ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ XV ҚҰРЫЛТАЙЫ
16.03.2018
2289
0
12 наурыз күні Қазақстан Жазушылар одағының XV Құрылтайы өтті.
XV Құрылтайға одаққа мүше барша қаламгерлер, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты. Айтулы жиынды министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрылтай делегаттарына жолдаған арнайы құттықтауын оқып ашты. Бес жылда бір келетін жиынның басы Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Нұрлан Оразалиннің есепті баяндамасымен басталды. Құрылтайдың алғашқы бөлімін төраға өзі жүргізіп отырды.


Сәбит ДОСАНОВ:
– Сіздердің бар­лы­ғыңыз, әрқайсыңыз ма­­ған қымбатсыздар. Біз бір ананың – Әде­биет атты ұлы ананың пер­­зентіміз, бауырымыз. Бауырын сағын­бай­­тын бауыр бар ма?!
Асыл сөз дейтін ұғым­­­ды білдіретін әде­биеттің жауапкершілігі де, тарихи миссиясы да аса зор. Нобель сый­лы­ғы­ның лауреаты, атақты физик Жорес Алферов: «Физика ғылымын дамыту үшін орта мек­тептерде әдебиет пәні сабағын арттыру ке­рек!» – депті. Феодализмді құртқан зеңбірек адам­зат қоғамы қаламға тәуелді», – деп Наполеон те­гін айтты дейсің бе?! Олжас Сүлейменов­тің: «Шекспирі жоқ елде Ньютон да болмайды», – д­е­ген сөзінде терең мән бар. Мұны айтып тұр­ға­ным өздеріңіз білесіздер, жаһандану ұлт­тық құн­дылықтарды жайындай жалмап, алпауыт мем­лекеттердің өзі дағдарыстан есеңгі­реп, әлем от­қа оранып жатқан аса қиын кезеңде Тәуелсіз Қа­зақстан барлық қиыншылықтарды ерлікпен ең­серіп, жарқын болашаққа «Мәңгілік Елге», «Нұрлы жолмен» жүріп келеді. Мұның сыры не, құпиясы қайсы? Бұған бір сөзбен жауап берер бол­сақ, оны сақтап тұру одан да қиын. Қиын іс­тің қиюын өзіне тән кемел ойлы кемеңгер­лік­пен, ерлікке тән ерен еңбекпен шешіп келе жат­қан Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген кө­се­мі бар ел бақытты. Бақытымыздың мызғымас алтын діңгегі Ұлт көшбасшысы ұдайы айтып ке­ле жатқан – ауызбіршілік. Бірлік бар жерде тірлік бар.
Менің ұғымымда жауапкершіліктің үлкені оқырмандарымызға ұсынар шығармалары­мыз­дың көркемдік деңгейі ғана емес, ең алдымен зиялы қауымның татулығы. Елдің тұ­­тас­тығынан, ұлт мүддесінен қымбат ештеңе жоқ. Оны ауызбіршілік арқылы ғана ұстап тұра ала­мыз. Менің қаламдастарыма, тағдыр­лас­тарыма айтар тілегім – бірлік, бірлік, тағы да бірлік! Өсер елдің арманы, өшер елдің жанжалы көп екенін ұмытпайық, бауырларым!
Сөзімнің басындағы әдебиет жайлы ойға орал­ғанда, ұлылардың бірі айтқан: «В момент се­резного обострения обстоновки резко воз­рас­тает роль деятелей культуры», – деген сөзі ойға оралып тұр. Қайшыласқан қарама-қарсы идео­логияның мылтықсыз майданында жазушының жауапкершілігі мен тарихи миссиясы да ұлғая түспек.
Екі съезд аралығында ғана емес, Нұрлан Ора­залин 22 жыл төраға болған одақ қызметін мен қанағаттанарлық деп қана айтып қоймай, ең жоғары баға мен зор құрметке лайық деп есептеймін. Нұрлан Оразалиннің төрт жыл бойы жанған отты жалаңаш қолымен ұстап, 39 мәр­те сотқа жүгінуі – ерен еңбек қана емес, аса үл­кен ерлік! Нәтижесі – көз алдымда сатылып кет­кен Одақ үйі де, Олжас салдырған конференц зал да, Шығармашылық үй де Одақ ен­шісінде!
Мерейтойлар мен қазаның қыруар шаруасы, жанрлық кеңестер мен әдеби жыл қорытын­дылары, Пленумдар үзіліссіз, ашық жүріп жатыр. Үкіметтен бір тиын алмай, қаржы қиын­­дығын да еңсеріп, орасан зор жұмыс істеген Ораза­лин­нің іскерлігін, қайраткерлік қарымына оның оппоненттері де тәнті.
