тақылеттес орын алып, маңыз­ды міндет атқарған тұлға-туынды екені байырқаланды десек те жаңылыс­пас­пыз. Таза алаштың, қазақтың аясында қа­растырсақ Әбунәсір әл-Фараби, Қор­қыт Ата, Асан Қайғы, Абайлармен ғана қатарластырған жөн болар. Аңдадыңыз ба, бізді орыс «қожайындарымыз» бар­лы­ғы батыстан шықты, үнді-еуропа­лық­тардан тарады дегенге әбден мүлгітіп қой­ғандықтан ба, оқығанымыз да солар­дың тарихы болғандықтан да шығар, тілімізге грек-римдіктер тізіліп орала бе­реді. Әйтпесе Антей, Ахиллестер Алпа­мыс­тан артық па? Егер біздер де алып Ма­настарымызды, шын мәнінде де тең­дес­сіздерімізді культ жасауды үйреніп, әлем деңгейінде қадірлеп құлақтарына құя білсек, Қорқыт атаның да, Алпа­мыс­тың да, Төле бидің де әлгі Антей, Геракл, Демосфендерден артық болмаса кем са­налмас еді-ау. Менің бұл ойымды шала емес дара, шын қазақтардың бәрі де қол­дайтынына шәгім жоқ. Мәселен,
Күшім бар деп күшіндей Алпамыстың,
Келссін шамам, келмесін – шаруам жоқ,
Гераклмен келеді арпалысқым, –
депті Мұқағали Мақатаев.
Демек, ендігі және алдағы уақыттағы бас­ты мәселе – Алпамысты лайықты ар­дақ­тау. Абыз Әбіш Кекілбайұлы: «Тарих өткенге емес, бүгінге және болашаққа қыз­мет етеді», – деп қандай тамаша айт­қан. Біздің Алпамысқа құрметіміз, қыз­метіміз – әуелі өзімізге жасаған қыз­меті­міз, екіншісі және ең негізгісі – Бүгінгі елі­мізге және болашақтағы Қазақ Еліне жа­саған қызметіміз. Ендеше осы орайда не­лерді және қалай істеуіміз керек?! Әри­не, Алпамысқа және «Алпамыс батыр» жырына қатысты айтылғандар – қа­нағат, бұған дейінгі атқарған істеріміз – бойымызға құт. Енді осы бастаманы жал­ғастырсақ және, біздіңше, жыбырлап көп істеудің пайдасынан зияны басым, Ал­памыстың сырты дардай (іші қандай), ұқ­сас ескерткіштерін Қазақстанның бар­лық жерлеріне (облыстарына) топырлатып тұрғызудың да қажеті шамалы; Ал­па­мыстың айбынын аңғартар, асылдығын ашар, алыптығын асқақтатар бірнешеу болса да бірегей ескерткіш, естелік, ең­бектер кешенін жасап, жазып, қашап, са­лып, сәтті жүзеге асырған дұрыс. Есте­лік, ескерткіш, еңбектер кешені деп отыр­ған себебіміз – бұлар бірнеше са­бақ­тас жұмыстан құралады – бәрін бір-ақ, әйтпесе бірнеше жылда бітіру шарт та, міндет те емес, ұзатсақ бірнеше бес­жылдықта аяқтармыз; ешбір ұтылмай, тек ұтарымыз – түгел біткенде тұтас «Ал­памыс батырға тағзым» кешені республи­ка көлемінде жеке бір көркемдік ансамб­лін түзіп, еліміздегі халықтың бәрі барып қы­зығып көрер, тұшынып таным-тағылым алып, этикалық-эстетикалық сұлулық қа­былдап, басқаларға айта жүрер, сөй­тіп, басынан адам үзілмес, сырттан ту­рис­тер ағылар Өсиет пен Қасиет, Махаббат пен Парасат орнына айналса игі.
