Ғайникамал БАЙҚОШҚАРОВА,
актриса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
– Сізді театр сахнасынан, экраннан көрген сайын бойыңыздан актерге тән емес бұйығылық байқаймын, мұным шындыққа қаншалықты жақын?..
– Өмір болған соң оның иірімі әрқилы. Қамығу, қуану, сүріну, жығылу, қайраттанып қайта тұру – барлығы да кеудесінде саңылауы бар адамға тән қасиет. Әрбір ортада сені бағытыңнан адастыруға бейіл, көзге көрінбейтін су астының ағыны секілді екпіні қатты жайттар болады. Бір адамдар атақ-даңққа, құрмет-қошеметке тез жеткісі келіп, сондай жайттарға ілесіп кетеді. Ал алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып, «тас атқанға…» ас ата алмай қалсаң, ертең өзіңнің кім болғаныңды білмей қаласың. Мен мұндай жайттардан барынша аулақ жүруге тырыстым. Бұйырған рольді ойнадым, бұйырмаған рольге жармаспадым.
– «Сәл де болса табандап жіберсем, осы роль маған тиер еді…», – деген өкініш болған жоқ па?
– Мен – әжемнің қызымын. Ол кісі мені жастайымнан бауырына басты. Ақсүйек адам еді. Бала күнімнен әжемнің қасында ойнап жүріп, оның айтқандарын құлағыма құйып өстім. Бұйырғанға шүкір айту мен бұйырмағанға өкінбеуді әжемнен үйренген шығармын… Қазіргі балаларға қиын-ақ, олардың әке-шешесі жұмысбасты, көбінің әжелері бөлек тұрады. Сол себепті, бүгінгі балалардың көпшілігі әжесінің әңгімесін естімей өсіп келеді. Заманның талабына сай балаларды әртүрлі үйірмелерге беруге барлық отбасының жағдайы келе бермейді.
– Дәрігерлер дайындайтын оқу орнында оқып жүргенде күрт айнып, актер болуға бел шешкеніңізге қарағанда актерлік бала арманыңыз болғаны ғой?
– Бала күнгі санамда әртіс болу деген ұғым болған жоқ. Ауылға «Бродяга», «Господин 420», «Аршын мал алан» деген киноларды әкеліп қояды. Экранның бар-жоғын білмеймін, кино қоюшылар экранды өздерімен бірге алып келе ме екен?.. Ол кезде пленкадағы кино тіпті, әппақ керегеге қойса да көріне беруші еді ғой. Экраннан көз алмаймыз, күлетін жерде күлеміз, жылайтын жерінде кейіпкерлерді аяп жылаймыз. Көргенімнің барлығы санамда қалады. Әке-шешем жұмыста, әжем қонаққа кеткенде жалма-жан сандықты ашып маталарды алып сари жасап иығыма жабамын, шашымды бостау өріп иығымнан асырып тастап жіберіп, үйдегі үлкен айнаның алдында кинодан көрген кейіпкерлердің қимылын қайталап, мінезін саламын. Біресе Наргиз, біресе Мая боламын. Наргизді қаншалықты аясам, Маяны соншалықты жек көремін. Әжем келеді-ау деген уақытта әлгі матаның барлығын орап-орап сандыққа тыға саламын. Жұмағали есімді бауырым да өнерге жақын еді, «Бродяга» фильміндегі әндерді айтқанда алдына жан салмайтын. Бірақ әкем оны заң факультетіне жіберді. Өнерді жақсы түсінгенмен, біздің халық әртісі болуды аса жарата бермейтіні белгілі… Мені актерлікке жақсылықтың жаршысы болып, жағымды кейіпкерлерді сомдасам деген риясыз сезім жетеледі. Адамның бойында осы салаға деген шексіз ықылас пен табиғи талант болмаса актерлік деген жайсыз мамандық қой…
Таңертең театрға алып-ұшып, терлеп-тепшіп келеміз, біз келгенде Әзірбайжан Мәдиұлы спортзалдағы станокта сықиып тұрады. Ол кісіні көргенде апыл-ғұпыл орнымызға барып тұра қаламыз. Қатал, талапшыл еді. Ол кісінің жұмыс істеу тәсілінде массовка бастапқы көрініспен бірдей. «Ана – Жер – Ана» спектаклінде сахнаға бір жағынан кіріп, бір жағынан шығып жатамыз. Толғанай жылағанда көзің жылтырап қарап тұруға болмайды, ол жыласа жылаймыз, сөйлесе тына қаламыз, қайткенде де оның көңіл-күйіне ену керек. Әзекеңнің бұл талабы бізге өте үлкен мектеп болды. Массовкада жинаған тәжірибемнің кейінгі рольдеріме көп септігі тиді.
– Тоқсаннан астам роліңіздің ішінен жаныңызға жақын – Қарагөзді 50 жасқа толған мерейлі сәтте ойнаған екенсіз, ол жасыңызда Қарагөздің ішкі толқынысын жеткізу қиын болмады ма?
– Қарагөзді Ә.Мәмбетовтың қойылымында ойнадым. Көркемдік кеңес құрамындағы Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Зәмзәгүл Шәріпова сынды апаларым дайындығымды жоғары бағалап батасын берді. Қарагөз бейнесін алғаш сахнаға шығарған Зәмзәгүл апай «Ғайникамал, сен Қарагөздің трагедиясын алып шықтың», – деген пікірін айтып, қолдау білдірді. Осылайша, 50 жылдық мерейтойымда Қарагөзді ойнадым. Бұл менің өз-өзіме жасаған сыйлығым іспетті еді. Актриса бір рольді жайдан-жай армандамайды, жанына жақын кейіпкерді сомдауға талпынады. Қарагөздің ролін армандаған актрисаның жандүниесі Қарагөздің демін жүрек лүпілін сезетіндей деңгейге жеткенде ғана рольді алып шығуға дайын деген сөз. Мен ұдайы «Қарагөз Наршаға қалай қарауы мүмкін еді?.. Сырымға қарағандағы жанары қандай болуы мүмкін?», – деген ойда жүретінмін. Ойымның соңында өзімді Қарагөздің орнына қойдым және Қарагөзден өзімді көрдім. Рас, кеш ойнадым… Бірақ өзге рольдер Қарагөздей бола ма?..
– Қазіргі жас актрисалардың Қарагөзді ойнағанында қандай ерекшелік бар?
– Қазір заман басқа. Шектеу жоқ. Біз жас кезімізде басты рольдерді он жыл болмаса да, жылдап күтетінбіз. Қазір актерлер тек спектакльдегі ролімен шектелмейді. Кино, дубляж, жарнама, той, барлығында актерлер жүреді. Күнкөріс керек, ол үшін оларды кінәлай алмайсыз. Қазіргі жастармен салыстырғанда біздің өміріміз бір сызықтың бойында ғана өткен секілді болып көрінеді, белгіленген жұмыс жоспарынан шыққан жоқпыз. Орайы келгенде жастарға ойнаған рольдерінің кем-кетігін айтып отырамын. Олай етпесек, үлкендігіміз қайсы. Олар жас, жас болғасын өзі ойнаған роль туралы үлкендерден сұрауға ұялатын шығар, оның үстіне «Мына рольді мен қалай ойнадым?», – деп сұрау үшін де жүрек керек.
Бүгінгі заман біздің жас күніміздегідей емес, тым қауырт. Спектакльден соң гримімді сүртіп, киімімді киіп дәлізге шыққанда дәліздің тек бір ғана жарығы жанып тұрады, ал далаға шыққанда бірде-бір машина қалмайды. Біздің жас күніміздегідей қазіргі жастардың спектакльден соң жайбарақат отырып, бірінің ролін бірі талқылап, көзқарасын айтып отыруға мүмкіндігі жоқ.
М.Әуезов театрындағы алғашқы басты ролім «Көктөбедегі кездесу» спектакліндегі Алмагүл. Сахнадағы серігім – Әнуар Молдабеков. Бірін-бірі сүйсе де, өмірінің соңына дейін сезімін білдірмей кеткен кейіпкерлер. Осы кезеңде есімнен кетпейтін бір оқиға болды. Хадиша апайдың үйінен шығып театрға жаяу келген едік. Күн салқын, менің суық ауаға аллергиям бар, жұмысқа келгенше бетім домбығып ісіп кетті. Гримеріміз Виктор Сергейұлы: «Далаға шығып бетіңді қармен ысқылап келші», – деді. Жастық қой, театрдың ауласына шығып, бетімді қармен ысып-ысып жібердім. Грим бөлмесіне қайтып келіп айнаға қарасам бетімнің терісі сыдырылып түсіп қалыпты. Бетім қып-қызыл, не жылай алмаймын, не күле алмаймын. Екінші бетіме грим жасаттым, ал үсік шалған бетім өзі де қызылшырайланып қалды. Көрермен бетімді жылтырап тұр деп ойлаған шығар. Сахнада Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов сынды кілең Халық әртісі бар. Мен үсік шалған бетіммен сахнаға шықпақшымын. Менің уайымдағанымды көрген Әнуар: «Ғайникамал, сен қобалжыма. Сөзіңді жақсылап айтып шықсаң болды, қалғанын өзім ойнап шығамын», – деді. Жалпы, Әнуар сахнадағы серігіне кәсіби тұрғыдан сенім ұялатып, қолдау білдіре алатын жақсы әріптес еді.
– Әр рольдің берер сабағы бөлек, әр кейіпкеріңіз әртүрлі ой түюге жетелейді. Қай кейіпкеріңіздің сабағы есіңізде?
– Актрисаға әр ролі жақын, әр рольден сабақ аласың, әрқайсысының орны бар. Дегенмен, жақын кейіпкерлер бар. Жәңгір ханның зайыбы Фатима ханым бес тіл білген екен. Ол өзі сауатты, музыкадан да, биден де хабары бар, көзі ашық, зиялы адам болған ғой. Рухани тұрғыдан ханнан еш кем түспейді. Фатима ханым Жәңгір ханмен бірге патша сарайына қонаққа барып, Николай патшамен билегенде бүкіл Петербург таңқалған екен деседі. Спектакльде Фатима Жәңгір ханға: «Мешіт салдырдың, мектеп салдырдың, соның барлығынан көрмедім ғой қара қазақ баласын», – дейді. Кедей-кепшіктің баласын неге оқытпадың дегені ғой. Бұл роль де өте күрделі. Ақ мамыққа оранып отырып, қара қазақ баласын уайымдағаныңды немесе ханның әйеліне тән парасатты сөзіңмен ғана емес, жүріс-тұрысыңмен, көзқарасыңмен жеткізуге тиіссің.
Негізінде актерге өзі сомдаған роль ғана емес, сол роль арқылы айтылатын сөз, қимыл-әрекет, автор бейнелеген кезең мен сол кезең тудырған жағдай көп сабақ болады.
– Сіз театрға келген кезеңде бұл өнердің қоғамдағы ролі зор еді. Заманның беталысына қарай ол жағдай өзгерді. Театрдың қоғамдағы ролінің бұрынғыдай күшті болмауы актриса ретінде сізге қалай әсер етеді?
– Мен театрдың қоғамдағы ролі бәсеңсіді деп айта алмаймын. Бұдан біраз жыл бұрынғы өліара уақытта залда елу шақты адам отырып, спектакльді қоямыз ба, қоймаймыз ба деп отырған кездер де болды. Соған қарамай спектакль қойылмай қалған жоқ. Елу адам емес, жиырма-отыз адам отырса да, біз өз ролімізді ойнадық. Әрине, аншлаг болып, залдағы көрерменнің сахнаға қарай ескен лебін сезу актер үшін бақыт. Бірақ ол – көрермен аз кезде рольді жүрдім-бардым ойнауға себеп болмайды. Мұндай ойға еріп кететін әртістер бар шығар, менің де көрермен аз күні өз ісіме салғырт қараған кезім болған шығар. Алайда, саналы түрде «Бүгін көрермен аз екен, көп күш жұмсамай-ақ, ролімді ойнап шығайын», – деп ойлаған емеспін. Егер солай бола қалса өзімді-өзім кешірмес едім, әрі әртістің сахнаға шығар алдындағы ішкі дайындығы бұған жол бермейді. Өйткені, ол сол рольге үйреніп қалады.
Қазір де кей күні спектакльге университет, колледж, интернат, мектеп балаларын әкеледі. Бүгінгі көрермен бала екен деп бөліп қарамаймыз.
– Киноактриса болуды арман етіп ВГИК-ке тапсырған екенсіз. Қазір көрермен сізді көптеген фильмдерден көріп жүр. Арманыңызға жеткендегі сезіміңіз қандай?
– Табан ақы, маңдай тер, адал атқарған еңбек ешуақытта далаға кетпейді. Кәсібімнен уақытымды аяған емеспін. Баламды тәрбиелеуге әке-шешем, әжем көмектесті оған еш алаңдаған жоқпын. Таңнан кешке дейін жегілген аттай жұмыс істедім, бірде-бір гастрольден қалған емеспін. Театрдың гастролімен де, Сәбира, Бикен, Шолпан апайлардың жеке-жеке гастрольдік бригадасымен де сапарға шығатынмын. «Келіндер көтерілісі», «Біздің кластың қыздары», «Абай-Әйгерім» сынды қойылымдармен Қазақстанның барлық аймағын араладық. Әшірәлі – Абайды, Торғын – Әйгерімді, мен Салтанатты ойнаймын. Қырықтыққа да, егін даласына да, жайлауға да барамыз, спектакль мал жайғалып болғасын, түнгі сағат 22.30-23.00-терге таман басталады. Ол кезеңдегі халықтың ықыласы тіпті бөлек…
Менің кәсібім – менің рухани қажеттілігім. Адам баласы жанына қажет рухани азықты алмаса өте қиын, ол тіпті адамды адастыруы мүмкін. Егер өз ісің өзіңе рухани ләззат сыйласа, жолыңда кездескен еш қиындықты елемейсің, тіпті аяғыңмен су кешіп жүріп те бақытты бола аласың. Саған берілген роль кейіпкер ретінде сахнаға шығып, сонда ғұмыр кешкенше жаның байыз таппайды. Бар санаң, есіл-дертің сол рольде болады. Біз өзімізге берілген рольге өмір беру жолында бар қиындығымызды ұмыттық. Егер біз рухани азық іздемесек, актерлік жолдан қиыс кетіп ақша табуға, жағдайымызды жөндеуге бет бұрып кетер ме ек, кім білсін?.. Жұмысым өзіме ұнағандықтан, қасымда әкем мен шешем, бауырларым болғаны үшін де жалғыздығымды елемеген шығармын. Құдай қосқан қосағыммен айырылысып кеткен соң, тұрмыс құрмадым. Ұлым – Омардың төрт баласы – Исахан, Айбар, Жәния, Медет есімді төрт немерем бар. Алла тіл-көзден сақтасын.
– Әжеңіз Меңкебану «…қарағым-ай, менің көрген рахатымның тырнақтайын көрсең, бақытты болар едің-ау», – деген екен. Бақыт деген ұғымды немен өлшейсіз? Әжеңіз айтқан рахатты көрдім деп ойлайсыз ба?
– Біз ол кісі көрген рахаттың жұрнағын көре алмаған шығармыз. Ол кісі Абай атаның ұлдары Ақылбай, Тұрағұл, Мағауиямен жақсы араласқандықтан Семей мен Қарауылдың ортасында жиі қатынайтын. Абай атаның үйі қонақ күткенде апама арнайы пәуеске жібереді екен. Ол пәуескенің сәні мен салтанатын апам керемет сипаттайды. Марқұм Ишағы Мағауияқызы мені көрген сайын әжемнің жақсылығын айтып отыратын. Ол кісінің айтқандарын жазып алуды құнттамаппын.
– Актерлердің басқа мамандық иелерінен ерекшелігі қандай?
– Актердің бақытын ешнәрсемен өлшеуге болмайды. Дәрігерлердің ішінде де емделуші жазылғанша жан таппайтындары бар, мұғалім де балаларын ойлайды, жазушылар жазатын дүниесін ұдайы есте ұстап жүреді. Алайда, актер бөленетін рахат, меніңше, ешкімдікіне ұқсамайды.
Театрда рольді сіңіру үшін кейіпкердің характерін тірнектеп жинайсың. Жүрісі, отырысы, қабағын көтергені, көзінің қиығы, дауысы, демі барлығы ескеріледі. Күнде дайындаласың, образ бірте-бірте жиналады, оған бір немесе екі ай кетуі мүмкін. Әрі ол сахнаға шыққан сайын сүрленіп, жан-жағы жұмырланып, бойға сіңе береді. Ал кинода тексті береді, аз-маз дайындалған боласың, рольді сіңірер-сіңірмес мотор деген уақытта
фильмге енесің де кетесің. Егер кинодағы кейіпкермен жаның қабыспаса образ жақсы шықпауы мүмкін.
– «Қарашаңырақ» сериалындағы образыңыз көрермен тарапынан жақсы бағаланды. Экран арқылы танылу мен сахна арқылы танылудың парқынан не түйдіңіз?
– Сериал экранға шыққан күннен бері көрермен мені қоғамдық орындарда танып, амандасып ықыласын жеткізіп, рахмет айтып, тіпті кейбірі телефон арқылы хабарласып қонаққа шақырып қошемет көрсетеді. Кейде таксиге кіргенде даусымнан таныған такси жүргізушілермен мәре-сәре боп қауышып, «Қарашаңырақты» айтамыз. Көбіне алтын бесік – ауылдан келген балалар мені танып, әңгімеге тартып, ой бөліседі. Ал жасынан қалада өскен балалар танып тұрса да сездірмейді, ойыныңа сүйсініп тұрса да ашып айтпайды. Бір күні орта жастағы такси жүргізуші «Апа, мен анама дәл қазір хабарласып, Сізді ертіп әкеле жатырмын дейін, қуанып қалады, біздің үйге қонаққа жүріңізші…», – деп жаны қалмады… Тәуба! Қазақы тәрбие алған, ана сыйлаған балалар бар, әйтпесе Алматы секілді қым-қуыт жүгіріске жегілген үлкен қалада кім кімнен құрмет күтеді?.. Қыз-келіншектер «Сіз секілді ана болғымыз келеді», – дегенде еңбегім ақталған шығар, Алла Тағала маған осы бақытты елу жылға жуық титықтаған еңбегіме бұйырған шығар, – деп ойлаймын. Мен еден жуушыдан бастап, ханшайымға дейін қаншама роль ойнадым, мемлекет тарапынан түрлі марапат алып, атаққа да ие болдым. Дегенмен, бір ғана «Қарашаңырақтағы» – Гауһар ана бейнесіне деген қазақ елінің ілтипаты адал еңбектің түбі бір өтеуі болатынына көзімді жеткізді. Басқа рольдерім бір төбе де, жетпіске келген жасымда түскен – Гауһар ана ролі бір төбе. Экранның аты – экран ғой.
– Жақында 75 жылдық мерейтойыңыз өтті, қалай қарсы алдыңыз?
– 75 деген мерейлі жасқа жеткізген Жаратқанға шүкіршілік айтамын. Бұл жасқа келмеген адам қаншама. 8 ақпан күні «Отыз ұлың болғанша…» қойылымында ойнадым. Осы спектакльде бірге ойнаған әріптестеріме дастархан жайып, дәм татқыздым. Белгілі режиссер, Қазақстаның Халық әртісі Есмұхан Обаев келіп құттықтап, гүл тапсырды. Ұжымдағы қыз-жігіттер игі тілектерін айтты. Бекжан Тұрыс, Жоламан Әміров сынды белгілі актерлер мен Ғазиза Әбдінәбиева келіп бір құшақ ақ раушан гүлін тарту етті. 70 жасқа толғанда да салтанаты асқан үлкен той жасамаған едім, Құдай қаласа, күзге таман жеміс-жидек піскен молшылық уақытта 75 жылдығымды кеңінен атап өтсем деген ойым бар.
Жасым бірталайға келгелі аз да болса ашылып әңгіме айтатын болдым, бұрын тіпті сөзге жоқ едім.
– Ешкімге сыр ашпай өмір сүру қиын емес пе?
– Қиын деп айтуға болмас, барынша артық кетпеуге тырыстым. Мұны өз бағамды білгендігім деп бағамдаймын. Мүмкін көп сөйлемеу арқылы көп нәрседен қорғанған шығармын… Денім сау, аман есенмін. Ешкімнің алдынан кесе көлденең өткен жоқпын, тіпті өзімнен кіші адамды да жұмсап көрмегем. Актриса ретінде сахнада жүріп, экранға көп шыққаныммен жеке тұлға ретінде бұқаралық ақпарат құралдарынан да жиі көрінген жоқпын. Ол менің қабілет-қарымымның яки еңбегімнің аздығынан емес, болмысым сондай. Мәселен, Халық әртісі Роза Бағланова апамыздың сахнаға шыққанда өзіне тән дауыс мәнерімен, ешкімге ұқсамайтын көзқарасымен «Айналайын, халқым» деп шын жүрегімен еркелей сөйлегені өзіне жарасатын. «Қарашаңырақтағы» Гауһар ана бейнесінен кейінгі халықтың ықыласын көргеннен соң Роза апайдың тебірене айтатын сөзі менің де жүрегімде тербеле бастады. Гауһар анамды бағалаған халыққа шексіз ризамын, қашанда амандығын тілеймін. Әр көрерменнің көзінен өнеріме деген ризашылықты байқаған сайын «Өз еліме, елімнің азаматтарына титтей болса да еңбек сіңіріп жүр екенмін», – деп ойлап, мерейім өсіп, марқайып қаламын. Қарапайым халық болмаса менің еңбегімнің де құны жоқ екенін сезінемін. Бұл сәт өте бақытты сәт. Әрине, дәл осы сәт үшін жұмыс істеймін деп айтпаймын, мен өзімнің ішкі рухани қажеттілігім үшін жұмыс істеймін. Бірақ дәл осы сәт менің еңбегімнің далаға кетпегенін дәлелдейді.
– Өткен күндерге көз жүгіртіп қарағанда көзіңізге ыстық боп басылар қай кезең?
– …Мен өскен ауылда Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың мазары бар. Жазды күні мазарға күнде барамыз. Мазардағы екі төмпешіктің арасына бір тікенек өседі. Апаларымыз оны екі ғашықтың ортасына түскен Қодар ғой деп айтады. Біз барғанда әлгі қос ғашық біздің келгенімізді сезетіндей, тілеулес кө-
ңілімізді ұғатындай болатын. Мазардың тасын сипасам, қос мұңлыққа демеу болатындай көрінетін. Ол кезде мазардың тасы қияқ тас еді. Кейін мен Аягөзге оқуға кеттім, қайта келіп мазарға барсам, қияқ тастың бетін басқа бір құрылыс материалымен сылап тастапты.
Арада көп жыл өтті, өмір болғасын түрлі жағдайларды өткердім. М.Әуезов атындағы театрға жұмысқа кірдім, әр күні жұмысқа келген сайын ғимараттың етегіндегі қызыл тасты сипап біраз кідіретін болдым, ол менің бойыма қуат беріп, сенім ұялататын. Қазір сол туралы ойласам, осы театрда жұмыс істесем деген арманым, бала күнгі Қозы мен Баянның мазарындағы қияқ тасты сипаған сәттегі риясыз көңіліммен астасып жатқан екен… Тұлымшағы желбіреген балдырған қызға қос ғашықтың мазары қаншалықты аяулы болса, есейген, өмірінің мәнін өнерімен өлшеген бойжеткен үшін М.Әуезов театрында жұмыс істесем деген арман соншалықты аяулы болыпты.
Ол кезде театрдағы Хадиша апайдың Қарлыға, Әйгерім, Мехменебану, Сәбира апайдың Толғанай, Шолпан Жандарбекова апайдың Ақтоқтысы, Бикен Римова апайдың Жер – Ана бейнелеріне тәнті едік. Актриса апайларымыздың бойындағы талант, күш пен қуат мені магнитше тартатын.
Осы күнге дейін өз рольдеріммен өмір сүрдім. Көп қиындық көрдім, оны өзімнің кереметтігімнен емес, театр мен сахнаның, сахнада ойнаған рольдерімнің арқасында жеңіп шықтым. Рольге дайындалғанда, кешке сахнаға шығатынымды ойлағанда, кейіпкерімнің жандүниесіне енгенде өзімнің қайғым, өзімнің мұңым екінші планға ысырылып қалатын. Сахнаның арқасында керемет бай болмасам да, таршылық көрмедім.
– 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай оқырманға тілегіңізді айтсаңыз…
– Ең бастысы ел іргесі бүтін болып, қазақтың әр шаңырағы биік, босағасы берік, балалы-шағалы, үбірлі-шүбірлі болсын! Қазақ қызы сыпайы, мәдениетті, ақылды болса, өзі аттаған алтын босағаны, ата-енесін қадірлесе, қастерлесе, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтесе деймін. Көктем мерекесінде қыздарға көктемнің гүліндей құлпырып, жайнап жүріңіздер деп тілеймін. Көктемде Жаратқанның құдіретімен күллі табиғат жаңарады, жасарады, түлейді. Қазақстанның барлық арулары осы мерекеде жаңа бақытқа жетсін! Басқа бас, жанға жан қосыла берсін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.