Астанадан астанаға дейін…
21.08.2015
6959
0

astana2_0Жалпы, астана деген сөз асқақ естіледі. Өйткені, астана – рухани орталық. Әлеуметтік, экономикалық, діни, саяси, мәдени контекстен рухани деген ұғымды ерекше бөліп алғанды жөн көрдік. Себебі, рухы жасып, көңілі күпті болған ел Орталыққа мойын бұрып, соған қарап бой түзейтінін тарихтың өзі бір емес, бірнеше рет дәлелдеді. Қолбасшылар, батырлар, уәзірлер, билер сөйлеп болған соң соңғы, келе жатқан кесірдің алдын алатын кесімді сөзді төбе би мен хан ғана айтуға құқы бар-тын. Алаш заманында Орынбордың, Хандық дәуірде түбі бір Түркінің басын қосқан Түркістанның ролі қаншалықты болғанын ешкім ұмыта қоймаған болар. Қазақтың қаймағы жатқан киелі топыраққа «рухани» деген сөзді қолданбасқа лажың жоқтай көрінеді. «Тізең бүгілсе де, қылышыңды жерге түсірме…» – деген Бөгенбай батырдың бір сөзі қалмақтарға күшті соққы беруге септігін тигізді. Ерлері елім деп еңіреп, қан майданда қаншама жауды қырып, өздері де шейіт болған кезеңде соңғы рет жанарынан бір жасы үзіліп бара жатып патшасы отырған таққа және тік шаншылған туға бір қарап армансыз о дүниеге сапар шегіп бара жатқан картиналарды көріп жаның толқиды. Ежелгі парсы жазбаларында астананың символы тақ, ту, қылыш болған екен. Одан бері он ғасырдай уақыт өтіпті. Құндылықтармен бірге тағыңыз – Ақордаға, Туыңыз – Көк аспанға, қылышыңыз – дипломатияға, мәмілегершілікке алмасып үлгерді. Мамырстан заманда тұрған жұртшылық: «Астананы көруге бара жатырмын!» – дегенді жиі айтатын болды. Осы бір қоғами құбылыста елдігіміздің, ұлт болып қалыптасып келе жатқандығымыздың бір белгісі бар секілді. «Жерұйықты желмаясымен іздеген Асан шал Астана туралы естісе, іздеп барар еді», – деп қалжыңдаған жазушы көзінен адам айтып жеткізе алмайтын бір жылылық байқадық. Білмеймін, мүмкін маған сөйтіп көрінген шығар… 
Суяб, Баласағұн, Тараз, Сайрам (Испиджаб), Отырар (Фараб), Жанкент (Янгикент), Сауран, Сығанақ (Сунақата), Сарайшық, Имақия, Орынбор, Қызылорда, Алматы және қазіргі Тәуелсіз, дербес Қазақ елінің орталығы – Астана. Ұлт бас қаламызға дейін қаншама шаһар ауыстырып, қаншама қалыптасу кезеңін басынан өткерді. Бәз бір дерек көздеріне сүйенсек астана сөзі тақ пен байтақтықты білдіретінге ұқсайды. Қалай болғанда да Астанамыз бар екені, ол байтақ, асқақ әрі бас қаланың Астана атануында тарихи аспект үлкен роль ойнағаны қуантпай қоймайды. Қандай астананы білесің деген сауал қойсаң Берлин, Лондон, Париж ауызға алдымен ілінеді. Енді осы қатарға аз жылда Қазақ елінің бас қаласы Астанада ілігетініне ешкім күмән келтірмейтін болар. Туған күнің құтты болсын қазақтың Астанасы!..

Жәкен ТАЙМАҒАМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайы директорының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары, ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 Астананың қалыптасуы бірнеше кезеңнен тұрады!..

15d122be065123424885ca77fce73707Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдықтың тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық», – деген сөзімен толық келісемін. 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы тарихи Қаулысы қабылданды. Елбасы Н.Назарбаев 1997 жылғы 20 қазанда «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астансы деп жариялау туралы» Жарлық шығарды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығына 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап ие болды.
1998 жылдың 6 мамырында Президент Н.Назарбаев «Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойды. Жаңа астананы әлемге таныстыру – ресми тұсаукесер той 1998 жылғы 10 маусымға тағайындалды.
Астана – таза параққа салынған, жаңа үміттер елордасы. Астананы салуға еліміздің 71 қаласы, 432 құрылыс компаниялары қатысты, 135 зауыт құрылыс материалдарымен жабдықтап отырды. Қарқынды құрылыс пен бүкілхалықтық қолдау аз уақыт ішінде Қазақстан даласында қазіргі заманғы, жаңғыртылған, өз қайталанбас келбеті бар қала салуға мүмкіндік берді. Қаланың сәулеттік концепциясын әзірлеуде қалаға еуропалық келбет беру идеясы ескерілді. Сәулетті ғимараттар қазіргі заман дизайны мен азиялық айшықты үйлестіреді. Кисе Курокава, Норман Фостер, Манфреди Николетти секілді әлемнің атақты сәулетшілері өздерінің ең озық жобаларын іске асырды.
Сол кезде тындырылған ұйымдастыру жұмыстарын қорыта келе үш бағдарламалық кезеңді атап көрсете алар едік.
Бірінші кезең 1997-1999 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңнің алға қойған мақсаты көркі шамалы облыс орталығын тартымды астанаға айналдыру болатын. Соған сәйкес ең алдымен бұрыннан бар әкімшілік үйлерін министрліктер мен түрлі мекемелердің сәулетті кеңселеріне айналдыру қолға алынды, ескі қаладағы бос алаңдарға көп қабатты тұрғын жайлар салынып, оларға қызмет бабымен жаңа астанаға келген ел қоныстанды. Қала көшелерін көркейту, мәдени-көпшілік орындарын көбейту шараларын атқарылды.
1999 жылы Астанаға ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығы берілді. Бұл награда әлеуметтік, экологиялық салаларда, муниципальдық сектор саласын дамытуда неғұрлым табысқа жеткен және әлем мәдениетіне іс жүзінде үлес қосқан қалаларға беріледі. Ал 2003 жылы Moody`s Investors Service жетекші әлемдік рейтингілік агенттігі атап өтті.
Екінші кезең 2000-2001 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде есілдің сол жақ жағалауында орын тебуге тиісті Жаңа қаланың орталық ошағын қалыптастыру, Астананы салу халықаралық конкурсында жеңіп шыққан жапон сәулетшісі Кишо Курокаваның шығармашылық тобы әзірлеп, Республика Үкіметі 2001 жылғы тамыз айында бекіткен ескі қаланы қайта салу жоспарын орындау міндеті тұрды.
Үшінші кезең. Мұнда құрылыс көліктік инфрақұрылым, абаттандырылған ғылыми және білім беру кешендері, қоғамдық, мәдени, іскерлік орталықтар, туризм және демалыс нысандары, табиғат пен мәдени мұраны сақтап қалу бағыттары айрықша ескерілген. Астана қаласының Бас жос­парында перспективалық даму жобалары айқындалған.
Қала сәулетіне сәулетшілер В.Лаптев, Қ.Монтақаев, Ш.Майтабеков, С.Жүнісов, ағайынды Арапбай және Байғұтты Тортаевтар, Т.Әбділда, Б.Тайталиев және басқалары өз үлестерін қосты. «Мобитекс», «Негіз-Ақмола», «Билд инвест групп», «Базис-А», «Алматықұрылыс», «Сембол-Иншаат», «Мотив – Ақмола», «Найзақұрылыс», «ВЛ», «Орта», «Санар», «Студия Арт», «Астанабасжоспар» жобалық құрылыс ұйымдары жаңа бірегей жобаларымен қаланың сәулеттік келбетіне өздерінің үлестерін қосты. Астананың сәулеттік көрнекті орындары – Бәйтерек, Бейбітшілік және келісім сарайы», Қазақ елі, «Мәңгілік ел», Ұлттық музей, Салтанатты қақпасы және басқалары қаланың бүкіл даму кезеңдерін бейнелейді.
Бүгін, Астана қаласының Бас жоспары болашақа сенім ұялататын ұзақ мерзімді даму жобаларымен көпшілікті таң қалдыруда. Астананың өсіп-өркендеуіне Мемлекет басшысының саясатымен әлемдегі біздің мемлекетіміздің беделінің артуы барысында қол жеткізіп отырмыз.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – біздің заманымыздың ең табыс­ты көшбасшыларының бірі, оның басшылығымен Қазақстан әсерлі табыстарға қол жеткізді.

Нәзия ТӘСІЛОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

 Астана мәртебесін алғалы бері…

896448_413010671_696969Болашақта Қазақстан тарихнамасының өзекті мәселелерінің бірі – тәуелсіз Қазақстан Республикасының пайда болу, қалыптасу және даму тарихы болары күмәнсіз. ХХ ғасыр соңында адамзат тарихындағы ең алып империялардың бірі – КСРО-ның күйреуі нәтижесінде, әлем картасының бетінде бірнеше жаңа мемлекеттердің пайда болып, тарих сахнасына шыққандығы белгілі. Сол мемлекеттердің бірі – Қазақстан Республикасы. Бұл бірнеше мыңжылдық тарихы бар қазақ халқының өміріндегі жаңа кезеңнің, яғни ең жаңа тарихының басталуы болды. Қазақ халқы, осы елді мекендеген басқа да ұлт өкілдерімен бірге, өз мемлекетін қайта құру ісімен айналыса бастады. Қорытындысында өз тәуелсіздігінің 23 жылдығын қазақ халқы әлем таныған ұлттық мемлекеті бар іргелі ел ретінде қарсы алды.
Қазақстан сияқты жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған, табиғи байлығы мол, өзіндік даму жолын таба білген елдің ең жаңа тарихы, әсіресе оның бастапқы кезеңі, атап айтқанда, жаңа мемлекет ретінде дүниеге келіп, қалыптасу және даму тарихы кімді де болса қызықтырары даусыз. Ең алдымен ол, ұлт тағдыры үшін шешуші роль атқарған аса маңызды тарихи құбылыс ретінде, осы елдің қазіргі және келешекте дүниеге келер жас ұрпағы үшін қымбат. Уақыт озған сайын қайта құрылған мемлекетіміздің алғашқы қалыптасу кезеңіне, яғни іргетасының қайта қалану кезеңіне деген қызығушылықтың арта түсері, ол кезеңнің қарама-қайшылықтарға толы күрделі де, маңызды кезең ретінде жан-жақты зерттеулері, оның тарихына арналған іргелі еңбектердің дүниеге келері анық. Сондықтан осындай заңды құбылысқа, яғни тәуелсіз Қазақстан Республикасының дүниеге келу, қалыптасу және даму тарихының терең зерттеліп, шынайы да, объективті жазылу ісіне дайындық осы бастан жүйелі де, ғылыми негізде жүргізілуі тиіс.
Қазақстанның тарихына үңілсек, ел болашағын ойлаған дарынды билеушілер мен тарихи тұлғалар мемлекет мүддесін, оның жан-жақты даму жолын айқындап, жүзеге асуына өзіндік үлестерін қосқан болатын. Атап айтсақ, Қазақ хандығының нығаюы мен дамуына, нақты территориясының қалыптасуы, халқының көбеюіне, күшеюіне қомақты үлес қосқан Қасым хан өз кезеңінде «Қасым ханның қасқа жолы», Есім хан «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын далалық заңдарға негізделген дамудың ортақ жүйесін қалыптастырған болатын. Бұл ата-бабаларымыздың сара жолының дәстүрлі жалғасы ретінде Елбасының Қазақстан халқына жолдауларын, оның ішінде «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегиясының, «Нұрлы жол» бағдарламасының ХХІ ғасырдағы тарихи маңызы жоғары екендігін атап өту қажет.
Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған стратегия болашаққа бағдаршам болды. Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарын оймен бағамдасақ, тұғырлы мемлекет, үдемелі экономика, заманауи саяси жүйе, жаңа қоғамды қалыптастыру мен дамытудың дайын үлгілері болмағандығын байқаймыз. Тарихи дамуымыз үшін аса маңызды бағдарламалық құжаттың іргелі негіздерін дайындауды Елбасының көрегендігі мен парасатты шығармашылық ізденісінің жемісі, өзіне жүктеген үлкен жауапкершілік деп қабылдаған абзал. Әлемдегі дамыған Еуропа және Азия мемлекеттерінің тәжірибесін саралай отырып, болашақтағы Қазақстанның өзіндік даму үлгісін жасау даналық пен терең білімділікті, зерде мен ерік-жігерді жұмылдыруды қажет ететін дүние. Елбасы сарабдал саясаткер ретінде, есімін әлем таныған тұлға ретінде өз халқына ауқымды және нақты, мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын іс-әрекеттер жоспарын жыл сайын ұсынып, ел болашағын жан-жақты кемелдендіру ісін қолға алды. Бұл саяси маңызы жоғары құжаттар еліміздің саяси, экономикалық, мәдени, халықаралық деңгейін жоғарылатып, үлкен белестерді бағындырудың нақты қадамдары болып табылады.
Тарихтан белгілі, талай билеушілер өз мемлекеттерінің тәуелсіздігі мен елдігін сақтап, даму мақсатында өз астаналарын басқа қалаларға көшіріп, қиын болса да ауыр жүкті арқалап, жеңіске жеткен. Оны сан ғасырлық тарихымызға үңілсек те, Еуропа және Америка елдерінің тарихынан да байқау қиын емес.
Қазақстанның астанасы – Астана қаласына көшіру үрдісі де тарихымызда маңызды қадамдардың бірі екені баршамызға аян. Астана – егеменді Қазақстанның жаңа елордасы. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі
1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысын мақұлдаған Қаулы қабылдады. 1995 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл тарихи шешімнің қабылдануына қаланың өте ірі көліктік жолдардың тоғысында, еліміздің ұтымды геосаяси орталығында орналасуы себепкер болып, ол көп жағдайда біздің жас мемлекетіміздің келешек қарқынды дамуын айқындап берді. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданы Астана деп атау туралы шешім қабылданды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебе­сі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Елбасының бастамасымен біз айрықша қысқа мерзімнің ішінде еліміздің дәл ортасында, Еуразия жүрегінде жаңа астанамызды тұрғыздық. Бүгінде Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Астанадағы терең әрі кең көлемді өзгерістер әлемдік ұйымдар назарынан тыс қалмады. 1999 жылдың шілде айында елордамыз ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды.
Көреген мемлекет басшысы ретінде Н.Ә.Назарбаев әлемде болып жатқан жағдайды саралай отырып, еліміздің мүмкіндіктерін таразылай отырып алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болатындығын болжамдап, оны еліміз үшін тиімді пайдалану қажеттігін және оның жолдарын нақтылап берді. Инновация, ғылыми қамтымды экономика, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика мен көлік, инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау саласын, әлеуметтік сала қызметінің сапасын арттыру сынды нақты тапсырмалар жүктелді. Соның ішінде Президентіміз ел болашағының негізін қалаған уақыт сынынан өткен басты құндылықтарды атап өтті: бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы, қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, зайырлы қоғам және жоғары руханият, индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім, жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жетіп, елімізді нығайтып, ұлы жетістіктерімізді еселегендігімізді Елбасы ерекше атап өтті.
Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Астана құрылысына көптеген құрылыс компаниялары қатысты. Жергілікті фирмалармен қатар жаңа елорданы түрік, итальян, француз, швейцария компаниялары тұрғызды. Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада ерекше еуропалық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды. Астана – заманауи сәулеткерліктің, қазіргі архитектураның мүмкіндіктері толық көрініс тапқан қала. Кең байтақ қазақ даласының нақ ортасында ғаламат ғимараттары бар қайталанбас әсем шаһар бой көтерді. Қала құрылысында ең озық технологиялар мен XXI ғасырдың қала салу өнерінің инновациялық әдістері қолданылуда. Қазақстанның қазіргі елордасына Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлерін жарасымды тоғыстырған сәулеткерлік стиль тән. Әлемнің әйгілі сәулеткерлері мұнда өздерінің үздік жобаларын іске асырды. «Бәйтерек», «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Хан Шатыры» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік брендіне айналды.
Елбасы Астана қаласының он жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде: «Он жылдың ішінде Астана әлемге танылды және елімізді де әлемге танытты деп айта аламыз. Астананың көркіне не бір өркениетті елдерден келген шетелдіктер таңғалуда. Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі», – деген болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болды және жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Болашақта «EXPO-2017» халықаралық көрмесінде Қазақстанның атын Астана қаласы жоғары асқақтатынына сенеміз.