Енді бұл кешенге кірер: атқарылар іс, салынар ескерткіш, жасалар еңбек­тер­ді тарқатып таныстырсақ, оның ал­ғаш­­қысы – алдағы жақын жылдардың бі­рінде «Алпамыс батыр» жырының 1300 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде арнайы ше­шім шығартып, еліміз көлемінде алыс-жа­қын жұрттар мойындарлықтай етіп дү­бірлі атап өту. Бұған байланысты, әри­не, аудандарда, аймақтарда, республика­мызда өткізілетін арнайы шаралар тіз­бе­сі жасалып, кімдердің қандай іс-шаралар атқаратыны белгіленіп, тиісті міндеттер жүк­телген Үкіметтің жеке қаулысы қа­был­дануға тиіс. Міне, осы той аясында «Ал­памыс батыр» жырының сараланған н­егізгі нұсқасы қазақ, орыс, ағылшын тіл­дерінде мол таралыммен, мәселен, 100 мың данамен шығарылып, таратылуы шарт. Мұның өзі – ең негізгі шараның бірі, халықтың жырды тікелей танып-білуі­не қол жеткізбесек, басты мақсат орын­далмаған болып шықпай ма? Екінші ең басты шараның бірі – Сыр бойындағы (Қы­зылорда облысындағы) Жаңақорған кен­тінде Алпамыс батырдың мұражай-ес­керткішінің ашылуы.
Неге облыс орталығы Қызылордада емес, әйтпесе Алматы, Астана қала­лары­ның бірінде емес, Жаңақорғанда? Әрине, Алматы мен Астананың бірі бұл міндетті біз орындайық, Алпамыс батырдың мұра­жай-ескерткішін орнатайық деп жатса, та­маша болар еді. Бірақ біздің білетініміз – олар бұған қазір дайын емес, екіншіден, Қы­зылорда елі дайын болса да, жері дайын емес; өйткені облыс орталығынан Алпамысқа өз орнын тауып беру – оңай, тез шешілер шаруа қатарына қосылмайды, сондықтан… Ал, мұндай жағдайда Жаңа­қор­ғанның аты озатындығы лайықты орын барлығынан ғана емес, оның бұл іс-міндеттің бас иесі болуына тарихи да, мә­дени де, моральдық та хұқы бар.
Айтпақшы, жоғарыда біз мұндай мә­с­еле туындарын білмесек те, оның шет жа­ғасын айтып та қойыппыз. Өйткені тари­хи тұрғыдан келсек, кеңес өкіметі ке­зінде жеке аудан етіп бөлді, бөлінді де­месек, Жаңақорған Түркістан өңірінен, үйезінен бүгінгі Созақ ауданы да ішіне кіріп кетеді бағзы замандардан бері бө­лек қонып көрген емес-ті. Ауылы аралас, қойы қоралас, қазір де бір-біріне барып-келіп жатады. Бір Қаратаудың арғы беті мен бергі беті, айырмасы: бірі – теріскей аталса, екіншісі – күнгей аталады. Әзірет сұл­тан (кесенені, әрине, Ақсақ Темір 14 ға­сырда салдырған), Бабаталарды қайта ай­тып жатпай-ақ қояйын. Жырдағы: «Әу­лиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып…» делінетін Қорасан Жаңақорған жерінде. Бұ­ған ғұлама академик Әлкей Марғұлан­ның: «Оғыз елінің атақты бір қаласы – Бар­шынкент. Баршынкенттің тағы бір қы­зық тарихы: ол қаланың оғыз елін бас­қарған жеті данышпан қыздың бірі – Баршын сұлуға арналып салынғандығы. Қа­зақтар ол қаланы бергі кезге дейін «Қыз­қала» деп атап келді, демек, қызға ар­нап салды дегенді меңзейді» («Ежелгі жыр, аңыздар», «Жазушы» баспасы, 1985 жыл. 196-197-беттер) дегенін қосайық. Бұл Баршын – Гүлбаршын Алпамыс ба­тыр­дың жары. Осы қала орны да Жаңа­қор­ған аумағында, белгілі қаламгер аға­мыз Адырбек Сопыбеков ескі тарихи кар­тадан тауып анықтағандай, көне Өз­гент қаласының іргесінде жатыр. Енді осы Гүлбаршынның менің Қожамберді ауы­лымдағы ерекше көркем сәулет мұра­сы – Көккесене күмбезіне жерленгенін ес­керсек, қазақтың тағы бір қасиетті ме­кені Алпамыспен және сабақтасады. Өкіні­ш­ке орай, жырда Алпамыстың қай жерде бақилық болғаны хабарланбайды. Бірақ менің ойым оның қайын жұрты Жаңа­қорғанды жайласа, жары Гүлбар­шын­ға Жаңақорған жерінде жеке қала са­лынса, тіпті Гүлбаршынның өзі менің ауы­лымда мәңгілік мекенін тапса, Көк­ке­сенені зерттеп, оның сақталған жалғыз суре­тін бізге жеткізушілердің бірі, ұмыт­пасам, Каллаур болуы керек, күмбездің астында бір батырдың бейіті жатқанын жаз­ғаны жадыма оралып отыр; осы батыр Алпамыс емес пе екен? Өйткені бағзы заманнан бері бабаларымыздың жаугер­шілік­те сарбаздарымен бірге бір төбеге шықса, жайшылықта бір шұңқырда жата­тыны белгілі ғой.
