Күміскүл – шағын ауылдан ешқайда шықпаған, ұзын шашын екі бұрым қылып өріп қойған әдемі бойжеткен. Көркіне көз тоятын, өн-бойынан қарапайым отбасынан екені көрініп тұратын, еліктің лағындай нағыз сүйкімдінің өзі. Күн тастөбеде шақырайған, жаздың қапырық, ыстық күні. Күміскүл сабақтан келе салып, үй шаруасын ұршықша үйіретін. Сол күні әдетінше үйді тазалап шығып, аулада сары самаурынға шөрке салып, шай қайнатып жатқан. Көрші ауылдан жолаушылап келген Қазыбек ақсақал Күміскүлдің марқұм әкесінің жақын досы болған еді. Ол осы ауылдағы қызы Марияның үйіне құрдасымен бірге қонаққа келген, күн жұма болған соң, марқұм досының үйіне кіріп, құран оқымақ болып, ат басын бұрған. Аулада шай демдеп жүрген Күміскүл кішіпейілділікпен ақсақалға жылы шырай танытты.
– Ата, амансыз ба? Анам аудан орталығына бір шаруамен кеткен. Күн ыстықта шөлдеген шығарсыз, үйге кіріп шай ішіңіз, – деп төр жаққа құрақ көрпе төсеп, жастығына қарамастан қонақжайлық танытты. Қаймақ қатқан қызылкүрең шайды баптап құйды. Төрдегі құс жастықты құшақтап жатып, ыстық күнде кенезесі кеуіп келген қарт жас қыздың құран оқуға келген жолаушыға ақ пейілімен дастархан жайып, өрік-мейіз, бауырсағын салып, исі бұрқыраған үнді шайына қаймақ қатып бергеніне сүйсініп, оның тәрбиелілігіне тәнті болған.
– Қызым, болайын деп тұрған бала екенсің, қазір қайда оқисың? – деп сұрады ризашылығын жасыра алмай.
– Ата, мен сегізінші класты бітірген соң Тараз қаласындағы мәдениет техникумына оқуға түскем. Биыл соңғы курста оқып жүрмін, Құдай қаласа үстіміздегі жылы жазда бітіремін.
– О, бәрекелді, қазір жасың нешеде, қызым?
– Күзде он сегізге толам.
– О-о, бұрынғылар «он үште отау иесі» деген. Кәмелеттік жасқа келіп қалыпсың. Біреуге келін болып түссең, үй шаруасын дөңгелетіп әкететін түрің бар, жарайсың, қызым.
– Ата, мен таң азаннан тұрып, апама көмектесіп, екі сиырды сауып, өріске жіберем. Апам, «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы, қызым» деп, бала күнімнен еңбекке баулыды.
– «Анасын көріп, қызын ал» деп, тегін айтты дейсің бе! Барған жеріңде бағың ашылсын, қызым, – деп, алақанын жайып, аталық ақ батасын берген. Қазыбек шалдың қасында отырған өзі шамалас қарт та батасын беріп, ризалықпен аттанған. Кешке анасы келгенде Күміскүл Қазыбек атаның жолдасы екеуі келгенін, оларға дәмдеп шай бергенін, екі қарттың батасын алғанын, балалық сезіммен мақтана айтқан.
– Өркенің өссін, қызым. Үлкен адамдардың батасын алсаң, онда бағың жанады, «батасыз құл – жарымас, баталы құл – арымас» деген халқымыздың қанатты сөзі бар. Әйтеуір кісінің назасына қалып, қарғыс алудан құдай сақтасын. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болсаң, жаман болмайсың, қызым.
– Жарайды, апа. Мен әрқашан Сіздің айтқан өсиетіңізді екі етпеймін, – деп, анасын еркелей, құшақтаған.
– Шашыңды еш уақытта кеспе, «шаш – адамның көркі» деген, қызым, – деп анасы екі бұрым қылып өріп қойған, талдырмаш қызының тобығына дейін жететін, қолаң шашынан сипап, маңдайынан сүйген.
– Жарайды, апа, шашымды еш уақытта кеспеуге уәде берем.
– Өркенің өссін, алтыным, – деп анасы қызының бетінен өпкен.
Арада бір-екі апта өткенде Қазыбек қарт бастаған бес-алты адам сау етіп, жетіп келген. Алғашында сасқалақтап қалған анасы, төрге құрақ көрпе жайып, құрақ ұшты. Сыйлы қонақтардың құрметіне қой сойылып, қазан көтерген соң ғана Қазыбек қарт сөз бастаған.
– Бәйбіше, біз сіздің кенже қызыңыз Күміскүлге құда түсіп келіп отырмыз. Жарылқасын ұлыма лайықты жар болатын қыз іздеп жүр едім, ойда жоқта Күміскүлжанды көріп, тәрбиелі жасқа көңілім толды. Сондықтан менің Жарылқасын ұлымды бақытты қылатын қыз Күміскүл ғана деп ой түйіп, құда түсуге келдім. Біз, шапырашты руының беделді ақсақалдары алдыңа келіп, бұйымтайымызды айтып отырмыз. Текті жердің қызысың ғой, ел ақсақалдарының меселін қайтармассың деп үміттенеміз, – деген.
– «Қыз бала – жат жұрттық» деген, қызың Қазыбек қартқа келін болып түссе, бағы жанатынына сенімдімін. «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» деп, бекер айтпаған, – деп екінші қарт ой түйді.
– Қайдан білейін, қызым әлі оң-солын танып үлгермеді. Оның үстіне әлі кәмелеттік жасқа да толған жоқ, – деп, анасы сөзінің аяғын жұтып үндемей қалды. Осыны күтіп отырғандай дағарадай ақ кимешек киген кемпір сөзді іліп ала жөнелді.
– Ештеме етпес, күзде тойы болса, сол кезде Күмісжан он сегізге толатын көрінеді. Біз болашақ келінімізге үкі тағып, меншіктеп қояйық деп келдік. Қызың жақсы жерге келін болады, оған қам жеме, – деп алды-артын орап, Күміскүлдің анасының аузын аштырмады. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен, үлкендердің ақ батасымен он екіде бір гүлі ашылмаған Күміскүл отызға аяқ басқан үлкен жігіт Жарылқасынға қосылған. Содан кейін жарты ғасырға жуық отағасымен бірге тұрып, он баланың ардақты анасы атанды. Аумалы-төкпелі, сезімнің адамы ақынның жары болу Күміскүлге оңай соқпады.
Күміскүл Төрешова Тараз облысы Талас ауданында, соғыс кезінде 1942 жылы дүниеге келген. Көп балалы отбасында соғыс кезіндегі ауыртпалықты көріп өскен апамыздың мінезі денесіне сай, ашық-жарқын, кісіні жатырқамайтын, көпшіл, кеңпейіл, ақжарқын жан.
2006 жылдың мамыр айының тамылжыған шуақты күндерінің бірі болатын. Мен сол күні Медеу аудандық әкімшілігінің қырық жылдығына орай арнайы тапсырма алып, Самал ықшам ауданында тұратын «Алтын алқа» иегері Күміскүл апа мен марқұм Жарылқасын ағамен алғаш рет таныстым. Сол алғашқы таныстығымыздан кейін «жақсы адамда жаттық жоқ» демекші, күні бүгінге дейін сыйласып, араласып тұрамыз. Күміскүл апа әлқисса әңгімесін әріден бастады.
– Он үш құрсақ көтеріппін, қазіргі уақытта он баланы аман-есен өсіріп, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырған бақытты анамын.
– Он баланы тәрбиелеу қиын болған шығар, қалада екі-үш баласын өсіруге қиналып жүргендер баршылық, бәріне қалай үлгердіңіз? – деп апаға таңдана сұрау қойдым.
– Енем марқұм айтушы еді, «Құдайдың бергенін туа бер, әлі-ақ көгенің жиналады. «Бір қой туса, бір жусан артық өседі» деген нақыл сөз бар, әр баланың өз ырыс-несібесі болады. Алла жарылқасын, берген балаларды көп көріп, күпірлік жасама, айналайын». Көпті көрген енемнің сөзінің дұрыстығына енді көзім жетті. Маған он баланы тәрбиелеу аса қиынға түскен жоқ, үлкендері кішісін жетектеп жүріп, әйтеуір ел қатарлы бағып-қақтым. Маған он біріншінің бабын табу өте қиын болды, – дейді Күміскүл апамыз.
– Тағы он біріншісі бар ма еді, ол қайда? – деймін одан сайын таңырқағанымды жасыра алмай.
– Мына Жарылқасын ағаң – он бірінші балам, – дейді, қолында екі ішекті әсем нақышталған домбырасы бар, жанымызға келген орта бойлы, сақал-мұрт қойған, қараторы жігіт ағасын көрсетіп. Ол кісі де әйелінің қалжыңын түсінеді білем, жымиып күліп, әңгімеге араласты.
– Мен Күміскүлге арнап, өлең шығарып едім, – деген Жарылқасын аға тақпақтап ала жөнелді:
Қартайып қалғаның ба, қатыным-ай,
Артық еді бар ханшадан ақылың-ай,
Мейіз бен құйрық қосып, сары қымыз,
Беруші ең сәті келсе сапырып-ай,
Леонидтен жұлдыз алған батырым-ай!…
– Мен бұрынғы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде оқып жүріп, үшінші курста дәм қосып, Жарылқасын ағаңа тұрмысқа шықтым. Содан кейін Тараз облысы Талас аудан орталығындағы наубайханада нан пісіруші болып, көп жыл жұмыс істедім. Жарылқасын Алматы қаласындағы сауда техникумынан соң, Мәскеу қаласындағы Плеханов институтының тауар танушы факультетін бітіріп, сол кездегі Жамбыл облысының Талас, Сарысу, Қаратау қаласында сауда Басқармасында жұмыс істеген.
Он баланың арасы бір жылдан, үбірлі-шүбірлі болғасын кей кездері қылжақпас құрдастарымыз әзілдеп, «Күміскүл, сен қой сияқты жылына босанасың деуші еді». Балалар ержетіп, үлкен ұл-қыздарым отбасылы болған соң баяғы қалжыңдарын қойды.
1981 жылы осы тау баурайында ең әсем жерде орналасқан Самал ықшам ауданынан төрт бөлмелі үй алып, Алматыға көшіп келдік. Содан бері осы әсем қала құтты қонысымызға айналды. Балалардың әкесі Жарылқасын Аманов елімізге белгілі ақын, бірнеше өлең кітаптарының авторы, әрі суырыпсалмалығы да бар.
Үлкен қызым қырық төрт жасар Гүлжан Талдықорған қаласындағы әкімшілікте хаттар бөлімінде қызмет істесе, екінші ұлым Әбілқасым қырық үште, қазір қойма меңгерушісі. Әбдірасым қырық екіде, күзетші болып жүр, Гүлмирам педагогикалық институтты бітірген, қырық бір жаста, сауда-саттық, кәсіпкерлікпен айналысады. Забирам қырық жаста, Шардара қаласында сауда-саттықпен айналысса, Эльмирам жоғары оқу орнын бітірген, отыз жеті жаста, Тараз облысы прокуратурасында қызметкер, Гүлзирам отыз бесте, асханада аспазшы, Сейілқасым отыз бір жаста, Республика сарайында шебер, Нұрлықасым әкесіне тартқан қолөнер шебері, Әділқасым жиырма алты жаста, университеттің заң факультетін бітірген.
Жарылқасын Аманов Тараз облысының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі.
– Кім көрді ақылым кем дегендерді,
Ақымақ әжуа етер кемеңгерді,
Саяз су сарқыраған көзге түсіп,
Көрмейміз тұнып аққан тереңдерді, –
деп өлең оқыған арқалы ақын бірінен соң бірін түйдектетіп, суырып салып, жыр маржандарын төгілте жөнелді.
– Бүгін ағаңның шабыты келіп тұр екен, түс болып қалыпты, шай ішейік, – деген Күміскүл апамыз ып-ыстық бауырсақ пісіріп, дастархан жая бастады.
– Біз осы қалада тұрғалы ширек ғасыр уақыт болыпты. Соңғы жылдары ұлтжанды азамат Иманғали Тасмағамбетов келгелі қаламыз кір-қоңынан тазарып, Алматы шаһары жарқырап шыға келді. Мұны көріп өзіміз де бір жасап қалдық, қалалар мен ауылдардың көркейіп дамуы тегі іскер басшыларға байланысты екен ғой. Әр азамат өзінің туған елін, жерін, тілін дәл осы Иманғалидай сүйсе, еліміз Елбасымыз айтқан өркениетті 30 мемлекеттің қатарына бірте-бірте қосылып кетер едік-ау.
Өз елімізде, өз жерімізде тұрып, ана тіліміз өгейлік көріп жатқаны қынжылтады. Тілді жоғалтқанымыз – ұлтты жоғалтқанымыз емес пе?
Қосағымен қос аққудай жарасқан Жарылқасын ағамыз дастархан жиналған соң, домбырасын тыңқылдатып күйге келтіріп, қолы-қолына жұқпай, Құрманғазының күйін тарта жөнелді. Күй бірде аспанға әуелей шарықтаса, бірде бебеулей баяулап барып, сезімнің сыршыл қылын дәл басады. Ежелден өнерсүйер қазақ емеспіз бе, бәріміз сілтідей тынып, домбыраның қос ішегінен шыққан сыршыл әуенге тәнті болып, құмарта тыңдап қалыппыз. Күй аяқталған соң, Жарылқасын аға домбырасын сүйеп қойып, жаймашуақ әңгіме айта бастады. Көрген-білгені көп адамның әңгімесі де әсерлі, мағыналы.
– Біз осы Алматы шаһарындағы Медеу ауданында тұрғанымызға ширек ғасырдай уақыт болды. Медеу ауданының негізгі тұрғындарының көпшілігі, зиялы қауым өкілдері – ақындар, жазушылар, артистер, әншілер, тіпті депутаттарға дейін осы ауданда шоғырланған. Сонан кейін бе, бір-бірімізбен өнерсүйер қауым өзара жете араласып, ынтымақта өмір сүрудеміз. Қаланың байырғы тұрғындары ірге көрші болып тұрғанымен, бас изеп амандасқаннан әріге бара алмай жатады, бұл біздің ұлтымызға жат қылық. Мен осы қонақжайлық туралы бір өлең шығарып едім деген Жарылқасын Аманов қоңыр даусымен:
Жоқ болса да бар дегін,
Бар дегендер оңалар,
Бар боп тұрып жоқ деме,
Жоқ дегендер жоғалар…
Кім келсе де түнермей,
Тұз, дәміңді татырғын,
Түгі де жоқ, үні жоқ,
Обалар мен молалар… –
деп мақамдай өлеңдетті. Өйткені, ата-бабамыз қонақ келсе ырыс-несібе келеді деп ырымдаған қонақжай халық. Сондықтан болар, Қазақстанның көп ұлтты мемлекетке айналып, қазақ, орыс, кәріс, неміс, дүнген, өзбек сияқты әр ұлттың өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатқанымыз, – деді Жарылқасын Аманұлы.
Жарылқасын Аманұлы – кемеліне келген шағында ауыр науқастан қайтыс болды, бірақ артындағы ұрпақтарына мол мұра қалдырған талантты ақын, дарынды сазгер.
Марқұм Жарылқасын Аманұлы Жамбыл қаласында орта мектепті бітірген соң, 1958 жылы сауда техникумын, 1964 жылы Мәскеу сауда институтын бітірген. Талас, Сарысу аудандарында, Қаратау қаласында көп жылдар сауда саласында қызмет еткен. Аталған аудандарда сауда басқармасының төрағасы болып сайланған. Талас аудандық комсомол комитетінде жауапты жұмыстар атқарған. 1974 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған соң, 1991 жылға дейін бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан. 1991-93 жылдары «Ислам шапағаты» газетінің бас редакторы, 1994-95 жылдары қазақ және орыс тілдерінде шығатын «Қаржы-қаражат», «Финансы Казахстана» журналдары бас редакторының бірінші орынбасары, кейін жауапты редакторы болған. Ол «Ұлы Дала» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Республикалық «Бәйдібек баба» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. Он бестен аса лирикалық жыр жинақтарының авторы, республикалық жыр бәйгесінің үш дүркін жүлдегері. Жастар комитетінің 50 жылдық тойының құрметіне жарияланған жыр мүшайрасында белгілі ақын М.Мақатаевпен бірінші жүлдені тең бөліскен ақиық ақын. Жамбыл облысының құрметті азаматы, көсемсөздің шебері, күйші-сазгер, сөз зергері, ақпа ақын, Қазақстан ЛКЖО ашық жарияланған Республикалық поэзия конкурсының екі дүркін лауреаты. Жыр алыбы – Жамбылдың, данышпан ақын – Абайдың
150 жылдығына орай өткен Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері және екі алыптың арнайы сыйлығының иегері.
Ұлтжанды ақын көзі тірісінде ақты ақ, қараны қара деп айтатын турашыл мінезімен, өткір жырларымен елдің есінде қалған. Сол сырбаз, сабырлы мінезімен өмірден өтті, тірі болса қазіргі күндері 80 жасқа толар еді. Ақиық ақын Жарылқасын Аманұлының өміршең шығармалары – халқына қалдырған мол мұрасы.
Бақыт Мерекенова,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.