Менің ұсынысым – Одақ жұмысы қанағат­танарлық деп бағалансын, Одақ басшысы Нұрлан Мырқасымұлы Оразалинге Құрылтай атынан алғыс жариялансын! Одақ төңірегіндегі жел сөзге желікпей қаламына, халқына сүйен­ген Нұрланның қайсарлығына, қайратына қай­ран қаламын! Үлгі аларлық өнеге!
«Ресейдің ақындары қашаннан, Бірге туған оғы­мен Дантестің» – деп Евгений Евтушенко тап басып, тауып айтқандай, қызғаныш Нұр­лан­ды ғана емес, талайымызды қансырата та­лаған. Сұңқарларды көре алмайтын сұқсұрлар барда қызғаныш та өлмейді. Жарқ ете қалса бір жұлдыз қолдамаймыз, жала жауып, етектен тартып қорлаймыз. Қызғаныштың қызыл иті қап­паған қай жақсың бар, айтшы кәне, қа­зағым?! Аз болды ма содан тартқан азабың?! Та­ланттың жауы – қызғаныш. Моцартқа Са­льеридің қолымен у берген де, жүрегі ақ, жаны пәк Дездомонаны өз қолымен өлтіріп, өзегін өрт, жандүниесін дерт шалған Отеллоны өкін­тіп, өксіткен де сол жауыз!
Аяулы қаламдас-тағдырлас бауырларым! Біз­дерді бір-бірімізден алшақтататын айыр­ма­шылықтан гөрі басымызды біріктіретін мүд­де­лер әлдеқайда көп. Соның ең бастысы – ұлт бо­­­лып ұю, ұлттық рухты асқақтату, ұлттық ұлы идея­­ларға қызмет ету. Ұлы мақсаттар жолында іш­­­тарлықтың желкесін қиып, ұсақ құш­тар­лық­тардан биік тұрайық! Оған қоса біз қаламдастар ғана емес, тағдырластармыз! Біздің еңбегіміз ауыр, тағдырымыз қиын. Жазушылар бірімізді-біріміз қараласақ, бірімізді-біріміз жараласақ, бі­рі­мізді-біріміз аямасақ, бірімізді-біріміз ая­ламасақ, бізді кім қадірлеп, кім қастерлейді?! Адам­дар бір-біріне көлеңкесін де, сәулесін де тү­сіреді. Аспандағы Ай мен Күндей айналаға үн­сіз сәуле шашып тұрғанға не жетсін! Жа­ман­дық жасау әлсіздің де қолынан келеді. Мықты бол­саң жақсылық жаса! Бір-бірімізге жақсылық жасауға асығайық! Адамдарға жақсылық жасаудан артық бақыт бар ма? Одаққа кім келсе де қаламдасымыз-тағдырласымыз – өз бауырымыз келеді. Сол жаңа басшыға деген өкпе-на­зымыз болса, оны жиып қойып, оған көмек­те­сейік. Одақтың ғимаратына, шығармашылық үйге көз тігіп отырғандар көп. Ең бастысы – осы қасиетті қарашаңырақтарымызды сақтап қалу­да бірлік, ірілік танытайық!
Одақтың жаңа басшылығына ұсыныс: ке­зінде Сәбит Мұқанов менің «Ақ аруана» атты по­весімді оқып, «әдебиетке үлкен талант келді» деп, Әбділда Тәжібаев: «Күләш Ахметова – ақын!» деп мақала жазды. Біздің толқын аға­лардың аялы алақанында өстік. Өкінішке қа­рай, бүгінде сол дәстүр – жастарға деген қам­­­қорлық біздер, ағалар тарапынан жоқтың қасы. Одақта жаңа секция – жас әдебиетшілер секциясын ашу керек! Одақтың бір хатшы тек қана жас әдебиетшілермен жұмыс істеуі қажет. Біздің өкшемізді басып келе жатқан талантты жастар тобы – әдебиетіміздің болашағы, елі­міздің ертеңі!
Хакім Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көр­месең істің бәрі бос», – деген ұлағатты сөзін ұлт­тың ұранына, бірліктің құранына айнал­дырсақ, қазақ алмас қамал жоқ! Оған құлақ аспасаң, өкініштен бөтен амал жоқ!
Қарғаша қарқылдамай, қыранша саң­қылдайық!
Қарғаның қуанышынан қыранның қай­ғысы артық!

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ:
– Тәуелсіздік, Назарбаев дәуірі талай та­ланттарға жол ашты. Мә­селен, жаңа ғана сөз бас­таған Сәбит Досанов бір кезде «Ғасыр хал­­ту­р­щи­гі» деген атақ­­қа ие бо­лып, артынан сөз іле­сіп жүруші еді. Енді, міне, заман өзгеріп еді сөз бастайтын серкеге айналды. Мен Жазушылар одағына, оның төрағасына айтатын сын­дарым­ды өткен Пленумда айтқанмын. Оны қай­талап айтпаймын. Біржола сөйлемей-ақ қой­сам деп едім. Бірақ Пленум мен Құрылтай ара­сындағы кейбір жағдайларды айтпасқа бол­майды. Пленумда Нұрлан Оразалин: «Болдым, біт­тім.Мен кетем енді, рұқсат беріңіздер», – деп, елмен адамша қоштасып еді. Сосын «кеткен екен ғой, жол болсын!» деп қойғанбыз. Бі­рақ олай емес екен. Өзі тыныш отырғанмен, өзі­нің сөзін сөйлейтін адамдарды топтап қой­ған ғой. Солардың бірі – Тұрысбек Сәукетаев бо­лып шықты. Ең алдымен, Тұрысбек өзін «Ме­нің атам Қазаннан шыққан, татармын», – деп жариялапты. Жасы жетпіске таяғанда не тү­лен түртті мұны деп таң қалдым. Сөйтсем, оның да мәні бар екен. Қазір қарапайым қазақ бол­ғаннан гөрі аз ұлттың өкілі болған тиімді екен ғой. Оларды төбемізге көтереміз. Аз ұлт­тың өкілдері жоғары тұрады. Тұрысбек Сәу­ке­таев соны біледі екен. Өйткені, қанша айт­қан­мен, атасы Қазаннан шыққан ғой. Есепшотқа алу­ды біледі. Сонымен, аяқ астынан, Тұрысбек жет­піске келгенде татар боп шықты. Бұл – бір. Жа­райды, болсын. Татарды да құрметтейміз. Та­тар болған соң арағайын есебінде мента­ли­тет­ті сақтау керек қой. Жоқ. Қазақтың көк­па­ры­на қойып кетті бірден. Мен туралы қанша сөз айтқан. «Ұрты толған уды Нұрланның бе­ті­не бүрікті», – дей ме?.. Кісінің ойына келмейтін сөздерді ойлап тапқан ғой. Әр сөзінде «классик» деп қағытады. Классикте кеткен бір өші бар сияқты. Біз классик болармыз, болмаспыз, бірақ Сәукетайларды он орап алатынымыз анық. Сөйтеді дағы, сахнадан классикті түсі­реді де «қабандай күркіреп Медетбек шықты», – дейді. Қабан деген шошқаның айғыры ғой. Бұл да классик. Сондай талантымызды Сәу­ке­таев беті былш етпей қабанға теңейді.
Бұл Сәу­кетаев нені алға алып отыр? Бірінші, өзі аз ұлт­тың өкілі. Оған ешкім тиісе алмайды. Екін­ші, Наполеонына арқа сүйеп отыр. Міне, осындай бейберекет, әдепсіз істер болды. Бұл – бір. Екінші сөзім, солар, Сәукетай бар, басқасы бар, Нұрланды көтермелеу үшін не дейді дейсің ғой. «Мына Жазушылар одағының ғимаратын пә­ленбай сотқа қатысып, көкпарға түсіп жүріп сақ­тап қалды» дейді. Бекер сөз! Легенда. Нұр­лан­ды қаһарман қылып шығару үшін қай­теді? «Қарсы жақтан бір жаулар келе жатқанда со­лармен тіресіп жүріп, әрең Жазушылар ода­ғы­ның ғимаратын алып қалды» дейді. Бекер сөз. Жазушылар одағына ондай қауіп төнген жоқ. Жазушылар одағын білем мен. Соңғы он съезге қатысқан адаммын. Алпысыншы жылы одақ­тың төрағасы Ғабит Мүсірепов Мұхтар Әуе­зовтің қолдауымен Қонаевтың алдына кіріп, ет-сүт өнімдері жөніндегі министрлікке арнап салынған ғимаратты сұрап алған. Тартып алған деуге болады. Қазақтың үш ұлы перзенті – Қонаев, Әуезов, Мүсірепов қол қойып алып бер­ген кейінгі ұрпағына. Үлкен ғимарат. Оны еш­кім тартып ала алмайды. «Мен алам» дегендер қазақтың алдында қарабет болады. Есте­ріңіз­де болсын. Бұдан кейін де осы принципті ұстауымыз керек.

(Реплик