Айтпақшы, Жаңақорғанның затын оз­дыратын және бір себеп бар. Жай себеп емес, үлкен назар аударғызатын себеп. Жаңақорғанға кім келіп, кім кетпей жатыр десек те, сырттан келгендердің ішін­де жергіліктілерден бетер жайсаң жаңақорғандық болған екі басшы бар. Біріншісі – Сәмит Далдабаев ағамыз бол­са, екіншісі – Сұлтанбек Тәуіпбаев. Әкім­дікте көп отыра алмаса да, осы Сұлтанбек Тәуіпбаев белгілі жерлес журналист, белсенді жаңақорғандық Бақтыбай Айна­бековтің: «Қорасанын ұмытпаған ел Алпамыс батырын да ұмытпағаны жөн ғой» деп ой салуы себеп болды ма, жо­ғарыда айтылғандай жағдайды, айрықша фак­тілерді білген соң, Алпамыс батырды ардақтауға кірісіп кетіпті. Алаштың арыс­тарын алаламайтын зерделі оқы­мыс­тылығы өз алдына, сөзі мен ісі бір, ха­лық үшін қолынан келгенін жасайтын Аза­мат екен. Іле болашақ ескерткішке жер бөлініп, (әрине, бәрін аудан ақсақал­да­рымен ақылдасып), «Егемен Қазақ­стан» газетінің 2012 жылдың 22-қазаны күнгі санында Жаңақорған аудандық Мә­дениет және тілдерді дамыту мем­ле­кет­тік мекемесінің Алпамыс батыр ес­керт­кішінің эскиздік жобасына ашық кон­курсы жарияланыпты. Қаржы да қа­растырылыпты. Аталған конкурс-бәйгеде бәй­геден жеңімпаз атанған алматылық сәу­летші-мүсінші жігіттердің: Қалиев, Ра­хиев, Құлбаев және Әйтілеуовтердің жо­басы шын мәнінде жақсы, ерекше екен. Әйтеуір жақсы, ерекше емес, іс жү­зінде де бас қаһарманына – алаштың ға­на емес, адамзаттың Алпамысына жа­ра­сар мұражай-ескерткіш. Қазір Қазақ­станда әртүрлі арғымаққа, тіпті қазақ­тың қазанатына алшайып мінген, жүзі айбатты, бес қаруын (әйтпесе бір-екеуін) асынған, қаһарымен жауды қашырған батырлар тастұлғалары көп. Алпамыс бұл ба­тырлардың бәрінің де басы, атасы емес пе, халық келді, көрді, кетті – бітті ме, жоқ келген ел батыр мұражайын араласа, Бар­шынкент қаласын көрсе, Көккесене күм­безіне таңданса, ару Гүлбаршынмен аман­дасса, Жылыбұлақпен жүздессе, бәрі разы болып, ездеріне ес кіріп, ара­ларындағы ерлері бір сәт Алпамыс болып қайтпай ма? Ендеше осы бір ерекше ес­керт­кіш-мұражайдың салынуы қажет-ақ. Қазақ Елі жиырма жетінші жыл тәуелсіз тұғырлы ел болып отырғанда! «Алпамыс ба­тыр» жырына, Алпамысқа 1300 жыл то­лып отырғанда!
2015 жылы кезекті әлемдік дағдарыс жет­ті, Сұлтанбек Тәуіпбаев Жаңақор­ған­нан кетті, содан батыр бабамызға арнал­ған қам-қарекет тоқтап қалды. Әрине, жоба үшін жобаған 173 миллион 320 мың теңге тым аз, жетпейді. Соған орай бұдан да қиын кезеңдерде той жасағанбыз, талай-талай ескерткіш те тұрғызылған де­мей-ақ қоялық. Әрине, бұл жердегі басты себеп – біріншіден, мәселенің өз мәр­тебесіне сай республикалық деңгей­де көтерілмей, аудан көлемінде қолға алынуы болса, екінші себеп – ақшаның азды­ғында емес, мына бізде: адамдар­ы­мыздың ықылас-ниеті аздығында, билік­тегілердің намыс-рухы төмендігінде жа­тыр-ау. Өйткені, мұражай-ескерткіш Жаңақорғанда салынатын болғанмен, Қозы Көрпеш-Баян сұлу қалай тек Ая­көздікі емес болса, «Алпамыс батыр» жы­ры мен Алпамыс нақ солай алаштікі, ел­дікі емес пе?! Олай болса бұл шаруаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қы­зылорда облысының әкімдігі тікелей ара­ласып, жеткілікті қаржы бөлуі орынды деп ойлаймыз. Тіпті ҚР Үкіметі бұл іс­ке бас-көз болып, қолға алып жатса нұр үс­тіне нұр.
Аталмыш мұражай-ескерткішке қа­тысты өзінен-өзі туындайтын жайт – қа­лам­гер Бақтыбай Айнабековтің ескерілер орын­ды ұсынысы: «Аудан орталығындағы бір көше Алпамыс, екінші көше Гүлбаршын есімімен аталып, сол жерге жастар бас қо­сатын, демалатын көрікті гүлзар бақ бол­са, жарасымды-ақ емес пе?». Жалпы, адам қолы араласып, шырқын бұзбаса, табиғат шіркін мың жылдар бой өзгеріссіз жасай береді ғой. Жаңақорған өңірі де, Созақ, Түркістан өңірлері де негізінен Бай­бөрі – Аналық, Алпамыс – Гүлбаршын­дар өмір сүрген кездердегідей қалпын сақ­тап қалғаны анық. Осы өңірлердің қа­зақтың бүгінгі Жиделі байсын жерлері еке­ніне де ешкім таласпас. Ендеше осы Қа­ратау бойының, Сырдария ойының жөн­сіз өзгерген, жосықсыз өңі кеткен тұс­тары болса, қамқорлық жасап қал­пы­на келтіріп, күтімге алсақ, бұған көп ақ­ша да керек емес, біз сонда Алпамыс, Гүл­баршын ғұмыр кешкен, жерім, елім дес­кен байтақ та байсын қоныста жүр­ген­дей сезінбейміз бе?
Мен баяндап-жеткізіп отырғанмен, ма­қаладағы алтынөзек ойлар, негізгі ұсы­ныстар тек менікі емес, Мұқағали Ма­қа­таев, Әлкей Марғұландікі, Рахманқұл Бер­дібаевтікі, Бақтыбай Айнабеков, Өмір­зақ Ақжігіттердікі, аттары аталып, ай­тылмаған және көп кісілердікі. Мұның өзі нені білдіреді? Алатауды көргенде – қандай асқар, Қожахмет Йассауи мав­зо­лейіне тәу еткенде – нендей керемет, Абайды оқығанда – неткен ғажап дейті­ні­міз­дей, менің жеткізіп отырғандарым – халықтың ортақ ойы, көптің кемел пі­кірі екенін білдіреді. Сыр бойында ұлық игі іс оң басталған екен, енді кідіртпеуіміз ке­рек. Таң арайлап атып, Күн тастөбеде тұр­ғанда қимылдамасақ, біздерде аруақ­қа – шет, елге қарар – бет болмай жүр­ме­сін. «Алпамыс батырды» төбемізге кө­те­ріп, толық иемденуімізге сүтақымыз да, халықтық хақымыз да бар екенін Рах­манқұл Бердібаевтар кеңес кезінде-ақ айтса, бүгінгі «екі шылбыр, бір тізгін» өзі­мізге тиген Тәуелсіздік заманымызда бұл мәселені көтерушілер – сөзі бай бол­ған­мен, өзі кедей демесек, айтқандары­ның бір артық жері жоқ.

Бақыт Сарбалаұлы.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.07.2021 | 17:01

Алпамыс бабамыздың сүйегі Қазалы ауданы, Жанкент қаласының оңтүстік жағында жатқаны жөнінде Айнабековтің *Бір бүтін құран-менің тағдырым* деген 2016 жылы шыққан 2 томында айтылады, осыдан хабарың барма, қылышы да қасында, ұзындығы 2 метр 10 сантиметрдей, яғни жеті қарыс, жалпақтығы бір жарым қарыс деп айтылады, салмағын өзің есептеп ал, со сияқты осы кітапта Сығанақ Алпамыс батырдың төртінші ұрпағы делінеді, яғни Қоңырат руы, бұл қала Түркістан жақта, бұл кісі хан болмаған, бір көзі ағызылған соқыр болған, бірақ аузы дуалы әулие кісі болған, қорымыда Сығанақ қаласынан 12 км. шамасында болса керек, осы жөнінде бұдан басқа мәліметтерің барма? Ерназаров Мейрбек, Қызылорда

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір