Дәуірдің «Желқайығы»
13.09.2022
1224
0

Белгілі қаламгер Тұрысбек Сәукетаевтың «Желқайық» романы – ХХ ғасырдың, дәуірдің желқайығына мінген менің отандастарымның сага тектес ұлан-ғайыр хикаяты. Мұнда сталиндік «тәртіп», «қараңғы бөлмеден мысықты іздеу» синдромы да, «ит жеккеннің» режимі де, соғыс та, тың игеруді желеу етіп, келімсектердің қаптауы да, Семей тауқыметі де, Чернобыль баталиясына қатысқан азаматтың «патриоттық» өтеуі де, қазақ жастарының «жетім бұрышқа» телінуі де, плагиат мәселесі де, рекэт, жазықсыз айдалып кете қалу да, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық та рет-ретімен тізілген.

Апырай, тегі біздің ұлт үшін осының бәрі де таусылмас «хождение по мукам» екен ғой… Автордың композициялық шеберлігі бірден еліктіреді; сюжеттік тізбек, хронология деген «сақталмайды». Бірақ бірінен-бірі туындап, персонаждардың бәрі сол «желқайықта» кездесіп жатқандай.
Ау Х1Х ғасырдағы «критический реализм», одан соңғы «соцреализм» үрдістері қайда?! Неге кітап оқуға сонша ыңғайлы, бүкіл ой-санаңды еліктіріп, жан дүниеңді еріксіз баурап алатыны несі? Оқиғалар бір қарағанда автордың ырқына байланбай-ақ күнделікті өмірде көріп жүргендей шынайы, боямасыз өрбіп жатқандай көрінеді. Кейіпкерлерге сипаттама берген кезде ғана бәсе, бізді бағыттап тұрған автор бар екен ғой дейсің.
Кітап жай бір демалыс үші оқи салатын, беллетристика емес; оған оқырман белгілі дайындықпен ұрынғаны жөн; кітаптың әр бөлігінде ол ерекше катарсис құбылысына жолығады; имани сезімдері атқылап, баяндалып жатқан тағдырларға араласып кеткісі келеді. Толқиды, тебіренеді. Бірақ шебер суреткер Т.Сәукетаев Алатаудың асқақ бейнесін, ертерек шақтағы ауыл картиналарын, табиғатты немесе көк бұқа сияқтыларды (жануар, адамдарды көргенде экстрим жағдайды басынан өткізіп, тіпті көк жүні бір түнде ағарып кеткені бар, (көк бұқаның көзінен жас парлап тұра ұмтылды)… тамсана суреттеп оқырманын сергітіп отырады. Ал лирикалық эпизодтар, әсіресе 20 жыл болса да күтер едім деп Сәбираның қиянға барып толғануы, өз «достоинствосын» жоғалтпаған қарт, әзиз Сұлтанның әкесі – эх, қандай мазмұнды бейне!? көркем әдебиеттің інжу-маржаны ғой… Ал Ханым, қабілеті ерекше ақ мысықтың жөні бір бөлек… «И зверье, как братьев наших меньших никогда не бил по голове», – деп ақын айтпақшы, оның функциясы адамды иландырады! Аллегориялық та «миссиясы» жеткілікті.
Т.Сәукетаев өз оқырмандарын таңдай білетін сияқты. Білгір, сауатты кісі ретінде еш күшенбей жай әңгімелей отырып, бүкіл бір дәуірдің, ұлттың басына берілген өмірдің барлық тауқыметін, оның қырын ашып көрсете білген интеллектуалдық қуаты мол, пайымы терең жаңа шығарма жасаған екен. Романдағы кездесетін кейіпкерлердің ешқайсысы естен шықпайды. Сенімен үнемі қосақтасып, сырласып, медет күткендей болады. Әттең, желқайығымыз…қойшы, біз П.Мерименің «Тамангосы» мінген кемедегі африкандық зәңгі құлдардан «құдай сақтасын», көш ілгеріміз ғой –деп өзімізді сабырға шақырамыз.
Дегенмен «Желқайық» өте оптимистік шығарма. Қара киімді, бетінің жартысын жапқан қара көзілдірікті жұмбақ жан Сығанның мазаратты жаңғыртып тапаншамен өзін атуы шығарманың хэппи энді.
Еңсеңді көтересің. Ізгілік нұры себелей түскендей. Тіпті оқырмандық та тәжірибем бір биікке жеткендей.
Көрнекті прозаик, терең суреткер Т.Сәукетаевтың «Желқайық» сагасы қазақ қоғамының неғұрлым көп оқуы қажет баға жетпес рухани мінбері болатындай.
Руханиятымыздағы ерекше бір деңгейді анықтайтын, көркем әдебие­тіміздің көкжиегін кеңейтетін, оқырман санасына сүбелі пәрмен беретін «Желқайық» – ҚР Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа бек лайық рухани құбылыс деп ойлаймын.

Асқар Әлихан,
режиссер, мәдениет қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір