«ҒАСЫР-ҒҰМЫР» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МҮШӘЙРА ӨТЕДІ
Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай облыс әкімдігінің қолдауымен «ҒАСЫР-ҒҰМЫР» атты республикалық ашық жыр мүшәйрасы өтеді.
Мүшәйраның мақсаты:
1918 жылдың маусым айында ұлт зиялыларының бастамасымен алғашқы саны жарық көрген «Жетісу ісші халық мұқбірі», бүгінгі Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бір ғасырда жүріп өткен жолын көркем жырға арқау ету. Басылымның Алаш идеясын көтеруі, кеңестік қылбұраулы шақтың өзінде ұлт мүддесін ұлықтап, рухын биік ұстай білуі, сондай-ақ азаттықтың ақ таңы атқалы бергі асыл арнасының кемерленіп, алтын көмбесі айдарланған көш-керуенін насихаттау.
Шарттары:
«ҒАСЫР-ҒҰМЫР» атты Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 100 жылдық мерейтойына бір өлең арнау.
Әр автордың өлеңі 14-ші қаріп үлгісімен тергенде үш беттен аспауы керек.
Мүшәйраға қатысатын ақындардың жасына шектеу қойылмайды.
Өлеңнің мазмұнына, идеясына, құрылымына, көркемдігіне және тақырыптың ашылуына мән беріледі.
Қазақ баспасөзі қара шаңырағының бірегейі Алматы облыстық «Жетісу» газетінің ғасырлық жолын ордалы ой, кестелі жырмен өрнектеуге асығыңыздар. Жүлде қоры көлемді!
Бас жүлде (біреу) – 800 000 (сегіз жүз мың) теңге;
Бірінші орын (біреу) – 500 000 (бес жүз мың) теңге;
Екінші орын (екеу) – 350 000 (үш жүз елу мың) теңге;
Үшінші орын (үшеу) – 200 000 (екі жүз мың) теңге;
Ынталандыру (бесеу) – 50 000 (елу мың) теңге.
Шығарманы 1-мамырға дейін мына мекенжайға жіберіңіздер:
Талдықорған қаласы, Балапанов көшесі,
№ 28, 4-қабат, Алматы облыстық
«Жетісу» газетінің редакциясына немесе
jetisu2002@mail.ru электронды поштасына.
Байланыс телефондары:
(87282) 41-10-46, 41-10-49, 41-10-47.