Қытай деректеріндегі қазақ тарихы
Бес мың жылдық өркениет тарихы бар деп есептелетін қытай жұртының жазба әдебиет үлгілерінің қазірге дейін табылған ең ертедегі нұсқасы үш мың жылдың алдында жазылған жәдігерлер саналады. қытайлар өте ерте кезден бастап өзінің төл тарихын жазып қалдырумен бірге өз елінің төрт төңірегіндегі көрші елдердің тарихын да жазып қалдыруды дағдыға айналдырған ел болғанына әлем тарихшылары көз жеткізіп отыр. Жалпы, көне қытай дерегінсіз қытай елінің төрт төңірегіндегі елдердің, жалпы Шығыс Азияның, Оңтүстік шығыс Азияның, Орта азия мен Орталық Азияның көне заман тарихының тұтас сұлбасын елестету қиынға түсер еді.
Жанымхан Ошан,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты
Қытайлар өздерінің далалық аймақтағы көшпенді көршілері туралы мәліметтері б.д.д. ХХІ ғасырдан б.д.д. 221 жылға дейінгі 1800 жылға созылған тарихи дәуірден бастау алады да, олар елдің солтүстігі мен солтүстік батысында қоныстанған «жунь» және «ди» деп аталған халықтар туралы мәліметтер бере бастайды. Қатысты тарихи әдебиеттерде оларды жалпыбеттік «жуньди» деп те, «бэйди» (солтүстік ди), «сиди» (батыс ди) деп те кейде «цюаньжун», «чиди» деген сияқты түрлі-түрлі аттармен де атап отырған. Бұл тайпалар жалпы ғұндардың арғы ата-бабалары деп есептеледі. Себебі, бұған дейінгі кезеңде «жуньдилердің» қатарында «кунь-и» атты тайпа аты атала бастайды, кейін келе «жунди» елінің тарихы одан әрі жалпыбеттік «сюнну» (ғұн) деген атпен аталған ел тарихымен сабақтасып кетеді.
Қытай деректерінің бұдан былайғы беттерінде тұтас ғұн дәуірінің түрлі тарихи кезеңдері, усунь мемлекетінің тарихы, юэчжилердің құрған мемлекеті, еліміз аумағындағы көне кангюй, яньцайлердің (алан) мемлекеттері, кейін келе Ұлы ғұн империясының орнынан құрылған Сяньбэй ипериясының тарихы мен империяның негізгі халқы болған көне тайпалар, түркі дәуірі қарсаңында Қазақстан жерінде жасаған көне этностар – янньда, жужуан юэбан, гаочэ, теле сынды прототүркі тайпалары мен олардың құрған мемлекетінің тарихы, халқы, тарихи географиясы, мәдениеті, тілі, жазуы, салт-дәстүрі туралы аса жүйелі мәліметтерді ұсынып отырады. Қытай деректерінсіз осында айтылған кей елдердің тарихы қазірде еш жерден табылмас па еді немесе мүлде «күңгірт» қалар да еді.
Тарих ғылымында түркі дәуірі деп аталатын дәуірде Ұлы Даланы орасан зор деңгейде бірлікке келтірген Түрік қағанаттарының тарихына қатысты, соның ішінде Шығыс түрік қағанаты мен Батыс түрік қағанаты тарихына, түркі қағанаттарының заңды жалғасы болған Түркеш қағанаты мен Ұлы Даланың екінші бөлігіндегі Шығыс түрік қағанатының орнында құрылған Хуэйху қағанаты (Ұйғыр қағанаты) тарихына және ІХ ғасырдың ортасында ұйғыр қағанатының орнынан құрылған Қырғыз қағанатына, Қарлұқ мемлекеттері тарихына қатысты ең басты дерек көздері де қытай деректемелерінде сақталған. Қарахан мемлекеті мен Қарақытай мемлекеттерінің тарихы туралы мәліметтер қорында да қытай деректерінің ұстайтын салмағы өте ауқымды. Сол себепті, түркі дәуірінің тұтас тарихын жазу үшін қытай деректемелері елеулі орынды иелейтін ең басты дереккөзі саналады.
Түркі дәуірімен салыстырғанда моңғол дәуіріне қатысты тарихи деректердің қайнар көздері сан алуан әрі саны мен құжаттардың мөлшері де мейілінше мол, ондағы деректер қорында бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда мұсылман әдебиеттері мен батыс әдебиеттерінің үлес салмағы жаппай арта түседі. Соған қарамастан Моңғол дәуірі қарсаңындағы тұтас Еуразия даласындағы көшпенділер туралы әсіресе протоқазақ тайпалары деп атауға болатын (наймандар, керейлер, меркіттер, қоңыраттар, жалайырлар мен оңғыттар, т.б.) бірқатар тайпалар мен олардың құрған хандықтары туралы, олардың бастан өткерген қилы-қилы тарихы туралы ең алғашқы мәліметтер сол баяғы қытай деректері мазмұнында сақталған еді. Сол сияқты қытай деректерінің тұтас моңғол дәуірінің тарихына қатысты тұстары да сондай ауқымды әрі маңызды. Мұндай мәліметтер Қазақ хандығы құрылу қарсаңына дейін жалғасып отырады. Жоғарыда көрсетілген тұтас тарихи барыс халқымыздың көне заманнан Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі бастан кешкен тарихы, онда айтылған империялық деңгейдегі қағанаттар мен жекелеген хандықтар еліміздің көнеден жалғасып келе жатқан мемлекеттілігі болып табылады.
Ал енді Қазақ хандығы мен Қытай елінің арасындағы ресми қарым-қатынас Жоңғар хандығының ыдырауына байланысты қалыптаса бастады. Мұндай қарым-қатынастың басталуына Жоңғар хандығы жойылған тұста жоңғар ақсүйектерінің уәкілі Әмірсананың Қазақ жерін паналауына тікелей қатысты болды. Қытай дереккөздеріндегі Қазақ хандығы туралы құжаттар, міне, осындай тарихи уақиғамен тіке қатысты қалыптаса бастады. Бұл мұрағат құжаттарының қалыптасқан уақыты ХVII-ХХ ғасырға дейінгі мезгілді қамтиды.
ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарының соңғы жылдары атқарған жұмыстар нәтижесінде бір ғана Пекин қаласындағы «Бірінші мұрағат қорында» 5000-нан астам құжаттың сақталып тұрғаны белгілі болған еді. Соңғы кезде аталған мұрағат қызметкерлері ондағы қазақтарға қатысты құжаттардың саны 7000-нан асатынын хабарлап отыр. Бұған дейін бұл құжаттардың біраз бөлігі елге жеткізілді. Ал Цин дәуіріндегі мұндай мұрағат құжаттарының елеулі бөлігі Тайванның Тайпей қаласындағы мұрағат қорында сақталған.
Жақын жылдары, Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы еліміздің, сондай-ақ, жеке-дара шетелдік ғалымдардың ізденістерінің нәтижесінде Қытай мұрағаттарынан ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. Қазақ тарихына қатысты тың тарихи дереккөздері, оның ішінде қазақтардың өз қолдарынан шыққан әр түрлі сипаттағы хаттамалар табылды. Бұл құжаттар ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. қазақтардың тарихи болмыстарын тани білуге бұрынғыдан әлдеқайда зор мүмкіндік тудырып отыр. Ондағы мұрағат құжаттардың мазмұны ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. қазақ-қытай, сондай-ақ, қазақ пен өзге Орталық Азия елдері арасындағы тарихи байланыстардың күні бүгінге дейін белгісіз болып келген қыр-сырларын анықтауға, ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. Орталық Азиядағы аумалы-төкпелі жағдайда өмір сүрген Қазақ хандығының ішкі саяси-әлеуметтік ахуалы, шаруашылығы мен этникалық хал-күйін жете біліп зерттеуге, «шағатай жазба тілі» немесе «түркі-қазақ жазба тілі» деп аталып келген тілмен хатталған хат-құжаттардың тіл-жазу ерекшеліктерін зерттей отырып, қазақ жазба тілінің тарихи қалыптасу үрдісі мен Қазақ хандығының құжаттандыру жүйесін зерттеп білуге, т.б. жақтарды тереңдей зерттеуге аса мол мүмкіндіктер береді.
ПІКІРЛЕР8