ӘДЕБИЕТ – АРДЫҢ ӘЛЕМІ!
16.03.2018
5526
0

Нұрлан ОРАЗАЛИН, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты


Ардақты әріптестер!
Құрметті қонақтар!
Бәріңізді Қазақстан Жазушылар ода­ғының кезекті ХV Құрылтайының ашылуымен қызу құттықтап, жиыны­мыз­ға сәттілік тілеуге рұхсат етіңіз­дер!
Әуелі…
Барша қаламгерлер қауымы аты­нан осынау келелі кең басқосуымызға өз тілегін білдіріп, сәлемін жолдаған ұлт көшбасшысы, Қазақстан
Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айырықша ал­ғыс айтамын!
Иә…
Қазақ әдебиеті – ұлы әдебиет.
Бұл – уақыт сынынан сүрінбей, за­­маналар дауылы мен сүреңінен мү­дір­мей өтіп, бүгінгі өз тәуелсіздігіне жет­кен Қазақ Елінің айдай әлем ал­дын­дағы ұлы ақиқаттарының бірі, ұлт мәңгілігін қамтамасыз етер ұлы шын­дық­тарымыздың бірегейі.
Үш мың жылдан асып жығылар ел­­дің қай дәуір, қай кезеңіне де ат ба­сын бұрып, зейінін қадаған зерделі ұр­пақ Ұлы Даланың абыройын асқақ­та­тып, рухына қанат бітірер ұлтымыз­дың ұлы көркемсөзі барымен қалай мақ­­танса, сол қазыналы байлығы­мыз­дың бүгін де, ертең де ортаймасына со­лай сенері хақ.
Уақыт дейтін қатыгез мінезді, қаһар­лы желдің айдынында тұншық­пай, дүние-ғайып дейтін жұмбағы мол құбылыспен қатар тұрып, сырласу, қа­тар жүріп, ой толғау, мына түпсіз, те­легей-теңіз ғаламға қатар тұрып сөз ар­нау биігіне көтерілген сөз дейтін сұң­ғыла мінезді, сұлу өнердің сиқыры мен құдыретін барынша игерген, көр­кем тәсілдерін де мейлінше меңгерген, сан салалы, өнегелі мектебі бар ұлы әде­биетіміз, міне, Сіз бен Біздің дәуі­рі­мізде өзгеру мен көркеюдің, ке­мер­лену мен кемелденудің тағдыршешті қиын­дықтарымен бетпе-бет келіп отыр. Қиындықтарды жеңу, жаңа дәуір сұраныстары мен талаптарына сай көркем туындылар жарату, тәуелсіз жұртымыздың тұғырын бекіткен үстіне бекітіп, ұлт мәңгілігі мен жасампаз­ды­ғын паш етер іргелі шығармалар жазу – қолына қалам ұстаған қауымның ор­тақ міндеті екені. Бір сөзбен айт­қан­да, уақыт, ұлт, ұрпақ алдындағы сурет­керлік парызды абыроймен – ұялмай ат­қару – бәрімізге сын.
Сонымен…
Уақыт – Қоғам – Әдебиет…
Бірімен-бірі біте қайнасқан бұл ұғым­дарды бөле-жара қарауға болмай­ды.
Уақыт Қоғамды қалыптастырады. Қоғам Әдебиетке ықпалын жүргізеді. Қа­­зақ дейтін дана мінезді батагөй ха­лық­тың сөзімен айтар болсақ, «Әр за­ман өз сұрқылтайын» қанаттан­дыра­ды.
Екі ғасыр тоғысында пайда болған Жаһандану да, өркениет әлеміне өз ықпалын жүргізер сұрқылтайларын тынымсыз баптап үздіксіз ұшыруда. Егер жаһандануды долы мінезді көк теңіз десек, біз әзірге сол көк теңіздің бетін ғана көріп, түбіне бойлай қой­ма­ғанымыз анық. Бойлау – парыз. Бойлау – міндет. Ұлт алдында тұрған ұлы мін­дет. Бойлай алмасақ, ұлт ертеңі мен ұлт ру­ханиятының болашағы күмәнді бол­ға­ны. Ал ұлт үшін күмәннан қиын нәр­се жоқ.
Күмәнді сейілтер күш – ұлттың өзі­не, өз ертеңіне деген Сенімі ғана!
Уақыт өткен сайын Бағдары мен Мін­деті айқын жұрттың Сенімі бекем бо­ларына көзіміз жете түсіп келеді.
Осы орайда, Тәуелсіздік дейтін ұлы кеңістікке еркін шығып, желкенін еркін жайған Қазақ Елін әлем жұртшы­лығы «Бағдары мен Міндеті айқын, Се­німі бекем» мемлекеттер қатарына қо­сатыны бізді – қаламгерлер қауымын қуан­тады. Сондықтан Ұлт болмысын сақ­тай отырып, қазақ дейтін көне жұрт­ты әлемдік дамудың алдыңғы ше­біне алып шығудың нақты жолдарын ұсы­нар Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ру­хани жаңғыру» атты бағдарламасы ұлт әдебиетіне де ұлан-асыр кеңістік аша­тынын аңғаруға болады.
Екі сьезд аралығындағы есепті баян­­даманы үш түрлі тақырып аясына топ­­тастырып, Уақыт – Қоғам – Әде­биет, Екі құрылтай аралығындағы ат­қарылған шаралар, ұйымның өткені, бү­гіні, болашағы дейтін мәселелер төңірегінде өргенді жөн көрдік. Өйт­ке­ні, көркемдік талдау, саралау тәрізді әдеби процесті жан-жақты таратып ай­туға уақыт тар, әрі бұл туралы ақпа­рат айту міндеті жанрлық кеңес басшы­ларына жүктелді.
«Өзгеру үшін өзімізді мықтап қол­ға алып, Заман ағымына икемделу ар­қылы жаңа дәуірдің жағымды жақ­тарын бойға сіңіруіміз керек», – деп Ел­басы ұлттық өзгерудің мүлдем жаңа фор­муласын ұсынады.
Ол формуланың аты – Рухани жаң­ғыру!
Ал Қазақ үшін Рухани жаңғырудың ұлы қайнарларының бірі – әдебиет екені айтпай белгілі. Бұл – атам­за­ман­нан халқымызбен бірге жасасып келе жат­қан ақиқат. Сондықтан бес жылда бір өтетін дәстүрлі жиынымыз барын­ша әдебиет пен сөз өнерінің жаңа дәуір кеңістігіндегі орнын анықтауға, жазу­шы дейтін кәсіп иесінің қоғамдағы ат­қарар міндеті мен көтерер жүгін та­разылауға, бұқаралық мәдениет әле­кедей жаланып, нағыз өнер мен шы­найы көркем әдебиетті тарих аре­на­сынан ығыстыруға ұмтылушы күш­термен ымырасыз «майдан ашуға» ба­ғытталғанын қалаймыз.
Бұл – ұран емес, әдебиетті сақтау мен қорғаудың жанайқайы!
Президентіміз айтқан Рухани Код – ұлт мәңгілігін, сол санатта әдебиеттің де мәңгілігін қамтамасыз етер құдіретті фактор.
Әдебиеттің тағдыры жайлы, оның бүгіні мен ертеңі туралы – қолына қа­лам ұстаған қауым ғана алаңдамай­ты­нын аңғарып келеміз. Әсіресе жас­тар жағы сөз өнеріне аса сергек қарай­ды. Бұл – қоғам мінезін айғақтар жа­ғым­ды құбылыс. Әралуан шығарма­шы­лық кештер мен ел-елде, жер-жерде болатын жүздесулер, газет, журналдар мен электронды ақпарат құралдарын­да­ғы алуан түрлі пікірлер, әдебиет ха­қын­дағы толғамды ойлар осы айтқа­нымыздың дәлелі. Электронды кі­тап­тар етек алуда, интернет желілері қо­ғамға дендеп енуде… Десек те, тасқа түс­кен кітаптың жөні бөлек екенін жерүсті өркениеті мойындап отыр. Бү­гінде кітапхана сөрелерінде тұратын адамзат баласының ұлы құндылығын сақтау қажеттілігі кез-келген ұлтты толғандыра бастады. Кітаптың ұлт мәң­гілігі мен ұлылығын қамтамасыз етер қуатты күш екені айтыла бастады. Өткен жылы жаз айларының бірінде Мәдениет министрлігі, Қазақстан Жазушылар одағы және Ұлттық кі­тапхананың бірігуімен «ЭКСПО-2017» аясында өткен Халықаралық Әдеби Биеналле барысында осыған тағы да көзіміз жетті. Иә. Кітап, сөз жоқ, адам­зат баласымен бірге жасауы тиіс ұлы құн­дылық! Сондықтан қатары сире­гені­мен, сөз өнерінің болашағына де­ген сенімі күйремеген ұлы мәртебелі оқырман дейтін қауымның бізде де – Қазақ Даласында да барын бір сәтке естен шығаруға болмайды.
Кітап дүкендерінің бұрыш-бұры­шы­нан өгей баладай үнсіз сығалаған «Қазақ көркем әдебиеті» дейтін жазу­лар­ды көргенде жан дүниеміздің алай-дүлей күй кешетіні рас. Өз елінде өзі жасқаншақтанып, бұрышқа тығылған қазақтың қайран көркемсөзі-ай! Ой­ласаң, ойың жаншылып, жүрегің шан­шиды. Күні кеше ғана сөрелері сіресіп тұратын ауыл-ауылдардағы, аудан-аудандардағы кітап дүкендері еске тү­седі…
Міне, көп болып, кеңесер, «Рухани жаң­ғыру» дейтін қанатты бағдарлама аясында жедел шешімін күткен бір мәселе – осы! Әрине «сұраныс жоқ. Оқы­латын кітап жазу керек… дейтін сан сапалақ сылтауларды келтіре беру­ге болады… Сұраныс дегеннен шығады. Сонда Тілге, Дінге, Ділге, Ұлтқа деген ұлы сұранысты қалай, немен бағалауға болады? Нарық саудаға жүргенімен, әдебиет пен мәдениетке жүре қой­ма­сына көзіміз жетті емес пе?! Бәлкім, ойы­мыз бен санамызды жаһандану бір­жола билеген заманда «…егер жаң­ғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» дей­тін Елбасы сөзін әрбір әкім-қара мен әр­бір үкімет мүшелерінің есігіне жазып қою керек шығар?!
Кітап жазылғанша, жазушының ал­пыс екі тамырын қозғап, өмір, қо­ғам, адам, заман жайлы өрелі, өміршең ой­лар қазанында қайнайды. Жазылып біт­кен соң, қағазға түсіп, қатталып, кі­тап болып, беттеліп, оқырманға жет­кенше асығады… Қанша жақсы, қанша мық­ты болса да оқырманға жетпеген к­ітап – жетім кітап! Жасырып бүгер сыр емес. Әлемде де, бізде де жетім кі­таптар есепсіз тоғытылуда. Мем­лекеттік тапсырыспен жарық көретін шы­ғармалар әзірге «сүзгіден» шала-пұ­ла өткізіліп келеді. Жазушылар ода­ғының сүзгісі… Баспалардың сүзгісі… Об­лыс-облыстарда жарық көріп жат­қан «сүзгі» дейтін ұғымнан ада-күде «ай­мақтық классиктердің» шығар­ма­лары мен қалталы байлардың, шәмкөс жиен­дер мен құдіретті нағашылардың «қол­дауымен» өмірге қадам басып, тең­киіп-теңкиіп төбеден түксие қарай­тын дүниесымақтар қаншама?!
Қоғам – Уақыт – Әдебиет дейтін ір­гелі ұғымдарға оралып соққанда тіл ұшы­на ілігер керенау мінезді проб­лемалардың бірі – осы! Көркем әде­биет­тегі талғамсыздық пен әдепсіздікке жол ашу – ұлт санасын жадылап, ұлт жа­нын ғаріп етер жағымсыз құбылыс. Әде­биетті коммерцизациялау дейтін нарық дәуірінің бастапқы кезеңінде өмі­рімізге еніп кеткен осы бір атүстілік әлі күнге әдебиетке, тілге деген сұра­нысқа салқынын тигізіп келеді. Әлгі «жетімдік» соның жемісі. Уақыт, заман тудырған обьективті келеңсіздіктер…
Бұл – бір…
Екінші… Яғни қаламгерлеріміздің өз­дері жол беретін жайсыздықтар.
Бүгінгі қоғам – кешегі өтпелі дәуір­дегі популистік айқай мен ретсіз дө­ре­кілікті көтере алмайтын қоғам. Жаңа, жас буын аудитория мінбеге көтерілген ше­шендер мен көсемдерден үлкен мә­дениеттілікті, қысқа да нұсқа ой айту үлгісін күтеді. Жас, жеткіншек аудито­рия шешеннің шалдуар мінезін бір мәр­те кешіреді. Екінші мәрте кешіре ал­майды… Кейде үлкенді-кішілі жиын­дарымыздың орынсыз айқайға, көз­сіз есеп айырысуға бой алдыратыны рас. Бұл жазушы жайлы жағымсыз сөз та­ратып, оқырман жұртшылықты әде­биеттен қашыртады. Түптеп келгенде, ұтылатын өзіміз! Ұтылатын әдебиет! «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұлы қағидаға қу жан­дарын шүперек етіп түйген, сөзді тың­дай да, тыңдата да білген кешегі ойы мен көзі қамшының өріміндей қабыса өріл­ген кенен ойлы кемеңгер шалдар­дан қалған ұрпақ емес пе едік?! Сөз қадірін әуелі осы отырған Сіздер мен Біздер – жазушылар қауымы бағалауға тиіспіз. Сөз өнерін нәсіп еткен кәсіби қаламгерлердің ұлт пен ұрпақ ал­дын­дағы жауапкершілігін қай-қайсымыз да жадымыздан екі елі шығармай, ақ қағазға арға жүгінгендей жүгініп, қолға қаламды қалай алсақ, мінбеге көтеріл­ген сайын, үлкен болсын, кіші болсын, залда оқырман дейтін ордалы жұрттың отырғанын естен шығармауымыз ке­рек-ақ. Керек! Менің бұл сөзім нұсқау да емес, ақыл айту да емес, бірімізді-біріміз құрметтеуге шақырар әріптестік уәж!.. Уәж ғана!..
