«ЖҮРЕГІМДЕ ДӘУІРДІҢ ІЗІ ҚАЛДЫ…»
02.03.2018
1422
0
Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның ұйымдастыруымен ақын, ұстаз Шәмшабану Хамзақызымен «Жүрегімде дәуірдің ізі қалды…» атты поэзия кеші өтті. Кездесуге ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атқарушы директоры Серік Қалиев, Мағиза Құныпияқызы мен кеш ақынның ұлы Қанат Зейноллаұлы қатысты.Қордың қолдауымен ұйымдасты­рылып, күмбірлеген күймен ашылған аталмыш шара шынайылығымен есте қалды. Шәмшабану Хамзақызының өмірі қашанда кейінгі ұрпаққа өнеге. Өйткені, ол – тағдырдың небір қиын-қыстау тұсында ешнәрсеге мойынсұн­баған жан. Ақын оқушылар ортасында ақжарқын сырын ақтарып, өз өмірінің сан түрлі бел-белестерінен қалай өткені туралы әңгімелеп, оқушылардың қойған сауалына бүкпесіз жауап беріп отырды. Бұл кешті алғысөзімен ашқан Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандан­­дырылған гимназияның директоры Рахима Сәкенова: «Бүгін біздің қара шаңырақ – №12 гимназияға өте құтты, ерекше тағдыр иесі қонаққа келді. Ол біздің Шәмшабану Хамзақызы апамыз. Бүгінгі кешіміздің тақырыбы «Жүрегім­де дәуірдің ізі қалды…» деп аталады. Бұл Шәмшабану апаның жары, ұлы тарих­шы Зейнолла Сәніктің өлеңінен алын­ған үзінді. Бұл жолды біз тегін ал­ып отырған жоқпыз. Өйткені, Шәмшабану апамыздың бүкіл өмірі өте қиын да күрделі жолдан өткен. Бірақ, ол кісі қандай қиын сынақтардан өтсе де, өзінің ақындығын, адамгершілігін, қайраткерлік рухын жоғалтпаған. Біз Шәмшабану Хамзақызын шетелдегі қазақ қыздарының ішіндегі ақындығы жөнінен көш бастағандардың бірі деп білеміз», – деп, поэзия кешін жылы лебізбен ашты. Кезінде Шәмшабану Хамзақызы шетелдегі қазақ қызда­ры­ның поэзиясына арнайы тоқталып, талдаулар жасап, артынан ерген қан­дас­тарына бағыт-бағдар беріп отырған-ды. Сондай-ақ, ҚХР-дағы Үрімжі, Шың­жан, т.б., аудандарда оқытушылық қыз­мет­ті де қатар атқарған. Шығарма­шы­лық пен білімді теңдей ұштастырған Шәмшабану Хамзақызы Қытайда жүрсе де үнемі елін, Отанын аңсаумен болды. Сөйтіп жүргенде, ақыры Қазақ елінің киелі топырағына қоныс аударсам деген арманы орындалды. Әйтсе де, оның жүрегіне ауыр жүк артқан тағы да бір түйткілді сыр бар еді. Шәмшабану Хамзақызы кеш барысын­да өлеңін оқу арқылы сол сырдың шетін шығарды. Өлеңдерімен таныс көпшілік ақын тағдырының осы бір қасіретін біле бермесе керек. Бұл оның анаға де­ген сағынышы. Шәм­ша­бану тағ­ды­рының ең ауыр да қайғылы салмағын «Анамды көргенде» деген өлеңі арқалап тұрғандай. Оқырман­дар: «Өлең­деріңіз­дің ішіндегі өзіңізге ең ыстық жыр шумақтарын оқып беріңізші», – деп өтінгенде, ақын:
– Анам шетелде тұрды. «Ана, аман­сың ба?» деп хат жазсам, жансыздар: «Шпиондық қылды, Қытайдың ахуа­лын жеткізді» деп бір жерге ұрындырып жібере ме деп, сотқар саясаттан қорқып, әу бастағы ойдан айныған едім. Осы орайда, «Анамды көргенде» атты өлеңім­ді оқып берейін.
Батып әбден кәріліктің теңізіне,
Анам келді сексеннің сегізіне.
Мамық төсек үстінде мәлтілдейді
Мінгендей боп қойшының өгізіне.

Бір уыс боп қалайша бүріскенсің?
Таба алмадым мұныңа дұрыс кесім.
Тұр орныңнан, баяғы қалпыңа кел
Қызың сені мұқалмас құрыш десін…», – деп ақын ағынан жарылғанда жи­нал­ған­дардың көзіне еріксіз жас үйірілді. Шайыр, аяулы ана, ұлағатты ұстаз Шәм­шабану Хамзақызы жас жеткін­шектердің өз өлеңін жатқа оқығанын көргенде, толғанысын жасыра алмады. Кішкентай ғана балалар ақынның жырларын бірінен соң бірі жатқа айтып жатты. Кешті қорытындылаған мектеп директоры Рахима Сәкенова: «Мінеки, бүгін бір сағаттан астам уақыттың қалай жылдам өткенін байқамай да қалдық. Уақыттың дәл осылай тез өтуінің құді­реті – сөздің, ананың, ғалымның құді­реті. Мінеки, алдарыңызда тұрған қа­рапайым анамызды ана әрі дана деп айтуға болады. Мен бүгін ақын өмірбаянының жаңа бір бетін аштым. Отыз жыл анасыз өмір сүру, отыз жыл анасын көрмеу қандай қасірет, ой­лаңыздаршы? Бүгіндері Балалар үйі­не нәрестесін тастап жүрген тасбауыр аналар қаншама? Ал мына жерде тағдыр бар», – деп, ақынның отбасына, жиналған қауымға алтын уақытын бөліп келгендігі үшін алғысын білдірді. Ал, кеш соңында Ш.Хамзақызы: «Өнер-білімге талпынып, ғылым шыңынан көріне беріңдер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Біз Қытай елінде тұрып, қытайшаны біліп, қытайша жұмыс жүргізе алсақ та, ана тілімізді ұмытқанымыз жоқ. Менің айтарым, ана тілді ұмытпаңдар. Кітап оқыңдар!..» – деп, балаларға ақ батасын берді. «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атқарушы директоры Серік Қалиев: «Бүгін бір тағылымды, мәнді де салиқалы кеш өтті. Сіздерге де үлгі-өнеге болды деп ойлаймын. Кездесу кешін ұйымдас­тырған Рахима Бөлекбайқызы – Сізге және мектеп ұжымына, ұстаздарға мың алғыс! Сонымен қатар, «Зейнолла Сә­нік атындағы мәдениет қолдау қоры» ашылғанын айта кеткім келеді. Бұл Қор ел ішінде жүрген өнерлі жастарды, оқушыларды, кітабын шығара алмай жүрген талантты жастарды қолдау үшін құрылып отыр. Сондықтан, біз бола­шақта оқушылардың арасында Зей­нолла Сәнік оқулары мен ғылыми кон­ференциялар өткізуді жоспарлап жүрміз», – деп, жастарды соған қатысуға шақырды. Сонымен қатар, оқушылар да кештен алған әсерін жасырған жоқ. Соның бірі – мектеп оқушысы Марал Асхатқызы: «Бұл кеш біз үшін өте әсерлі өтті. Біз Шәмшабану Хамзақызының қиындықпен қатар, өнегеге толы өмірімен таныстық. Апамыздың өмірлік жары – Зейнолла Сәнік атамыз екеуінің басынан өткергені бір сәт көз алды­мыз­дан өте шықты. Шәмшабану Хамзақызы 1956 жылы жазған ең алғашқы «Тау бұ­лағы» атты өлеңімен-ақ көпшіліктің на­зарын өзіне аударған еді. Біз бүгін осын­дай ерекше жанмен таныс­қаны­мызға өте қуаныштымыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе», – деп ойын ортаға сал­ды. Кеш соңында оқушылар Ш.Хамзақызының қолтаң­басын алып, естелік суретке түсті!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір