АЛТЫННЫҢ СЫНЫҒЫ, АРДЫҢ ТҰНЫҒЫ
(Жампоз ақын
Жәркен БӨДЕШҰЛЫНЫҢ «Бұрылыс» кітабы хақында)
Сауатты бір оқырман үшін оқыған әр кітаптың орны әр басқа. Менің де оқыған әр кітабым өмірге, білімге, дүниенің сырын түсінуге ашылған бір-бір терезе іспетті. Асқардың басына шығу үшін басылған бір-бір
баспалдақ сияқты. Мен өмірімді кітапсыз мүлдем елестете алмаймын. Мен үшін оқыған әрбір кітабым – ардақты ұстаз, адал дос!
Орхон жазбасы, ойтолғақ және Жәркен жырлары
Менің өмірімде талғамыма ерекше бұрылыс жасаған үш шығарма болды. 1987 жылы қыркүйекте Шыңжаң оқу-ағарту институтының филология факультетіне оқуға түстім. Қазақ классик әдебиеті сабағына арналған профессор Ахметбек Кірішбаев «Қазақ әдебиеті тарихынан очерктер» кітабынан тұңғыш рет VІІ-VІІІ ғасырдағы түркі әдебиетінен мысал ретінде алынған Орхон ескерткіштерінен берілген Күлтегін жырын оқытқан. Онда: «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан Табғаш (Қытай) халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. (Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатар еді. Жақын қонып, сосын (олардан) әдепсіз қылық үйренуші еді. Ақылды кісілерді, батыл кісілерді Табғаштар қозғай алған жоқ. (егер) бір кісі алданса (онда) руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді. Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып, түркі халқы, қырылдың, түркі халқы, жойылдың. Сонда өш адамдар былай иландырып еді: «Жырақ болса жаман сыйлық берер, жақын болса, жақсы сыйлық берер», – деп, осылай иландырып еді. Білімсіз кісілер сол сөзге нанып, жақын барып көбі қырылды». Қытай ақпарат-әдебиетінде бұрын мүлде жарияланбаған бұл жыр менің Қытай топырағындағы мемлекетті құраушы «аға ұлт» аталып, ұрпақ санасында осылай қалыптасқан түсініктің күл-күміретін шығарды. Онда Қытай жайында біздің ата-бабаларымыз – түркілер тасқа қашап, ұрпағының ұрпағына өмірлік өсиетін қалдырып кеткен. «Күлтегін жыры» 1999 жылы қазақ орта мектебіне арналған «Әдебиет оқулығына» кіргізіліп, 12 жыл сабақ қып оқыттым.
Орхон-Енисей ескерткіші – бүкіл түркі жұртының бойтұмары. Осы жыр маған ерекше әсер еткен алғашқы шығарма еді.
Енді бірі – филология ғылымының докторы, профессор, ғалым Ақселеу Сейдімбектің «КСРО/СССР деп аталған тоталитарлық социалистік империяның соңғы жиырма жылына куә болған ұрпақтың күнделігі» деп редакция сілтеме берген кітабы – «Ойтолғақ» 2000 жылы қолдан-қолға өтіп, жасырын оқылып жүрген жерінен Қытайда қолыма түсті. «Ассимиляцияға түскен адам қандай қасиет иесі болса да, өз ұлты үшін құрбандыққа бара алмайды. Себебі ондай адам ұлтының қандай қадір-қасиеті үшін құрбандыққа баратынын білмейді». «Нағыз құлдық – сананың құлдығынан басталады. Санасы құл болғандарда бір ғана түйсік болады. Ол – тиым түріндегі түйсік. Яғни санасы құл болғандар өмірдің барлық саласында, «бүйтуге болады» немесе «үйтуге болмайды» деген түсінікті ғана басшылыққа алады». «Саяси-әлеуметтік болмысы өзгеге кіріптар ел кешікпей-ақ рухани кіріптарлыққа ұшырайды. Рухани кіріптар халық өз асылын таптай тұрып, өзгенің жасығына тамсанатын болады. Біз қазір асыл мен жасықты өз бетімен айыра алмайтын дертке ұшырадық».
Мен жасап отырған қоғамдағы мәңгүрттердің халін, арманын, дәрменін, қаракетін, қалпын бұл кітап анық көрсетті. Соқырға таяқ ұстатты.
«Ойтолғақ» – көшпенділердің, қазақтың ұлттық идеясының ұйытқысы.
Сондай дүниенің бірі – жампоз ақын Жәркен Бөдешұлының:
Бұл кітапта – арғымақтың қаны бар,
Бұл кітапта – бостандықтың
таңы бар,
Бұл кітапта – Алты Алаштың әні бар,
Бұл кітапта – махаббаттың мәні бар,
Тағы, тағы, тағылар…
Нені іздесең – бәрі осыдан табылар, – деп басталатын «Бұрылыс» атты жыр жинағы.
«Бұрылыс» менің өмір, өлең, әдеби жасампаздық, қазақтың басынан өткен қырғын, өзіндік идея, еліміздің шығыс-батыстағы құдай берген көршісі жайында талғамыма үлкен бұрылыс әкелді.
Шекараны бұзып өткен саңлақтар
Көпке аян, Жәркен Бөдешұлының «мен ақын емеспін – тағдырым ақын», деп өзі айтқандай, өмірі – «коммунизмді» місе тұтпай, «коммунизмге» қашқан ғажайып өмір. Ақын 1944 жылы 15 мамырда ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданы Жайыр тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Жармұхамед. 2021 жылы 22 сәуірде дүниеден көшті. Ақынның «Көкше құрақ» (1979), «Қос қанат» (1982), «Зейін» (1984), «Аспан дауысы» (1985), «Нұрлы бояулар» (1988), «Жұлдызға орын ай бермес» (1996), «Емендер түнде бүрлейді» (2001), «Бөрінің асығы» (2005), «Бұрылыс», «Құбылыс» (2007) қатарлы өлең-поэмалар жинағы жарық көрген.
Жәркен Бөдешұлы ақын, саясаткер Айтан Нүсіпхан (1999-1994), тарихшы Әлімғазы Дәулетханұлымен бірге 1969 жылы әкесінің: «Менің тілімді ал. Атажұртты тап. Кетіп қалмасаң, сенің көзіңді жойып жібереді», – деген бұйрығымен советтік Қазақстанға қашып өтеді. Мұнда да коммунистік қызыл империя қазақты қиялына келген қияпаттықпен әшкере-жасырын құртып жатқан. Бұл болмысты Жәркен Бөдешұлы қосыны шекара бұзбай-ақ бес саусақтың саласындай біле тұрып, қазақ топырағына, яғни Қытайдың қырғынынан – орыстың сұмдығына қашты. Шеттегі қазақ сол топырақта жұмақ тіршілік кешсе де болашағы бұлдыр, түптің түбінде тілі ұмытылып, салтынан айырылып, ұрпағы ассимиляциямен өзгеге тұтылып, соңғы тынысың трагедиямен тынады. Кіндігіңді ел боламын, қазақ боламын десең, қазақ топырағынан, атамекеннен үзбе. Жер бетінде қарайған қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан. «Тірі қаламын» десең, Қазақстанды тап дейді. Бұл – олардың, шекараны бұзып өткен өрімдей жастардың тағдырымен, талғамымен, әппақ тілегімен, қаны тамған прометей жүрегімен қиырдағы қандастарға көрсетіп кеткен сара жол еді. Бірақ ол арманын өзге жұртта қалған ағайын түсінді ме? Өкініші – сол…
Есімде емес, тоқ жүрдім бе, аш жүрдім,
Жастайымнан басымды
тауға-тасқа ұрдым.
Есім жоқта жат босаға жастанып,
Есім барда елін тапқан қашқынмын.
Ақын өз тағдырын, Қытайдан қашып өткен, атажұртқа жеткен тағдырын айтып отырғандай. Нарқында олай емес, «босағаны жастанып» кім жатады? Асыраған ит жатады. Босаға жастанып жатқан кезім – ессіз-мәңгүрт кезім. Елімді тапқан кезім – есім бүтінделген кез дейді. Өлеңдегі ақынның алтын кездігі білінбей тұрып талай ессіздің жүрегі мен ұжданына қанжар болып қадалып, жемтігін жерге тығып жібереді.
Сағынышпен өткен өмір
Баллада – поэзияның көлемі шағын, мазмұнды, оқиғасы қысқа, сюжеті тосын шешім табатын, кейіпкері ерек характерде сомдалып, өзгеше мінезбен типтендірілетін, актив идеалды эпикалық жанры. Прозада новелламен қатар тұрады деп қараймын. Балладаны осы ерекше сыр-сипатына қарай көп ақын жазбайды. Өйткені балладаға қойылар талап ауыр, қадалатын теңге-моншақ мол, әрі әрлі де нәрлі деп қарайды. Ал қазіргі әдебиетте поэмаға көлемін толтыра алмаған, оқиғалығын аңыз-ертегіден алған дүниесін баллада дей салатын ақындар жетіп-артылады.
Мен Жәркен Бөдешұлының шағын сюжетке құрылған көптеген өлеңдерін басы бүтін тұнып тұрған баллада дер едім.
Ақынның «Қытай сотында» деген тамаша балладасы бар. Шекара бұзып, атажұртқа қашқан екі қашқынды мұрыннан сымтемірмен тіркеп сотқа әкеледі, олар: адасқан Алакөлдің үйрегіміз, Атажұртқа бұрылып тұр бүйрегіміз, амал жоқ арманымыз күйреді. Бір оқпен ат, бұл түнектен рухымызды осылай құтқарамыз дейді. Сот өкіммен ұлы дәтке дәнеңе дей алмайды. Бұнда – шекара шегендеген шерменде қазақтың қасіретпен қан жұтқан қаһармандығы жатыр да, ұлтқа, ұрпаққа рухыңды өлтірме деген үндеу тастайды. «Оспанды қазыр атады» балладасы да дәл осы идеяға құрылған ғажап шығарма.
Жайырдан басқа досым жоқ,
Өзгеге менің қошым жоқ.
Жүретін ылғи алаң боп,
Жайырдан басқа анам жоқ.
Дертінен кеттім жауыр боп,
Жайырдан басқа жауым жоқ…
Бұл өлең – туған топырағы жайырға, туған елге ақынның саржапырақ сағынышына, еңірегенде етегі толған көз жасына, шегенделген шекара мен шемен саясат шерменде еткен ақынның жан азабы, сарыуайым қазанында қайнаған мұң-запыран сыры. Ақын: «Дүниеде кіндік қаны тамған жерді аңсағанда, соған жете алмай боздаудан ауыр қасіретті мен білмеймін» дейді. Ол өзінің Жайырға, туған жерге, туған елге сағынышын, махаббатын жырлау арқылы күллі қазақтың жерге, елге, ұлтқа деген сағынышы мен махаббатын жеріне жеткізіп жырлаған ақын.
Бұл – сарыуайым сағыныш жырының астары арқылы ақын әлемдік өркениетке жат адам баласын адами талғамнан, адами арманнан, адами қатынастан, адами көңіл күйден мақұрым тұлдық тірлікті, бір пәрменмен ойлайтын, бір пәрменмен сарнайтын, бір пәрменмен жырлайтын құлдық сананы, дүниелік дамудан дөйдала, демократиядан тұржағұн, ми, жүрек, ой, сарап, сана, көз, аяқ, мұрын түгелдей құрсауланып, бір кісінің билігіне берілген әлемде теңдесі жоқ мешеу құбыжық қоғамның сырын ашады. Жуықта Ресей халқынан «Ресейдің Украинаға соғысын тоқтату керек пе, әлде жалғастыру керек пе?» деген қоғамдық сауалнама өткізгенде, 87% халық «жалғастыру керек!» деп жауап беріпті. Міне, бұл – құлдық сананың құдіреті.
«Оң тізем, оң қабағым»
Ақынның басым көп өлеңдері ата-бабаларымыздың талғамына арқау, арманына алау, руханиятына тірек болған ұлттық ұлы нанымға, мыңдаған жылдық мифтеріне арқа сүйейді. Бұл – Жәркен поэзиясындағы бір құдірет. «Жылқы кісінейді» өлеңінде «санамдағы бір тал қылын тұтаттым» деп, «Қу бас ат» өлеңінде «құйрығыңнан алар ем-ау ту жасап» деп келсе, «Оң тізем, оң қабағым» лирикалық поэмасы, тақырыбы айтып тұрғандай, ақын бұл өмірдегі сетен, сетер, салиқалы, сәтті қадамдарына оң тізесін тосып, оң тізесін бүгіп, мінәжат етеді. Сақ-түріктен қалған тұнық түсінік, қанымыздағы қазақы талғамның қаймағы оң тізе, оң қабақ, оң қадам, оңынан ісі, оңынан орын, айы оңынан туу, оң қабағы тарту, орында бардың оңалуы.
Оң тізем, сен бүгілсең болды,
Өлеңге қарай жол жүрдім.
Тұңғыш махаббатымды,
Оң тізем, саған қондырдым.
Оң тізем, саған қондырдым,
Түңғыш құсым – ұлымды.
Оң тізесін үш мәрте бүктіріп,
Ақ ордама ибалы келін түсірдім.
…………………………………………
Оң тізем, сені бүктім мен,
Күлтегіннің көк тасының алдында,
Күлтегіннің көк тасы –
тасқа басқан құраным,
Асқақ-асқақ ұраным.
………………………………………………
Тәуелсіздікке тәу етіп,
Оң тізем сені бүккенмін.
Бұл өлеңде ұлтының тарихындағы ұлылыққа, ұлтының руханиятындағы ұлыларға бүгілген оң тізесін, борыштар азаматтық әз жанын, ұлылық деп, ұлтым деп, ұлыларым деп жайылып тұрған алаулы жүрегін ашық көрсетеді. Сосын серті мен өмірден сезгенін:
Қорқау біткен кетер түбі құрдымға,
Өз халқының қан-сөліне семірген.
Бүгілмесең балталап тастар едім мен,
Қу томардай жанқалап
тастар едім мен.
Ұрғашы оңбас ұрпағынан жерінген,
Еркек оңбас өз тізесін кемірген, – деп біздің пенделік тірлігіміздің тынысын бір уыс қып қолымызға ұстатады.
Оң тізем – қайың тұғырым,
Оң тізем – тұтас ғұмырым.
Жаратушы Аллаға ғана бүгілді.
Аттап өтіп ат басындай алтынды –
Өлеңге қарай жүгірді,
Өнерге қарай жүгірді.
Жүгір, жүгір –
Жүгірмесең болмайды.
Жүгір, жүгір –
Жүгірмеген оңбайды.
Жүгір, жүгір –
Жүгіргендер тоңбайды.
Жүгіргеннің жолы ылғи да болғай-ды.
Әмин! –
деп оң тізеге тізіп, өзінің тағдырын, өмірдегі ұлы ұстанымның, ел бақытының, ер бақытының не екенін ишаралап айта отырып, оқырманға «Мен тіземді кімге, неге бүгіп жүрмін? Кімнің және ненің соңынан жүгіріп жүрмін?» деген ауыр да жеңіл сауал тастайды. Ақын поэмасында:
Алмағайып мынау қиын заманда,
Қиянат жасап көрген жоқпын адамға,
Жырларымды тік көтеріп жалаудай,
Келер ұрпақ дұға оқиды маған да, – деп сөз өнерінің құдіретін түсінетін, рухани бітісінің күші бекім, ақынның жалау жырын жан ділімен тұщынған, қазақтың кемел келешегінің керім ұрпақтарынан үлкен сый күтеді. Біз де сол Жәркен жырын жалау қып көтергендердің жанында болсақ дейміз. Ол күннің туарына сенеміз.
Мағжан сатылмағаны үшін атылды
Жампоз жырау Мағжан Жұмабаевқа арнаған бір шумағында:
Сен қара жер емессің
Сатылып кететін.
Мен Мағжан емеспін,
Атылып кететін.
Қара жер құнарлылығы үшін сатылды,
Мағжан сатылмағаны үшін атылды, – десе, Алтынбек Сарсенбаевқа арналған «Қаза» деген өлеңінде:
Атты аямай қарақшы,
Желкеңнен және арқаңнан.
Желкеңнен атқан себебі –
Бас имедің ар санап.
Арқаңнан атқан себебі –
Арқаңда сенің Алты Алаш, – дейді. Ақын, міне, осылай. Біздің биліктің отыз жылдық тірлігін бір шумақпен түйіншекке түйіп, тарихқа, келешекке сәлем-сауқат қып ұсынады.
Жәркен Бөдештің жан ділін, жүрек сырын айпара шертетін бір айтулы шығармасы «Тозақтан – ұжымаққа» поэмасы. Поэма – ақынның атажұртқа, бабасының басы қалған қасиетті мекенге, тәуелсіз егемен Қазақстанға судан таза, сүттен ақ, аппақ азаматтық имани пиғылын мөп-мөлдір қалпында көрсеткен ұлы патриоттық идеядағы шығарма. Эпикалық поэмада 1969 жылдың ерте көктеміндегі тарихи сәт жырланады.
Тұрмын, міне, шекараның шегінде,
Артта – тажал,
Алда – Атажұрт, шегінбе…
Қош, туған жер, арылмаған түнектен,
Шеңгел шықты топырағыңа
гүл ексем.
Қош, ауылдың таңғы ақбоз түтіні,
Сенің иісің арылмайды жүректен, – деп туған топырағын тажалдың уысына тастап, шекара аттаған бейбақ аз жүрген соң төбеті мен ақбозын далаға тастап, адасып, аюдың апанына түнейді. Аю жемейді. Аштықтан өлер болғанда түбінен балығы көрінген тұп-тұнық көлшіктен балық ұстап жеп, аман қалдым-ау деп:
Ата-жұртқа аман-есен барғасын,
Ғұмырымның өткізермін жалғасын.
Арқыраған арғымағын мінбей-ақ,
Арманым жоқ, сүйреп жүрсем арбасын, – деп жан шақырған тағдыры:
Жазмыштың кесапатын көрші, міне,
Құлады басы айналып көл түбіне.
Үйір-үйір балықтар үйіріліп кеп,
Таласып жатты оның жемтігіне, – болып тынады. Ақын бұл арада да ұлттық мифтің ғажап күш-құдіретінен, ұлттық таным-түсініктен өте орынды пайдаланған.
Сақтан сарқыт, түріктен тұтқа қазақтың қанындағы қағидат, мифтік түсінікте су – ең таза, ең тұнық, ең пәк, ең аластағыш ұлы құдірет. Судың кетірмейтін кірі, алмайтын нілі, ұшырмайтын пәлесі, қақпайтын қаласы жоқ. Теңдессіз кіршіксіздік. Қазақ қырқыннан шығып, кір-қожалақ адамзат қоғамына тұңғыш қадам басқан сәбиді су иесі Сүлеймен мың бір атты пәледен сақтайды, жүз бір атты қатерден қағады деп 41 қасық суға шомылдырады. Ұшық салып, ауырды деген адамды 41 шөміш сумен соғып ұшықтайды. Бақилық болған адамның мәйітін 41 шыны сумен дәреттендіріп арулайды…
Поэмада туған топырағын – пәни дүниені (тажал) артқа; төбет мінез, пиғыл, ақбоз – қу дүниені далаға; жемтігін балыққа жем еткен «мен» тап-таза қалпында шерменді шекараның ар жағына – атажұртқа (жәннатқа) шүберекке түйілген жаны өтеді.
Ақынның айтары: егемен Қазақстан қазақтың тазалығының отаны болсын деп арман етеді.
Әбділ ТӘУЕКЕЛҰЛЫ, этнограф, мәдениеттанушы
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.