Уәждің үлкені – ұлт әдебиетінің бү­гінгі жағдайы, әдебиетті өрістетудің жолын іздеу. Көп болып кеңесу. «Жоқ­тан ештеңе бар болмайды, бар нәрсе ешқашан жоғалмайды» деген ежелден бел­гілі әлем ойшылдарының тұжыры­мына ден қоя отырып, әлемдік өріске желкенін жайған, ондаған ғасырлар буы­нын бекітіп, қабырғасын қатайтқан қазақ көркем сөзінің құдыретін та­нытқан үстіне танытып, тарих аванс­це­насындағы орнын бекіткен үстіне бе­кіте түсу.
Міне, мақсаттың үлкені осы!

***
Адамзат тарихының ұлы көшінде өсу мен өркендеудің тізгінін ұстаған он­даған елдердің әр кезең, әр дәуірде әр­қилы себептермен өркениет айды­ны­нан қалай ығысып қалғанын, тіпті ұлт, халық ретінде жойылып кеткенін та­рихтан жақсы білеміз.
Аллаға шүкіршілік!
Көшпенділер әлем картасынан біржола өшіп кеткен жоқ! Сан жо­ға­лып, сан оралды… Есін жиып, ел бол­ды. Еңсесін тіктеп, ерге қонды. Біздің ойы­мызша, қазақтың ұлт, ұлыс ретінде аман сақталып қалуының бірден-бір фак­торы – тамыры терең, рухы асқақ, дің­гегі берік, арқауы мықты ұлы Сөз өне­рінің дүлей мінезді заманалар шабуылына төтеп беруі! Құпиясы көп, тыл­сымы терең, дүбірі қалың дүниеде кеңіс­тік пен уақыттың шыңырау кө­мейінде жұтылып кетпей, халқымыз­дың өзіндік болмысы мен бітімін сақ­тап қалуды қамтамасыз еткен көп­ғасырлық күрес жолындағы басты құ­ралы да осы Сөз өнері!
Қарт тарихтың шежірелі өткені мен шерлі шындығы бізге осыны айта­ды.
Шексіздік пен мәңгілік майда­ны­ның бұлтартпас ақиқатының айтары да осы!
Кешегі ат үстінде жүріп, елін, же­рін бес қарудың күшімен ғана емес, ақыл-парасатымен, сөз дейтін киелі де қа­сиетті өнердің құдіретімен қоса қор­ғаған ұлы бабаларымыздың кейінгіге ама­нат етіп қалдырған тағылымы да осы!
Жерүсті өркениетінің жалпы да­муын аңғартар бұл процестен тыс қалу мүмкін емес. Алпауыт мұраттардың қа­наты кеңейіп, айласы қалыңдай түсу­де. Ақпараттар ағынының екпіні тө­тенше қатты. Ұлттың болмысын танытар нышандарды сақтау қай халық үшінде қиынға айналып отыр. Сан ғасырлық тарихымызда ұлт көзінің қарашығындай қорғалып, ұрпақтан-ұр­паққа аманатталып келе жатқан «мың өліп, мың тірілген» қазақ жұр­тының тарихи жады, ойлау машығы, тілі мен ділі үшін күрес жалпыхалықтық сипат алғанын Елбасы ұсынған «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасынан анық аңғарылатынын әлгінде баяндама ба­сында айттық.
Ұлтты, ұлттың пішіні мен маз­мұ­нын сақтаудың басты крите­рий­лерінен саналар бұл ұғымдарды қорғау, оны алғы күндерге жеткізу, қағынан же­ріген құландай ана тілі мен ата дінінен іргесін аулақтатып жүрген қайсы бір ұл-қыздарымызды өз тілінде сөйлету, өз дініне бет бұрғызу сіз бен біздің – ұлт зиялыларының, барша қаламгерлер қауымының қасиетті борышы екенін тағы да еске салғым келеді.
Тілсіз ұлттың ертеңі қалай күмәнді болса, сол тілде жазылар көркем туын­дының да ертеңі солай күмәнді болмақ. Әлемнің түкпір-түкпіріне қырғидай тиген әлемдік қаржы дағдарысы бұл ай­тулы мәселенің ауылына біраз тұман үйіріп, көлеңке түсіріп отыр. Көлеңке қайтар. Тұман сейілер… Ұлт өмірі, ұлт­тық құндылықтар ғұмыры жылдармен емес, ғасырлармен өлшенетінін, ұлт ті­лі­нің де, сол тілде сөйлейтін ұлт әде­бие­тінің де ғұмыры осындай уақыт кеңіс­тігімен өлшенетінін ұмытпауымыз керек.
Қазіргі кезең – жаһандық тұтас­тану­дың желдей ескен кезеңі.
Еліміз дамудың жаңа кезеңіне өтіп отыр­ған тұста ұлт рухының күретамыры саналар әдебиетіміздің қоғам өмірінен тыс қалуына болмайды. Жаңа дәуірдегі қазақстандық мұрат пен Қазақ рухы­ның Темірқазығына айнала бастаған «Рухани жаңғыру» атты тарихи құжатты на­сихаттау мақсатында өткен жылы көк­темде Жазушылар одағында ар­найы Пленум өтті. Пленум нәтижесінде бірқатар жұмыстар қолға алынып, қаламгерлер қауымы жер-жерде, ай­мақ­тарда болып, өз сөздерін елге жет­кіз­ді. Көкейкесті ойларын жұртшылық­пен бөлісті.

Иә…
Екі құрылтай аралығы қалың оқи­ғалар мен шараларға толы болды. Ат­қарылған шаруа мол. Оның бәрін бұл ара­да тізіп, түгендеп жату мүмкін емес.
Түйіндеп айтсақ…
Есепті кезеңде Қазақстан Жазу­шылар одағы Басқармасының алты Пленумы өтті. Әдебиет пен ел өмірінің көр­кемсөз бен қоғам тіршілігінің арақа­тынасын, таразы-талқыға салған бұл бас­қосулардың «Қазақ әдебиеті» газе­тінде жарияланған баяндамалары, жа­рыссөздері, қаулылары жеке-жеке кітап­ша болып, қолдарыңызға тиді. Сон­дай-ақ 2012 жылы өткен ХІV сьез­дің толық материалдары мен келелі тақырыптарға арналған кеңейтілген сек­ретариат мәжілістерінің материал­дары да, соңғы төрт әдеби жыл қоры­тындысында болған талқылаулар мен әдеби процесс хақындағы ой-пікірлер де кітапша болып қолдарыңызға тиіп отыр.
Танысқан боларсыздар.
Турасын айту керек. Есепті кезең­де­гі қаржы дағдарысы қалыптастырған біраз қиындықтарды еңсере отырып, жұмыс жүргізуімізге тура келді.
Қазақстан көлемінде қоғамдық ұйым­дардың барлығы да мемлекеттік тапсырыс есебінен тендерлік бәсеке жолымен қаржы табуда. Бұл – екінің бірі білетін шындық.
Жазушылар одағы да осы жолмен кон­курстарға түсіп, мемлекетке өз жо­баларын ұсынып, азды-көпті қаржы та­бады. Ол қаржылардың дені «Қазақ әде­биеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор» жур­налдарының шығынын жабуға кете­ді. Тендерге түсіп, ұйымның «те­сік» қалтасын бүтіндейтін қаржының ен­дігі бір шамалы бөлігі (әдеби жо­ба­лардан келетін) әртүрлі үлкенді-кішілі шараларды жабады.
Мемлекеттен қаржыланбайтын қо­ғамдық ұйымның жарғылық мақ­саты мен мүддесін жүзеге асыруда қар­жымен қамтамасыз етудің бірден-бір басты көзі болып келген Орталық Ғимаратамыз бен Шығармашылық Үйді тиісті орындарға жалға беруден түсетін кіріс көздері қатты әлсіреді. Өйт­кені елде ақша жоқ. Сұраныс азай­ды. Осыған дейін «қонақ үй», «рес­то­ран» дейтін бизнестің көшінде жүрген жалға алушылардың қауқары мүлдем төмендеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Орталық Ғимараттың жартысы мен тау бөктеріндегі Шығармашылық Үй то­лығымен осы жылдар ішінде екі мәр­те күрделі жөндеуден өтіп, жалға беріліп кел­ді. Жалдан түскен қаржы шашау шық­пай, Жазушылар Одағының есеп-шо­тына түсіп отырды. Соның арқасын­да қаншама шығармашылық шаралар, ұйымдастыру жұмыстары, тірінің тойы, өлінің ақыреттік парыз-міндет­тері атқарылды?!
Иә…
Өтпелі кезеңдегі «мырза» кәсіп­кер­лер мен «жомарт» әкімдердің жолы тарылды. Мұқағалидың тілімен айтсақ, «су сұрасаң сүт берген, айран берген» «өтпелі кезең» дейтін «қайран жеңгем» кел­меске кетті. Кәсіпкерлеріміз де бере­тін жерде тиын-тебенін қысылып-қым­тырылып, жыланып әзер береді. Әкім­деріміз бен билік құлағында отыр­ғандардың әдебиетті қадірлейтін бірен-сараны болмаса көпшілігі «құ­қықтық заманның жүйесі мен тәртібіне сүйеніп, ат-тондарын ала қашатынын көріп келеміз. Жазушылар Одағының соңғы төрт-бес жылы «сұрауы көп, құ­рауы жоқ» кедей ауылдың кебін ки­ген­дей ауыр күн кешуде. «Кедейдің кеңе­сі бітпес» кезеңде ойымыз желге ұшып, сөзіміз елге жетпей отыр… Ел­басы әдебиетті өрістету мен жазу­шы­ларға жағдай жасау туралы кеше де, бүгін де нақты тапсырмаларды берудей беріп келеді. Бірақ… Сол тапсырма­лар­дың орындалуы қалай? Мәселе сонда… Соның бір мысалы – жазушыға қаламақы төлеу! Осыдан біраз уақыт бұрын тиісті орындарды дүркін-дүркін мазалап жүріп, ақыры ұсынысымыз Президентке жетті. Ұсыныс қолдау тауып, Парламенттен өтті. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей пәрменімен қос палата арқылы көркем әдебиетті өркендетуге қаржы бөлінді. Өкінішке орай, сол 2007 жылы бөлінген 193 мил­лион теңгенің ізсіз кеткені бүгін еріксіз еске түседі… «Игіліктің ерте кеші жоқ», қаламгерлер қауымын қуанышқа бөлеген сол «қаламақы мәселесі» араға он жыл салып, өткен жылдың 5 ма­мыры күнгі Президент жарлығымен тү­бе­гейлі шешілді. Бұл, сайып келген­де, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы көр­кем әдебиетті дамыту мен өркен­дету­дің посткеңестік елдердің бірде бі­рінде бола қоймаған, ірі қадам!
Қадам жасалды…
Иә.
Қоғам да, қаламгерлер де қуанды. Мұ­ны Сенатта жүргенде Заңды екі жыл­дан астам әзірлеген жұмысшы то­бының бір мүшесі ретінде өз басым үл­кен жеңіс, әдебиетке жасалған мем­лекет қамқорлығы деп бағалап, мақала да жаздым, сан мәрте сауал да, сұхбат та бердім. Атсалысқан азаматтардың бә­ріне қаламгерлер атынан рахмет те айт­тым. Осынау рухани өмірімізге үл­кен қуаныш пен сенім ұялатқан та­рихи құжатты жүзеге асыруда, яғни үкіметтің «подзаконный» актілерінің тұсында бір «әттеңнің» кеткенін бүгін айтпасқа бол­майды. Әр баспа табағына 150 000 теңгеден қаламақы төленетін үкімет ұсы­нар шартта «автордың шығармасы 70 жылға сатып алынады. 70 жыл бойы ав­тор әлгі өз дүниесін иемдену құқы­ғы­нан айырылады» деген жолдар бар. Менің ойымша, Республиканың бірін­ші адамы өз қолымен қаламгерлерге жасаған қамқорлығын бұлай шектеуге болмайды. Оралу керек. Қайта қарау керек. Осы мәселені сьезд қаулысына кір­гізгеніміз жөн!
Екі сьез аралығында өмірге келген та­рихи құжат үшін Елбасыға сьез де­ле­гаттары атынан алғыс білдіруге рұх­сат етіңіздер!
Осы арада сәл шегініс жасағым ке­леді.
Тәуелсіздік дәуірінің елең-алаң ке­зінде «әдеби байланыс» дейтін ұлт­тар мен ұлыстар арасына рухани дә­не­кер болар іргелі міндеттің жүгі жеңіл­деп, алыс-беріс, қарым-қатынас тек жекелеген тұлғалардың арқасында ға­на атқарылып қалғаны рас. Әлемдік әдебиеттің ақ бұраулы, алтын қазығы болған бұл байланысты қалпына кел­тіру үшін Қазақстан Жазушылар Одағы Мәс­кеу, Пекин, Анкара, Париж, Ва­шинг­тон секілді айдарынан жел ескен ірі-ірі әдеби орталықтармен өз кезінде біраз жұмыстар жүргізді. Мұндай бай­ланыстың қанат жаюына Сергей Ми­халков, Шыңғыс Айтматов, Расул Ғам­затов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Фе­ликс Кузнецов, Олжас Сүлейменов, Мұс­тай Кәрім, Давид Кугультинов, Адыл Яқұбов, Евгений Евтушенко, Анар, Хута Берулава, Абдулло Орипов секілді есімдері елге кең таныс тұлғалар барынша ат салысты.
1997 жылғы ұлы суреткеріміз Мұх­тар Омарханұлы Әуезовтің 100 жыл­ды­ғына орай ЮНЕСКО аясында Алматы қа­ласында өткен Халықаралық Сим­по­зиум мен ұлы Жамбылдың 150 жыл­ды­ғындағы, сондай-ақ Сәбит Мұ­қа­нов­тың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің 100 жылдықтары тұсын­дағы ұлт әдебиетінің абыройын асқақ­татқан ересен басқосулар соның айқын көрінісі.
Алыптарымыз салған әдеби бай­ланыс мектебінің дәстүрін ұйымның 70, 75, 80 жылдығы тұсында да жалға­дық. Осындай үзілген байланыстардың қайта жалғана бастағанына шабыттана қуанып айтқан бір дәуір әдебиетінің көр­некті өкілдерінің мына бір сөздерін еске салғым келеді.
«Я знал многих казахских писа­телей, поддерживал с ними творческие связи. И прежде всего – со знаменитым казахским классиком Мухтаром Ауэ­зовым… Многогранны наши взаи­моот­ношения. Здесь и встречи госу­дарственных деятелей двух стран, и торжества по случаю знаменитой даты – 15 летия Республики Казахстан. Но одним из наиболее важных культурно-истроических событий явилось отк­рытие вели­чественного памятника Абая в Москве. И случилось этот год Абая в России в год Пушкина в Казах­ста­не… (Сергей Михалков, 2007 жыл);
«Союз писателей Казахстана му­жественно выстоял, не поддался разру­шительным действиям сил, злоу­потреблявших эгидой свободы безо­т­ветственности. Он выстоял, подрос и укрепился и сейчас, на фоне того, претерпевает современная действи­тель­ность, выглядит, как вер­ши­на Алатау, устаявшая при зем­лет­ре­се­нии». (Шыңғыс Айтматов, 2005 жыл);
«Сегодня у нас особый день. Мы тор­­жественно отмечаем семидеся­ти­ле­тие со дня оброзования Союза пи­са­телей Казахстана. И это дата поз­воляет нам сделать остановку в вечном беге, оглянуться и вгледеться в самих се­бя. С каждым прожитым годом ста­но­­вится все очевидней, недопустимость монопольной власти рынка» (Әб­діжә­міл Нұрпейісов, 2005 жыл);
«Надеюсь что наша сегодняшняя вст­реча, и та встреча, которая предс­тоит осенью в Москве будет началам тре­тьей встречи, двух типов культур. Той самой встречи, которая призывала к сотрудничеству. Это необходима се­годня продумывать на философском, ин­теллектуальном, волевом уровне, как противостоять напору глаболизма, разрушающего души своей сатанинс­кой массовой культурой». (Феликс Куз­­нецов, 2005 жыл);
«Тәуелсіздігіміздің жиырма жылы – тарих үшін тым қысқа, қас-қағымдай уақыт болғанымен, бодандық бұ­ғауы­нан босап, жаңа жағдайда даму жолына түс­кен халқымыз үшін ғана емес, туған әде­биетіміз, оның ішінде Қазақ Елі қа­­ламгерлері үшін де нағыз сын, қай­тадан қалыптасу кезеңі болды. Сон­дық­тан да «Біз – кімбіз? Не бітірдік?», «Қа­зір қаламгерлеріміз Қазақстан қо­ғамында қандай орын алып отыр» де­гендей өзекті сауалдардың жауабы аса маңызды. Менің ойымша біз мұндай сын­нан абыроймен өттік. Бүгінгі бас­ты мәселе – «Алдағы уақытта не істеуі­міз керек?» дегенді айқындап, бағдар­лап алу» (Олжас Сүлейменов, 2012 жыл, Қазақстан Жазушыларының ХІV сье­зіне жолдаған құттықтауынан).
Енді…
Екі сьезд аралығындағы Пленум­дар­да қаралған мәселелерге қысқаша тоқ­­талып өтейін.
2012 жылдың 24 қыркүйегінде өт­кен алғашқы Пленумда Төраға сай­ла­нып, секретариат құрамы анықталды. («Қазақ әдебиеті» газеті, 2012 жыл, қыр­­күйек).
2013 жылдың 2 сәуірінде өткен ІІ Пле­нум «Қазіргі кезеңдегі көркем әде­би сынның ахуалына» арналды.
«Сын түзелмей мін түзелмейді» де­ген тақырыпта, сыншы Бақыт Сар­ба­лаұлы баяндама жасады. Пленумда көр­кем әдебиетіміздің бүгінгі даму дең­гейі және оны замана үрдісі мен көр­кемсөз өнеріне қойылар уақыт талап­тарына сай өрістетудің жолдары ту­ралы келелі әңгіме қозғалды. Жа­зылған шығармаларға әділ қарау, жал­пы сын мәдениетін қайта қалыптай оты­рып, әдебиет пен өнер саласын за­мана талабына сай жаңа өріске алып шығу, шынайы көркем туындыларды өзінің тиісті тұғырына көтеру тәрізді жауапкершілігі ауыр міндеттердің жүзеге асуында көркем сынның алатын орны орасан екені Пленумда баса ай­тылды. («Қазақ әдебиеті» газеті, 2013 жыл, сәуір).
Пленумда жаңа хатшылықтың то­лық құрамы сайланды.
2014 жылдың 3 қарашасында Қа­зақ­стан Жазушылар одағының құрыл­ғанына 80 жыл толуына арналған ме­рей­тойлық ІІІ Пленум өтті.
Пленумда Елбасы Н.Назарбаевтың құт­тықтауы оқылып, Басқарма төра­ға­сының «Сөз тағдыры – ұлт тағдыры» деген тақырыпта баяндамасы тың­далды.
Пленум жұмысына жер-жерден, об­лыс филиалдарынан, Астана қала­сынан қаламгерлер, қонақтар қатысты. Пленум шынайы шығармашылық ат­мосферада өтті.
Ресей, Түркия, Қытай, Азербайжан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Та­тарстан, Башқұрстан елдерінің аты­нан арнайы келген көркемсөз өнерінің өкіл­дері құттықтау лебіздерін айтты.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 80 жыл­дық мерейтойына орай газеттің бас редакторы Ж.Шаштайұлы қосымша баян­дама жасады. («Қазақ әдебиеті» га­зеті, 2014 жыл, қараша).
2015 жылдың 22 мамырында өткен Әде­би жыл қорытындысында жанрлар бойын­ша баяндамалар тыңдалып, бір жыл ішінде қол жеткізген әдеби же­тіс­тіктеріміз бен кемшін тұстарымыз сарапқа салынды («Қазақ әдебиеті» газеті, 2015 жыл, мамыр.)
2016 жылдың 27 мамырында өткен Әдеби жыл қорытындысында әдеби про­цесс кеңінен талқыланды. Несіне жа­сырамыз, ара-тұра ұйым басшы­лығының атына «жердің тұсында үн­де­мейсіңдер», «тілдің тұсында ауыз аш­падыңдар», «оралмандар тағдырына ара түспедіңдер» деген секілді орынсыз сындар мен кекету, мұқатулар айтылып жатады. «Одақ басшысы неге ашық хат­тарға қол қоймайды» деген желеу­мен қайсыбір әріптестерім қоғам алдын­дағы менің жағымсыз бейнемді жасағылары келетін тәрізді… Бекер! Тіл туралы да 1998 жылы, Жер туралы да (2004 жылы) алғаш табанды Сөз айтып, тілдің қолдану аясын кеңейтуге (50 пайызға дейін), Жер туралы Ко­дексті тоқтатуға күш салған Жазушылар Одағы болғанын әлгі әріптестерімнің ұмытқаны қалай!