Ернат СҮЛЕЙМЕНОВ,
«БАЗИС-А» корпорациясының маманы, сәулетші

 Қала да адам секілді…

11Мен сәулетші ретінде бірнеше мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншіден, Астанада бой көтеріп жатқан ғимараттар көз сүйсіндіреді. Екіншіден, бас қаламыз, жас қаламыз – Астанада жастар көп. Яғни келешекте интеллектуалдық орта сонда қалыптасады деген тұжырым жасауға болады. Үшіншіден, Елорда, Ақорда, Елбасы, Астана деген атаулардың өзі жұртшылықты қазақылыққа шақырып, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты берік ұстануға үгіттейді. Бұл қуантарлық жағдаят!..
Бас қаламызда әртүрлі сәулет құрылыстары жүріп жатыр. Оны салып жатқан компаниялар да көп. Яғни бәсекелестік әркез сапаға алып келеді. Астана Сәулет және құрылыс басқармасы Астананы елу, қажет десеңіз отыз әлем астаналарымен иық тірестіре алатындай алдына үлкен, кешенді жоспар қойып отыр. Біз Дубай, Абу-Даби, Маздар секілді БАӘ елдеріндегі қалаларды көріп, көзімізді жұмып, аузымызды ашумен боламыз. Әрине, әдемі, мықты. Бірақ ол біздің ел емес қой. Біз араб емес қазақ екенімізді ұмытпайықшы. Қалаға ұлттық нақыш әлі де жетіспейтінін ерекше ескерткім келеді…
«EXPO-2017» өткеннен кейін қала одан сайын көркейе түседі деп ойлаймын. Өйткені, зәулім құрылыстар мен адам таңғалдыратын нысандар салынады. «Абу Даби Plaza»-ның құрылысы жүрып жатыр. Әзірше бас қаладағы ең биік нүкте сол болмақ. Астанаға келетін қонақтарда сан жоқ. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат терлетіп келеді. Әрине, бұл бізді қуантпай қоймайды.
Мен өзім тамырды ауылдан тартқан қазақтың баласы болғандықтан қаладан қазақы иіс, қазақы болмыс көргім келеді. Ою-өрнек, түркілік сарын, Шығыс сәулетінің нышандары Астанамызға өзгеше өң беріп, өңге қалалардан ерекшеле түседі деген ойдамын. Қалада адам секілді ұлттық негізінен алыстаса батыстана немесе орыстана бастайды. Менің арманым «Қазақ» деген үлкен ғимарат салынса. Онда тек ұлттық музыка, ұлттық мұражай, ұлттық көрме, бәрі тек қана қазақтың қазақтығын паш ететін дүниелер болса. Ол нысан бас қаламыздың қақ ортасында бой көтерсе ғажап болар еді. Келе жатқан Астана күнімен құттықтай отыра, барлық азаматтар мен азаматшаларға денсаулық, береке-бірлік, отбасыларына амандық тілеймін!..

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір