СОНАРДА ҚАЛДЫ СОНЫ ІЗІ
24.02.2023
696
0

Ақселеу Сейдімбекпен екі жарым жылдай бірге қызмет істедік. Әрі ол Ақаңның ең бір ой-санасы толығып, кемеліне келген шағы еді.

Мекеме басшысы Мұрат Әуезов – екібастан уақыт талабын жете түсінетін, көзі ашық азамат. Сол кездегі мәдени, әдеби ортадағы кемшін тұстарды білетін Мұрат Әуезов мәдени ортаның танымдық білігін сыртқы дүниенің әсерімен толықтыруды мақсат етіп ұстайтын.
Ол кезде біздің кейіпкердің де, ауылдағының аузы сасық, өз ортасында бәлендей еленбей жүрген шағы. Тоқсаныншы жылы Мұрат ағамыз сол кездегі басшылықпен келісе отырып, Алматыға ЮНЕСКО-ның Париж бөлімшесінің директоры, танымал этнограф ғалым Жан Моляриді арнайы шақыртуға қол жеткізді.
Ол кезде біз онша біле бермейміз, Моляри мырза – таным айдынының әлемдік деңгейдегі ірі тұлғасы екен. Бірінші хатшы Олжастың кабинетінде осы Жан Моляримен кездесу өткен.
Ұлты француз Моляри ағылшыншаға да жетік екен.
– Сіздерге қай тілде сөйлегенім қолайлы? Ағылшынша ма, әлде французша ма? – деген.
Ақыры еуропалық мейман сөзін ағылшынша бастады. Қырық адам жұмыс істейтін Аударма Алқасының шетел редакциясы бар. Аудармашыға зәрулік жоқ.
Кейінірек Қазақ­станның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болған Қайрат Омаров біздегі шетел редакциясының редакторы болатын. Моляридің сөзін ол қазақшаға аударып отырды.
Жан Моляридің де білмейтіні жердің астында екен, әлемдік өркениет пен мәдениет­тің соңғы дәуірдегі жетістіктері мен брендтері туралы айта келіп, бір кезде Қазақ­станға тоқталған.
Әлбет­те, жаһандық деңгейдегі таным иесінің аузынан небір ұлыларымыздың есімін естіп қаламыз ба деп дәмеленіп отырмыз. Алайда Моляридің аузына мықтылардың бірде-бірінің аты орала қоймады.
Сол кезде Кеңес Юсуповтың: «Қазақ мәдениет қайраткерлерінің арасынан әлемдік деңгейде танылған кімді айтар едіңіз?» деген сұрақ қойғаны. Жан Моляри көп ойланған жоқ. Бір кезде ағылшын мәнерінде:
– Achzeleu Zeidimbekow! – дегені.
Кездесуге келген қырық адамның арасында Аударма Алқасының «Әлем» ғылыми-танымдық альманахының бас редакторы Ақаңның өзі де отырған. Жан Моляри Юсуповтың сұрағаны орай – Олжастың, Әнуар Әлімжановтың шығармалары шет ­тіліне тәржімеленген басқа да мықтыларымыздың бірін атай ма деп отырғанбыз ғой.
Алайда Моляри алдымен өзіміз күнде көріп, бірге қызмет­тес болып жүрген Сейдімбектің атын атады.
Бәріміз аңтарылып, Ақаңа қарап қалыппыз. Ол кісі болса, мүлдем саспайды. Сабырлы. Сол тәкаппар да маңғаз қалпында. Сасқалақтауды былай қойсын, тіпті өзі сөз арасында «Құнанбайдың шақшасы…» дейтін күміс шақшасын шығарып, бір атым насыбайын атып жібергені…
Сол сәт­те Ақаңда шынында да Құдайды ғана мойындап, тек соған ғана бас иеді дейтін сахара серісінің маңғаздығы бар еді.
Сәбетқазы Ақатаевтың Ақселеу Сейдімбекке берген бір анықтамасы еске оралады. «Ақселеудің бір кереметі – басқа мойындаса да, мойындамаса да өз бағасын, өз артықшылығын біледі» дейтін Ақатаев.
Жан Моляридің «мен ғана!..» деп кеудесін қаққан тұлғаларымыз арасынан неліктен Сейдімбекті ерекше мәртебелеп, атағаны да белгілі болған.
Екі-үш жыл бұрын Ақаңның «Күңгір, күңгір күмбездер…» ат­ты танымдық-этнографиялық кітабы жарық көрген болатын. ЮНЕСКО шенеунігі сол шығарманы біледі екен. Ұзын сөздің қысқасы, Моляри мырза сөзінің соңында «сіздердің арнайы шақыртуларыңыз өз алдына, Қазақ­станға келуімнің басты бір себебі сол «Күңгір, күңгір күмбездер…» танымдық-этнографиялық кітабын ағылшын тіліне аудару жайын­да Achzeleu Zeidimbekow-пен келісу болатын» деді.
Қазақ халқының этногенезі, этнографиясы сыртқы дүниеге беймәлім заманда өркениет­ті дүниенің болмыс-бітімі басқа өркениет­тердің бірде-біріне ұқсамайтын біздің ұлтқа деген қызығушылығы барын біз Ақаңның осы кітабы арқылы естіп, білдік.
«Күңгір, күңгір күмбездердің…» ағылшынша нұсқасы шықты ма, жоқ па, ол жағын мен білмеймін. Бірақ ЮНЕСКО-ның беделді шенеунігінің аузынан осындай сөздің шыққаны рас.
Ол кезде этнотаным айдынында ерекше құбылыс болған еңбектің маңызын өз ортамыз түсінді ме, жоқ па, ол да белгісіз. Алайда туындының құндылығына әсте күмән жоқ.
Ақаңның сол еңбегінде өзіміз күнде көріп жүрген «қазақ тоңазытқышы» – қарындағы сары май туралы, оның технологиясы, этнотазалығы туралы қисынды байламдары шынында да таңғалдырады. Өйткені ондай технология қазақтан басқа ешбір халықта жоқ. Сахар сабын қайнату мен қазір мүлдем ұмытылып, қолданыстан қалған «құрғақ сүт» технологиясы туралы да соны айтуға болады.
Жан Моляриді, Батыс өркениетін таңғалдырып, таңдай қақтырған құдірет те сол болатын.
2009 жылы Ақселеу Сейдімбек қайтыс болды. Таным иесінің қазасы туралы да сан алуан әңгімелер айтылады. Оның анық-қанығы бір Құдайға ғана аян.
Ал 2010 жылы жазушының таңдамалы алты томдығы жарық көрді. Жинақтың екінші томы «Сонар» деп аталады. Жазушы ауызекі тілде жиі айтылатын осы бір сөздің ауқымында үлкен толғаныстар жасапты.
Ақаңның талдауы бойынша, қазақта сонардың «ұзақ сонар», «келте сонар», «қан сонар» деп аталатын үш сипаты бар көрінеді.
Ақаң осы үш ұғымды қазақ мемлекетінің қалыптасуы кезеңдері есебінде көрсетеді. Әрі оны математикалық есеппен нақты дәлелдейді. Мәселен, «ұзақ сонар» – архиві жоқ, фольклорға негізделген этнотарихтың болжамды гипотезалық кезеңі. Яғни саятшылықтағы аңның жүрген, жүрер жолын, түскен ізіне (баянның мазмұнына орай айтқанда, өткен тарихына қатысты баяндар) қарап болжау, бағамдау. Ол «ұзақ сонарға», яғни ұзақ болжам, гипотезаларға ұласады.
Ал негізделген айғақтары, нақты куәгерлері бар тарихи кезеңді Сейдімбек «келте сонар» деп атайды. Яғни табиғат­тағы түнімен жауып, таң ата басылған ұлпа қарлы кезең.
«Қан сонар» – жүрген аңның ізі анық көрінетін алғашқы қар. Яғни абстракцияның конкретикаға ұласар тұсы. Онда біршама нақтылық, дерек бар.
Ақселеу Сейдімбек генеологиялық материя есебінде шежірені «қазақ халқының этногенезі мен этномәдениетінің айрықша айғағы» деп қисындайды. Деректер мен нақты ақпарат­тарға сүйене отырып, әр рудың мемлекет­тегі қоғамдық-әлеумет­тік қарым-қатынасқа ықпалы туралы гипотезаны алға тартады.
Көшпелі қоғамда әлеумет­тік-құқық­тық мемлекет үлгісі болған деген ой айтады. Оған мысал есебінде билер сотын, жер дауын, жесір дауын алға тартады.
Біраз жыл Ыбырай Алтынсарин атындағы институт­тың директоры болып істеген Ақаң ұлт­тық білім беру саласына да айтарлықтай үлес қосты. Қазіргі заман баласының классиканы, тарихты оқуға құлықсыздығын ескергендіктен Гомердің атақты екі поэмасының мазмұнын қазақша жазып шықты.
«Алпамыс батыр» кітабының да мазмұнын қазақтың қарапайым тілінде сөйлет­ті. Әрі ол эстон, чех, неміс тілдерінде жарық көрді.
Ол да болса ұлт­тық мәдениет­ті насихат­тау ісіне қосылған үлкен үлес болатын.
Ал қайтарының алдында 2008 жылы «Қазақтың ауызша тарихы» монографиясы жарияланды.
Ақаң – жан-жақты таным иесі есебінде ұлт болмысы мен тұрмысына байланысты барлық саланы қамтуға ұмтылған қаламгер еді. Сейдімбекке дейін қазақтың анайы, бәдік боқтық сияқты ұнамсыз ғұрыптық дағдылары туралы қалам тербеген адам жоқ.
Кезінде ол кісінің айды аспаннан шығарып, қазақтың бейәдеп сөздерін тізімдеп, тасқа басқаны бар. Ақаңды көптен білсек те, ол кісінің аузынан бір ауыз боқтық сөз, анайылық естімеппіз. Ал сонда қазақтың бейәдеп сөздері туралы тұтас ғылыми-зерт­теу еңбегін қалай жазды деген сауалдың туындауы да заңды.
Бізге салса, Ақаңның білетін, соған сәйкес тізімдеген бейәдеп сөздерін біздің алдымыздағыларды айтпағанда, олардан бұрынғылардың да біле қоюы екіталай. Ол ненің кереметі сонда? Ақаң соның бәрін қайдан естіп, қайдан біліп жүр?
Бұл жерде Ақаң ұстаған «Құнанбайдың шақшасына» байланысты әдеби- е­т­шілер арасында белгілі бір қалжың аралас жайт­ты айта кету керек сияқты.
Сейдімбектің қызу әңгіме үстінде қалтасынан суырып алып, өкшесіне қағып-қағып жіберіп, бір шөкім насыбай ататын атақты шақшасының ешқандай «Құнанбайдың шақшасы» болмауы да мүмкін.
Алайда өзі «бұл – Құнанбайдың шақшасы» дегенінен әсте танған емес. Басында онша сенбесек те, ақыры, Ақаң соған бізді сендірді. Сейдімбектің күміс шақшасы – біздің есімізде сол «Құнанбайдың шақшасы» болып қалыптасты. Жадымызда жат­талып қалды.
Психологияда «дар убеждения» деген ұғым бар. Яғни естіген құлақты сендіру құдіреті деген сөз. Ақаңда бәрінен бұрын сол жағы мықты еді. Жазғанына, айт­қанына өзі де сенді, өзгені де сендірді!
Ол да – үлкен феномен!
Тағы да бір ескертер жайт бар. Алда- жалда Ақселеу Сейдімбек туралы еркін бағыт­та жазылған мақалаға қарсы дау айтар біреу табылса, соған арнаған Ақаң тізімдеген қазақтың бейәдеп сөздерінің арасынан ең «тұзы татымдылау» біреуін таңдап алып, астын сызып қойдық.
«Тап… ұрайын!..!
Қане, жүрек жұтқан қайсың барсыңдар?!. 

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір