«Үйге қарай жүгірме, бүйіріңді таянба, таяққа сүйенбе, есікті керме, табалдырыққа тұрма, тізеңді құшақтама, қолыңды төбеңе қойма, жағыңды таянба, аяғыңды айқастырма» деген тыйымдарды бәріміз де естіп өстік.
«Неге?» дейтін едік ондайда. Олардың бәріне берілетін жалғыз ғана жауап болатын – «жаман болады». Не жаман болады, неге жаман болады, оны ешкім түсіндіріп айтқан емес. Бала күнімнен естіп өскен дәл осы тыйымдарды қазір өзім де айтамын. Маған да «неге?» деген сұрақ қойылады. «Жаман болады» деп қысқа қайырамын. Өйткені жауабын өзім де білмеймін. Дұрысы, осы күнге дейін білмейтінмін. Өйткені маған ешкім оны түсіндіріп айтқан емес. Ақын Қасымхан Бегманов пен этнограф Жағда Бабалықұлының сұхбаты негізінде жазылған «Халқы мықтының – салты мықты» деген кітаптан, Жәрдем Кейкіннің «Қазақы атаулар мен байламдар» кітабынан бұл сұрақтарға там-тұмдап жауап тапқандай да болғанмын. Ал жуырда ғана жарыққа шыққан жазушы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» деген кітабында мұның бәріне тиянақты да түсінікті жауап берілген екен. Сегіз-тоғыз баспатабақтық кітапты бір деммен оқып шықтым. Неліктен бүйірді таянуға болмайтынын, тізені неге құшақтамайтынын, жағыңды таянудың нені білдіретінін енді ғана білдім.
«Күретамыр» деген аты жақсы, заты соған сай кітапта адамның дүниеге келуінен, тіпті бойға бітуінен бастап, өмірден өткенге дейінгі бүкіл салт-дәстүр, ырым-тыйым тегіс қамтылған екен. Кейбір салтты дұрыс істемей жүргенімізді түсіндім, кей дәстүрлерді мүлдем ұмыт қалдырған екенбіз. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, қазір әр өңір «өз заңымен» жүретін болған. Әсіресе, дәстүр-салтқа келгенде «біз жақта олай емес», «ол жақтың салты мынадай» деп «тіреліп» алатындар көп. Зейнеп апа бұған да тоқталыпты. «Мен бұл кітапта халықтың мол мұрасының шетпұшпағын, онда да өзім білетін, өзім тұрмыста қолданатындарды ғана жаздым. Тіпті соның өзі еліміздің басқа өңірінде өзгешелеу болуы әбден мүмкін. Осы шығарманы оқыған соң «біздің жақта мұндай емес, мынау қате айтып отыр» дейтіндердің табылатынына күмәнім жоқ. Оған таңғалмаймын. Дегенмен «біздің жақ» деген қай жақ? Бөтен ел, жат жұрт па?..», – дейді Зейнеп апа. Бұл сұраққа жауапты алыстан іздемейді, өзінің қайын атасы, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының сөзімен жауап береді. Бауыржан атамыз сонау 1974 жылы былай деген екен: «Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарында үлкен ауытқу болмағанымен, әр өлкенің өзіне тән өзгешелігі бар. Ол – заңды құбылыс. Өйткені қазақ халқы тарих жолында томаға-тұйық өмір сүрген жоқ. Әртүрлі халықтармен шекаралас, көрші-қоңсылас тіршілік етті. Олардан ештеңе жұқпады деп кесіп айта алмайсың. Содан кейін, әр таудың өзіне тән қиясы болатыны секілді, әр өңірдің жер жағдайы, табиғаты, соған орай тіршілігі адамның санасына, әдет-дағдысына, тіпті киім үлгілері мен тамақ түрлеріне дейін өз таңбасын, ізін салады. Оны ескермей, түсінбестен «біздің жақтікі дұрыс, секіні бұрыс» деп айтуға ешкімнің хақысы жоқ. Ол – надандық. Ұлыстық, рулық санадан көтеріліп, біртұтас ұлттық деңгейден қарасаң, сол өзгешеліктің бәрі – қазақтікі. Оны басқа ұлт жасап берген жоқ, қазақ қалыптастырған, қазақ пайдаланған. Олай болса, ала қойды бөле қырықпай, «бұл – біздің қазақтікі» деп ауыз толтырып айту өзі бір уыс қазақтың тұтастығына ауадай қажет». «Сенікі», «менікі» деп бөліне кететіндерге осыдан артық жауап беріп көріңіз!
«АДАМНЫҢ АТЫ – ИТТІҢ КЛИЧКАСЫ ЕМЕС…»
Журналистиканың айналасында жүрген, жасы елуге таяп қалған бір апай қызымның атын сұрады. Нұрилә екенін айттым. «Ойбай, кемпірдің атын қойыпсыңдар ғой», – деді апай. Мұндай жауап күтпеген басым абдырап қалдым. «Енді-і, кейін кемпір болады ғой», – дедім жөпелдемеде аузыма басқа сөз түспей. Бір қарағанда, балаға ат қою дегеннің үлкен жауапкершілік екенін жұрттың бәрі білетін секілді. Бірақ, не мәні, не мағынасы жоқ ат-есімдерді көргенде балаға да, оның әке-шешесіне де жаның ашиды.
«Әрбір ата-ана өзінің көз нұры, қолқа-жүрегі санаған баласына әдемі әрі мағыналы ат қоюды қалайды. Ізгі ниеттен ырымшыл болған халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, қара қылды қақ жарған әділ билердің, дәулескер күйшілердің, шашасына шаң жұқпаған ақын-жыраулардың атын қоюға пейілді болған. Бірақ әулие-пірлердің атын қоймаған. «Балаға ауыр болады, киесін көтере алмайды» деп, астамшылықтан сақтаныпты», – дейді Зейнеп апа.
Арғы-бергі тарихымызға қарасақ, үлкен адамдардың атын қойғанның өзінде оны тура атамай, еркелетіп басқаша атағандарын көреміз. Ал қазір, тіпті, пайғамбарлардың атын да аспай-саспай қоя береміз. Қойғаннан кейін соның салмағын білсек те жақсы ғой, «әй, Мұхаммед, бас аяғыңды», «осы Иса деген иттің баласынан-ақ тарттым ғой» деп қарғанып жатқан ата-ананы әр ауладан, әр мектептен кездестіруге болады. «Ұрпағына қасиетті адамның есімін бере отырып, соған лайықты етіп өсірмесе, ол ата-ананың кінәсі», – дейді Зейнеп апа. Өкініштісі, мұндай жауапкершілік жүгін жұрттың бәрі бірдей сезіне бермейді. Сериалдан естіген, өзі мағынасын да білмейтін есім-сойды баласына мақтанышпен қойып жүргендер көп. Сондай қазақтардың бірі қызына «әдемі естіледі» деген желеумен қойған бір есім «жеңіл жүрісті әйел» деген мағынаны білдіреді екен. Арианна, Дарианна, Шарлотта деп те ат қойып жүрген қазақтар көп. «Адамның аты иттің кличкасы емес, атты абайлап қою керек. Неге десең, адам есімі мен болмысының тылсым байланысы бар екені күмәнсіз», – деген екен Бауыржан атамыз бірде.
Ат-есім дегеннен шығады, қазақта батырдың құрметіне Бауыржан атанған балалар мыңдап саналады. Тіпті, Бауыржан деген атты иеленген басқа ұлт өкілдері де бар көрінеді. Дегенмен, «Күретамырдан» оқыған мына бір жайт бір жағы жағамызды ұстатса (қазір өзі «жаға ұстатты» деген сөз трендке айналды ғой, дегенмен бұл расында да жаға ұстататын жайт екен. – авт.), екінші жағынан адамның аты мен оның тағдырының арасында байланыс бар екенін көрсеткендей болды. Зейнеп апа «Күретамырда» Ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдан естіген бір әңгімені былайша баяндайды:
– Амангелді Оспанов дейтін бауырымыз Талғар қаласына тойға шақырды. «Бұл не той?» десек, баласына төлқұжат алып, соның қуанышына жайылған дастарқан екен. Е-е, баласының азамат болғанына жасалған той екен ғой деп бармаймын ба! Сөйтсем, баланың Бауыржан деген атын шетелге оқуға барғанда айтуға қиын деп Майклға ауыстырып төлқұжат алыпты. Мына той-думан соның құрметіне екен. Өзінің аты Амангелді Иманов батырға баланып қойылса керек. Оның әкесі ардақты тұлға Оспан батырмен аттас. Ал баласына Баукеңнің есімін атасы ырымдап қойған екен, енді оны Майклға өзгерткен. Түңіліп, күйіп кеттім. «Майкл демей, бірден маймыл деп қоймадың ба?» – деп бірден бетке айтуға тура келді. Ол маған кәдімгідей реніш танытты. Мен де ары қарай қалмай, тойдан кетіп қалдым. Сол тойдан кейін көп ұзамай Амангелді қайтыс болды. Арада төрт жыл өткенде Майкл мені өзі іздеп келді. Ол маған: «Аға, өмірім біртүрлі өзгеріп, әралуан кедергілер көп кездесіп, берекем кетті. Үлкен бір атаның ақылымен өзімнің бұрынғы Бауыржан деген атымды қайтардым. Мазақ болғым келмеді, батыр ата секілді қазақ болғым келді», – деп ағынан жарылды. Баукең атамыздың киелі адам екенін түсінгеніне қуандым.
Адам айтса нанғысыз секілді көрінгенімен, өмірде мұндай да жайттар болып жатқанға ұқсайды. Зейнеп апа адамның азан шақырып қойған атынан бөлек, қосалқы лақап аты туралы да әдемі әңгімелеген екен. Абайдың шын аты Ибраһим екенін, Шоқан Уәлихановтың есімі Мұхамед-Қанапия екенін мысалға келтіріпті. Келіндердің ат тергеуіне де тоқталыпты. Мұның бәрін біле жүрсек, білгенімізді айта жүрсек, айып болмас. Ал өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтындар болса, олардың обалы өзіне делік.
Бәлкім қателесуім де, бірақ қазіргі кезде қазақтың басын біріктіретін ең негізгі діңгек дін де, тіл де емес, салт-дәстүр ме деймін. Ақыл-парасаты мен ақидасы, көзқарас-пікірі мен ұстаным-ұстыны әртүрлі, әлеуметтік жағдайы да ала-құла той иелеріне қараған уақытта еріксіз осындай ойға келесің. Қазақша екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтыны да, атеистік көзқарастан айнымағаны мен жаңа молда болғаны да кәдені біледі. Титтей той жасаса да, дәстүрге сай жасағысы келеді. Бұл қуанатын-ақ жағдай. Тек сол дәстүрдің жөн-жосығын білсе, білмегенін оқып, сұрап барып жасаса дейсің. Бұл ретте «Күретамыр» бағдар іспетті десек, асыра айтқанымыз емес. Сонымен бірге, салт-дәстүрімізді тек той-томалақта, Наурыз мейрамы жақындағанда ғана емес, жайшылықта да сақтап, ұстансақ, ұтылмасымыз анық.
Жұлдыз Әбділда,
журналист.