Оралмандар тағдырына да сенатор ке­зімде аянбай араласқаным ел есін­де…
Естеріңізде болар, 2016 жылғы әде­би жыл қорытындысында ұйым бас­шысы ретінде сол тұста аса ушығып тұрған жер туралы, үштілділік туралы мәселелерге өз көзқарасымды білдіріп: «Жерді сауда мен саясаттың боданына салуға қарсымын. …Елбасы: «Халыққа ұнамаған заңның бізге де керегі жоқ!» деп мәселені төтесінен қойды. Бірер жыл уақыт беріп, заңның талас туды­рып отырған бірнеше баптарына мо­раторий жариялады. Ендеше… күдік, күмәнімізді ақ қағаздың бетіне түсіріп, сабырлы, салмақты сөз айту – осы отырған қаламгерлер қауымына сын. Біз – айыл-тартпасы бекем, үзеңгі-бауы бүтін, берік құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқан еркін ойлы елдің аза­маттарымыз. Бірлік, ынтымақ, бере­келі өмір – Ұлы Дала елінің ежел­ден ұраны болған. «Келісіп пішкен тон келте болмайды!» Ойымызды ортаға салайық. Ұстамды болған ұлттың ұста­нымы қашанда мықты болады. Жер тағдыры – ел тағдыры», – деп ойымды анық айтып;
Үштілділік туралы «Ағылшын тілін балабақшадан емес, Жапония, Қытай, Ресей секілді 10 жастан бастап үйретуді енгізсе де әлемдік көштен қалмасымыз анық!» – деп өз түйінді пікірімді біл­дір­­ген едім.
Сондай-ақ, сол жиында «Жас Алаш» газетінде жарық көрген бір топ жазушылардың Елбасына жазған Ашық хаты туралы да өз көзқарасымды ашық білдірген болатынмын. («Қазақ әде­биеті» газеті, 2016 жыл, шілде).
2016 жылдың 29 қарашасында Қа­зақ­стан Жазушылар одағы Басқар­ма­сының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық ІV Пленумы өтті.
Пленумда Басқарма төрағасы ре­тін­де «Тәуелсіздік – ұлт рухының бас­тауы» деген тақырыпта баяндама жа­са­дым.
Баяндамада әдебиет пен көшімізді бас­таған алаш арыстары туралы тоқ­тала отырып, өткен тарихымызға то­лым­ды шолу жасалды. Тәуелсіздіктің мән-мағынасы, жиырма бес жыл ішін­дегі ұлы өзгерістер мен жаңарулар, құн­дылықтардың ауысуы туралы өзек­ті ойлары мен ұсыныстары ортаға са­лын­ды. («Қазақ әдебиеті» газеті, 2016 жыл, қазан).
2017 жылдың 21 қыркүйегінде Қа­зақ­стан Жазушылар одағы Басқарма сек­ретариатының «Ұлт әліпбиі – ұлт ру­хының арқауы» деген тақырыпта кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте латын әліпбиіне көшудің тарихи қа­жеттілігі жан-жақты талқыланып, Ел­басы ұсынысы қаламгерлер тарапы­нан қызу қолдау тапты. Жиын қоры­тын­дысы «Бір таңба, бір дыбыс» деген тоқ­тамға келді.(«Қазақ әдебиеті» га­зеті, 2017 жыл, қазан).
2017 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма секретариатының кеңейтілген мәжілісі өтті. Онда 2017 жылы атқарылған іс-ша­ралар қорытындыланды. Құрыл­тайға әзірлік мәселесі қаралып, 2018 жылғы ақпан айының 12-не Кезекті Пленум өткізу белгіленді. («Қазақ әде­бие­ті» газеті, 2017 жыл, 29 желтоқ­сан).
2014 жылдың 3 қарашасында Қа­зақ­стан Жазушылар одағының құрыл­ға­ны­на 80 жыл толуына арналған мерей­той­лық ІІІ Пленум өтті.
Пленумда Елбасы Н.Назарбаевтың құт­тықтауы оқылып, Басқарма төраға­сы­ның «Сөз тағдыры – ұлт тағдыры» де­ген тақырыпта баяндамасы тыңдал­ды.
Пленум жұмысына жер-жерден, об­лыс филиалдарынан, Астана қаласы­нан қаламгерлер, қонақтар қатысты. Пленум шынайы шығармашылық атмос­ферада өтті.
Ресей, Түркия, Қытай, Әзірбайжан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Та­тарстан, Башқұрстан елдерінің аты­нан арнайы келген көркемсөз өнерінің өкіл­дері құттықтау лебіздерін айтты.
2015 жылдың 22 мамырында өткен Әдеби жыл қорытындысында жанрлар бойынша баяндамалар тыңдалып, бір жыл ішінде қол жеткізген әдеби жетіс­тіктеріміз бен кемшін тұстарымыз сарап­қа салынды («Қазақ әдебиеті» га­зеті, 2015 жыл, мамыр).
2016 жылдың 27 мамырында өткен Әдеби жыл қорытындысында әдеби процесс кеңінен талқыланды.
2016 жылдың 29 қарашасында Қа­зақстан Жазушылар одағы Басқар­ма­сының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына ар­налған мерейтойлық ІV Пленумы өтті.
Пленумда Басқарма төрағасы ре­тін­де «Тәуелсіздік – ұлт рухының бас­тауы» деген тақырыпта баяндама жа­са­дым.
Баяндамада әдебиет пен көшімізді бас­таған алаш арыстары туралы тоқ­та­ла отырып, өткен тарихымызға то­лым­ды шолу жасалды. Тәуелсіздіктің мән-мағынасы, жиырма бес жыл ішін­дегі ұлы өзгерістер мен жаңарулар, құн­дылықтардың ауысуы туралы өзек­ті ойлары мен ұсыныстары ортаға са­лынды («Қазақ әдебиеті» газеті, 2016 жыл, қазан).
2017 жылдың 21 қыркүйегінде Қа­зақстан Жазушылар одағы Басқарма секретариатының «Ұлт әліпбиі – ұлт рухының арқауы» деген тақырыпта кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте ла­тын әліпбиіне көшудің тарихи қа­жеттілігі жан-жақты талқыланып, Ел­басы ұсынысы қаламгерлер тара­пы­нан қызу қолдау тапты. Жиын қоры­тын­дысы «Бір таңба, бір дыбыс» деген тоқ­тамға келді. («Қазақ әдебиеті» га­зеті, 2017 жыл, қазан).
2017 жылдың 26 желтоқсанында Қа­зақстан Жазушылар одағы Басқарма секретариатының кеңейтілген мәжілісі өтті. Онда 2017 жылы атқарылған іс-ша­ралар қорытындыланды. Құрыл­тайға әзірлік мәселесі қаралып, 2018 жылғы ақпан айының 12-не Кезекті Пле­нум өткізу белгіленді («Қазақ әде­бие­ті» газеті, 2017 жыл, 29 желтоқ­сан).
2018 жылдың 12 ақпанында Қа­зақстан Жазушылар одағы Басқар­ма­сының «Ұйым – ұлт әдебиетінің ұйыт­қы­сы» атты кезекті VІ Пленумы өтті.
Пленумда ҚЖО Басқармасының 2017 жылғы іс-шаралары қоры­тын­дыланып, ҚЖО-ның ХV құрылтайы­ның мерзімі 12-наурызға белгіленді. Үн­деу, Қаулы қабылданып, күн тәртібі бе­кітілді.
Ұлт руханиятының қос ғасырды қапсыра құшақтаған ұлы тарихында өз орны бар қарашаңырақ ұйымының өз жар­ғысына орай екі құрылтай ара­лығында өткен ресми жиын-шаралары­ның ұзын-ырғасы осы.
Қазақстан Жазушылар одағы бая­ғы Кеңестер кезіндегідей идеоло­гия­ланған қуатты ұйым емес. Олай болуы да енді мүмкін емес. Бұл – екінің бірі бі­летін ақиқат. Біз – құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқан, кәсіби мақсат-мүд­де табыстырған еркін қаламгерлердің еркін бірлестігіміз. Дәлірек айтқанда, Республика көлеміндегі ондаған, жүздеген қоғамдық ұйымдардың бірі­міз. Сипатымыз ғана өзгешелеу – шы­ғар­машылық мүддені жүзеге асырамыз. Конституция мен қоғамдық бірлес­тік­тер туралы заң аясында, өз Жарғымызда қарастырылған баптар мен талап-ті­лек­терге сай өмір сүруге хақылымыз. Конституцияның Бірінші бөлім, бесін­ші бап, екінші тармақшасында: «Қо­ғам­дық бірлестіктер заң алдында бір­дей. Қоғамдық бірлестіктер мем­­­лекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бір­лес­тіктердің заңсыз араласуына, қоғамдық бірлес­тіктерге мемлекеттік органдар­дың қызметін жүктеуге жол берілмейді» делінген.
Міне…
Әдебиеттің «бары» мен «жоғын» тү­гендей отырып, өз күнін өзі көруге дағ­дыланған қарашаңырақ ұйымда қа­зір 780-ге жуық қаламгерлер шо­ғырланған. Облыстар мен Астана қала­сында он бес филиалымыз бар. Одақта жиыр­маға тарта жанрлық кеңестер жұ­мыс істейді.
Баяндама басында айтылғандай, әде­би процестегі жаңалықтар мен өз­герістер сол жанрлық кеңестерде тал­қы­ланып, жыл сайын өтетін әдеби жыл қорытындыларында бағасын естіп жатады. Шынын айту парыз. Уақыт өз­герген. Заман, оқырман, қала берді қо­ғам талаптарын ескеріп, көркемдік әлем­дегі жаңалықтар мен құбы­лыс­тарды барынша «Қазақ әдебиеті», «Жұл­дыз», «Простор» басылым­дары­ның бетінде айтуға, жариялауға күш саламыз. Уақыт – асау ат секілді. Ғалам тез­дік пен шапшаңдыққа қалыптасты. Әде­биет те солай. Артық айтылсын, кем айтылсын, біліп айтылсын, білмей ай­тылсын, «әлеуметтік желі» дейтін, ұлы Абайдың тілімен айтқанда, демде бә­рін, барын «желге жаяр» өсекші де ты­ным берер емес. Ақша бәрін ше­шетін дәуірде, ар садақаға түсіп, иман шү­перекке айналып бара жатқан ке­зеңде ұлттың әдебі мен әдібі кімге ке­рек! Әдебиет те сондай әдеп пен әдіпті баса көктейтіндердің додасына түсіп, «Жазушылар одағын тарату керек?», «Жазушылар одағы күйреді» дей­тіндердің құдайсыз әңгімесінің арқауы болып жатады.
«Еркін ой», «еркін сөздің» заманы. Кө­бірек айқайлағанның сөзі жүрің­кіреп тұрған тұста, «ай» дейтін ажасы, «қой» дейтін қожасы жоқ әлемдік ақ­паратқа не дерсің?! Дұрысы – бәрін құ­дайға тапсыру!
Ұйым орнында. Киелі төр өз жұ­мы­сын жалғап, Рухани кеңістіктегі өз абыройын аласартпай келеді.
«Аруақты жерден ат үркеді» дейді. Сөз тыңдап, сөз оқып, сөзге тоқтап үй­ренген ежелгі жұрттан қалған елдің қам­қорлығы мен ақ жүрек адал аза­маттардың қолдауының арқасында ұйым тұғырынан таймай, ырғақты жұмысын атқаруда. Шүкіршілік! Ер­келігі мен серкелігі қатар жүретін жазу­шы дейтін қауымға құрмет әл-әзір аман. Кітап оқитын, қазақ көркем сө­зіне сенімі жоғала қоймаған ел тізгінін ұстаған азаматтарға, кәсіпкерлікпен ай­налысатын жігіттерге айтар алғысы­мыз шексіз!
Қазақстан Жазушылар одағының туын желбіретіп, орда тіккен төрі, әрі қа­ламгерлеріміздің ең көп шоғыр­ланған ортасы – Алаштың ұлы қаласы Алматы шаһары болғандықтан шара­ларымыздың, дәлірек айтқанда тор­қалы той, топырақты өлімнің үлкен­ді-кішілі міндетінің дені осы қала әкімдігі мен қала әкімі, ұлтжанды, үлкен жү­рек­ті азамат Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің тікелей араласуымен өтеді. Оңтүстік астана әкімі қай мәселеде де меселімізді қайтарған емес. Осындай алғысты сөзді Алматы облысының әкі­мі Амандық Ғаббасұлы Баталовқа, Аты­рау облысының әкімі Нұрлан Ас­қарұлы Ноғаевқа, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев­қа, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түй­ме­баевқа да айтар едім.
Осы жылдар ішінде Одақ жұмысы­ның жандануына қаржылай демеушілік көрсетіп, әдеби шаралар өткізуімізге қол ұшын берген мына корпорациялар мен кәсіпкерлерді бөліп айтқым келеді. Олар – жүйелі түрде жас жеткіншек қа­ламгерлеріміздің жол ашуына мүм­кіндік берген жыл сайын өте бастаған «Алтын тобылғы» бәйгесінің демеушісі қа­зақтың тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қоры; балалар әде­бие­тін қолдауға арналған халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесін жыл сайын өткізіп келе жатқан «Жер-Су» кор­порациясы (Президенті Бауыржан Оспанов), балалар әдебиетін қолдауға арналған жыл сайын өтетін «Балауса» бәй­гесінің демеушісі «Қазақмыс» кор­порациясы. Бәйге жобаларының иесі – Қазақстан Жазушылар одағы.
Екі құрылтай аралығындағы ірі де­меушілік жобалардың бірі – Қазақ ханд­ығының 550 жылдығына арналған «Алаш ақиқаты» бәйгесі. Бұл бәйге «Еуразия тобы»-ның пәрменді демеу­шілігімен атқарылды. Жоба авторы – Жазушылар одағы.
Осы кезең ішінде қарашаңырақ ұйым басындағы әралуан шараларға болысып, көмек қолын созып жүретін «Алтын қыран» Қорының президенті Исламбек Салжанов есімін айтпай кетуге болмайды.

***
Қорыта келе айтарымыз:
Әдебиет дейтін киелі дүниеге ұлт топырағында соңғы 84 жылға жуық ие болып, ыстығына күйіп, суығына тоңған Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның жаңа – жиырма бірінші ғасыр ба­сындағы күнгей-көлеңкесін бір баян­дама аясында түгендеу мүмкін емес. Біздің бүгінгі ұлы жиынымыздың мақ­саты – соңғы бес жыл ішіндегі ұйым өмірін саралау, талдау.
Уақыт дейтін кірпияз әлем өз деге­нін істейді.
Ұлт та, ұлт руханияты да, сол са­нат­та әдебиет те уақыт құзырына бағы­нары хақ. Мақсат – бағына отырып, жойы­лып кетпеу!
Ұйым негізін қалаған Алаш арыс­тары – Сәкен, Ілияс, Бейімбет­тер­дің заманында да, одан кейінгі Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендер секілді әде­биетті ұлыс тағдырын анықтар ұлы биік­ке көтерген алыптарымыздың ке­зеңінде де бұл мақсат күн тәртібінде тұр­ған.
Кешегі ХХ ғасырдың екінші жар­ты­сындағы көркем әдебиетті кәсіби шеберлік пен жалпыхалықтық таным кеңістігіне алып шыққан аға буын мен ұлт әдебиетін танылу мен бағаланудың әлемдік өрісін кеңейткен алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдардың тұсында да бұл мақсат өз қан тамыры­ның ыстығын бәсеңсітіп, соғысын әл­сіреткен емес.
Бұл мақсат Ел үміті мен сеніміне ерек­ше қуат беріп, қанат бітірген бү­гін­гі Тәуелсіздік дәуірінде де сөз өне­рінің жаңаша дамып, жарқын істерге бет бұруымызға мұрындық болып ке­леді.
Басынан уақыт, дәуір ұсынар қиын­дықтарды еңсере жүріп, Қазақ­стан Жазушылар одағы қазақтың көр­кем сөзімен біте қайнасып бірге ке­леді.
Қадірлі әріптестер, «тағдыр салды, біз көндік» дейтін көнеден жеткен сөз бар. Ұрпақтан ұрпаққа көшіп, ер үсті­нен түспей келе жатқан осы бір на­мысқа қамшы, ғарышқа тамшы болар баба-сөзді айтып тұрып, мен осынау әдебиеттің киелі мінберінен, әуелі, жара­тылысы мен болмысы жер әлем­дегі ешбір сөз өнеріне ұқсамайтын Қа­зақтың құдіретті көркем әдебиетіне бас игім келеді!
Жазушылар одағында өткен 22 жыл мен үшін үлкен мектеп болды!
Дүниеде болатын үлкенді-кішілі кез келген құбылыстың басы, ортасы, аяғы болады. Осы үш кезеңнен тұратын қасиетті төрге Төраға болған кезіме бірінші айтар сөзім – Аллаға мың да бір алғыс.
Басы қиын, күрделі болып бастал­ды…
Үйі – талауға, күйі – қамауға, басы дауға түскен ұйымға Төраға болып кел­генімде екі нәрсе арқамды аяздай қап­ты. Біріншісі – Абылайхан, 105 дейтін адрестегі Бас ғимарат пен Тайманова 222 «А» дейтін адрестегі Шығарм­а­шы­лық Үйдің Үкімет қаулысымен өзге бір қоғамдық ұйымға өткені! Екіншісі – бір кездегі Сәкен, Ілиястар өз қолымен құрған біртұтас шығармашылық ұйым­ның бірнеше ұсақ-түйек бірлестіктерге бөлшектеліп, бөлініп, бір-бір мөрді құ­шақтап отырғаны…
Екеуі де шешімі қиын пробле­малар.
1996 жылы мен 1999 жыл аралы­ғындағы үш жарым жыл соттасып жү­ріп, ғимараттарды Одақ игілігіне қай­таруға, сондай-ақ, бөлшектелген әлгі қоғамдық ұйымдарды-қайыра бір ұйым аясына жинақтауға кетті.
Бұл – бір.
Екінші кезең ғимараттарды күрделі жөн­деуден өткізіп, уақыт талабына сай жасақтауға кетті.
Үшінші кезең – өз кезінде әртүрлі себептермен Қазақстан Жазушылар одағының құзыретінен шығып қалған үш басылым – «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журнал­дары­ның Одақ құрылтайшылығына бір­жолата қайтып келуі.
Айтуға жеңіл!
Бұл міндеттердің сыртында атқа­рыл­ған шаралар мен шешілген шаруа­лар ұшан-теңіз.
Мен бұл шаралар мен шаруаларды ұйым тұтастығы мен ұйым тағдырына жұ­дырықтай жұмыла кірісіп, шарша­май, шалдықпай бірге жүріп күрескен, тұрысар жерде тұрысқан аға буын жазушылар мен адал әріптестерімнің арқасында атқардым.
Бұл – кешегі күннің ұлы шын­ды­ғы!
Бұл – әдебиетке деген Елбасы ықы­ласының ақиқаты!
Ендігінің шындығы мен ақиқаты – сол киелі кезеңнің көзіндей болған жәдігерлерді сақтап, болашақ жас әдебиетшілеріміздің игілігіне жарату!
Ұйым да, ұйым айбарындай болған ат­рибуттарды қорғау – ендігі басшы­ларғ­а сын! Аманат!
Сыннан сүрінбейік!
Аманатқа адал болайық!
Артық айттыға жықпаңыздар… Ұйым жұмысына барымды салдым. Аянған кезім жоқ. Ұстанымым – өліге тағзым, тіріге – ықылас болды.
Екіншіден, маған батасын берген, өмір­ден қайтқан кешегі нар бітімді абзал ағаларыма, сағынышқа айналған қа­тар-құрбыларыма, ел-жұртын боз­датып ерте кеткен інілеріме бас игім келеді!
Осы жылдар ішінде әртүрлі жағ­дайда, әралуан күйде жүрсекте Әдебиет дейтін айдынды әлемнің пұшпағын бірге илеп, қуаныш-қызығын да, алыс-жұлысын да, айтыс-тартысын да бірге жүріп көрген ұйымның әрбір мүшесіне алғыс айтамын! Алла адалдығынан жаңыл­дырмасын! Осы мінбеден бә­ріңіз­ге ризашылығымды білдіре оты­рып, бұрын да айтқам, тағы да қайталап айтып, Төрағалық сайысқа түспейті­нім­ді жеткізгім келеді.
Жеткеніміз – белгілі.
Жетпегенін ұйым тағдырына жауап бе­рер кейінгі іні-бауырларыма аманат­та­ғым келеді! Ұйым беделі мен абы­ройы барлығымызға серік болсын!
Сенген әріптестеріме, сеніп тізгін ұстат­қан Елбасыға рахмет!
Сьез жұмысына сәттілік тілеймін!
Адал сөз бен Әділ ойдың айдынын­да Тәңірім адастыра көрмесін!
Әдебиетіміз мәңгі болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір