ХVІІІ ғасыр ақиқатын меңзеген роман Ақтабан шұбырынды оқиғасының 300 жылдығына 6 ай қалды
09.08.2022
1134
0

 

Белгілі жазушы Мәди Айымбетовтың жаңа романын қарап шығып, біраз тебірендік. Роман тақырыбы «Бопай ханым» аталғанымен, негізі Әбілқайыр ханға арналған екен. Бұл заңды да, себебі Бопай ананың өмірбаянын Әбілқайырсыз елестету мүмкін емес. 2023 жылдың басында «Ақтабан шұбырынды…» оқиғасына 300 жыл толады. Қазақ елінің басына түскен осы бір трагедияны ерекше атап өтуге тиіспіз. Ал осы тарихи зұлмат­та қазақ елін ажалдан құтқаруда Әбілқайырдың маңызы бірінші орында тұрады. Олай болса, ел басына түскен аласапыран заманда Бопай ананың да рөлі үлкен.

Алдымен мына мәселені айтуға міндет­тіміз. Осы уақытқа дейін қазақ тарихшылары да, жазушылары да Әбілқайыр туралы шындықты жазбай, нақақтан қаралап келді. Бұл рет­те ғалымдарымыз бен саясаткерлеріміздің де кінәсі жетерлік.
Тарихшылар саясат­тан ат­тап өте алмады десек, белгілі жазушыларымыз І.Есенберлин, Ә.Кекілбаевтар да солардан аса алған жоқ. І.Есенберлин тіпті, Бопай ханымды қаралағаны сонша, Барақ сұлтанмен ойнас қылып қойған. ХІХ ғасырдағы Кенесарының қарындасы Бопайды да оңдырмаған. Ондай келеңсіз сурет­теулер мен баян­даулар аға буын жазушының бірі С.Мұқанов шығармаларында да бар. Мысалы, қазақтың тұңғыш демократы, ұлы ғалымы Ш.Уәлихановтың әжесі Айғанымды орыс генералдарымен әмпей қылса, әкесі Шыңғысты, 23 жастағы аға сұлтанды, Есенейдің әйелі Ұлпанмен әуейі етіп қойған. Шын мәнінде ондай жат қылықтар қазақ өмірінде болмайтындықтан, қандай оқушыға болса да жиіркенішті көрінеді. Аталған ханымдар – қарапайым қазақ әйелі емес, өз заманының алдынғы қатарлы, яғни тарихымызда есімін алтын әріппен жазып қалдырған жандар. Мысалы, Ұлпан оқыған аса білімді жан еді (оның ауылы белгілі, сол елден шыққан атақтылардың бірі Ғ.Мүсірепов сол кісінің немере туысы). Сондай-ақ оның күйеуі Есеней, Сәбең айтқандай, кәрі шал емес, 29 жастағы жігіт болатын.
Тәуелсіздік дәуірінде ептеп жыртығымызды жамап келе жатқанымызбен, кейбір ақиқат­тарымыз әлі де бүркемеленіп келеді. Тек Әбілқайыр ғана емес, Бопайдың да ғұмыр тарихы көп бұрмалауға ұшырады. Ғылым докторы К.Есмағамбетов Бопайдың шыққан тегін біле тұра Қазақ ұлт­тық энциклопедиясына «Төренің қызы» деп жазды. Тевкеловтан бастап «…сестра адаевца Мырзатай батыра…» деп жазғанын біле тұра неге бұрмалады екен?!
Әбілқайыр мен Бопайдың кездейсоқ жағдайда танысқаны туралы бірнеше мәлімет бар. Роман авторы Мәди Айым­бетов Әбілқайырдың жаралы болып Бопай ауылында жатқан нұсқасын алыпты. Осынау тарихи тұлғалардың сүйіспеншілік хикаясы туралы ел арасына кең тараған аңыздардың өзі тым әсерлі болғаны соншалық, Ресей зерт­теушілерін де өте қызықтырғаны белгілі. Орыс басылымдары сол аңыздардың шындыққа сай келетіндерін іріктеп, ХІХ ғасырда басып та шығарған.
Бопай Әбiлқайыр үйiне құт­ты келiн болып түстi. Ол келiн болып түскелi Қажы сұлтан шаңырағының тасы өрге домалай бастады. Көп ұзамай Әбiлқайырды халқымыздың игi жақсылары ақ киiзге көтерiп хан етiп сайлады. Осы оқиғалар баяғыдан берi Әбiлқайыр сынды кедей жiгiт­тiң Ресей басқыншыларына қарсы тұрып, халқымызды қызғыштай қорғаудағы ерлiктерiнiң жан-жақты бағалана бастағаны едi.
