Қасында 21 жыл жүргенде байқағаным – Бауыржан Момышұлы бетің бар, жүзің бар демей ойын батыл да әділ айтып тастайтын мінезімен кез келген адамның мысын басып тұратын. Әсіресе, шікірейген шенеуніктер:
– Ой, мынау қандай адам?! – деп сәл сөйлескеннен кейін-ақ іштей қызғаныш сезіміне беріліп, ұнатпай қалатын. Жарамсақтардың жалпақтағанына жаман үйренген олар әр қадамынан мін іздеп, адаммен сөйлесе білмейтін, дөрекі деген тәрізді сөздер тарататын. Таратып қана қоймай, «Қазақ әдебиеті» газетінде Аристотельдің «Қоғамға бағынбайтын адам не аң, не Құдай» деген сөзін келтіріп, жамандап та жазды. Ол мақаланы ұйымдастырған күншілдердің көздегені – Баукеңді партиядан, Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып, «халық жауы» ретінде сотқа тартпақ. Отанымызды қанқұйлы жаудан қорғаған батырымызға көрсетілген «құрмет» осындай болды.
Баукең: «Мынау маған жабылған жала. Қоғамға бағынбайтын адам жан беріп, жан алысқан қанды майданның алғы шебінде төрт жыл соғыса ма? «Қазақ әдебиеті» газеті менен кешірім сұрауы керек еді, сұрамады. Сұрамаса да кешірдім. Өзіме өзім қол көтеріп не табам?» – деп даналық танытты. Қарт жазушыларымыздан ақсақалдық сөз айтқан ешкім болмады.
Бәрінен ол мақаланы ұйымдастырған күншілдердің ертең елден, ұрпақтан ұят болады-ау деп ойланбағандары бізді әлі күнге таңғалдырады. Керісінше олар: «Бауыржан Момышұлына еш шара қолдана алмай жатырмыз. Партия жиналысына шақырсақ, келмейді. Көмектесіңіздер», – деп қайта-қайта Қазақстан Орталық партия комитетіне телефон соғып, ондағылардың мазасын алады. Қазақстан Орталық партия комитетінің сол кездегі идеология саласындағы хатшысы Нұрлыбек Жанділдин мәдениет секторының меңгерушісі Жексенбек Еркінбековті Баукеңнің өзімен сөйлесіп келуге жұмсайды. Ол барып сөйлескенде, Бауыржан Момышұлы: «Мен айналып келіп өз қатыныма үйлендім. Қазақша түсінбесең, орысша айтайын, я наконец женился на своей жене. Басқа айтарым жоқ», – дейді. Жексенбек осылай деді деп Жанділдинге келіп айтады. «Сөзінің астары қандай терең», – деп Жанділдин мырс етіп күліп, істі біржолата жауып тастайды. Сөйтіп бәлеқор, жалақор, даңғой күншілдердің ойы іске аспай қалады.
Мұны белгілі журналист-жазушы Зәкір Асабаев 2017 жылы «Алматы ақшамы» газетінде жариялады. Оны оқығанда есіме «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің: «Даламыз кең, сен де сиясың, ол да сияды, тек сыйыса алмай жүрміз ғой», «Біржан сал» фильміндегі қолы байланған Біржан салдың өзін құтқармақ боп келген досына: «Рақмет, Жұбай, менің қолымдағы арқан – адамның жүрегіндегі кісен. Шеше алмайсың», – деген өкініш өртер сөздері еріксіз есіме түсіп, талай ұлылырымыздың қол-аяғын байлап, түбіне жеткен арам ойлы, пысықай күншілдер екенін ойлап, көңілсіздене түстім.
Бар ғұмырын ауылшаруашылық саласына арнаған 83 жастағы Жасарал Ілиясов қарияның: «Сана-сезімі терең, әдепті, мәдениетті, адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойына жиған, жұртқа керемет өнеге болатын ақын-жазушыларымыздың өткен пленумында сөйлеген сөздерін естіп, қайсыбірінің қара тобырға айналғаны қалай?» – деп қинала қабақ түйгеніне не айтарымды білмедім… «Біз кімбіз? Ел боламыз ба?» деген сұрақ мазамды алды. Шынында біз кімбіз? Бірімізді біріміз мұқату, біріміздің жағамыздан біріміз алу жалғаса бере ме? Бұдан қандай қорытынды шығарғанымыз жөн? Жік-жікке, топ-топқа бөлінуге бастайтын бәтуасыз, бейшара психологиядан қашан арыламыз?..
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
бауыржантанушы.