Әбiлқайыр мен Бопай сұлу арасындағы шынайы ғашықтық пен махаббат қазақ елiндегi келешек ұрпақ үшiн тамаша үлгiлi оқиғаның бiрi болды. Әбiлқайыр қазақ елi алдындағы азамат­тық борышын жүз есе артық орындағаны белгiлi. Ал Бопай сұлудың өз басы да қазақ әйелiне тән кiшiпейiлдiк, ақылдылық, ұстамдылық, парасат­тылық және басқа да қасиет­терiмен Әбiлқайыр шаңырағында жақсы келiн, әрi жақсы бәйбiше атанды. Әйел болса да ердiң ақылы мен батырлығын өз бойына сыйдырған абзал жан едi.
М.Айымбетовтің романының ерекшелігі – Әбілқайыр туралы тарихи шындықты нақтылап бергені, Әбілқайыр­дың және еліміздің басқа да игі жақсыларының ешқашан Ресейден бодандық сұрамағанын айқындап көрсетуі. Бұл – осы тарихи шындықты алғаш жазған көркем шығарма болып тарихта қалады.
Қазақстан егемендігінің он жылдығы атап өтіліп жатқан жылдары Светқали Нұржанның осы тақырыпқа, яғни Әбілқайыр мен Бопай сұлуға арнап жазылған «Хан кегі» (Таң қауызын жарғанда, А. 2002, ІІІ том. 291-352 бб.) ат­ты поэмасы жарық көрді. Әт­тең, көркемдігі жағынан теңдесі жоқ кесек туынды болғанымен тарихи шындықтың жаңалықтарын пайдаланбағаны сан соқтырды. Бұрынғы көп айтылып жауыр болған жалған мәлімет­ті қайталап, Әбілқайырға Ресейден бодандық сұратып қойғаны бізді қат­ты өкіндірді. Сондықтан біз оған ешқандай лебіз жаза алмадық. Мәди Айымбетов Светқалидың және басқалардың осы уақытқа дейін айтып келген қысыр жорамалын қайталамапты. Тарихи шындықты беріпті.
Алайда Мәдидің өз кітабында Әбілқайырды өлтіруге Барақтың тікелей қатыспағанын жазғаны тарих шындығына дәл келмейді. Автор кейінгі жылдары Барақты жақтайтын әлдекімдердің жорамалына сүйеніпті. Жазушының Барақ өліміне қатысты жалған жорамал деректерді пайдаланғаны да оқырмандарына «әт­теген-ай» дегізді. Барақ Әбілқайыр­ды өлтірген соң тек қашып-пысып жүріп жан сақтады. Әбілқайырдың кегін қайтарған адайлар Барақ пен Сырым батырдың туған-туысы мен бала-шаға, немерелерін түгелдей қырған. Барақтың бір келіні ғана тірі қалған. Оның ішінде бала қалды ма, жоқ па – белгісіз…
Сондықтан Барақтың бала-шағасының жазықсыз қырылғанын жоқтайтын ешкім болмады. Ал Сырымбет­тің туыстары Төле биге барып: «Кінәлі Барақ еді, сонымен бірге жүрген Сырымбет те жазасын алды. Ал Сырымбет­тің балаларының жазығы не? Балаларының құнын Әбілқайыр ұрпақтарынан алып беріңіз», – деп талап ет­ті. Қара қылды қақ жаратын әулие Төле би, керісінше, Сырымбет­тің туыстарына Әбілхайырдың құнын оның баласы Ералыға төлейтін етіп шешті…
Осы тарихи нақты мәлімет­тер И.В.Ерофееваның 1999 жылғы кітабында жан-жақты берілген. Бұл мәлімет­терді сонау 80-жылдары Ә.Кекілбаев «Әйтеке би» ат­ты зерт­теуінде жариялаған еді. Шоқан мұрасын зерт­теп жүрген біз таппаған осындай құнды мәлімет­терді Әбекең тауып, шоқантануға үлкен сый жасаған еді…
Мәди Айымбетов «Бопай ханым» ат­ты кітабымен тоқтап қалмас, бәлкім, жаңа тарихи деректерді сүзгісінен өткізіп, осы еңбегін толықтырып шығарар деген үмітіміз бар. Оған айтар тілегіміз мынандай:
ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарындағы тарихи оқиғаларға арналған тарауларды кіргізсе, нұр үстіне нұр болар еді. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы туралы көп жазылды. Бәрі бірін-бірі қайталап, жоңғардың сүйегін жуумен ғана келе жатыр. Ресей туралы бір сөз айтқан ешкім жоқ. Осынау қырғынды жасаған Ресей, яғни І Петр патша екенін халқымыз әлі күнге дейін білмейді. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының авторы орыс ағайындар екенін осы уақытқа дейін халқымызға білдірмей келе жатқан біздің өкімет басшыларының жалтақтығы екенін қалай жасырамыз?
Қысқаша айтқанда, Қазақ мемлекетін әлсіреткен, ыдыратқан, құлатқан жоңғар мен қалмақ емес, паналатып, қолтығына алды деп жүрген Ресей болып шыққаны көбімізге жаңалық болмаса керек. Содан бері талай зерт­теу жарық көріп жатса да, «Қазақ­стан тарихы» оқулығының ешқандай басылымына, осы айтылған және басқа тарихымыздың жаңалықтары кіргізілмегені ел тарихын оқыту әлі күнге дейін тоқырау үстінде екенін көрсетеді.
Көп жылдан бергі өзінің жасағаны аз болғандай, шығыстан артиллерияның жаңа қаруларымен жасақтап жоңғарларды айдап салғаны – шын мәнінде атақты І Петрдің жоспары еді. Осынша қиянат жасап, қырғын салатындай қазақ еліне І Петр неге сонша шүйілді?
Сол «Ақтабан шұбырынды» қырғынынан бір жыл бұрын, яғни 1722 жылы І Петрдің Парсы жорығы болғанда, оған Яицкий (1790 жылдан соң Урал деп аталған) казак отрядынан бірде-бір солдат көмекке бара алмады. Себебі олар жаяу қалған еді. Көлік ат­тары мен барлық жылқы табынын Әбілқайырдың жігіт­тері айдап кеткен болатын. Тек жылқы емес, сонда Әбілқайыр Яицкий городокты (қазіргі Орал, ол кезде қазақтар Теке қаласы деп атаған) басып алуға сәл қалған еді. Сондықтан І Петр «жалғыз Әбілқайырды емес, бүкіл қазақ елін басып алу керек» деп бұйрық берді. Сол үшін жоңғарларды артиллерияның жаңа түрлерімен қамтамасыз етіп, шығыс жақтан баса-көктеп кіргізіп, батыстан бақайшағына дейін қаруланған орыс әскері мен қалмақтарды қақаған қыс кезінде жауып жіберіп, қазақ елін қапы қалдырды.
Шығыстан шапқандар І Петрдің жоспарын орындап, қазақты қырғынға ұшыратып, Түркістанға дейін келді. Ал батыстан шапқан орыс пен қалмақ жоспарды орындай алмады. Оған кедергі жасаған Әбілқайыр хан болды. Ол орыстар мен қалмақтарды тоқтатып қана қойған жоқ, Еділден асыра қуып, талайын қырып жіберді. Демек, қазақ елінің жартысы ғана «Ақтабан шұбырындыға» ұшырады.
«Ақтабан шұбырынды» оқиғасы қазақ еліне Ресей тарапынан жасалған қиянат­тың ең үлкені еді. Халқымыздың тарихындағы аса үлкен қиыншылық тудырған қырғында екі ірі тарихи тұлға негізгі рөл атқарды. Олар І Петр мен Әбілқайыр хан болатын. І Петр туралы көп жазылды, оның саяси және мемлекет қайраткері ретіндегі өнері мен қызметі оқырмандарымызға белгілі. Алайда халқымыз әлі күнге дейін Әбілқайырдың мемлекет қайраткері ретіндегі шынайы рөлін толық білмейді. Бұл – әрине, біздің тарих ғылымының көп кемшіліктерінің бірі…
Осы бір қиын жағдайдан қазақ елін құтқарған Әбілқайыр сынды батыр қолбасшының «Ақтабан шұбырынды» оқиғасындағы рөлін айтпақ түгілі, осы күнге дейін «Ресейге қазақ елін бодан қылды» деп нақақтан-нақақ айыптап келеміз. Оның Ресей патшасына 1730 жылы жазған «тарихи хатында» бодандық туралы бір сөз жоқ, онда тек башқұрт халқымен арадағы үзіліп кеткен достықты қайта орнату болатын. Алайда тарихшылар осы уақытқа дейін сол хат­тың орысша аудармасын пайдаланып келген. Әйтпесе Әбілқайыр ешқашан Ресейге бодан болу үшін ант берген жоқ…
Мәди Айымбетов романында тағы бір толықтыратын бөлім бар. Кітап авторы 1738 жылғы оқиғаларды біраз баяндапты. Алайда сол жылғы мынадай негізгі тарихи оқиғаларды кіргізсе жөн болар еді.
Қазақ тарихында осы жылы тағы бір ерекше оқиға болды. Әбілқайыр башқұрт халқының Ресейге қарсы кезекті көтерілісіне көмек көрсет­ті.
Міне, сол 1738 жылы Ресей басшылары башқұрт көтерілісін басу үшін қазақтарды айдап салып, бір оқпен екі қоянды атып алмақ болды. 1738 жылдың ақпанында генерал Татищев Әбілқайырға хат жолдап: «Қазақтың башқұрт­тан кек алуына қолайлы жағдай туды. Әрбір башқұрт­тың басын әкелген қазақ жігітіне 60-100 рубль арасында ақша беремін», – деп хабарлады. Сонда Әбілқайыр ақшаға қызыққан бірде-бір қазақты жібермеді. Татищев ұсынған ақшаның көптігі сонша 60 сомға 12 жақсы ат, әлде 20 жақсы сиыр алуға болатын еді. Керісінше, Әбілқайыр бұрынғыдай башқұрт­тарға көмектескен. Алайда осы тарихи оқиғаны Ресей тарихшылары әдейі бұрмалап, айтып және жазып келе жатыр. Ағылшын тарихшысы Олкот­т Брайн оның бәрін жоққа шығарып, Әбілқайырдың Башқұрт көтерілісіне көмектескенін айтып, Ресей тарихшыларының жалған жорамалдарына тосқауыл қойды.
Сол жылы тамыз айында Ресей басшыларымен кездесу болғанын да қысқаша баяндайық. Сол кездесуді ресейліктер «Әбілқайыр ант берді» деп жалған құжат жасап, біздің халықтың миын айналдырып келді. Ерекше тарихи дерек: сол кездесуге Әбілқайыр Башқұртстаннан келген еді. Себебі ол Башқұрт көтерілісіне көмектесіп, Ресей әскеріне қарсы соғысып жатқан-ды. Татищев Әбілқайырды башқұрт жерінен шығару үшін неше түрлі айла-шарғы қолданды. Әбілқайырды «…любой ценой… Башкириядан шығару керек» деп қаншама бұйрық берді, көп қаражат шығарды. Тарихшы Н.М.Устюгов осы тарихи жайт­ты өз зерт­теуінде жан-жақты көрсет­ті (қараңыз: Н.В.Устюгов. «Башкирское восстание. 1737-1739 гг.», М.-Л. 1950). Сондағы тапқан айласы – осы Батыс Қазақстан жерінде 1738 жылы тамыз айының басында кездесу ұйымдастырғаны еді.
Аталған басқосуға Шақшақұлы Жәнібек 27 адаммен келді. Бұл жағдайды сәт­ті пайдаланған Ресей басшылары «Әбілқайыр бастаған Кіші жүз қазақтары және Жәнібек бастаған Орта жүздің бір бөлігі Ресейге ант берді» деп жалған құжат жасады. Аталған құжат­ты 1774 жылғы Адай көтерілісінен соң И.Крафт жоққа шығарды. Одан соң ХХ ғасырдың 20-жылдары Х.Досмұхамбетұлы мұндағы жазылған мағлұмат­тың ешқандай ақылға сыймайтынын жан-жақты талдаған болатын. Осы оқиғаға Кіші жүздің бірде-бір ру басы әлде биі, батыры қатыспағанын, тіпті ең үлкен рулар Адай мен Беріштен бірде-бір адам бармағанын, ал алты ата Әлімнен екі-ақ адамның болғанын, сондай-ақ қатысқандардың бәрі қызметші қойшы-қолаңдар екенін айтқан еді. Қалай болғанда да, біздің өкімет пен тарих ғылымы осы жалған құжатқа осы күнге дейін сеніп келе жатқаны қызық.
Белгілі жазушы Мәди Айымбетовтің Бопай мен Әбілқайыр сынды тарихи тұлғалардың ғұмырын арқау етіп, шынайы роман жазып шыққаны – әдебиет үшін үлкен олжа. Роман жарыққа шыққан бойдан біз де авторға алғысымызды айт­тық. Шығармада жазылған тарихи оқиғалар бұрынғы аға буын жазушыларымыз бен тарихшыларымыздың еңбектерін жоққа шығарады. Әрине, біз көрсеткен кейбір нақты тарихи оқиғаларды пайдаланып, кітаптың келесі басылымын толықтырып шығарам десе, тіптен қуана түсер едік.

 

 

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір